Бизнесті кім тексере алады
Тексерістің қандай түрлері бар және оған қалай дайындалуға болады
Мақаланың мазмұны
2024 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда жоспарлы тексерулер мен профилактикалық бақылауға мораторий жарияланған. Бірақ оған жоспардан тыс тексерулер кірмейді — олар шағым жасалғанда өткізілуі мүмкін.
Кәсіпкерлерді тексеруге кімнің құқығы бар
Мемлекеттік органдар бизнестің заң талаптарына сәйкестігін бағалау үшін тексерулер жүргізеді:
- ҚР Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк кiрiстер комитетi — салық заңдарын сақтау, оның ішінде есептер, төлемдер және ұстап қалу;
- Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет — гигиена және қауіпсіздік нормаларын сақтау;
- Өртке қарсы қызмет — өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау;
- ҚР еңбек инспекциясы — еңбек заңнамасын, оның ішінде еңбек шарттарын, еңбек жағдайларын және жұмысшылардың құқықтарын сақтау;
- Кеден органы — кеден ережелерін сақтау, тиісті құжаттама және тауарларды нақты бағалау;
- Басқа мемлекеттік ведомстволар — жұмыс профиліне байланысты.
Қоғамдық бірлестіктердің тексеру жүргізуге құқығы жоғын білу маңызды.
Тексерудің қандай түрлері бар
Кез келген тексеру барысында мемлекеттік орган субъектіге өзі барып, қажетті ақпаратты сұрай алады немесе оны өзіне шақыра алады. Барлық тексерулер жұмыс уақытында жүргізіледі.
Егер бизнес соңғы үш жылда ашылған болса, оны тексеруге тыйым салынады.
Ерекше тәртіп бойынша тексеру
Бұл алдын ала белгіленген кесте бойынша жылына екі рет — 25 желтоқсан мен 25 мамырға дейін өтетін жоспарлы тексеру. Белгілі бір жағдайларды қоспағанда, тексерулер кестесі өзгермейді, соның ішінде:
- егер компания қайта тіркеуден өткен болса;
- егер меншік нысаны өзгерсе;
- егер БСН өзгертілмей қайта ұйымдастыру болса.
Тексеру туралы хабарлама бір ай бұрын келеді, ал оның мерзімділігі — тәуекел дәрежесіне байланысты.
Тәуекел дәрежесі әр салада жеке анықталады. Мысалы, СЭС қызметкерлері үшін мектеп асханасының қауіптілігі жоғары болып табылады, ал киім бутигінің қауіптілігі төмен; өртке қарсы қызмет үшін кинотеатр мен мектеп қауіптілігі жоғары орындар болып табылады, ал көшедегі дүңгіршек — қауіпі төмен. Адал кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында өткен тексерулердің нәтижелері, жазатайым оқиғалардың (улану, өрт, жарақаттану, апат) болған-болмағаны, расталған арыз-шағымдар мен өтініштер, салық берешегі де есепке алынады.
Ішінара тексеру
Нақты объектер алдын ала бекітілген кесте бойынша тексеріледі. Мұндай тексеру жылына бір реттен жиі емес болуы мүмкін, ол туралы хабарлама да бір ай бұрын келеді.
Жоспардан тыс тексеру
Жоспардан тыс тексеру нақты жағдайларға байланысты — мысалы, басқа адамдар компанияға шағымданғанда немесе жазатайым оқиға орын алғанда.
Анонимді хабарламалар бойынша тексеру өткізілмейді.
Тексеру басталардан бұрын кәсіпкерлер 24 сағат бұрын хабардар болуы керек. Пестицидтерді, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау және сатумен айналысатын компанияларға ескерту жасалмайды.
Профилактикалық бақылау
Қадағалау органы профилактикалық сапармен келуі мүмкін. Бұл жоспарлы тексеруге ұқсайды, бірақ айыппұлдар мен жазалар берілмейді. Инспектор жай ғана керек нәрселерді қарап, ұсыныстар береді. Осы жағдайда да бақылау туралы бір ай бұрын ескертіледі.
Профилактикалық бақылау шағын және орта бизнес субъектілері үшін 15 күннен, микрокәсіпкерлер үшін 5 күннен аспайды.
2024 жылғы жоспарлы тексерулер кестесіне енгізілген кәсіпкерлер үшін бір лайфхак бар — профилактикалық бақылауды өзіңіз шақырып, бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар алуға болады.
Аталған мораторийге қарамастан, өзіңізге қатысты тексеру бастауға рұқсат етіледі. Мұндай бастаманы анық заң бұзушылықтар болмаса және кәсіпкер оны алдын ала білгісі келсе ғана қолдануға болады. Бірақ бір нәрсені есте ұстаған жөн: егер бұзушылықтар анықталса, онда кәсіпорынды келесі жылдың ішінара және жоспарлы тексерулер кестесіне қосуы мүмкін.
Тексеру қалай өткізіледі
Тексеру алдында тексеруші осы құжаттарды көрсету міндетті:
- тексеруді тағайындау туралы актісі және онда ауданыңыздың немесе қалаңыздың Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармасында тіркелгені туралы мөрі болуы тиіс;
- қызметтік куәлік;
- тексерілетін талаптар тізімі бар тексеру парағы.
Егер тексеру актiсiнде тексерушінің аты-жөні болмаса, онда оның тексеру жүргiзуге құқығы жоқ.
Тексеру 30 күннен аспайды. Егер тексеретін мәліметтердің көлемі көп болса, онда мерзімді тек тексерудің басшысы немесе оның орнындағы адам бір рет қана ұзарта алады, бірақ 30 күннен аспауы керек. Ережеден тыс жайт — салық тексеруі, ол ұзағырақ мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Инспектор акт жасап, бұзушылықтарды немесе олардың жоқтығын анықтайды. Акт екі данада жасалады, оның біреуі кәсіпкерге беріледі.
Бұзушылықтар анықталса, инспекторлар ұйғарым дайындайды — ол бұзушылықтарды жою мерзімдері жазылған құжат. Талапты орындамаған жағдайда айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері — 100 АЕК (369 200 теңге), орта — 200 АЕК (738 400 теңге).
Егер инспекторлар әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаса, хаттама жасап, қаулы шығарады. Егер кәсіпкер келіспесе, онда әкімшілік жаза қолдану туралы шешімге сотқа шағымдана алады.
Егер кәсіпкер тексеруші органдардың әрекетімен келіспесе, ол шағым бере алады — бұл үшін ЭЦҚ арқылы жүйеге кіру керек. Қарастыру мерзімі — 15 күн.
Тексеру заңдылығын қалай анықтауға болады
Оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі порталында тексере аласыз. Ол үшін:
- Тексеруді тағайындау туралы акт нөмерін енгізу;
- Толық ақпаратты қарау — тақырып, мерзімдер және т.б.;
- Бұзушылық анықталған жағдайда 115 телефоны бойынша мобильді топқа хабарласу.
Мобильді топ шағымды қарастырады. Егер тексеру негізсіз болса, онда ол жойылады, ал тексерушілер жауапқа тартылады.
Кәсіпкердің тексеру кезіндегі құқықтары
Тексеру жарамсыз деп танылатын бірқатар өрескел бұзушылықтар бар. Мысалы, егер тексеруші жоспардан тыс тексеруді себепсіз жүргізсе немесе оның тексеру туралы актісі болмаса. Бұл жағдайда жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдануға болады.
Кәсіпкер тағы не істей алады?
- тексеру барысында болу;
- тексерушілерге кедергі жасамай тексеруді диктофонға немесе камераға жазу;
- өз мүдделерін мен құқықтарын білдіру үшін үшінші тұлғаларды тарту.
Тексеруден қорқудың қажеті жоқ, ең бастысы — тәртіпті сақтау. Мемлекеттік органдардың тексерулері компания жұмысындағы ықтимал мәселерді анықтайды және бизнестің тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.