Ашық банк қызметтері бизнеске жаңа мүмкіндіктер береді

Банк қызметі жылдамырақ әрі ыңғайырақ болмақ

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Жанерке Айтқазы

Жанерке Айтқазы

Ұлттық Банк ҰТК Open Banking жобасы product owner

Ашық банк қызметтері бизнеске жаңа мүмкіндіктер береді

Open Banking, немесе ашық банкинг технологиясы арқасында банк клиенттері қаржы компанияларына өздерінің банк мәліметтерін басқа жеткізушілермен алмасуға рұқсат беретін болады. Оның пайдасы не, ол қаншалықты қауіпсіз және Қазақстанда қашан жүзеге асатын болады деген сұрақтарға осы мақалада жауап береміз.

Open Banking ұғымы

Бертінге дейін банктер қаржы мәліметтерін тек өздерінің ішкі қызметтері мен сервистерінде пайдаланатын жабық жүйе болып қалыптасты. Мысалы, сіз бірнеше банктің клиенті болсаңыз және банк шоттарындағы ақшаларыңыз туралы ақпарат алғыңыз келсе, онда әр банктің қосымшасын бөлек жүктеп, авторизацияланатын боласыз. Ал ақшаңызды бір банктен екінші банкке аударғыңыз келсе, комиссия төлейтін боласыз. Яғни, сіз өз ақшаңызды банк шарттарына бағына отырып реттейсіз.

Ашық банкинг бұның барлығын ортақ стандартқа келтіріп, банктер мен компанияларға клиент келісімімен қаржы мәліметтерін алмасуға мүмкіндік береді. Яғни, клиент өз мәліметтеріне өзі ие бола алады, мәселен, мұнда бір банктің қосымшасына кіріп, басқа банктердегі шоттардың қалдықтарын қарау, ақшаны бір шоттан екінші шотқа аудару, банк көшірмелері мен шот анықтамаларын басқаларға көрсету, валюта бағамдарын салыстыру, төлем тапсырмаларын толтыру және оларға қол қою, табыс пен шығындарды есептеу, т.б. деген сияқты мүмкіндіктер пайда болады. Бұның барлығы банк қызметі сапасын көтеріп қана қоймай, клиенттің уақыты мен ақшасын үнемдейтін болады.

Open Banking-тің Қазақстанға пайдасы

Қазіргі таңда қаржы қызметтерінің көп бөлігін ірі банктер көрсетеді, ал жаңа компаниялар бұл нарыққа жайдан-жай кіре алмайды: ол үшін мәлімет те, мүмкіндік те жетіспейді. Сондай-ақ, бұрыннан істеп келе жатқан қызметтерді пайдаланып жүрген клиенттерді жаңа сервистерге тарту қиынға соғады.

Сол себептен, клиенттер ең ыңғайлы әрі тиімді сервистерді өздері таңдасын, ал банктер, қаржы технологиясы компаниялары және қаржы стартаптары бірдей және адал бәсекелессін, жаңа қызметтер ойлап тапсын әрі ескі қызметтердің сапасын көтерсін деген мақсатпен ҚР Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК), Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылдан бастап ашық банкинг жобасын жүзеге асыруда. Барлық ақпарат банктер мен басқа ұйымдарға өзара «тілдесуге» көмектесетін Open API технологиясы арқылы қол жетерлі болады.

Open API деген не

API (ағылш. Application Programming Interface — қосымшаның бағдарлама интерфейсі) — бұл екі түрлі қосымшаға ақпарат алмасуға көмектесетін нұсқау топтамасы. Оны ақылды үймен салыстыруға болады: мысалы, сізде ақылды шәйнек, ақылды шам және ақылды тоңазытқыш бар дейік. Оның әрқайсысының бөлек қолдану нұсқаулығы бар, бірақ жүйе ыңғайлы әрі біркелкі істеуі үшін, оларды бір бірімен байланыстыру керек. Әр түрлі құрылғыларды бір жерден басқару үшін сіз ақылды үй пультін пайдаланатын боласыз. Open API сол пульт сияқты істеп, әр түрлі компаниялардың бағдарламаларын бір бірімен «тілдестіреді».

Ал ашық банкингте ол былай істейді: сіздің А банкіндегі шотыңыз бен ондағы ақпарат сол банкте жатады, бірақ B банкі Open API мен сіздің келісіміңізді пайдаланып, А банкіне шолып, сіз рұқсат еткен ақпаратты көре алатын болады.

Кейбір банктер өз стандарттарына сәйкес API жасап, оны сол стандарттарға келісетін серіктес компанияларға ғана ашады. Әр банк бөлек-бөлек API жасайтын болса, серіктестер өз қосымшаларын соған сәйкестендіруге мәжбүр болады, және ол сәл тиімсіз көрінеді. Ал ашық банкинг пен Open API қаржы нарығының барлық қатысушыларына бірдей цифрлы қаржы инфраструктурасын жасап, барлығына бірдей стандарт орнатпақ.

Ол үшін ҰТК баршаға ортақ талаптар мен техникалық спецификация орнататын бірыңғай стандартты Open API платформасын дайындауда. Ол былай істейтін болады: банк ортақ стандарттарды пайдаланып, API жасайды, ал қаржы ұйымы өзінің мобильді қосымшасын соған сәйкестендіріп, аталмыш API-ға қосылады. Мұнда ҰТК платформасы ақпаратты қауіпсіз әрі құпия түрде тасымалдаушы маршрутизатор қызметін атқарады.

Ашық банкинг қауіпсіздігі

Ашық банкингте мәлімет алмасуға рұқсат алған әр ұйым техникалық тексерістен өтуге тиіс болады. Әрқайсысы қауіпсіздік және ақпарат жүйесіне қойылатын талаптарға, заңнама, инфрақұрылым және қаржы сипатындағы шарттарға сай болуға тиіс. Содан кейін, олар аккредиттеу куәлігін алып, ақпарат алмаса алатын болады.

Мәлімет API арқылы шифрланып жіберіледі. Бастысы, клиент цифрлы келісім берсе болғаны, және ол келісімді кез келген уақытта қайтып алуға болады. Келісім қайтып алынса, банктер мен компаниялар мәліметтерді бұдан былай көре алмайды да, сақталған ақпаратты жойып, бұдан былай пайдаланбайтын болады.

ҰТК стандарттардың сақталуын қадағалап, жүйе барлығында бірдей істейтінін бақылайтын дәнекер ретінде істейді. Егер А банкі B банкінен қандай да бір ақпарат сұраса, ол сұратым ҰТК арқылы өтеді, ал ҰТК өз тарапынан ашық банкинг қатысушысын, оның ақпарат алуға құқын және клиенттің ақпаратты алмасуға берген келісімін тексереді.

Келісім ҰТҚ сайтында клиентті бейнерастау арқылы және оның нөміріне SMS кодын жіберу арқылы тексеріледі. Содан кейін электронды келісім тіркеледі де, ҰТҚ келісімдерді басқару жүйесінде сақталатын болады. Сөйтіп, клиент банктер мен компанияларға берген барлық келісімдерін бір жерден көріп, оларды орталықтан басқаратын болады.

API мүмкіндіктері

Қазақстанда ашық банкинг 2025 жылға дейін іске қосылмақ. Оған дейін барлық банктер арнайы функционал дайындап, клиенттеріне шоттар, транзакциялар және т.б. мәліметтерді басқа компанияларға банкке хабарласпай-ақ жіберуге жағдай жасайтын болады. Жұмыс жоспары үш жылға бөлініп, кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр.

Былтыр ҰТК жеке тұлғалардың шоттарындағы мәліметтерді үш банк арасында алмасу мүмкіндігін тестіледі, ал биыл оны заңды тұлғалар үшін де дайындап, барлығына басқа банктердің өнімдері мен қызметтері туралы мәлімет алу мүмкіндігін жасамақ. Сондай-ақ, клиенттерге өздерінің әр түрлі банктердегі шоттары арасында комиссиясыз ақша аударуға жағдай жасау жоспарлануда.


Бұл технологияның көмегімен қаржы технологиясы компаниялары жаңа сервистер мен қызметтер жасай алатын болады, банктер болса, клиенттеріне кредиттер, инвестициялар немесе сақтандыру туралы жеке ұсыныстар жасауға мүмкіндік алады, ал клиенттер өз қаржы деректерін өздері орталықтан басқара алатын болады. Осылайша, банкинг бұрынғыдан да жылдам, жеңіл әрі ыңғайлы болмақ.