Бизнес туралы мақалалар

Қоғамдық тамақтандыру мекемесін ашу бойынша толық нұсқаулар

Тамақ дайындау және сату бизнесін ұйымдастыру

Қоғамдық тамақтандыру мекемесін ашу бойынша толық нұсқаулар
Газиз Надуев

Газиз Надуев

санитарлық-эпидемиологиялық нормалар бойынша сарапшы

Мақаланың мазмұны

Қоғамдық тамақтандыру — бұл өз бизнесіңізді ашудың және ақша табудың бір жолы. Бизнесті ауқымына байланысты үйде немесе бөлек ыстық және суық цехтары, наубайханасы және жеткізу қызметі бар, ірі дара кәсіпорын ретінде ұйымдастыруға болады. Бұндай бизнесті қалай тіркеуге болатындығын, салық режимін таңдау және қандай құжаттар дайындау керектігін осы мақалада айтып береміз.

Меншік нысанын таңдау

Қоғамдық тамақтандыру саласында шағын бизнес жүргізу үшін оңайлатылған немесе жалпыға бірдей белгіленген режим негізінде ЖК ашу ыңғайлы. Режим таңдауы бизнестен күтілетін кіріс мөлшеріне және қызметкерлердің санына байланысты, режимдер бір-бірінен салықтардың мөлшері мен есеп беру жиілігімен ерекшеленеді. Патентпен жұмыс істейтін ЖК тамақтандыру саласына жарамайды, өйткені осы режимде кәсіпкер сауда жасай алмайды.

Салық режимін таңдау және ЖК ашу туралы барлық қажет ақпарат туралы мына сілтемеге өтіп оқыңыздар:

ЖК ашу

Егер сіз серіктесіңізбен бизнес жүргізуді жоспарласаңыз, онда ЖШС ашқан дұрыс, бұны қалай жасау керектігін мына сілтемеден оқуға болады.

ЖК-ның қызмет түрін таңдау

Кәсіпкер бизнесті тіркеу кезінде айналысатын қызмет түрін білу қажет. Дұрыс ЭҚЖЖ оңай таңдау үшін біздің телеграм арнамыздағы ботты пайдаланыңыз.

Асханалар, кафелер мен мейрамханалар үшін 5610 «Мейрамханалардың қызметі және тамақ жеткізу қызметтерін көрсету» кодын таңдай аласыз. Бұл түрге мекеме ішінде тамақ дайындау және қызмет көрсету, тамақты өзімен әкету және үйге жеткізу, соның ішінде тамақты жүк көлігі ішінде дайындау, сауда шатырлары және базардағы дүңгіршектер бизнесі кіреді.

Дайын тамақты жеткізушімен келісім негізінде сататындарға 5621 «Тапсырыс бойынша дайын тағамды жеткізу» кодын таңдауға болады.

Ет жартылай фабрикаттарын өндіретін кәсіпорындарға 1013 «Ет пен құс етінен өнімдер шығару» коды жарайды.

Қазақстандағы барлық ЭҚЖЖ кодтарын мына сілтемеден көруге болады.

ЖК тіркеу және жалдайтын орын табу

ЖК-ны egov.kz немесе Jusan Bussines мобильді қолданбасы арқылы онлайн ашуға болады, екінші нұсқа таңдаған кезде банк сіз үшін құжаттарды тіркеп, оларды сіздің поштаңызға жібереді.

Содан кейін жалдайтын орын тауып, алдағы тексерулерге қажет болатын жалдау келісімшартын жасау керек. Жалдайтын орын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен өрт қауіпсіздігіне дейін техникалық сипаттамалары бойынша болашақ бизнеске жарамды болуы керек. Мысалы, сол жерде коммуникациялар өткізілуі тиіс (электр, су, кәріз жүйесі, жылу), бөлме ішінде қол жуғыштар, цехтардың қажет саны, желдету жүйесі, тиісті әрлеу, белгілі бір биіктіктегі төбелер болуы керек.

Техникалық сипаттамасына сәйкес қолайлы орынды табу қиын болуы мүмкін, сондықтан кәсіпкерлер табылған орынды қайта жоспарлауды, мысалы, дүкеннен асхана жасауы мүмкін. Егер жалдайтын орын тұрғын үйде орналасқан болса, онда алдымен тұрғындардың келісімін алу керек. Содан кейін қайта құру жобасын дайындап, оны сәулет және қала құрылысы бөлімінде бекітіп, жаңа техникалық паспорт алу керек.

Әрі қарай осы орынға қоғамдық тамақтандыру нысанын орналастыру үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен рұқсат алу қажет. Бұл туралы төменде толығырақ жаздық.

Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу

Бизнес заңды түрде тіркелгеннен кейін, жалдайтын орын табылғаннан кейін, кәсіпкер санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды (СЭҚ) алуы керек. Онсыз бизнес бастау мүмкін емес.

СЭҚ эпидемиялық маңызы жоғары нысан ашатындарға қажет. Бұған ұйымдасқан ұжымдардағы тамақтандыруды (мектепке дейінгі білім беру, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, вахталық ауылдары, құрылыс алаңдары, өндіріс нысандары), наубайханалар, кондитерлік дүкендер, тамақ өнімдерінің 13 түрі, сондай-ақ 50-ден астам орындығы бар кез келген тамақтандыру мекемелері (кафелер, мейрамханалар, асханалар), тамақ өнімдерін көтерме сақтау және сату нысандары кіреді.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері жалға алған орынның сумен жабдықтау, су бұру, желдету, жарықтандыру, ылғалдылық, температура, өлшемдер мен бөлмелердің саны бойынша талаптарға сәйкестігін тексереді. Егер бөлмелер тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасса, онда шу мен қажет болған жағдайда дірілді зерттейді. Сондай-ақ ЖК немесе ЖШС-да қоқысты шығаруға, профилактикалық дезинфекция, дератизация және дезинсекция жүргізуге жасалған келісімшарт болуы тиіс. Егер кәсіпкер қоқыс шығарудың орталықтандырылған жүйесінің қызметтерін пайдалануды жоспарласа, онда келісімшарт әкімдік бекітілген компаниялармен жасалады, ал қаламаған жағдайда — келісімшарт қатты тұрмыстық қалдық шығаруға рұқсаты бар компаниялармен жасалады.

Эпидемиялық мәні болмашы нысандарға ұннан жасалатын жартылай фабрикаттар, кремсіз кондитерлік өнімдер, таңғы ас жармаларын өндіру, дайын тамақ өнімдерін қаптау, 50-ден аз орындығы бар тамақтандыру мекемелері сияқты нысандар кіреді, оларға СЭҚ керек емес. Бірақ бұл мекемелер жұмысты өз қалауы бойынша ұйымдастыра алатынын білдірмейді — кез келген жағдайда әр нысан қоғамдық тамақтандыру нысандарына қойылатын санитарлық талаптарға сай болуы керек, сондай-ақ кәсіпкерлер СЭҚ органдарына egov.kz арқылы эпидемиялық мәні болмашы нысан қызметінің басталғаны туралы хабарлауға міндетті.

СЭҚ-ты қайда және қалай алуға болады

Орынның эпидемиялық мәні жоғары нысандарға сәйкестігі туралы қорытындыны санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері береді. Оны egov.kz немесе www.elicense.kz электронды лицензиялау порталы арқылы онлайн алуға болады.

  1. Өтінішті толтыру барысында кәсіпкер аккредиттелген зертханалар жүргізген зерттеулер хаттамаларының көшірмесін қоса беруі тиіс.
  2. Егер құжаттар дұрыс болса, онда органның өкілі төрт күн ішінде нысанды өзі жеке тексеріп, қорытындысы бойынша акт жасайды.
  3. Акт негізінде нысанға екі күн ішінде қорытынды беріледі. Өтінім нәтижесі egov.kz «Жеке кабинетінде» қолжетімді болады.

Нысанның маңыздылығына — жоғары немесе болмашы болғанына қарамастан, кәсіпкер өз жұмысының басталғаны туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына хабарлауға міндетті. Мұны онлайн жасауға болады. Бұл үшін қосымша құжаттар қажет емес. Ал егер жұмыс ескертусіз басталған жағдайда кәсіпкерге айыппұл салынады.

Аспаздық өндіріс нысандарына қойылатын талаптарға сәйкестігі жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер кезінде анықталады. Сондай-ақ өндірістің технологиялық ағыны, сақтаудың температуралық режимдері, тағамды дайындау, тасымалдау және өткізу шарттары, сәйкестік сертификаттары мен декларацияларының болуы, қызметкерлердің жеке медициналық (санитарлық) кітапшалары және т. б. тексеріледі.

Пайдаланылатын шикізат пен дайындалған өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін анықтау үшін зертханалық зерттеулер жүргізіледі.

Өрт инспекциясының тексерулерінен өту

Қоғамдық тамақтандыру бизнесіне жұмысты бастау үшін мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарынан рұқсат алудың қажеті жоқ, бірақ объекттің өзі өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сай болуы керек. Мысалы, 50 қонаққа дейін қабылдайтын мекемелер дыбыстық дабылды орната алады, ал егер келушілер одан көп болса, бөлмеден шығу бағыты бар жарық тақтайшаларын орнату керек. Әрбір тамақтандыру кәсіпорнында өрт қауіпсіздігі журналы болуы керек, ал қызметкерлер арасында өрт қауіпсіздігіне жауапты адам болуы керек. Осы және басқа ережелердің сақталуы өрт инспекциясын тексерісі кезінде анықталады.

Егер мекеме алкоголь сатуды жоспарласа, онда алкоголь сатуға лицензия алу керек.

 

Тамақ дайындау өндірісін ашуға рұқсат алу оңай процесс емес және шыдамдылық пен дәйектілікті қажет етеді. Барлық кезеңдерден өту кәсіпкерге бизнесті адал жүргізуге және болашақ тексерулер кезінде айыппұлдарды болдырмауға мүмкіндік береді.