Қазақстанда патент бойынша жұмыс істейтін ЖК-ті қалай ашуға болады

Қызметкерлерсіз жұмыс істейтін кәсіпкерлерге арналған салық режимі. Патентті қандай қызмет түрлері үшін алуға болатыны және өзі үшін қандай салық төлеу керегі туралы сөз қозғаймыз

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Владислав Флоринский

Владислав Флоринский

редактор

Қазақстанда патент бойынша жұмыс істейтін ЖК-ті қалай ашуға болады

ЖК — бұл жеке шағын бизнес ашудың ең жеңіл және заңды жолы болып табылады. Жеке кәсіпкер басқа ұйымдармен жұмыс істеп, тапқан табысын өз еркімен жұмсай алады. Сонымен қатар, ЖК зейнетақы жарнасын төлегендіктен, кәсіпкердің жұмыс стажы есептелетін болады.

ЖК-ті тіркеу алдында не істеу керек?

Тіркеу бұрын қызмет түрі мен салық режимін таңдау керек. Оны алдын-ала істеу керек, себебі тіркеу кезінде сәйкес тармақтарды толтыру қажет болады.

ЖК-тің қызмет түрлері

Елімізде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші — ЭҚЖЖ бар. Онда мал шаруашылығынан бастап, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуге дейінгі кәсіпкерліктің барлық түрлері аталған.

Жіктеуіш бойынша қызметтің үш түрін таңдауға болады:

  • Қызметтің негізгі түрі — басты табыс көзі.
  • Қызметтің қосымша түрі — негізгіге қарағанда азырақ табыс әкелетін қызмет түрі.
  • Қызметтің қосалқы түрі — негізгі және қосымша қызмет түрлерін сүйемелдейтін қызмет түрі: тасымалдау, сақтау, сатып алу, өнім өткізуді дамыту, тазалау, жөндеу, күзет және тағы басқа мақсаттарда пайдаланады.

ЖК-тің қызмет түрінің коды

Әр қызмет түрінің өзіне сәйкес коды болады, ол код қызметтің бөлімін, тобын, класын және ішкі класын анықтайды.

Мысалы, егер сіз азық-түлік дүкенін ашатын болсаңыз, негізгі қызмет түрі ретінде 47.11.1 «Сауда алаңы 2000 ш.м-ден кем сауда объектілері болып табылатын мамандандырылмаған дүкендерде көбінесе тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерін бөлшек саудада сату» кодын таңдауыңызға болады.

Егер оның жанында көкөніс киоскісін ашқыңыз келсе, қосымша қызмет түрі ретінде 47.21.1 «Сауда алаңы 2000 ш.м-ден кем сауда объектілері болып табылатын мамандандырылған дүкендерде жеміс-жидектер мен көкөністерді бөлшек саудада сату» кодын таңдауға болады.

ЖК-тің салық режимдері

Салық төлеу және есептілік беру кәсіпкерліктің салық режиміне сәйкес жүзеге асырылады.

Салық режимдерінің негізгі түрлері:

  • ЖБР — жалпыға бірдей белгіленген салық режимі.
  • Оңайлатылған — оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.
  • Патент — патент негізіндегі арнаулы салық режимі.

Бұл мақалада патент бойынша жұмыс істейтін ЖК ашу туралы айтатын боламыз. Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК мен оңайлатылған ЖК туралы біздің басқа мақалаларымызда оқуға болады:

Патенттегі ЖК

Патент негізінде жұмыс істейтін ЖК қызметкер жалдамай, жалғыз өздері жұмыс істейтін кәсіпкерлерге ыңғайлы болады. Мысалы, патент бойынша такси жүргізуші, фотограф, репетитор, шаштараз ретінде жұмыс істеуге, немесе пәтер жалға беруге болады. Ескеретін жай: 2020 жылдан бастап патент бойынша сауда жасауға тыйым салынады.

Патенттің ерекшелігі — барлық салықтар мен төлемдердің алдын-ала төленуі. Патент мерзімі бір айдан бастап, жылдың соңына дейін созылады, бірақ 31 желтоқсанда аяқталуға тиіс. Мерзім неғұрлым ұзақ болса, салық сомасы соғұрлым үлкейе түседі.

Патенттегі ЖК шарттары

  • қызметкерлері жоқ
  • максималды жылдық табысы — 3 528 АЕК-ке дейін, 2023 жылы ол 12 171 600 теңге
  • қолма-қол ақша мен төлем карталарын қабылдау онлайн-касса арқылы жүзеге асырылады
  • есептілік тапсыру қажеті жоқ

Патентті қалай алуға болады

Алдымен ЖК-ті тіркеу керек, содан кейін cabinet.salyk.kz сайтында келесі құжаттарды жіберу керек:

  1. 911.00 «Патент құнының салық есебі» нысаны бойынша өтініш
  2. жеке кәсіпкер ретінде қызмет бастау туралы талон немесе хабарлама
  3. патент құнын төлеу туралы құжат
  4. бизнес түріне байланысты талап етілетін болса — лицензиясы

Патентті 1 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге алуға болады, кейін қажет болса, мерзімін ұзартуға болады.

Патенттегі ЖК қандай салық төлеуі керек

Патенттегі ЖК-тің ЖТС-ы — табыс мөлшерінен 1%. Ол алдын-ала төленеді: кәсіпкер өзі болашақ табысын жоспарлап, салық сомасын патентті сатып алар бұрын есептейді.

Патенттің ең кіші құны минималды еңбекақы сомасына тең — 2023 жылы 70 000 теңге, бірақ кәсіпкерлердің көбі үшін патент құнын болжалды табыс мөлшері негізінен есептеген ыңғайлы.

Кәсіпкер табысын өзі тапқысы келетін шамаланған сома негізінде белгілейді. Мерзімнің соңында соманы түзетуге болады: егер табысы кем болса, азайтып, ал артық болса, көбейтуге болады. Барлық салықтар, бюджетке төленетін төлемдер мен аударымдар осы сома негізінде есептеледі. Кәсіпкерлердің көбі болжалды табысты айына 80 000 теңге деңгейінде белгілейді.

Ай сайынғы әлеуметтік төлемдер

Патенттегі ЖК үшін қызметкер жалдауға тыйым салынады, сондықтан да әлеуметтік төлемдерді алдын-ала өзі үшін төлейді:

  • ЖТС — жеке табыс салығы
  • МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары
  • ӘА — әлеуметтік аударымдар
  • МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары

Еңбекақыдан қанша салық төлеу керек

80 000 теңге мөлшеріндегі еңбекақы белгілеген патенттегі ЖК-тің әлеуметтік төлемдерін есептеу формулалары.

МЗЖ — еңбекақы × 10%
80 000 × 10% = 8 000 теңге

ӘА — (еңбекақы − МЗЖ) × 3,5%
(80 000 − 8 000) × 3,5% = 2 520 теңге

МӘМСЖ — 1,4 АЕК-тен 5%
98 000 × 5% = 4 900 теңге

ЖТС — (еңбекақы − МЗЖ − 14 АЕК) × 10%
(80 000 − 8 000 − 48 300) × 10% = 2 370 теңге

80 000 теңге мөлшеріндегі еңбекақыдан төленетін әлеуметтік төлемдер 17 790 теңгені құрайды.

Қашан төлеу керек: ай сайын, келесі айдың 25 жұлдызына дейін. Мысалы, қазан үшін 25 қарашаға дейін, қараша үшін 25 желтоқсанға дейін.

Қайда төлеу керек: банктердің қосымшаларында немесе Қазпоштаның кез келген филиалында жеке куәлікпен барып төлеуге болады.

Егер ЖК осы шарттардың бірін бұзса, автоматты түрде оңайлатылған режимнен жалпыға бірдей белгіленген режимге (ЖБР) көшеді.

ЖК-ті қалай ашуға болады

ЖК-ті тіркеу үшін мемлекеттік органдарға онлайн хабарландыру жіберу керек. Ол үшін электрондық лицензиялау сайтында немесе екінші деңгейлі банктер қосымшаларында белгіленген үлгі бойынша өтініш беру керек. Тіркелу қызметі толығынан тегін.

ЖК-ті мемлекеттік қызмет арқылы онлайнда тіркеу үшін тек қана электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Оны ХҚКО-да немесе egov.kz электрондық үкімет сайтында алуға болады.

Elicense.kz-те ЖК-ті қалай ашуға болады

1. ЭЦҚ арқылы авторизациялану

2. «Қызмет көрсету» бөліміне өту → «Дара кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама» → «Қызметке онлайн тапсырыс беру»

3. Деректерді толтыру:

  • нақты мекенжайы
  • ЖК атауы
  • қызмет түрі (ЭҚЖЖ)
  • салық режимі (ЖБР, «оңайлатылған», «патент»)

4. ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қою

ЖК тіркелгені туралы elicense.kz порталындағы жеке кабинетте білуге болады:

Ары қарай не істеу керек

Жеке кәсіпкер ретінде тіркеу туралы хабарландыру жіберілгеннен соң, бірден жұмыс істей беруге болады. ЖК ашылғаннан соң аталған хабарландыру расталды деп саналады. Енді табысты ресми түрде есептеу үшін клиенттерден төлем қабылдау тәсілдерін таңдау керек.

Клиенттерден төлем қабылдау тәсілдері

ЖК клиенттерден төлем қабылдау түріне байланысты келесілерді тіркеу керек:

  • Онлайн-касса — қолма-қол ақша және банк карталары арқылы төлем қабылдау.
  • ЖК шоты — қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау.
  • POS-терминал — төлемдерді карта және QR көмегімен қабылдау.

Шотты Jusan Business мобильді қосымшасында ашуға болады — бұл тез, тегін, әрі банкке барудың қажетісіз. Сондай-ақ, бірден карта және QR арқылы төлем қабылдайтын POS-терминалға тапсырыс беруге болады — оны келесі күні жеткізіп, қосып береді.

Jusan Business-те шот ашыңыз

Jusan Business мобильді қосымшасында шот ашып, бизнесті басқарыңыз

Оны Google Play-ден немесе App Store-дан жүктеңіз

appStoreplayStore