Balama: андеграунд музыканттарының концерттерін ұйымдастыру бизнесі

Менеджерлермен келісу, демеуші табу және тыңдарман үніне құлақ түру

Ақбота Хасенова

Ақбота Хасенова

автор

Ира Дубчак

Ира Дубчак

редактор

Сәбит Бақытжан

Balama музыкалық іс-шаралары отандық андеграунд қауымдастығы үшін маңызды оқиғалар болып саналады. Ұйымдастырушы топ көпшілікке бейтаныс музыка бағыттарында орындайтын әртістерді Қазақстанда өнер көрсетуге шақырады. Тыңдарман жинау, қаржыландыру табу, сүйікті әртісті шақырып, шығынға батпау жолдары туралы Balama және SHU[LAMA] фестивалдерінің ұйымдастырушысы Сәбит Бақытжан айтып берді.

Оқиғаның басы

Мен музыкаға өте құмармын. Әсіресе, пост-панкты жақсы көремін (рок-музыка жанры. — Аудармашы ескертпесі), сол себептен, өзімнің сүйікті топтарымды көптен бері елімізге әкелуді армандадым. Бір күні достарыммен бірге отырып, бір топқа жазып, Қазақстанға шақырып көрдік, ал олар болса, келісе салды.

Жалпы айтқанда, біз ең алдымен комикс фестивалдерін ұйымдастырудан бастадық. 2015 жылдан 2019 жылға дейін біз Қазақстанға көптеген блогерлерді, мысалы, Rick and Morty мультсериалын дыбыстаған Сыендукты, Adventure Time мультсериалының сценарийшісі канадалық Райан Нортты шақырып әкелдік. Бірақ, уақыт өте келе өзіміз де өстік, және ондайға деген қызығушылылық та басылды. Сөйтіп, біз музыкалық іс-шараларға көштік.

Біздің командамыз өзіміздің достарымыздан тұрады. Бұл жұмысты біз сүйсіне жасайтын хобби ретінде көреміз. Көбінесе, өзімізге ұнайтын әртістерді шақырамыз. Музыкалық бағыттар жағынан да өзімізді шектемейміз, себебі бір жанрға байланып қалған ұйымдастырушы атанғымыз келмейді. Balama фестивалі аясында біз андеграунд рэп, пост-панк, панк-рок, инди жанрларындағы орындаушыларды шақырамыз, ал SHU[LAMA] атты электронды ивенттерге танымал диджейлерді қатыстырамыз.

Алғашқы тәжірибе

Ең бірінші болып Қазақстанға «Перемотка» деген ресейлік танымал пост-панк топ келді. Содан кейін біз Super Besse және Motorama топтарын және Mujuice атты электронды музыкантты шақырдық. Біздің тәжірибе қоржынымызда көптеген әртістер жиналып қалды, сондықтан да, қазір біреуді шақырған кезде, әңгіме өте жеңіл өтеді. «Сәлем, келесің бе?» — «Сәлем, келемін!» дегендей.

Алғашқы ретте біреуді шақырған қорқынышты көрінді, себебі бізде әртістермен жұмыс істеу тәжірибесі болмаған еді. Бірақ барлығы жақсы өтті, тіпті, біз райдерден асып түстік. Қазақтың қонақжайлығы дегенге сай болып, біз райдерде болмаған заттарды жасауға тырыстық, мысалы, Медеуге және Көктөбеге экскурсияға апарып келдік. Бірінші ретте біршама қобалжыдық, ал ары қарай жұмыс істегенде кез келген сұранысты орындай аламыз деген оймен жүре бердік.

Әртістермен қарым-қатынас құру

Біздің музыкалық іс-шаралармен айналысып жүргенімізге екі жыл болып қалды. Бүгінге дейін біз 30-ға жуық іс-шара өткізіп, біршама шоукейс жинақтадық. Кейбір топтарға бір кездескеннен кейін Қазақстан бойынша тур ұйымдастырдық, Қырғызстанға апардық, жуырда Өзбекстанға да барамыз. Музыканттардың риза болып қалатыны жақсы екен: кейін олардың менеджерлері топқа тур ұйымдастыру немесе өздерінің басқа да әртістерін әкелу жөнінде қайта хабарласа бастайды. Біз менеджерлермен әрдайым тығыз байланыста жүреміз, олардың талаптарына көне саламыз, содан кейін олар өздері бізге жазады — бұл жағынан біз барлығымен оңай әңгімелесіміз.

Бизнесті басқару

Бизнес нысаны

Біз жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелгенбіз, салықтарды да, әлеуметтік аударымдарды да төлеп отырамыз. Сондай-ақ, біз демеушілермен жұмыс істейміз, ал брендтерге барлығы құжат түрінде жасалғаны керек. Менің өзіме барлығын дұрыс жасап, әрбір тиынды ресми түрде өткізген өте маңызды.

Команда

Біздің командамыз үлкен. Бес адам үнемі ивентте жұмыс істеп жүреді, 15–20 адам шараға дайындалу және оны өткізу жұмыстарымен айналысады. Кирилл атты дарынды дизайнерымыз бар, дыбыс режиссерлері де бар. Біз көзқарастарымызды қолдап, жұмыс бағытын түсінетін адамдармен жұмыс істегенді ұнатамыз. Ондай адамдарға түзетулер жасаудың немесе жұмыстарына түсінік беріп отырудың қажеті жоқ, олар жұмысты бірден керектей істеп береді.

Біз барлығымыз жұмыстан тыс уақытта дос болғанымызбен, бизнес туралы сөз қозғалғанда, достық қарым-қатынасты ұмыта қаламыз. Менің ойымша, ол әсіресе күйзеліс болғанда және жауапкершілік алып, қатты сөйлеу керек болғанда өте маңызды қабілет.

Фестиваль ұйымдастыру

Менеджерге хабарласу

Әртісті шақыру үшін біз оның менеджерімен әлеуметтік желідерде байланысамыз. Біз олармен көбінесе мессенджерлерде сөйлесеміз — сонда әңгіме тезірек жүреді. Егер әртістің келуіне екі жақ бірдей қызығушылық танытса, онда келісімге 30 минутта жетуге болады. Біз әртістің өзін ыңғайлы сезінуін ойластырып жүреміз де, оның Қазақстанда уақытын қызықты өткізгенін қалаймыз, сондықтан да, сахнадан түсіп, тезірек үйіне қайтқанның орнына, экскурсия өткізіп, тамақтандыруды ұсынамыз.

Райдерді оқу

Әртістің барлық талаптары техникалық райдерде жазылады, оны бөлек талқылауға болады. Райдерде белгілі бір жұлдыз саны көрсетілген қонақ үй, кейде оның орналасу жері белгіленеді — кейбіреулері қонақ үйдің шара өтетін локацияға жақын болғанын қалайды. Кейде әртіс вегетариан болуы мүмкін, онда оның тамағын сәйкесінше дайындау керек болады. Кейде райдерде ерекше талаптар кездеседі, мысалы, бір топ райдерінде динозавр салынған постерді сұрады. Біздің жұмысымызда түрлі жағдай болып қалады, райдердің барлық талаптарын бұлжытпай орындау міндет емес, сондықтан да, барлығын алдын-ала анықтаған жөн.

Жақында біз Детройттен әйгілі DJ Assault атты диджейді шақырдық, ол электронды жанрлардың бірінің негізін қалаушы. Оның райдерінде қонақ үйде бассейн және жаттығу залының болуы жазылған еді. Әртістердің талаптарын орындау қиын емес, бастысы — әртіс жақсы әсер алып, менеджерлер наразылық білдірмесе болды. Бірақ, бізде әлі ондай жағдай болған жоқ.

Демеушілерді табу

Басында біз барлығын ынталанып істедік, өзімізге ұнайтын әртістермен қол алысып, фотоға түсу үшін шақыруға дайын болдық. Егер топтың келуін жариялап, ақша жинасақ, жеткілікті болар деп ойладық, өз беттерімізбен брендтерге хабарласып, бізге демеуші болуларын сұрадық.

Қазір барлығы керісінше — олардың өздері бізбен жұмыс істегілері келеді, ал біз болсақ, өздеріміз бренд біздің іс-шараға үйлесетін болса ғана жазатын болдық.

Биылдан бастап біз барлықтарымен келісімшарт негізінде жұмыс істейміз. Былтыр демеушілерден қанша ақша түсетінін білмей жүрдік, себебі олар қолдау мөлшерін өзгертіп отырды, немесе мүлдем бас тартатын болды. Ал биыл біз әр шараның бюджетін жоспарлап, кімді шақыра алатынымызды алдын-ала есептеп отыратын болдық. Қазір Gorilla, Red Bull, Grant's Whisky, Heineken, Tiger Beer, JBL сияқты компаниялармен жұмыс істейміз. Әр ивентке бөлек демеуші белгіленеді, біз барлығымен жұмыс істеуге дайынбыз.

Біз демеушілерімізді фестивалде жариялап, оларға бренд-аймақ ұсынамыз. Алкоголь брендтері өздерінің барларын қояды. Кейбір брендтермен офлайнда және онлайнда бірігіп істейміз. Мысалы, жақында zakazbiletov.kz билет агенттігімен Үлкен Жазғы Фестивалге билет сатып алғандар арасында Тбилисиге жолдама ойнаттық, ал JBL дыбыс құралдарының өндірушісімен 200 000 теңге тұратын дыбыс бағанасын ұтысқа салдық.

Локация табу

Локацияны біз билет сату динамикасына байланысты қарастырамыз. Мың адамдық орынды алдын-ала іздеудің қажеті жоқ, себебі оған 300 адам ғана келуі мүмкін. Кейде менеджерлер локацияларды алдын-ала жіберуді сұрайды, біз оларға бірнеше нұсқасын жібереміз, бірақ шараның өту күніне қарай өткізу орны өзгеруі мүмкін екені туралы ескертеміз. Мысалы, Motorama тобы «Космос» павильонында өнер көрсетті — ол 200 шаршы метр алаң, онда 700 адам бірінің үстінде бірі тұрып өтті. Біз алаңның мүмкіндіктерін дұрыс есептемедік, бірақ өзгертуге кеш болып кетті, себебі барлығын жариялап, әртіспен келісіп қойған едік.

Билет құнын орнату

Орташа баға диапазоны — 6 000–10 000 теңге. Біздің аудиториямыз 18-ден 30 жасқа дейінгі жастар, біз олардың бір билет үшін 15 000–20 000 теңге төлеуге дайын еместігін түсінеміз, сол себептен, бізге демеушілердің қолдауы өте қажет. Біз билет құнын төмен етіп қойып, мұндай баға саясатынан таймауға тырысамыз, себебі аудиториямыз түсінбей қалады. Көрермендер тек жұмыстың нәтижесін ғана көреді, барлық шығындар туралы білмейді, ал шығынға ұшақ, қонақ үй, әртістің қаламақысы, локация, сахна монтажы және көптеген басқа заттар кіреді.

Бизнесті дамыту

Жарнамалау

Біз әлеуметтік желілер арқылы өсіп келеміз. Кейде әртістің Алматыға келетіні туралы өз парақшасында жазғаны жеткілікті — адамдар барлығы бір біріне сол хабарды жібере бастайды. Белгілі әртістер болса, пайдаланушылар өздері «Билетті қайдан алуға болады?» деп сұрай бастайды. Мысалы, «Буерак» тобына біз аса жарнама жасаған жоқпыз, адамдар өздері 2 000 репост жасады. Ал егер әртіс тек шағын аудиторияға ғана танымал болса, онда біз оған жарнама жүргіземіз, қалада постерлер іліп, топ туралы өзіміздің парақшаларымызда жазып отырамыз.

Біз SHU[LAMA] жобасының аясында танымал музыканттарды шақырып, анонс жасаймыз да, әртістердің тізімін жариялаймыз. Ал Balama-ға тыңдармандардың шағын буынына танымал топтар келеді, бұл жағдайда біз әртістер туралы айтып, ұтыс өткізіп жібереміз.

Біздің шараларымыздың барлығына жуығы «Қазақстанда алғаш рет» деген белгімен өтеді, ал ондағы әртістер болса, барлығы андеграунд сахнаның өкілдері. Сондықтан да, біз 100 адамдық аудиториясы барларды да, 500 адам жинайтындарды да қарсалуға дайынбыз, себебі біз елімізде андеграунд бағытын дамытқымыз келеді.

Бәсеке

Ұйымдастырушыларда бір ортақ ереже бар — ол бір бірімен егеспеу. Біз басқаларға қарамаймыз да, аудиториясын жұлып алмаймыз да, себебі біздің фестивалдердің бағыттары әр түрлі. Шаралардың барлығы бір күні өте алады, бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Өткізу күндерін ауыстырғанның орнына, өз жұмысыңды жақсы жасаған дұрыс, себебі әркімнің өз орны, өз тыңдармандары бар. Бізде 5 000-ға жуық жазылушы бар, және фестивалге оның 20–30% келсе де, жақсы болады.

Өтелімдік

Табысқа көптеген факторлар әсер етеді, оның ішінде әртістің қаламақысы да бар. Фестиваль хедлайнері неғұрлым атақты болса, оның талаптары соғұрлым зор болады. Бір әртістің шығындарын өтеу үшін 50 адам жинаған жеткілікті, ал басқа біреуіне демеушілердің қолдауын қоса кемінде 500–600 адам жинау керек болады.

Шығындар

Әуе билеттерінің құнын санамағанда, ең қымбат концерт бізде 8 500 долларға шықты. Ең арзаны 500 доллар болды. Қазір әртістер бізге өздері хабарласады, кейбіреулеріне билет құнын төлесек болды — тегін өнер көрсетуге дайын. Бірақ, біз әртістердің еңбектерін құрметтейміз, сондықтан да, әрқашан минималды қаламақы төлейміз.

Креатив

Біз шақыру билеттерін ерекше етіп жасауға тырысамыз. DJ Assault келгенде, шақыруларды кассета түрінде жасадық. «Щенки» рок-тобын әкелгенде, билет дизайнын иттерге арналған азықтың қорабы түрінде жасап, ішіне сүйек пішінді мармелад салдық. Summer of Haze диджейі келгенде, шақыру билеттерін SHU[LAMA] деген жазуы бар банданалар түрінде тіктік, себебі әртіс әрдайым бандана тағып, бетін жауып жүреді. Бір фестивалде Aviasales компаниясы демеуші болды, біз шақыру билеттерін әуе билеттері түрінде жасап, Фурманова көшесіндегі барларға апарып тастадық та, инстаграмға ол туралы хабарлама жаза салдық. Біз әрдайым креативті заттар жасап, жай ғана қағазға қарағанда ерекше бірдеңе ойлап табуға тырысамыз.

Balama Fest қағидалары

Біз түрлі форматтағы ивенттер өткіземіз, және бір жанрға, орынға немесе әртіске байланғымыз келмейді. Сондай-ақ, біз әртістерді сахнаға біреудің сұрауы бойынша немесе дос болғандықтан шығаруға мүлдем қарсымыз. Егер әртіс жаман болса, ол біздің форматқа үйлеспейді деп туралы тіке айтамыз.

Жақындағы уақытқа дейін біз бастаушы топтар үшін қол жетпес болдық, ал қазір оларды өзіміз сахнаға шақырып, барлық шығындарын өтеп береміз: ол дыбыс, бэклайн, фронтлайн, таргет жарнамасына кететін шығындар, тегін кіру мүмкіндігі. Бізге жаңа топтарды көбірек адам естігені маңызды.

Болашақ жоспарлар

Әзірше біз тек орыстілді топтарды шақырып жатырмыз, бірақ халықаралық деңгейге шығу керегін де біліп жүрміз. Ол үшін тағы кішкене өсіп, көбірек аудитория жинау керек, содан кейін ғана біреуді Европадан шақыруға болады. Үлкен Жазғы Фестивалге біз Томми Кэшті алып келеміз, ол Қазақстан үшін үлкен оқиға, аудитория оны жақсы қарсы алады деп үміттенеміз.

Бұл жұмыстың мен үшін ең рахаты — біреулерді көптен бері құлаққапта тыңдап жүріп, кейін өз отаныңа әкеліп, тірідей тыңдағанда ғана емес, олармен жеке сөйлесіп, өте қарапайым балалар екенін білгенде.

Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған кеңестер

Егер ивент ұйымдастырумен айналысқыңыз келсе, онда өзіңіз жақсы көретін заттарға емес, өзекті тақырыптарға негізделу керек, себебі сұраныстағының барлығы табыс әкеледі. Біз әлеуметтік желілерде жиі түрлі сауалнамалар өткізіп отырамыз, себебі аудиториямен түсіністік болғанын қалаймыз, олардың тапсырыстарына құлақ түріп те отырамыз. Кейде біз пайдаланушыларымызға музыканттардың келуі туралы тұспалдап хабарлаймыз. Егер сториске ән салып жібере салсақ, адамдар біз осы әртісті шақырмақшы екенімізді түсінеді.

Басты кеңес — өзіңізге ұнайтын кәсіппен айналысу, сонда ғана бизнес табыс әкеле бастайды. Жұмысқа деген ынта болмағанда, әрдайым «бірақ» және «істегім келмейді» деген әңгіме басталады. Өзіңіз өзіңізге түрлі бөгет жасайсыз да, соңында нәтиже қанағатсыз болады. Ал егер жұмысыңызға өзіңіз ұшып тұрсаңыз, онда ерте ме, кеш пе, ақша да келетін болады.