«Кофе вне Хогвартса»: бизнесті жарнама көмегісіз көтеру

Алматыдағы метрополитенде орналасқан кофехана әйгілі франшиза жанкүйерлерінің сүйікті орнына айналды

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ира Дубчак

Ира Дубчак

редактор

Жанайым Оңлас

«Кофе вне Хогвартса» кофеханасының иелері Азамат Бекбатыров пен Жанайым Оңлас: «Ең қызығы, біз тіпті Поттержан болған да жоқпыз», — деп қалжыңдап қояды.

Азамат Бекбатыров

Олар сиқыршы бала туралы роман стилінде безендірілген кофехана орнын сатып алып, оның концепциясын толықтай өзгерткісі келген еді, бірақ жөндеу жұмыстары басталғанда, ондай шешімнен бас тартты. Ал жарты жылдан кейін олар Хәрри Поттер тақырыбына байланысты тағы бір кофехана ашты.

Сиқыр пайда болу құпиясы

Ажал-аузынан-қалған-идея

Мен 2012 жылдан бері кофе демдеумен айналысып жүрмін. Оны Rixos қонақ үйінде жұмыс істеген кезімде үйрендім. Ол уақытта мұндай кәсіп туралы армандаған да жоқпын. Кофехана ашқым келеді деген ойға 2016 жылы келдім — бірақ тек ойланып қана жүрдім де, адамдар басқалардың арасында неліктен мені таңдаулары керегін ойлап таба алмадым. Ал 2023 жылы Хәрри Поттер тақырыбында безендірілген кофехана сатып алғаннан соң, іздегенімді тапқан сияқты болдым.

Бұған дейін ол жер «Платформа 9¾» деп аталды (Хәрри Поттер романдарындағы локация — Автордың ескертпесі.) — ол «Мұхтар Әуезов атындағы театр» метро бекетінде орналасқан бөлме еді. Біз оны сатып алып, концепциясын толықтай өзгерткіміз келді.

Алдымен Азаматқа досы қоңырау шалды да, кофеханасының орнын сатқысы келгені туралы айтты. Біз оны көрейік деп бардық, және Азамат досы екеуі әңгімелесіп жатқанша, мен ол бөлмені безендіру жолдарын ойластыра бастадым. Ол жерде Хәрри Поттерден тек атауы және қабырғаларында салынған жапалақ, Хәрмиона және Хогуартстың суреттері ғана болды. (Кейіпкердің аты және Дуагерлік пен сиқыр мектебінің атауы — Автордың ескертпесі.). Ол кезде сатып аламыз деген ой болған да жоқ. Досымызбен қоштасқаннан соң, мен Азаматқа қарап, бізге кофехана не үшін керек, оң-солын қарап, ойланып көрейікші дедім. Сөйтіп, оның «алу керек» деген аргументтер көбірек болды да, біз досымызға қайта хабарласып, барлығын өз атымызға жазып алдық.

Біз жеке кәсіпкерлік ашу және бизнес көтеру жөнінде түк білмедік, барлығын YouTube-тегі бейнероликтерден көріп үйрендік. Жұмысты ынталанып істедік, проблемаларды дер кезінде шешіп отырдық. Мен негізі барлығын алдын-ала есептеп, ойланып жүретін адаммын, ал Жанайымның сол кездегі сенімі соншалықты — ол ойланбастан сатып алайықшы деді.

Хогуартстан тыс сиқыр сияқты болсын деп, кофеханамызды «Кофе вне Хогвартса» деп атадық. Достарымызбен ақылдасып, болашақта сиқыр мектебінің факультеттеріне байланысты төрт кафе ашуға болады деп шештік (Хогуартста Грифиндор, Хафлпаф, Рэвенкло және Слизерин деген төрт факультет бар. — Автордың ескертпесі.).

Барлығына Хәрмиона кінәлі

Азамат Хәрри Поттер тақырыбын қалдырғысы келмейтінін айтты, ал мен қарапайым кофехана ашқан қызық болмайды деп ойладым. Бізде бірде-бір идея болған жоқ. Мен бояу сатып алып, суреттерді сырлап тастауды ұсындым. Сөйтіп, біз сары түсті сыр сатып алып, қабырғаларды сырлай бастадық та, Хогуартсты толығымен өшіріп тастадық. Тек жапалақ пен Хәрмионаның суреттері ғана қалған еді, бірақ мен оларды бояп тастай алмаймын, өшіргім келмейді дедім. Ақырында қалдыра салдық. Жалпы, біз Хәрри Поттердің концебін тек Хәрмиона мен жапалақтың кесірінен ғана қалдырдық. Ал біз тіпті Поттержан емеспіз ғой!

Ашылған кезде қызық болған: қонақтар келіп, Хәрри Поттер фильміндегі түрлі сәттерді естеріне түсіре бастайтын, ал біз тек бастарымыды изеп, жимиып қоятынбыз. Мен ең басынан кофеханада фильм қоюды жоспарлаған едім. Біз фильмдерді жұмыс уақытында бірінші бөлімінен соңғы бөліміне дейін қосып отырдық, бірақ бір айдан кейін одан шаршай бастадық. Идея мен жоспар өте көп болды, тіпті кіреберісте өткен-кеткен адамдарға сұрақ қойып, үн қатып тұратын Дәу ледидің қозғалатын суретін қойғымыз келді (Грифиндор қонақ бөлмесінің кіреберісін қорғайтын портрет — Автордың ескертпесі.). Бірақ оны іске асыра алмадық, себебі екі ай бойы демалыссыз жұмыс істеп, қатты шаршадық. Азамат үйден таңғы алтыда шығып, ертерек барып, кофемашинаны қыздырып, кафемізді ашатын. Мен сағат онда кезекке келгенде, ол менімен сөйлескісі де келмейтін.

«Хогуартста көмек сұрағандардың барлығы әрдайым көмек алады»

Батылдық, ерік, Грифиндор

Метрода кофехана ашуға біз 2 млн теңге жұмсадық. Оның 1,25 млн теңгесі орын сатып алуға кетті де, ашылуға тағы 700 мың теңгедей кетті. Бізде қажетті құрал-жабдық та болған жоқ, сол себепті бір компаниядан жалға аппарат алып, тауар алып отыруға келістік. Олар бізге кофемашина қойып берді де, оған өздері күтім жасап отыратын болды. Біз олардан 100 мың теңгеге кофе сатып алдық. Аса көп шығындалған жоқпыз.

«Грифиндор» атты бірінші кофеханамызды өзіміз безендіріп, дұрыс санағанның барлығын жасай бердік. Кофе барын орнынан қайта-қайта жылжыттық, қабырғаларды өзіміз сырладық. Азамат электр қуатын өткізді, мен еден жуып, базарға шауып жүрдім. Достарымыз бен қонақтарымыз да көп көмектесті.

Метродағы «бұлттар»

Біз кофехананың төбесін Хогуартстағыдай еткіміз келді. Ол үшін синтетикалы мамық пен диодты таспа сатып алдық. Азамат бөлмені жалғыз өзі безендірді: екі апта бойы «бұлт» жапсырып, жарық диодтарын жүргізді. Төбе дайын болғанда, келесі күні өрт мамандары келіп, оны алып тастатқызды. Метрополитенде синтетикалы мамық пен мақта пайдалануға болмайды екен. Өте өкінішті болды.

Кофехана метрополитенде орналасқандықтан, метроның талаптарына бағынуымыз керек қой. Мен ережелерді қатаң сақтап, айтқанның барлығын істеп жүремін. Бөлмеге өртке қарсы май жағу керек десе, жағамын, өрт сөндіргіш қойып, эвакуация жоспарын іл десе — іліп қоямын. Өйткені ережелерді бұзбай отырсаң, ертең ештеңеден қорықпайтын боласың, әрі қауіпсіздік шараларын сақтағандықтан, ұйқың да тыныш болады.

«Бұлттарды» алып тастағаннан кейін төбені қайтадан сырлау керек болды — онда желім іздері қалып қойған еді. Бір суретші ондай жұмысты 280 мың теңгеге бағалады да, ақыры біз оны жай ғана бояп тастайтын болдық. Бірақ бұл кезде бізге Настя мен Сергей деген тұрақты клиенттеріміз көмектесті. Настя — суретші, дизайнер. Ол сыр сатып алып, төбеге үш түн ішінде жұлдызды аспан салып берді.

«Сливочное пиво» және басқа да ішірткілер

«Сливочное пиво» сусынының рецебін ойлап табуға менде шамамен 20 күн кетті. Ол газдалған, кілегейлі әрі карамель қосылған сусын болуға тиіс екен. Дәмді сияқты естілгенімен, дайындап көргенімде өте қантты, дәмсіз болып шықты. Сөйтіп, мен сусынның құрамын өзгертіп, сынай бастадым: сода суын басқаға ауыстырдым, «Буратино» мен кілегей араластырып көрдім, Borjomi және Perrier суларын да алып көрдім, бірақ ешқайсысы жақпады: газдалған су мен кілегей бір-бірімен дұрыс бірікпеді. Ақырында құрамында тек кілегей, сүт, карамель, даршын және эспрессо қалдырып, сусынды былғанған кілегеймен безендіретін болдым. Оның өзіндік құны өте қымбат болып шықты, бірақ біз оны 1 800 теңгеге сататын болдық. Біз бұл сусыннан еш пайда таппаймыз, бірақ ол кофехананың тақырыбына сәйкес келеді, әрі адамдарға да ұнайды. Бір жолы біз бір ай ішінде 480 шыны «Сливочное пиво» сатып үлгердік, ол біз үшін рекорд болды.

Кейін біз тренингке қатысып, ырғай шәрбатының дәмін таттық. Сөйтіп мәзірімізге «Бузинная роза» атты айс латте қосылды. Содан кейін мен Perrier суымен дайындалатын «Годрик кофе» сусынын ойлап таптым, ол біздің ең дәмді сусынымыз болды. Бірақ ол судың бағасы 1 000 теңге болды да, біз оны Schweppes тонигіне ауыстырдық, солайша эспрессо-тоник сусыны да шықты. Егер біз болашақта Perrier-мен келісе алсақ, ескі рецептті қайтаратын да шығармыз.

«Бузинная розаны» да өте жиі сатып алатын. Мен негізі сүт ішпеймін, бірақ Азамат ол сусынды дәмді көрді, ал маған сабын татып тұрған сияқты болды. Ол: «Тағы бір рет ішіп көрші», — деп сұрады. Мен келісіп, тағы көрдім. Ақырында, «Бузинная роза» менің ең сүйікті сусыныма айналды. Қонақтарымызға да өте ұнады. Содан кейін бізде ішірткілер пайда болды, ол айс латтенің түр-түрі — «Темное зелье», «Амортенция», «Зелье удачи». Бастапқыда біз сусындардың атауларын фильмнен іздейтінбіз, бірақ біреу ChatGPT туралы айтты да, енді біз барлығын сол чат арқылы атап жүрміз.

Тәуекел, амбиция және Слизерин

Біз ең басынан қонақтардың барлығына Хогуартстың Хафлпаф, Рэвенкло және Слизерин атты факультеттеріне арналған кофеханалар ашамыз деп айта бердік. Бірақ оған ақша да, орын да, идея да болған жоқ. Кейінірек мен біреудің кофехана сатып жатқанын көріп қалдым да, барып келейік дедім. Бардық. Жоғарғы қабатты қарап шықтық, төменде тағы бір қабат бар екенін де көрдік. «Грифиндорға» қайтып барып, ақылдасайық дедік. Бізде ол кезде ақша болған жоқ еді. Азамат маған: «Алмай тұрайық, дұрыстап ойлану керек», — деді. Ал мен болсам: «Басқа біреу сатып алса, не істейміз? Бағасы жақсы ғой», — дедім. Ол маған: «Сен асығып жатырсың», — деді де, досымен ақылдасайын деді, ал мен есік алдына шығып, өз атыма кредит алып алдым. Солайша, жағдай тағы қайталанды: біз қарамастан орын сатып алдық та, енді ары қарай не істейтінімізді ойластыра бастадық.

Біз «Грифиндорда» тәжірибе алдық, яғни не сатып алу керек, не үшін ақша төлеу керек деген сияқты жұмыстың жан-жағын көрдік. Ал «Слизеринде» электр қуаты, сантехника, жөндеу жұмыстары және тағы да басқа заттарды жасай алатын сенімді адамдар болғаны жақсы екенін түсіндік. Бұл жерде біз еден төсеуге және қабырғаларды сырлауға қатты шығындалдық, оның барлығына шамамен 700 мың теңге кетті. Жөндеу жұмыстарын қоса алғанда, жаңа кофеханаға 7 млн теңгедей жұмсадық.

Бөлмелердің дизайнын жасауға қайтадан Настя мен Сергейге хабарластық, олармен жұмыс ауқымы мен құны туралы келістік. Кеңірек болсын деп, жоғарғы залды кітапхана түрінде безендіретін болдық. Осылайша, іс те қозғалып, 30 қыркүйекте екінші кофеханамызды аштық.

Үй эльфтерінің көмегісіз дайындалған десерттер мен снектер

«Грифиндорда» мен снектерді өзім дайындайтынмын — чиабатта сатып алып, грильге салып қуыратынмын. Метрода тамақ пісіруге түк жағдай болмады: онда су құбыры да, ауа сорғыш та болған жоқ, тамақтың иісі қатты шығатын, бірақ біз бәрібір пісіре беретінбіз. Кейінірек аспаз досымызға қоңырау шалып, тамақ дайындап отыруына келістік.

«Слизеринде» біз үлкен ас үй ұйымдастырып, оған ауа сорғыш жалғағымыз келіп еді, бірақ ол қымбат, қиын, әрі көп уақыт алатын болды. Ас үй жабдығы да қымбат тұрады, оған да 5–6 млн теңгедей қажет болады. Сондықтан да әзірше тек снек дайындайтын болдық. Мен клаб-сэндвичтер мен чиабаталарды өзім жасаймын.

Хогуартстан тыс жердегі кілттер мен құлыптарды сақтаушылар

Кейде Жанайымда кофеханаларда өзіміз жұмыс істемесек, қонақтар кетіп қалады деген күдік болады. Бірақ біз жұмысқа өзіміздей әңгімешіл, жылы адамдарды аламыз. Жалпы біз жұмыскерлерді әдейі іздемейміз. Қонақтармен ашық сөйлесіп, оларға барлығын айтып беретіндігімізден, өздері де көмектескісі келеді.

«Грифиндорды» жаңа ашқан кезде бізбен бір-екі ай шамасында Санат деген досымыз істеді. Біз ол кезде аса таныс болған жоқпыз, мен онымен бұрын бірге жұмыс істегенмін. Ол бізді қолдау үшін төмен жалақыға келісе салды. Азамат оған бар үстінде істелетін жұмысты жылдам көрсетіп беріп, «Мен саған сенемін», — деді де, кетіп қалды. Санат өте сүйкімді, тартымды адам, ол қонақтардың көңіл-күйін оңай көтеретін. Біз оған «Гриффиндордың» 10% үлесін бөліп бердік.

Фариза біздің қонағымыз болған еді, ол біздің кофехананы ұнатып, адам керек пе деп өзі сұрады. Біз одан Хәрри Поттер әлемін қаншалықты жақсы білетінін сұрадық та, келесі күні жұмыс дағдыларын тексеруге шақырдық. Ол өте қамқор адам, әрі жұмысты да рахаттана істейді.

Бізге ақша табу үшін істейтін жұмыскерлер керек жоқ. Жауапты адамдар керек, біздің кофеханаларымызды ары қарай өздері алып кете алатын мұрагерлер керек десек те болады, себебі біз болашақта басқа да кофе нүктелерін ашқымыз келеді. Тәжірибелі жұмыскерлерді іздегенен гөрі, жауапты, қамқор адамдарды тапқан дұрыс сияқты, себебі оларға жұмыстың қыр-сырын үйретіп, кейін бізбен бірге қалатынына сенімді бола аласың.

Хәрри Поттер — жарнама құпиясы

Біз аса жарнама бермейміз. Алғашқыдан бері адамдар бізді өздері жарнамалайды: бейнесуреттер түсіреді, стористеріне жібереді, Instagram-ға салып қояды. Бізде Ерайдын деген маркетологымыз бар, ол да бізбен достасып кеткен тұрақты қонағымыз. Ол бейнероликтерді өте жақсы түсіреді және бізге түрлі идея беріп отырады.

Бір жолы бізге бір жігіт келіп, кофехананың ішін түсіруге рұқсат сұрады. Біз оны жылы қарсы алдық, әңгімелестік, кофе мен круассан ауыз тигіздік. Содан кейін мен одан: «Сіз мобилографсыз ба?», — деп сұрадым. Ол: «Мен „Давай, сходим!“ жобасының редакторымын», — деп жауап берді. Ол біздің Instagram парақшамызды сұрап алды да, енді біз туралы барлығы білетін болады деп, кетіп қалды. Біз қалжыңдаған шығар деп ойладық, бірақ кешке қарай бізге 300 адам жазылды. Келесі күні кофеханамыз лық толы болды, барлығы «Сливочное пиво» алуға келді.