«Космос»: кітап клубын ашу арқылы пассивті табыс алу
Кітапқұмарлардың оқығандарын талқылауға деген ұмтылыстан ақша табу
2021 жылы астаналық Бақдәулет Әбілда «Космос» кітап жобасын іске қосты. Ол кітап сүйер қауымды екі аптада бір рет кофеханаларға жинап, оқыған кітаптарын талқылауға және үстел ойындарын ойнауға шақырды. Бүгінде клубтың Астана мен Алматыда 130-дан астам тұрақты мүшесі бар, олар айына 8000 теңге төлеуге дайын.
Жек көруден махаббатқа дейін
Бір қызығы, мен жасөспірім кезімде кітап оқығанды ұнатпадым. Мені ынталандыру үшін әкем әр 100 бет үшін 1000 теңгеден төлеп отырды. Бастапқыда бұндай ақша мені қатты қызықтырды, бірақ кейін кітап оқу мені жалықтырып, қызықсыз болып көріне бастады, мен оған уақыт жоғалтқым келмей, бас тарттым.
Мәскеу халықаралық университетіне түсіп, жаңа ортаға тап болған кезде мен курстастарыммен даму деңгейі жағынан қатты айырмашылық сездім — сөздік қорымда, ой-өрісімде, ойлауымда өзгешелік болды. Мәскеуде адамдардың барлық жерде оқи беретіні мені таң қалдырды: метрода, көшеде, жатақханада. Дәл сол кезде мен саналы түрде қолыма кітапты қайтадан алдым — ол Джек Лондонның «Мартин Иден» атты кітабы болды. Бұл кітап мені шабыттандырғаны сонша, кітап оқуға қайта құмар болдым.
Өзімнің алғашқы кітап клубымды құрған кезге дейін мен 150-ге жуық кітап оқыдым. Достар менен не оқу керектігі туралы кеңес сұрай бастады. Осылайша, кітап клубын ашу идеясы туды.
Мен Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ мәдениеті қоғамының басшысы болып, мәдени жобаны ашқым келді. Қауымдастық достарымен бірге тегін кітап клубын құрдық. Оны достар мен таныстар арасында жарнамалап, екі кездесу өткізіп үлгердік, содан кейін карантин басталды. Кездесулеріміз онлайн режимге көшті.
Оқуды бітіргеннен кейін, 2020 жылдың мамыр айында мен Қазақстанға оралдым. Бір-екі айдан кейін Астанада екі қыз досымен бірге коммерциялық негізде бірлескен кітап клубын аштық. Бірінші топ тез жиналды, ал кейін ауыздан-ауызға таралып, достар өз достары мен таныстарын шақыра бастады, солай біз үш топтың қалай жиналып қалғанын байқамай қалдық. 2021 жылы ашылған алғашқы топтарға 2000 теңгеге демо нұсқасын жасадық. Екінші айдан бастап бағаны 5000 теңгеге дейін көтердік. 2020 жылдың соңына қарай біз үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде толыққанды кітап клубын құрдық. Біз кураторларды жұмысқа ала бастадық. Бірақ клубта үш жетекші болғандықтан, қиындықтар туындады — біз аққу, шортан һәм шаян сияқты арбаны әрқайсымыз өз бағытымызға қарай тартуға тырыстық.
«Космостың» құрылуы
2021 жылдың қаңтарында мен жобадан шығып, үш тобымды өзіммен бірге тартып, өз кітап клубымды ашуды шештім. Ғарыш тақырыбының айналасында тұжырымдама ойлап таптым, мұнда әрбір жаңа қатысушы белгілі бір планетаға — Жер, Нептун, Уран, Сатурн, Шолпан және т.б түседі.
Неліктен «Космос»? Өткені, кітаптардан алатын білімнің шекарасы болмағаны сияқты, ғарыштың да шекарасы жоқ. Сонымен қатар, керемет нәрсені сипаттағанда немесе таңдануды білдіргенде, біз бұл сөзді қолданамыз. Ол біздің бағытымызға сәйкес келеді.
Кітап клубының тұсаукесеріне достарымды және жеке парақшаларымда болған барлық таныстарымды шақырдым. Қатысу тегін болды, бізге 15 адам келіп, барлығы қосылуға келісті.
Кофеханаларда кездескендіктен, орын жалдауға ақша кеткен жоқ. Үшінші айда мен Instagram-да, танымал қала парақшаларында жарнаманы бердім, шамамен 30 000 теңге жұмсадым, сол жерден жаңа қатысушылар келді.
2022 жылдың ортасынан бастап таргетинг қостық, өйткені кітап клубында Иоланда деген SMM маманы пайда болды. Біз оны ай сайынғы клуб мүшесінің ақысынан босатып, ең төменгі жалақы төлеп тұрдық, бұл үшін ол жарнама қосып, бейнероликтер түсіріп жүрді. Сонымен қатар, адамдардың көбісі жобаға бұрынғы және қазіргі қатысушылардың жақсы пікірлерінің арқасында келген.
Бастапқыда біз топтарды Астанада, бір-екі айдан кейін Алматыда аштық. Клуб ашылған жылы бізде төрт топ болса, бүгінде олардың саны 11-ге жетіп отыр — сегіз орыс тілді, бір қазақ тілді, бір ағылшын тілді және психология бағытында тағы бір жаңа топ бар. Жалпы, Астанада сегіз топ, Алматыда үш топ жұмыс істейді.
Команда
Астанадағы кітап клубының бизнес үлгісін қарастырсақ, бізде сегіз топ бар, сәйкесінше сегіз куратор, мен жоқта шешім қабылдай алатын операциялық менеджер және SMM маманы. Барлығы — 10 адам. Бұрын ивент-менеджері де болған, бірақ тәжірибе көрсеткендей, оның міндеттерін операциялық менеджер де атқара алады. Оның есімі Талшын, ол бастапқыда клубтың оқырманы, ивент-менеджерінің көмекшісі, топ кураторы болып, операциялық менеджерге дейін өсті.
Елордада топтардың көбірек болуы мәдени-демалыс шараларының жеткіліксіздігімен түсіндіріледі. Адамдар мәдени өмірге мұқтаж. Біздің мүшелерімізді таныстармен көңілді демалу және оқығандарын басқалармен талқылап, кітапқа басқа қырынан қарау сияқты құндылықтар біріктіреді.
Жобадан алған табыс кітап дүкендерінен сертификаттар және қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ай сайынғы қаламақы кітапқұмарларды кездесулерден қалмауға итермелеп, клубқа үлкен жауапкершілікпен қарауға көмектеседі.
Кітап клубының тұжырымдамасы
Кездесулер қалай өтеді
Әртүрлі жастағы және мамандықтағы 15 адам кофеханадағы үстел басына жиналып, жабық телеграмм тобында дауыс беру арқылы өткен айда таңдаған кітабын талқылайды.
Кездесулер екі апта сайын демалыс күндері өткізіледі және әдетте үш сағатқа созылады. Әр топтың өз кураторы бар: ол пікірталастың бағытын беріп отырып, әңгіме жүргізеді. Әр қатысушыға әсерімен бөлісу үшін 10 минут беріледі. Кездесу соңында ең үздік талдаудың авторы жасырын түрде таңдалып, оған алдағы екі апта бойы оқитын кітап сыйға беріледі. Сонымен қатар, қатысушылардың әрқайсысы кітапты 10 балдық жүйе бойынша бағалайды және өз таңдауын түсіндіреді. Нәтижесінде кітап қорытынды балл алады да, куратор оны кестеге енгізеді. Бұл ештеңеге әсер етпейді, бірақ сіздің әсеріңізді қойылған бағалармен және басқа кітаптарымен салыстыруға мүмкіндік береді.
Адамдар оқығандарын талқылау және қызықты әңгімеге қатысу үшін ақша төлеуге дайын. Қазір ай сайынғы төлем ақы 8000 теңге тұрады.
Отырыстарда елеусіз қалып, үндемеу отырып болмайды: куратор талқылауға әрбір қатысушыны тартады. Бұл мектеп емес: аяқталмаған кітап үшін сізді ешкім сөгіп, жаман баға қоймайды, бірақ бәрібір ережелер бар — жиналыстарға кешікпеу, келмейтіні туралы ескерту, сөз сөйлеу кезінде басқа қатысушылардың сөзін бөлмеу керек. Талдау кезінде «Маған кітап ұнады» деген сөзбен шектелу жеткіліксіз, төрт сұраққа жауап берген жөн: «сізге не ұнады, не ұнамады, не түсініксіз болды және практикалық құндылығы қандай?»
Кітаптар қалай таңдалады
Айына екі кітап оқимыз. Оларды төрт жанр арасында таңдайды — роман, фантастика, өзін-өзі дамыту, еркін.
Әр айдың соңында куратор қатысушылар ұсынған барлық кітаптардың тізімін жасап, дауыс беруді ашады. Өзіңіз ұсынған кітаптарға дауыс бере алмайсыз. Ең көп дауыс жинаған екі кітап келесі айда оқылады.
Бұндай тәсіл қатысушыларға кітап талғамын дамытуға және жаңа бірдеңені оқуға мүмкіндік береді.
Жаңа бағыттар
Психология бойынша кітаптар оқитын топта қатысушылардың саны 10 болып табылады. Мұндағы кітаптарды тек куратор — білікті практик-психолог Данара Сыздықова таңдайды. Оны да оқырмандарымыздың арасынан таптық. Топтық бағдарлама төрт модульден тұрады: біріншісі — селф-психология, екіншісі — психологиялық жарақат, үшіншісі — еркек пен әйелдің қарым-қатынасы, төртінші — нарциссизм дәуірі. Қатысушылар кітапты талдағаннан кейін психолог оларға кері байланыс береді.
Бұның қатысу құны екі есе жоғары — 16 000 теңге, бірақ практикалық пайдасы да көбірек. Бұл топқа қатысу библиотерапияның бір түрі болып табылады. Арнайы таңдалған әдебиет оқу арқылы қатысушылар эмоциялар мен психикалық жағдайды дамытады. Мұндай сөз терапиясы психикалық ауырсыну мен алаңдаушылықты жеңуге көмектеседі.
2022 жылы біз тағы бір жаңа бағытты — КосмоKids балалар кітап клубын ашуды жоспарладық. Топтарды жас санаттарына қарай бөлдік: 6–8 жас, 8–10 жас, 10–12 жас топтары болып шықты, осылайша балалар құрдастар арасында өзін жайлы сезіне ала алады. Клубқа қызығушылық танытқан балалар мен ата-аналар шақырылды, бірақ бірінші кездесу өтпеді, өйткені кураторды, орналасқан жерді іздеумен, сонымен қатар бірқатар шешілмеген жеке мәселелер болғандықтан қиындықтар туды. Сұраныс болғанымен, жобаны іске қосуды біраз уақытқа қалдырдық. Пайдалы нәрсені іске қосып, ақша тапқысы келетіндер үшін бұл нарықтағы орын бос және сұранысқа ие екен.
Клуб емес, космоотбасымыз
Жоба кафелердегі кездесулермен шектелмейді: қатысушылар бос уақытында концерттерге қатысады, боулинг, пейнтбол ойнайды, атқа мініп, серуендейді, детектив, костюм кештері, викториналар және басқа да іс-шараларды ұйымдастырады.
Қатысушылардың клубтан кетуі бірінші жылы 20%-дан аспайды. Әдетте, оқырмандар өздері дайын болмаған жүктемені сезінген кезде кетеді.
Кураторлар топтар ішінде микроклиматтың сақталуын қадағалайды, қолдау көрсетеді, әңгімелесуге тартады. Жаңа мүшелер басқалардың оларға қуанышты екенін білулері керек. Кітап клубы дегенді естігенде, адамдар ботандардың жиынын елестетеді немесе керісінше, өздерін олардың интеллектуалдық деңгейіне әлі алыс деп ойлайды. Шын мәнінде, клуб мүлде әртүрлі адамдарды біріктіреді. Мысалы, бір топта заңгерді, бухгалтерді, маркетологты, дәрігерді, режисерды, студентті кездестіруге болады. Елордалық топтардың бірінде ең қарт қатысушы бар — ол Назарбаев Университеті кітапханасының бас сарапшысы 64 жастағы Петр Михайлович. Бір кітапқа әртүрлі адамдардың көзқарастары мен пікірлері біздің санамызды кеңейтеді.
Кітап клубы ішіндегі барлық коммуникациялар телеграмда, ал жарнама Instagram-да жүргізіледі. Кураторлардың өз чаттары, оқырмандардың өз чаттары бар. Астанада бөлек іс-шараларға арналған чат аштық.
Клубтың мүмкіндіктері:
- жылына 24 кітап оқылады;
- нетворкинг: қатысушылар жаңа достарды, серіктестерді және клиенттерді осы жерде табады;
- әр кездесу сайын үздік талдау авторына кітап сыйланады;
- кітапты талқылағаннан кейін үстел ойындары және басқа қызықты іс-әрекеттер өткізіледі;
- телеграмдағы онлайн кітапханаға кіру мүмкіндігі беріледі;
- қатысушылар адамдармен тіл табыса білу, шешендік өнерін дамыту, есте сақтау қабілетін нығайту, шаблоннан тыс ойлау, білім өрісін мен сөздік қорын кеңейту деген сияқты қабілеттерді дамытады.
Жоспарлары
Кітап клубының құрылғанынан екі жыл асты, оған инвестиция қажет. Мобильді қосымша, веб-сайт жасау арқылы жобаны IT саласына көшіріп, сосын басқа қалаларда дамыту идеясы бар. Алдағы жылдары Шымкентте филиал ашқымыз келеді. Кітап клубының іс-шараларын өткізу үшін офис жалдауды да жоспарлап отырмыз.
Мен үшін кітап клубы — ол ақша табуға да мүмкіндік беретін жеке хоббиім. Жеке өзім кездесулерге қатыспаймын, тек кейде бір топтағы микроклиматты жақсарту қажет етілген жағдайда ғана жобаға кірісемін.
Жаңа бастап жүрген кәсіпкерлерге арналған кеңестер
Бірінші кеңес — достарыңыздың, туыстарыңыздың және таныстарыңыздың арасында клубыңыздың ашылғанын жариялаңыз. Ашылғаныз туралы айтыңыз, кездесу күнін белгілеңіз, оны Welcome Day деп атаңыз, клубтың миссиясы мен форматын айтып беріңіз, қатысушылар санын 20-ға дейін шектеңіз, соңында үстел ойындарын өткізіңіз. Қатысу үшін кішігірім төлем ақысын жасаңыз.
Жобаңызды жарнамалау үшін қалаңыздың әлеуметтік желілердегі парақшаларымен достасыңыз. Салынған ақша әдетте бірінші айда өтеледі.
Кітап клубын жақсарту бойынша үнемі жұмыс жасаңыз, жаңа мүмкіндіктер туралы ойланыңыз және жаңа мүшелерді тартатындай топтарда сауатты қарым-қатынас жасаңыз.