ЖК-ның алимент төлеу жолдары

Алимент мөлшері салық режиміне байланысты

Альмира Токтарханова

Альмира Токтарханова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Маржан Кобеева

Маржан Кобеева

сарапшы, SQIF Capital АҚ-ның заң департаментінің директоры

ЖК-ның алимент төлеу жолдары

Мақаланың мазмұны

    Ата-аналар өздерінің 18 жасқа толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Бала анасымен бірге тұрғанда, оның әкесі алимент төлеуге міндетті және керісінше: әкесімен бірге тұрғанда анасы алимент төлеп отырады. Бұл міндет барлығына қатысты — олардың қатарына ЖК да кіреді.

    Жалдамалы жұмыстағы ата-ана төлейтін алимент мөлшері жалақысына байланысты. ЖК-мен төленетін алимент мөлшері таза табысынан есептеледі. Таза табысты кірістердің барлық сомасы мен шығындардың айырмасы құрайды. ЖК өзінің таза табысын есептеп, алиментті жеке төлеуі тиіс.

    ЖК-ның табысы

    Алимент ЖК-ның таза табысынан ұсталады. ЖК-ның таза табысын салықтар, әлеуметтік төлемдер және басқа да міндетті жарналар төленген соң қалған ақша құрайды. Жеке кәсіпкерлерге арналған бірнеше салық режимдері бар. Мұны алимент мөлшерін айқындағанда ескеру қажет.

    Мысалы, оңайлатылған ЖК салықты жарты жылда бір рет төлеп отырады. Сол себепті алиментті де жарты жылда бір рет төлегені қолайлы. Оңайлатылған ЖК-ның барлық табысынан есепті жартыжылдықтағы салық мөлшері, қызметкерлердің жалақысы және басқа да шығындар шегерілсе, оның таза табысы қалады.

    Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК-ның жыл қорытындысындағы табыстары мен шығындарының айырмасы 220.00 нысан бойынша декларацияда есептеледі. Бұл айырмадан жеке табыс салығын (ЖТС) алып тастағанда ЖК-ның таза табысы қалады. Жалпыға бірдей белгіленген режиммен салық төлеп отырған кәсіпкерге алиментті жылда бір рет төлеуге қолайлы. Төлемнің кезеңділігі әртүрлі болғанымен оңайтылған ЖК-мен салыстырғанда жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК-ның алимент мөлшері көп болады.

    Басқа салық режимдері туралы мына сілтеме бойынша өтіп оқыңыздар.

    Алимент мөлшерін анықтау

    Ата-аналар алимент төлеу туралы келісімде алимент мөлшерін өзара анықтауға құқылы. Олар келісімді нотариалды куәландыруы тиіс.

    Егер ата-аналар өзара шешімге келе алмаса, сотқа талап-арыз беруге қажет. Онда алимент мөлшерін сот айқындайды. Ата-ана алимент төлеуден бас тартқанда, сот алиментті өндіріп алуға құқылы.

    Алиментті ата-ананың табысының үлесімен, тұрақты ақша сомасымен немесе екі нұсқамен біріктіріп құрауға болады.

    Алимент төлеу туралы келісім

    Алимент сомасын ата-аналар бірлесіп анықтап алады. Алимент төлеу туралы келісімді жазбаша түрде жасап нотариалды куәландыру қажет. Бұл келісімде алимент мөлшерін, оны төлеу тәслдері мен тәртібі көрсетіледі. Мысалы, алиментті айына бір рет айдың басында 175 мың теңге мөлшерінде төлеу керек.

    Ата-аналардың біреуі келісімдегі алимент төлеу шарттарын бір жақты тәртіпте, екінші ата-ананың келісімінсіз өзгерте алмайды. Ата-ананың екеуінің ортақ шешімімен ғана алимент төлеу туралы келісімді өзгертуге не бұзуға болады. Ортақ шешімге келе алмағанда ата-аналар сотқа жүгінуі тиіс.

    Келісімде көрсетілген алимент мөлшері сот тәртібімен айқындалған мөлшерден кем болмауы қажет.

    Алимент мөлшерін сот арқылы айқындау

    Егер ата-аналар өзара шешімге келе алмаса, алимент мөлшерін, оны төлеу тәсілдері мен тәртібін сот айқындайды.

    Ата-ананың табысының үлесі отбасыдағы бала санына байланысты:

    • бір балаға — табыстың төрттен бір бөлігі;
    • екі балаға — табыстың үштен бір бөлігі;
    • үш және одан да көп балаға — табыстың тең жартысы.

    ЖК-ның қызметінен түсетін табыс тұрақсыз болуы мүмкін. Мысалы, балмұздақ сату — ЖК-ның табысы жазға қарағанда қыста аз болады. Демек, осындай табыстың үлесі ретінде анықталған алимент мөлшері баланы күтіп-бағуға жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда сот белгілі алимент мөлшерін тұрақты ақша сомасымен айқындайды.

    Кәсіпкер қосымша жалдамалы жұмысты бірдей алып жүрсе, сот алимент мөлшерін аралас түрде белгілейді: отбасыдағы балалар санына байланысты жалақысының үлесі және ЖК-ның қызметінен түскен табыстан өндірілетін тұрақты ақша сомасы.

    Отбасының басқа мүшелеріне алимент төлеу

    Бұрынғы ерлі-зайыптылар неке бұзылғаннан кейін бірін-бірі материалдық жағынан қолдауға, яғни алимент төлеуге міндетті болатын жағдайлар:

    • бұрынғы жұбайы жүкті;
    • үш жасқа толмаған ортақ баласы бар;
    • 18 жасқа толмаған ортақ мүгедек баласы бар;
    • 18 жасқа толған бірінші немесе екінші топтағы мүгедек баласы бар;
    • бұрынғы жұбайы неке бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болып қалды.

    Алиментті отбасының басқа мүшелері де төлей алады: кәмелетке толған ағасы (әпкесі) өзінің кәмелетке толмаған інілерін (қарындастарын) материалдық тұрғыдан қолдайды, ата-аналарынан материалдық көмек алмайтын балаларға атасы мен әжесі қолдау көрсетеді және т.б.

    Мұндай жағдайларда алименттің мөлшері, төлеу тәсілі мен тәртібі көрсетілген келісім жасауға болады. Алимент төлеуден бас тартқанда немесе ортақ келісімге келе алмағанда, алимент мөлшерін сот айқындайды. Сот алимент мөлшерін табыстың деңгейіне және материалдық жағдайына қарай анықтайды.

     

    ЖК алиментті жалдамалы немесе мемлекеттік қызметкерлермен бірдей төлеуі тиіс. ЖК-ға арналған бірнеше салық режимдері бар. Әр салық режимінің өз ерекшеліктері бар: салықтың мөлшері мен төлеу мерзімділігі, міндетті жарналар және басқа да аударымдар. Кәсіпкердің табысы тұрақсыз болуы мүмкін. Мұны алимент мөлшерін, оны төлеу тәсілдері мен тәртібін анықтаған кезде ескеру керек. Алимент төлеу шарттарын өзара келісімде немесе сот арқылы белгілеуге болады.