Бизнес ретінде «Даму» қолдауымен несие алу
«Даму» қорының кепілдік беру бағдарламасы туралы айтып береміз

Мақаланың мазмұны
Кәсіпкерлер кепілдік жетіспеген жағдайда да 7 млрд теңгеге дейін несие ала алады. Қазақстанда шағын және орта бизнес пен ірі инвестициялық жобаларға кепілзат жетіспеген кезде несие алуға көмектесетін және оның сомасының 85 пайызын қамтамасыз ететін «Даму» қорының кепілдік беру бағдарламасы іске қосылды.
Кепілдік беру қоры дегеніміз не
«Даму» қорының кепілдік беру бағдарламасы кәсіпкерлерге берілген несиелер бойынша банктерге кепілдік береді. Егер кәсіпкер несие бойынша кепілін толық қамтамасыз ете алмаса, кепілдік беру қоры тәуекелдердің бір бөлігін өзіне алады және банк алдында кепілгер ретінде шығады — кепіл несие сомасының 85%-на дейін жетеді.
Кепілдік несиенің бүкіл мерзіміне беріледі, ал оны беру туралы шешімді банктің өзі қабылдайды. Кепіл беру рәсімі жеңілдетілген — қормен қосымша келісуден өтудің қажеті жоқ, барлығы бір жерде, банкте шешіледі.
Жеке кәсіпкерлер, шаруа мен фермер қожалықтары, микробизнес, шағын және орта бизнес, сондай-ақ ірі қазақстандық компаниялар несиені алу үшін қордың кепілдік беру мүмкіндігімен пайдалана алады, яғни бұл іс жүзінде өскісі келетін, бірақ кепілзаттың жетіспеушілігіне тап болған кез келген бизнес.
Мысалы, кәсіпкер әйел қала шетінде дәмхананың иесі болып, екінші сауда нүктесін ашқысы келеді — бөлме табылды, әлеуетті клиенттері бар. Банк кәсіп ашуға несие беруге дайын, бірақ кепіл жетіспей тұр. «Даму» қорының кепілдік беру бағдарламасы арқасында банк қосымша кепілсіз несие береді, ал қор тәуекелдердің 85%-ын өзіне алады. Кәсіпкер әйел жаңа сауда орнын іске қосып, кәсібін кеңейтіп, несиесін бірте–бірте қайтарып береді.
Кепілдік қандай мақсаттарға беріледі
Кепілдік келесі мақсаттарға арналған несиелерге беріледі:
- бизнесті дамытуға инвестицияларға — компанияны кеңейту, еңбек етуге қолайлы шарттар жасау, модернизациялау, негізгі құрал, жылжымайтын мүлік пен құрал-жабдық сатып алу
- айналым қаражатын толықтыруға — тауар сатып алу, жеткізушілермен есептесу, орын жалдау, салық төлеу, т.б. мақсатта жұмсалатын ақша
- қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыру
Инвестициялық жобалар бойынша қарсы міндеттемелер — екі жыл өткеннен кейін салық төлемдерін және жұмыс орнын 10%-ға арттыру керек.
Басым салалар
Қолдау кез келген саладағы бизнеске қол жетімді, бірақ экономиканың негізгі салаларындағы жобаларға басымдық беріледі — оларға бағдарламаның барлық қаражатының 80%-ы жіберіледі, қалған 20%-ы басқа қызмет түрлеріне бөлінеді. Бағдарламадағы қызметтердің басым түрлері:
- ауыл шаруашылығы
- өңдеу және тау-кен өнеркәсібі
- электр және сумен жабдықтау
- білім, денсаулық сақтау, ғылым салалары
- көтерме және бөлшек сауда
- жылжымайтын мүлікті жалға беру, қонақ үй бизнесі, ветеринарлық қызмет
- компьютерлерді, тұрмыстық тауарларды жөндеу, химиялық тазалау қызметі
ЭҚЖЖ толық тізімін мына сілтеме арқылы «Басым салалар» бөлімінен көруге болады.
Шағын және орта бизнеске арналған бағдарлама шарттары
- несиенің ең жоғары сомасы — 7 млрд теңгеге дейін
- «Даму» қоры беретін кепілдіктің ең жоғары мөлшері — 3,5 млрд теңгеге дейін
- кепілдік мерзімі — несиенің бүкіл қолданылу кезеңіне беріледі
- жыл сайынғы комиссия — кепілдіктің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қалған соманың 1,5%-ы
Ірі инвестициялық жобалардың шарттары
Ірі бизнес–бастамаларға кепілдік беру бағдарламасының жекелеген шарттары қолданылады:
- 7 млрд теңгеден және одан жоғары жобаларға қолдау көрсетіледі
- жобаның бастамашысы өз қаражатының кемінде 20%-ын салады, қалған сома банктерден, микроқаржы ұйымдарынан немесе Қазақстанның Даму банкі, Аграрлық несие корпорациясы және Өнеркәсіпті дамыту қоры сияқты мемлекеттік ұйымдардан несие түрінде беріледі
- кепілдіктің ең жоғары мөлшері — жоба құнының 30%-на дейін
- кепілдік мерзімі — 15 жылға дейін
- жыл сайынғы комиссия — кепілдік сомасының 2%
Кепілдік алуға өтінім беру
Бағдарлама «Даму» қорымен шарт жасасқан екінші деңгейдегі банктер арқылы жұмыс істейді. Банктердің өзекті тізімін қордың сайтында «Бағдарлама қатысушылары» бөлімінде көруге болады.
Портфельдік кепілдік беру бағдарламасы бойынша қаржыландыруды алу үшін таңдалған банктің жақын жердегі бөліміне бару керек. Өтініш екі күн ішінде қарастырылады. «Даму» қорының аймақтық филиалдарынан немесе 1408 телефоны бойынша кеңес алуға болады.
«Даму» қорының кепілдік беру бағдарламасы — бұл қайырымдылық емес, бизнесті қолдаудың шынайы құралы. Бағдарлама несие алуды тездетеді және жеңілдетеді, компанияларға кепілзаттың жетіспеушілігі себебінен тоқтап қалмай өсуіне көмектеседі. Несие бойынша алынған қаражат мақсатқа сай жұмсалу керек екенін есте ұстаған жөн. «Даму» қоры бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалғанын бақылайды және бұзушылықтар болған жағдайда берілген кепілдікті қайтарып ала алады.