Бизнес туралы мақалалар

2024 жылы қолданылатын заңнамадағы бизнеске қатысты өзгерістер мен жаңа шарттар

Кәсіпкерлер жаңа жылда қандай жаңалықтарға дайын болуға тиіс

2024 жылы қолданылатын заңнамадағы бизнеске қатысты өзгерістер мен жаңа шарттар

Мақаланың мазмұны

2024 жылы Қазақстанда жаңа есептік көрсеткіштер мен заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бірыңғай жиынтық төлем қолданыстан шықты, салық тексерістеріне салынған мораторий аяқталды, ал жұмыс берушілер енді жұмыскерлер үшін зейнетақы жарнасын төлеп тұратын болады.

2024 жылғы есептік көрсеткіштер

Минималды есептік көрсеткіштер «Республикалық бюджет туралы заңда» бекітіліп, жыл сайын жаңартылып отырады. Еңбекақы, зейнетақы, салықтар, айыппұлдар, жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер және тағы да басқа төлемдер осы көрсеткіштерге сәйкес есептеледі.

1 қаңтардан бастап Қазақстандағы базалық көрсеткіштер мынадай болады:

  • жалақының ең төмен мөлшері (ЖТМ) — 85 000 теңге;
  • базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері — 28 215 теңге;
  • зейнетақының ең төмен мөлшері — 57 853 теңге;
  • айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 3 692 теңге;
  • күнкөрiс деңгейiнiң ең төмен шамасы — 43 407 теңге.

Жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы

1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған жұмыскерлер үшін міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) төлеуге тиіс. Ол төлем жұмыс беруші есебінен төленеді, яғни, жұмыскер жалақысынан ұсталмайтын болады.

2024 жылы ЖМЗЖ мөлшерлемесі жұмыскер табысының 1,5% құрайды, ал ол табыс мөлшері 1 ЖТМ-нан төмен (2024 жылы 85 000 теңге) немесе 50 ЖТМ-нан (2024 жылы 4 250 000 теңге) жоғары болмауға тиіс.

Ал егер ЖМЗЖ жалақыдан төленетін бірыңғай төлем құрамында төленетін болса, онда 2024 жылы төлем мөлшерлемесі 7% болады.

ЖМЗЖ жинақтарын мұра ретінде алуға, сенімгерлік басқаруға тапсыруға, зейнетақы аннуитеті келісімшартына енгізуге болмайды. Сондай-ақ, ол ақша зейнетақы жинақтарын сақтау мемлекеттік кепілдігіне кірмейтін болады.

ЖМЗЖ кім үшін төленбейді

  • зейнет жасына келген қызметкерлер;
  • мүгедек тобы мерзімсіз белгіленген I және II топ мүгедектері;
  • әскери қызметшілер (шұғыл әскери міндет атқарушылардан басқа), лауазымдарынан 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап айрылған арнайы органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері;
  • еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы алушы зейнеткерлер;
  • ай сайын қамтылым алатын судьялар;
  • 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған жұмыскерлер.

Бірыңғай жиынтық төлем жойылды

2019-2023 жылдары Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) қолданылған болатын, оның құрамына табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, зейнетақы жарнасы және МӘМС атты төрт міндетті төлем кірді. БЖТ-ны жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жұмыскерлері жоқ және тек жеке тұлғалармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ғана төлейтін.

2023 жылғы 31 желтоқсаннан бері бірыңғай төлем қолданылмайды, сол себепті БЖТ төлеушілер жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеліп, салық режимін таңдауға міндетті.

Салық тексерістері қайта басталды

Қазақстанда 2020 жылы микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылға мораторий салынған еді. 2022 жылдың соңында оны тағы бір жылға созды, ал 2024 жылдан бастап тексерістер адам қатысысыз қайта белгіленетін болады.

1 қаңтардан бастап елімізде сын-қатерлерді басқару автоматтандырылған жүйесі істейтін болады. Оның көмегімен тексерістер тек сын-қатер пайда болғанда, яғни берешек және айыппұл табылғанда, немесе салыққа байланысты бірдеңе дұрыс орындалмағанда ғана белгіленетін болады. Мемлекет бұл арқылы бизнес тексерістерін екі есе төмендетіп, айыппұл санын азайтуды көздеп отыр.

Салықтық зерттеп-қарау құжаттары

Егер салық органы компанияның тіркелген мекенжайында шынымен орналасқанын тексеретін болса, ондай тексеріс түрі салықтық зерттеп-қарау деп аталады. Ол жұмыс уақытында өтеді. Егер зерттеп-қарау барысында компания тіркелген мекенжайында табылмаса, онда кәсіпкер салық органына барып, орнында болмау себебін жазбаша түрде түсіндіріп, орналасу орнын растайтын құжаттарын тапсыруы қажет. Ескі талап бойынша бұл жағдайда құжаттардың нотариус растаған көшірмелерін тапсыру керек болған еді, ал енді көшірмелерді нотариуссыз да тапсыруға болады, бірақ бұл жерде көшірмені растау үшін құжаттардың түпнұсқасын қоса жіберу керек.

Камералды бақылау нәтижелері

Салық органы камералды бақылау барысында қандай да бір талаптардың бұзылғанын анықтаса, онда кәсіпкерге оны түзету керектігі туралы хабарлама жібереді. Түзетуге 30 жұмыс күні беріледі. Түзету мерзімі хабарлама алған күннен кейінгі келесі күні басталады. Егер компания бұл мерзім ішінде түк те түзетіп үлгермесе, немесе талап бұзылғанына мүлдем келіспесе, онда хабарлама орындалмады деп саналады да, салық органы компанияның банк шоттарындағы шығыс операцияларды уақытша тоқтататын болады.

Бірыңғай декларация тапсыру мерзімі

2024 жылдан бастап барлық ЖК мен ЖШС және олардың жұбайлары жалпыға ортақ декларациялау аясында табыстарын декларациялауға тиіс. Салық кодексінде бірыңғай есеп тапсыру мерзімі белгіленді: енді 250 нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы кіріс декларацияны да, 270 нысан бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны да ағымдағы жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек.

Бөлшек салық АСР байланысты өзгерістер

Бөлшек салық АСР-ды мына талаптарға сай келетін ЖК мен ЖШС қолдана алады:

  • қызметкерлердің жылдық орташа саны — 200 адамнан аспайды;
  • бір күнтізбелік жылдағы табыс — 600 000 АЕК-тен аспайды;
  • компания тізімдегі қызметтердің бірін немесе бірнешесін атқарады.

Егер ЖШС құрылтайшысы немесе қатысушысы бөлшек салық қолданып отырған екінші ЖШС-да тура сондай лауазымда отырса, онда жаңа қағидаларға сәйкес бірінші ЖШС арнаулы салық режимін қолдана алмайды.

Қалалар мен ауылдарда бизнеспен айналысу жағдайы әр түрлі болғандықтан, жергілікті маслихат бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуге құқылы. Ондай рұқсатты тек жеке тұлғалармен жұмыс істейтін бизнес қана ала алады, сондай-ақ, рұқсат беру шешімі компанияның орналасқан елді-мекеніне және қызмет түріне байланысты болады.

Мөлшерлемені төмендету туралы ресми шешім биыл 2024 жылғы 31 наурызға дейін қабылданады, бірақ төмендеген мөлшерлеме 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, яғни өтіп кеткен кезең үшін де қолданылатын болады. Ал одан кейінгі шешімдер тек 2025 жылдан бастап қана күшіне енетін болады.

АЭА қатысушыларына арналған салық жеңілдіктері

Арнайы экономикалық аймақтар қатысушылары өз жобаларының құнына байланысты салық жеңілдіктерін қолдана алады:

  • А категориясы — құны 3 000 000 АЕК-ке дейінгі жобалар;
  • B категориясы — 3 000 000 АЕК-тен 14 500 000 АЕК-ке дейін тұрады;
  • С категориясы — 14 500 000 АЕК-тен басталады.

Ал азық-түлік, тоқыма бұйымдары, киім, теріден жасалған және оған қатысты басқа бұйымдар, электронды және оптикалы құрылғылар, электр құрылғылар шығарушы кәсіпкерлер қосымша жеңілдік ала алады — егер олардың жобалары 1 000 000 АЕК-тен 14 500 000 АЕК-ке дейін бағаланатын болса, онда оларға B категориясы тағайндалатын болады.

Арнаулы әлеуметтік төлем

2024 жылдан бастап еңбек жағдайлары зиян жұмыстарда жеті жыл немесе одан да ұзақ уақыт бойы істейтін жұмыскерлерге арнаулы әлеуметтік төлем төленетін болады. Оны 55 жасқа келген Қазақстан азаматтары және Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар ала алады.

Төлем мыналардан тұрады:

  • арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы — күнкөрiс деңгейiнiң ең төменгі шамасының 2 есе мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен ай сайын төленеді;
  • зейнет жасына дейін аннуитетті сақтандыру шарты бойынша төленетін сақтандыру төлемі — жұмыскер зейнет жасына толғанша, күнкөрiс деңгейiнiң ең төменгі шамасы мөлшерінде сақтандырушы компания есебінен ай сайын төленеді;
  • жұмыс беруші есебінен төленетін кәсіби төлем — жұмыскер зейнет жасына толғанша, күнкөрiс деңгейiнiң ең төменгі шамасы мөлшерінде жұмыс беруші есебінен ай сайын төленеді;
  • міндетті кәсіби зейнетақы жарналарынан тұратын зейнетақы төлемі (МКЗЖ).

Нәтижесінде жұмыскерге күнкөріс деңгейінің ең төмен мөлшерінің 4 есе мөлшері мен МКЗЖ қосындысы түріндегі төлем төленетін болады.

Бұл төлем жұмыскер еңбек жағдайлары зиян жұмыстан шығып кеткенде немесе зиян факторлары жоқ жұмысқа ауысқанда төлене бастайды.

Егер төлем алушы қайтыс болса, төлем оның қайтқан айына дейін төленеді, ал егер шетелге көшіп кетсе — елден кеткен айға дейін төленеді.