Бизнестің құнын бағалау жолдары
Түрлі әдістермен бағалап, формула арқылы есептейміз
Рустем Баймаханов
Jusan Дүкенінің қаржы және операциялық директоры
Мақаланың мазмұны
Әлішердің қаланың ортасында орналасқан шағын кофеханасы бар. Ол өз ісін сатқысы келеді. Бизнестің құнын анықтауға арнайы сарапшыларды — бағалаушыларды жұмылдыруға болады. Алайда, Әлішерге кофеханасының құнын жуықтап бағалағаны жеткілікті. Сол себепті ол барлығын өзі есептеп, кәсіпқойлардың қызметіне ақша шығармайды.
Бизнестің құнын бағалаудың бірнеше тәсілі бар: шығындарға негізделген, салыстырмалы мен кіріс тәсілдері. Бұл тәсілдерді жеке де, бірге қосып та қолдануға болады. Тәсілдердің әрқайсысын талдап, бизнесіңіздің құнын есептеуге көмектесеміз.
Шығындарға негізделген тәсіл
Шығындарға негізделген тәсіл компаниядағы актив пен пассивтің айырмасын анықтайды.
Әлішер кофеханасын ашқан кезде кофе жасауға қажет жабдықтарды сатып алуға тура келді. Сол үшін Әлішер ақшаны несиеге алды — бұл пассив. Жабдықтар — актив.
Активтерге компанияның жылжымайтын мүлкі, көлік, шоттардағы ақша, патенттер, лицензиялар, тауар белгісі жатады. Пассивтерге компанияның қарыздары мен берешектері жатады.
Шығындарға негізделген тәсілде
Бизнестің құны = Активтер – Пассивтер
Бизнестің шығындарға негізделген тәсілі арқылы есептелген құны өзіндік капиталдың мөлшеріне тең, яғни акционерлік капитал (меншік иесінің салымы) мен жинақталған өзіндік табыс (немесе залал). Бизнестің құны өзіндік салым мен компанияның шығындалмаған табысына тең болады.
Әлішер бизнесінің таза активтерінің құны 500 млн теңге екенін бухгалтерден анықтап алды. Қарыздары 280 млн теңге. Демек, Әлішердің бизнесінің құны 220 млн теңгені құрайды.
Салыстырмалы тәсіл
Әлішер «кофехананы сатып алу» тақырыбына ғаламторда ақпарат іздейді. Бизнес сату туралы хабарландырулары бар сайтқа кіріп, іздеуді бейімдейді: қаласы, бөлменің ауданы, орналасқан жері мен басқа да белгілері. Әлішер өз кофеханасына ұқсас компанияларды тауып, бизнесін солардың құнына жақын бағамен сатуға бел буады.
Әлішер бизнесін салыстырмалы тәсіл арқылы бағалады.
Алайда Әлішердің кофеханасына толықтай ұқсас кофеханалардың саны аз: біреуінің орын саны тура келсе, қаланың шет жағында орналасуы мүмкін, басқасы қаланың ортасында болса, бөлмесінің ауданы үш есе кем болуы мүмкін. Олардың бағасына сүйену қиын.
Мысалы, Әлішер бес кофехана тапты делік — бұл ұқсас компаниялар қаланың ортасында орналасқан. Кофеханалардың орын саны жалпы көрсеткіші болып табылады. Әлішер әр компанияның құнын жалпы көрсеткішке бөледі. Есептің нәтижесі мультипликатор деп аталады. Мультипликаторды өз кофеханасының орын санына көбейтіп, орташа мәнін есептейді — осылайша Әлішер бизнесінің құнын есептейді. Бұл да салыстырмалы тәсілге жатады.
Мультипликатор = Кофехананың құны ÷ Орын саны
1: 590 000 000 ₸ ÷ 23 = 25 652 174 ₸
2: 380 000 000 ₸ ÷ 15 = 25 333 333 ₸
3: 250 000 000 ₸ ÷ 10 = 25 000 000 ₸
4: 870 000 000 ₸ ÷ 34 = 25 588 235 ₸
5: 540 000 000 ₸ ÷ 20 = 27 000 000 ₸
Әлішердің кофеханасында 12 орын бар.
1: 25 652 174 ₸ × 12 = 307 826 088 ₸
2: 25 333 333 ₸ × 12 = 303 999 996 ₸
3: 25 000 000 ₸ × 12 = 300 000 000 ₸
4: 25 588 235 ₸ × 12 = 307 058 820 ₸
5: 27 000 000 ₸ × 12 = 324 000 000 ₸
Содан кейін орташа мәні есептеленеді:
(307 826 088 + 303 999 996 + 300 000 000 + 307 058 820 + 324 000 000) ÷ 5 = 308 576 982 ₸
Салыстырмалы тәсілмен есептеген кезде Әлішердің кофеханасының құны 308 576 981 теңге боп шықты. Компанияның құны 300 мен 324 млн теңгенің ауқымында деуге болады. Бұл ауқымға бизнестің құнын кіріс тәсілі арқылы есептегенде сүйенуге болады — осы ауқымға кірсеңіз, бизнесіңіздің өсімін дұрыс есептедіңіз.
Бизнесті сату туралы хабарландырулар мен ақпаратты Olx Kazakhstan, SDELKA, Satu сияқты және т.б. платформаларда табуға болады.
Бизнестің құнын салыстырмалы тәсіл арқылы бағалағанда мультипликаторды табыс немесе таза пайда арқылы есептейді. Мысалы, «Кофехананың құны ÷ түсім» мультипликаторы 2-ге тең. Компанияңыздың түсімін 2-ге көбейткенде бизнестің құны шығады.
Кіріс тәсілі
Әлішер кофеханасын үш жыл бұрын ашқан. Ол табыс статистикасын жүргізеді: бизнесінің пайдасы жылына 7%-ға өседі. Әлішер кофеханасының құнын кіріс тәсілі арқылы бағалай алады.
Кіріс тәсілі бірнеше кезеңнен тұрады: болжалды ақша ағынын, дисконттау мөлшерлемесін және терминалдық құнын есептеу. Әр кезең жеке жан-жақты талдау мен көп еңбек талап етеді.
Болжамды ақша ағыны
Ақша ағыны компания белгілі кезеңде табатын ақша мен жұмсайтын ақшасының айырмасын білдіреді. Әдетте, 2 жылдан 5 жылға дейінгі кезеңді қарастырады.
Таза ақша ағыны = Табыс – Шығыс + Өтелім – Күрделі қаржы шығыны + Айналым капиталындағы өзгерістер
Терминалдық құны
Бұл бизнестің құнын болжамды кезеңнің соңына қарай бағалау. Терминалдық құнды бизнестің құнын салыстырмалы тәсіл арқылы бағалаған сияқты есептеуге болады. Компанияңыздың соңғы болжамды жылдың түсімін «Ұқсас компанияның құны ÷ түсім» мультипликаторға көбейтесіз.
Терминал құны = Компанияңыздың түсімі × (Ұқсас компанияның құны ÷ Ұқсас компанияның түсімі)
Дисконттау мөлшерлемесі
Болжамды ақша ағыны мен терминалдық құны бизнестің келешектегі құнын анықтайды. Әлішер кофеханасын дәл қазір сатқысы келеді. Бизнестің қазіргі уақыттағы құнын болашақ болжамдардың негізінде анықтау үшін дисконттау мөлшерлемесін қолданады.
Мысалы, дисконттау мөлшерлемесі 15%.
Осы коэффициент, болжамды ақша ағыны мен терминалдық құны арқылы Әлішер кофеханасының құнын кіріс тәсілімен 490 427 064 теңгеге бағалады.
Үш тәсілдің қорытындыларын біріктіру
Әлішердің кофеханасының табысы тұрақты өскен, қымбат активтері бар және өз қаласындағы ұқсас кофеханалардың құнын салыстыра алады. Бизнесінің құнын есептеу үшін барлық үш тәсілді қоладанып, қорытындыларын біріктіруге болады.
Меншікті салмақ әр тәсілге деген сенім дәрежесін білдіреді. Бизнесіңіздің артықшылықтары мен кемшіліктеріне қарай жеке анықталады. Барлық тәсілдердің меншікті салмақтарының жиынтығы 1-ге тең болуы қажет.
Шығындарға негізделген тәсіл кофехананың активтерін ғана есепке алып, табыстың тұрақты өсімін есепке алмайды. Сондықтан шығындарға негізделген тәсілдің меншікті салмағы 0,2 деп санауға болады.
Кіріс тәсілі Әлішердің бизнесінің тұрақты табыс өсімін есепке алады, бірақ бұл тәсілдің негізі болжауға сүйенген. Есептеулердің қорытындысы үш жылдан кейін болатын жағдайдан бөлек болуы әбден мұмкін. Кіріс тәсілінің меншікті салмағы 0,15 болады.
Кофехананың салыстырмалы тәсілі арқылы бағаланған құны ұқсас компаниялардың нақты құнына негізделген. Сатып алушы да бизнесті хабарландырулардағы бағаға қарап салыстырады. Салыстырмалы тәсілдің меншікті салмағы 0,65 болады.
Кофехананың келісілген құнын есептеу үшін әр тәсілдің есептеу нәтижесін оның меншікті салмағына көбейтіп, бәрін қосу керек:
Бизнестің келісілген құны = Шығындарға негізделген тәсілмен есептелген құны × 0,2 + Кіріс тәсілімен есептелген құны × 0,15 + Салыстырмалы тәсілмен есептелген құны × 0,65
220 000 000 ₸ × 0,2 + 490 427 064 ₸ × 0,15 + 308 576 982 ₸ × 0,65
44 000 000 ₸ + 73 564 060 ₸ + 200 575 038 ₸ = 318 139 098 ₸
Әлішердің кофеханасының шамамен алғанда құны — 318,1 млн теңге. Бұл баға шығындарға негіздлеген тәсіл арқылы есептелген бағадан жоғары. Себебі Әлішердің бизнесінің тұрақты табыс өсімі есепке алынды. Кофехананың келісілген құны салыстырмалы тәсілмен есептелген ауқымға кіреді. Бұл бағамен Әлішердің бизнесі басқа ұқсас компаниялардың арасында бәсекеге қабілетті болады.
Сонымен, бизнестің құнын бағалау тәсілдерінің үш түрі бар: шығындарға негізделген, салыстырмалы және кіріс тәсілі.
Қымбат мүлкі көп компаниялар шығындарға негізделген тәсілді қолданады. Егер компанияның қызметкерлері өздерінің жабдықтарын қолданып жұмыс істесе, бизнестің шығындарға негізделген тәсілі арқылы бағаланған құны аз болады: компанияның табысы жоғары, бірақ активтері көп емес. Бизнестің іс жүзіндегі құны жоғары болады.
Егер компанияңыз басқа өндірушіде жоқ бірегей өнім шығарса, ұқсас компанияны тауып, олардың құнымен салыстыра алмайсыз. Бұл жағдайда салыстырмалы тәсіл жарамайды.
Кіріс тәсілінің негізі компанияның болжамды табысына сүйенеді. Егер компанияның табысы тұрақты өссе, оның құнын кіріс тәсілі арқылы бағалайды.
Үш тәсілдің барлығы қолайлы болса, келісілген құнды есептейді. Салыстырмалы және кіріс тәсілдерінің комбинациясы жиі қолданылады. Шығындарға негізделген тәсілде компанияның болжамды табысы мен өсімнің әлеуеті есепке алынбағандықтан сирек қолданылады.
Сізге ыңғайлы болсын деп әртүрлі тәсілдерді қолданып, бизнесіңіздің құнын есептеуге болатын арнайы файл дайындадық: сілтеме арқылы өтіп, көшірмесін жасап, қолданыңыз.