Бизнеске арналған үй-жайды қалай жалдауға болады

Келісімшарт жасап, оны ХҚКО-да тіркеу қажет

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Ирина Дубчак

Ирина Дубчак

редактор

Бизнеске арналған үй-жайды қалай жалдауға болады

Өз ісін бастау үшін кәсіпкерлерге кейде үй-жайды жалға алуға тура келеді. Үй-жайды жалға алу — ол мүлікті ақылы түрде уақытша пайдалану. Төлем сомасы, төлеу мерзімі және төлеу тәртібі тараптар — жалға беруші мен жалға алушының арасында келісіледі және келісімшартта белгіленеді.

Үй-жайды таңдағанда нені ескеру керек

  1. Таңдалған орын бизнеске жарайтынын қарау керек. Кейбір кәсіптің қызмет түрлерінде өз талаптары бар. Мысалы:
    • тұрғын үйде тамақтандыру мекемесін ашу үшін бөлек ауа сорғыш қажет. Ол үйдің сыртында өтіп, шатыр деңгейінен кемінде бір метр жоғары болуы керек;
    • азық-түлік дүкені үшін тұрғын үйге жатпайтын үй-жай қажет. Тағы бірқатар талаптардың ішінде тауарларды сақтауға арналған қойма, қол жууға арналған дәретхана, қосымша санитарлық торап бөлмесі, әртүрлі тауарларды бөлшектеп өлшеу бөлмесі болуы керек;
    • қойма үшін электр қуаты, жасанды жарықтандыру немесе терезелердің болуы, ауаны желдету маңызды;
    • жерлеу бюросы үшін үй-жай тұрғын және қоғамдық ғимараттардан кемінде 50 метр қашықтықта орналасуы керек.
  2. Орналасқан жердің ыңғайлылығын бағалау керек. Рұқсатнамалық тәртіптеме орнатылған ғимарат маникюр салонының клиенттеріне ыңғайсыз болады, бірақ офис үшін қолайлы. Сондай-ақ инфрақұрылымды да есепке алу керек — қоғамдық көлік жүре ме, автокөлікті қоятын жер бар ма.
  3. Үй-жайдың рұқсат етілген жұмыс уақытын анықтау жөн. Егер бизнес түн, демалыс немесе мереке күндерінде жұмыс істеуді талап етсе, бұл шарттар жалдау шартында бар екенін тексеру керек.
  4. Жалға берушінің мүлікті жалға беру құқығын тексеру қажет. Ұйым немесе жеке тұлға үй-жайдың заңды иесі болуы керек. Егер келіссөздерді заңды өкіл жүргізсе, онда оның жарамды сенімхаты болуы керек.
  5. Меншікке немесе жалға берушіге қатысты қарыздарды немесе сот процестерді тексеруге болады. Тыйымдарды тексеру үшін ҚР Әділет министрлігінің порталын пайдалануға болады.

Егер үй-жай барлық шарттарға жарамды болса, онда жалдау шартын жасауға болады.

Жалдау шартына нені жазу керек

Дұрыс жасалған жалдау шарты жалға алушыны қорғауға көмектеседі. Оны жасау үшін талқылағанның барлығын жазып алып, нақты тұжырымдарды қолдану керек.

Жалдау шарты

Үй-жайдың қандай мақсатта жалға берілетінін, яғни ол офис болады ма, әлде қызмет көрсететін орын болады ма екенін алдын ала талқылау керек. Үй-жайды бизнес қажеттіліктеріне өзгертуге бола ма, меншік иесі шығындардың жартысын өзіне ала ма, әлде жөндеу кезеңінде жалға ақысын тоқтатуға дайын ба екенін біліп алу керек.

Жалдау ақысы

Жалдау ақысын келісімшартта нақты белгілеу керек. Ол бүкіл ауданды немесе шаршы метрды есептей отыра, теңгеде немесе шетел валютасында болуы мүмкін. Сондай-ақ төлем тәртібін жазыңыз — ай сайын, тоқсанына бір рет, жылына бір рет төлене ма және қандай жолмен — қолма-қол ақша немесе банк шотына аударым бола ма.

Төлемді көтеру шарттарын бөлек жазу керек. Мысалы, жалға беруші жалдау ақысын жылына бір рет 10%-дан аспайтын мөлшерде көтере алады. Нақты цифраны жазбаса, заң бойынша жалға беруші жалдаушының келісімінсіз жылына бір рет жалдау ақысын біржақты тәртіппен көтеруге құқылы.

Жалдау шартын өзгерту үшін қосымша келісімдер жасалады.

Жалдау мерзімі және оның аяқталуы

Жалдау шарттың әрекет ету мерзімін анықтау қажет — бір жыл, үш жыл, бес жыл бола ма. Мерзімі өтіп кеткеннен кейін ұзартылатынын, қайта қаралатынын немесе аяқталатынын жазыңыз. Өзара келісім бойынша болсын, біржақты тәртіпте болсын келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуды қарастырыңыз. Жай ғана кетіп қалып, жалдау ақысын төлемей қойып болмайды, бұл құқық келісімшартта жазылуы керек.

Тараптардың шарттық қарым-қатынасы қалай аяқталатыны құжаттарда жазылуы керек. Жалға берушімен келісімге келе алмаса, келісімшартты бұзу үшін сотқа жүгінуге тура келеді.

Заң бойынша, егер жалға алушы төлемді екі айдан астам кешіктірсе, жалға беруші келісімшартты бұза алады. Бұл жағдайда да жалға алушы айыппұл төлеуі керек.

Заң бойынша бір жылдан астам мерзімге жалға алу шарты ХҚКО-да тіркелуді талап етеді. Жалға алушы үшін бұл тиімді, өйткені егер мүлік сатылса, жаңа иесі оны шығара алмайды.

Техникалық қызмет көрсету шығындары

Коммуналдық қызметтерді, үй-жайды күтіп ұстауды және күрделі жөндеуді кім төлейтінін анықтау жөн. Бұл шығындар көбінесе жалға алушының жауапкершілігі болып табылады, бірақ кейін сұрақтарды тудырмау үшін оны келісімшартта нақтылау қажет.

Әдетте, күрделі жөндеуді меншік иесі жүргізеді, ағымдағы жөндеу жалға алушының міндетті болып саналады.

Қосымша шарттар

Жалға алу үшін маңызды деп санайтын кез келген басқа шарттарды қосып қою керек. Мысалы, үй-жайдың жай-күйін бағалау үшін жалға беруші тексеру құқығын жазуы мүмкін.

Жалға алынған үй-жайдың бөлігін басқа адамдарға жалға беру үшін жалдаушы сондай құқығын белгілей алады. Бұл құқықтың тәртібін де белгілеу қажет — жазбаша рұқсат керек пе немесе кейін ауызша айта салуға бола ма.

Келісімшартқа қол қоймас бұрын заңгермен кеңескен жөн.

Өрт инспекторларының алдында кім жауапты

Өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарды бұзғаны үшін үй-жайдың иесі де, жалға алушы да жазалануы мүмкін.

Жалға беруші жалпы өртке қарсы шараларға жауап береді. Мысалы, эвакуация жолдары мен шығулардың ені, өртке қарсы кіреберістері. Ал жалға алушы өрт қауіпсіздігінің бастапқы шараларына (өрт сөндіргішті құру, эвакуация жоспарын қою, жергілікті дабыл және шығу белгілерін орнату) немесе оның жұмысынан туындаған бұзушылықтарға жауапты.

Өрт сөндіру құралдарын жөндеу және жабдықтау бойынша тараптардың міндеттерін де жалдау шартында көрсетілгені жөн.


Үй-жайды жалға алу жүйелі көзқарасты талап етеді. Барлық мәліметтерді ескеру маңызды: бизнес мақсаттары мен оған қойылатын талаптары бір-біріне сәйкес келе ма, үй-жайдың орналасқан жері, ауданы мен форматы дұрыс па, сондай-ақ келісімнің барлық тармақтарына назар аударылды ма. Осылайша, кәсіпкер болашақта ықтимал мәселеден өзінді құтқарады.