Бизнес ретінде индустриялық аймаққа кіру жолдары
Шарттар, қойылатын талаптар мен берілетін жеңілдіктер

Мақаланың мазмұны
Кәсіпкерлер тиімді шарттар бойынша өндіріс бастауға қажетті инфрақұрылымы дайын жер телімін ала алады. Бұл бизнесті қолдау және дамыту мақсатында еліміздің әр өңірінде құрылып жатқан индустриялық аймақтардың арқасында мүмкін. Олардың артықшылықтары, өтініш беру тәсілі мен қандай талаптарға сай болу керектігін осы мақалада қарастырамыз.
Индустриялық аймақ дегеніміз не
Индустриялық аймақтар — бұл өндірісті дамытуға арналған барлық қажетті жағдайлары бар арнайы бөлінген аумақтар. Мұнда жарық, газ, су, кәріз, кірме жолдары сияқты инженерлік инфрақұрылым орнатылған. Кәсіпкерге коммуникацияларды қосу және рұқсат алу туралы алаңдаудың қажеті жоқ — ол бірден бизнесті дамытуға кірісе алады.
Қазақстанда 55 индустриялық аймақ бар, олар үш түрге бөлінеді:
- республикалық маңызы бар — үкіметтің шешімі бойынша құрылады, ірі қалалар мен облыс орталықтарында — Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қостанай, Орал және басқа да қалаларда орналасады. Олардың ерекшелігі — мұнда ірі өндірістік жобалар іске асырылып, бизнестің ауқымы кеңейеді
- аймақтық маңызы бар — жергілікті әкімдіктердің шешімі бойынша ұйымдастырылады, ауқымы шағын, бірақ инфрақұрылымы толықтай дайын. Мұнда көбінесе өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жұмыс істейтін жергілікті кәсіпкерлер жұмыс істейді
- шағын индустриялық аймақтар — бұл шағын цехтар, қоймалар, кеңселер сияқты дайын өндірістік ғимараттары бар ықшам алаңдар. Мұндай аймақтар шағын және орта кәсіпорындар үшін қолайлы, олар келіп, бірден жұмысқа кірісе алады
Индустриялық аймақтар экономиканың басым бағыттары бойынша — машина жасау, құрылыс, химия және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, логистика салаларындағы жобаларға басымдық береді. Барлық жерде келесі ереже қолданылады: кәсіпкер өз жобасымен келіп, іріктеуден өтіп, жер телімін немесе инфрақұрылымы дайын орынды алады.
Индустриялық аймақта орналысудың артықшылықтары
Бизнес үшін индустриялық аймаққа бірнеше себептермен кіру тиімді:
- дайын инфрақұрылым — коммуникацияларға ақша жұмсаудың қажеті жоқ: электр қуаты, су, газ, кәріз, интернет бар, жолдар дайын, ал басқа жағдайларда кәсіпкер бәрін өзі қосуға мәжбүр болады, бұл көп уақыт алады, қымбатқа түседі және әртүрлі келісімдер мен техникалық шарттарға сәйкестікті, тексерулерден өтуді талап етеді
- жер телімін ұзақ мерзімге және нарықтағы бағадан төмен бағамен сатып алуға немесе жалға алуға болады. Әр аймақтағы жалдау шарттары әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, «Алматы» индустриялық аймағының шағын өнеркәсіптік паркінде орынды үш жылға дейінгі мерзімге жалға алу бір шаршы метрге 1 350 теңгеге дейін болады, ал орынды сатып алу — бір шаршы метріне 180 мың теңге, кадастрлық құны бойынша жер телімін сатып алу — гектарына 42 млн теңге
- негізгі көлік тораптарына — трассаларға, теміржолдарға, логистикалық хабтарға жақын орналасу, бұл шикізатты жылдам әрі арзан жеткізуге және өнімді жөнелтуге мүмкіндік береді. Мысалы, «Қостанай» индустриялық аймағы Алматы—Екатеринбург халықаралық автомагистраліне іргелес орналасқан, бұл Ресей нарығына шығуға мүмкіндік береді
- сала бойынша шектеулер жоқ — әр өңірде жеңіл және химия өнеркәсібін, логистиканы және басқа салаларды дамытуға болады
- әкімшілік қолдау — кәсіпкерлерге барлық кезеңдерде құжаттарды дайындаудан бастап, серіктестерді іздеуге және келісімдер жасауға дейін көмек көрсетіледі
- инвестициялық келісімшарт жасаған жобаларға салықтық және кедендік жеңілдіктер беріледі — бұл туралы төменірек оқи аласыз
Алматыда кәсіпкерлер бизнесті дамытуға, жабдық сатып алуға және басқа да мақсаттарға 2 немесе 6% мөлшерлемемен жеңілдікті несие ала алады. Бұл туралы толығырақ келесі мақалада жазған болатынбыз:
Қатысушыларға қойылатын талаптар
Жеке кәсіпкер де, заңды тұлға да индустриялық аймаққа кіріп, жобасын ұсына алады.
Инвестициялар көлемі
Индустриялық аймақтың өкілдері қатысушыдан құрылысқа немесе жабдық сатып алуға өз қаражатын салуды күтеді, соманың көлемі жобаның форматына байланысты, бірақ негізгі ұстаным — кәсіпкер мемлекеттен жеңілдіктер алады, демек, ол жобаны дамытуға инвестиция салуы қажет. Мысалы, «Ақтөбе» индустриялық аймағында жобаға салынған меншікті және тартылған инвестициялар көлемі бөлінген 1 гектарға 120 млн теңгеден кем болмауы тиіс, ал «Қостанай» индустриялық аймағында — 200 млн теңгеден кем болмауы керек, шағын индустриялық аймақтарда бұл сома төменірек болуы мүмкін.
Жұмыс орындарын құру
Кәсіпкерлер тек жер мен орынды жалға алып қана қоймай, сонымен қатар жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын құруы қажет. Жұмыс орындарының саны келісімшартта немесе қарсы келісімде көрсетіледі, міндеттемелерді орындамағаны үшін ықпалшаралар қолдануы мүмкін. Мысалы, Қостанайда индустриялық аймақтағы телімін кемінде 20 жұмыс орнын құру шартымен беріледі.
Қаржы және салық тарихы
Қаржы бойынша тексерілетін мәліметтер:
- банктен алынған үзінді көшірмемен және Бірінші кредиттік бюроның несие есебімен расталған банктік несиелер бойынша төлем кешіктірулердің болмауы
- мемлекеттік кіріс органының мәліметтерімен расталған салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша борыштардың болмауы
- банкроттық туралы сот дауларының болмауы
- нарықтағы қатысушының адалдығы
Егер компанияда немесе жеке кәсіпкерде салықтар, несиелер немесе міндеттемелер бойынша қарыздар болса, бұл индустриялық аймаққа кіруге бас тартуға себеп болуы мүмкін. Индустриялық аймақтар тек сенімді серіктестермен жұмыс істеуге бағытталған.
Өнеркәсіп тәжірибесі
Шағын және орта жобалар үшін тәжірибе міндетті болмауы мүмкін, бірақ егер кәсіпкер осы салада жұмыс істеп жүрген болса, бұл өтінімге қосымша артықшылық береді. Ірі жобаларда, мысалы, республикалық маңызы бар индустриялық аймақтарда ұжымның тәжірибесі мен біліктілігі іріктеу шарттарының бірі болып табылады.
Жобаның бірегейлігі және іске асыру мерзімі
Жоба заманауи технологиялар мен жабдықтарды пайдалануы, экологиялық талаптарға сай келуі және бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Жобаның экспорттық бағыты немесе импортты алмастыру әлеуеті маңызды. Аймақта баламасы жоқ өнім шығару жобаның бірегейлігін және жергілікті экономикаға үлесін арттырады.
Сондай-ақ, индустриялық аймақпен жасалған келісімшартта кәсіпкердің құрылысты бастау, нысанды пайдалануға беру және өндірісті іске қосу мерзімі көрсетіледі. Егер мерзімдер себепсіз кешіктірілісе, келісімшарт бұзылып, жер телімі басқа инвесторға берілуі мүмкін.
Индустриялық аймақтың резиденттері алатын жеңілдіктер
Жеңілдіктер, оның ішінде салық бойынша жеңілдіктер, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі Комитетімен инвестициялық келісімшарт жасасқан ірі инвестициялық жобаларға ғана қолжетімді. Мұндай компаниялар келесі артықшылықтарға ие болады:
- салық жеңілдіктері — 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығынан босатылады (0%), 10 жылға дейін жер салығы — 0%, 8 жылға дейін мүлік салығы — 0%
- кедендік жеңілдіктер — 5 жылға дейін жабдық, шикізат және материалдарды импорттау кезінде кедендік баждарынан босатылады
- заттай гранттар — жер, ғимараттар, техника мен жабдықтар тегін беріледі
- шетелдік жұмыс күшін оңайлатылған тәртіппен жалдау — шетел қызметкерлерді квотасыз және арнайы рұқсаттарсыз тартуға мүмкіндік беріледі
Индустриялық аймаққа кіру тәсілі
- Жарамды индустриялық аймақты таңдап, өтінім беру қажет. Өтінімде жобаның қысқаша сипаттамасы көрсетіледі: қызмет түрі, инвестиция көлемі, жұмыс орындарының жоспарланған саны, кеңістік пен инфрақұрылымға қойылатын талаптар, экспорттық немесе импортты алмастыратын әлеуеті. Құжаттардың үлгілерін аймақтың басқарушы компаниясының немесе ӘКК сайтынан жүктеп алуға болады. Сонымен қатар өтінімге бірқатар құжаттар қоса беріледі — олардың тізімін төменірек түсіп оқуға болады.
- Басқарушы компания құжаттарды тексеріп, оларды өз қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қарастыруына жібереді. Кәсіпкер жобасын Өңірлік үйлестіру кеңесінде арнайы белгіленген күні таныстырады. Бұл кезең шамамен екі аптадан бір айға дейін созылады.
- Егер жоба қабылданса, қызмет көрсету туралы келісімшартқа қол қойылып, кәсіпорын индустриялық аймақтың тізіміне тіркеледі. Жобаға сәйкес жер телімінің көлемін анықтап, жерді жалға алу немесе сатып алу шарты жасалады. Келісімшарт негізінде басқарушы компания бизнес үшін жер телімін сақтық қорына қояды.
- Жоба іске қосылғаннан кейін басқарушы компания резидентке бизнес бастауға қолдау көрсетеді — коммуникацияларға қосылуға, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға, серіктестер іздеуге және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға көмектеседі.
Өтініммен қоса берілетін құжаттар
Қажет құжаттар тізімі таңдалған аймаққа байланысты өзгеруі мүмкін. Ең бастысы — бизнес-жоспардың болуы, онсыз өтінім тіпті қарастырылмайды. Кейбір индустриялық аймақтар техникалық-экономикалық негіздемені немесе алдын ала есептеулерді қажет етеді. Сондай-ақ сұралған құжаттар арасында келесілер болады:
- сауалнама және жоба паспорты
- жеке куәліктің және ЖК немесе ЖШС тіркеу туралы куәліктің көшірмесі
- бірінші басшы қол қойған соңғы есепті күнгі қаржылық есептіліктің көшірмесі
- салық және басқа да берешектердің жоқтығы туралы анықтама
- бар болса — компания немесе портфолио туралы анықтамасы
- эскиз және бас жоспар
- егер жоба ірі инвестицияларды қажет ететін болса, қаржыландыру көздерін растайтын құжаттар
- бар болса — жеткізу немесе сатып алушы арасындағы келісімшарты
Қатысушыларға арналған құжаттардың толық тізімін таңдалған индустриялық аймақтың сайтынан қараған дұрыс.
Бизнесті индустриялық аймақта орналастыру өндірісті іске қосу және дамыту шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл шешім қолдау мен мүмкіндіктер береді, сонымен қатар жауапкершілік жүктейді. Кәсіпкер өз жобасының өміршеңдігін, өңірге пайдалы екенін және дамуына кепілдік беретінін дәлелдеуі керек, ал өз кезегінде дайын инфрақұрылым, жеңілдіктер мен әкімшілік қолдауды алады.