Бизнес туралы мақалалар

Қазақстанда ЖШС-ті қалай ашуға болады

ЖШС-ті тіркеу шарттары, құжаттары мен салық режимдері — барлығы сіз ойлағаннан гөрі әлдеқайда оңай

Қазақстанда ЖШС-ті қалай ашуға болады

Мақаланың мазмұны

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік — бұл бір немесе бірнеше адам аша алатын заңды тұлға.

Заңды тұлға — бұл мемлекеттік органдарда ресми тіркеуден өткен компания. Оның құрылтайшылары мен қызметкерлеріне тиесілі емес құқықтары, міндеттері мен мүлкі болады.

Заңды тұлға өз атынан мүлік сатып алуға, оны пайдалануға және оған иелік етуге, сондай-ақ, сотта өз мүдделерін білдіруге және құрылтай құжаттары негізінде мәмілелер жасасуға құқылы. Заңды тұлғаны тек қана әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартуға болады — ЖШС өз қарыздары бойынша мүлкімен жауап беретіндіктен, ұйымды банкрот санауға немесе таратуға болады.

ЖШС-ті қандай бизнес үшін тіркеу керек

ЖШС-ті ашу алдында компанияда қанша қызметкер болатынын және болашақта қанша табыс табу жоспарланғанын шешу керек. Оған қарап жарғылық капитал, салық және айыппұл мөлшерлері, сондай-ақ, мемлекет тарапынан бизнеске қолдау көрсету көлемі анықталады.

Жарғылық капитал — бұл құрылтайшылардың бизнесті ашу кезінде компанияға салатын ақшалары. Жарғылық капитал алғашқы шығындарды жабуға, мысалы, кеңсе жалдауға, қызметкерлерге еңбекақы төлеуге, жабдық сатып алуға қажет.

Микробизнес

  • қызметкерлер штаты — 15 адамға дейін;
  • табыс мөлшері — жылына 30 000 АЕК-ке дейін, 2024 жылы ол 110 760 000 теңгені құрайды.
  • жарғылық капиталы — 0 теңге.

Шағын бизнес

  • қызметкерлер штаты — 100 адамға дейін;
  • табыс мөлшері — жылына 300 000 АЕК-ке дейін, 2024 жылы ол 1 107 600 000 теңге.
  • жарғылық капиталы — 0 теңге.

Орта бизнес

  • қызметкерлер штаты — 100-ден 200 адамға дейін;
  • табыс мөлшері — 300 000 АЕК-тен 3 000 000 АЕК-ке дейін, 2024 жылы ол 1 107 600 000 теңгеден 11 076 000 000 теңгеге дейін.
  • жарғылық капиталы — 100 АЕК-тен басталады.

Ірі бизнес

  • қызметкерлер штаты — 250 адамға дейін;
  • табыс мөлшері — 3 000 000 АЕК-тен басталады, 2024 жылы ол 11 076 000 000 теңге.
  • жарғылық капиталы — 100 АЕК-тен басталады.

Кім ЖШС құрылтайшысы бола алады

  • Қазақстан азаматтары;
  • Қазақстандық компаниялар;
  • Шетелдіктер мен шетел компаниялары.

ЖШС-ті тіркеу алдында нені шешу керек

Компанияның атауы

Атауы қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде болуы керек, және оның үш тілдегі дұрыс жазбаша нұсқасы бекітілу керек. Мысалы, қазақ тілінде — «Жеті қазына», орыс тілінде — «Жети казына», ағылшын тілінде — «Jeti Qazyna».

Атаудың толық және қысқартылған түрі болуға тиіс, мысалы: «Жеті қазына» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі → «Жеті қазына» ЖШС. Ол бар компаниялардың атауларымен қайталанбау керек. Атаудың бірегейлігін электрондық үкімет сайтында тексеруге болады.

Заңды мекенжай

Компанияны құрылтайшының үйінің мекенжайына да, сатып алған немесе жалдаған кеңсесінің мекенжайына да тіркеуге болады. Ол мекенжай ЖШС-тің орналасқан нақты мекенжайы болуға тиіс. Ол ҚҚС бойынша есепке тұру үшін де қажет болады.

Қызмет түрі

ЖШС үшін бірнеше қызмет түрін таңдап, оларды компания жарғысында атап шығуға болады, бірақ ЖШС куәлігіне тек қана негізгі бір түрі ғана тіркелетін болады. Тіркеу кезінде қызмет түрі «Экономикалық қызметтің негізгі түрінің коды» деп белгіленген. Ол статистикалық есептіліктер мен салық жеңілдіктері үшін қажет. Қажетті ЭҚЖЖ-ны таңдау барысын телеграмдағы боттың көмегімен жеңілдете аласыз.

Салық салу режимі

Салық төлейтін режимді табыс мөлшері мен бизнестің ауқымына байланысты таңдауға болады. ЖШС жалпыға бірдей белгіленген режимде (ЖБР) немесе арнаулы салық режимдерінің (АСР) бірінде бола алады.

Компанияны тіркеу кезінде салық салу режимі автоматты түрде жалпыға бірдей тәртіпте тұрады. Оңайлатылған режимге көшу үшін тіркелген кезден бастап бес күн ішінде салық комитетіне басқа режимге көшу туралы хабарлама жіберу керек.

Жалпыға бірдей белгіленген режим

  • корпоративтік табыс салығы (КТС) — жылына 20%;
  • табыс мөлшері — 24 038 АЕК-тен бастап (2024 жылы 88 748 296 теңге);
  • қызмет түрлері бойынша шектеу жоқ;
  • филиалдары бар.

«Оңайлатылған» режим

  • КТС — жылына 3%;
  • қызметкерлер штаты — 30 адамға дейін;
  • табыс мөлшері — 24 038 АЕК-ке дейін (2024 жылы 88 748 296 теңге);
  • қызмет түрлері бойынша шектеулері бар;
  • филиалдары жоқ.

Тіркелген шегерім пайдаланатын АСР

  • КТС — жылына 20%;
  • қызметкерлер штаты — 50 адамға дейін;
  • табыс мөлшері — жылына 144 184 АЕК-ке дейін (2024 жылы 532 327 328 теңге);
  • филиалдары жоқ;
  • қызмет түрлері бойынша шектеулері бар.

Ауыл шаруашылығына арналған АСР

  • КТС мөлшері 70%-ға азайтылған;
  • 500-ден 5 000 гектарға дейінгі жер учаскесі бар (арашылардан басқа);
  • ҚҚС бойынша есепте тұрмайды;
  • шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға жарамайды.

Бөлшек салық АСР

  • тек қана шағын және орта бизнеске арналған;
  • 4% мөлшерлеме — жеке тұлғалармен жұмыс істейтіндер үшін (мөлшерлемені мәслихат шешімімен 2%-ға дейін төмендетуге болады);
  • 8% мөлшерлеме — заңды тұлғалармен жұмыс істейтіндер үшін (төмендетуге болмайды);
  • қызмет түрлері бойынша шектеулері бар.

ЖШС тіркеу үшін қажет құжаттар

ЖШС-ті тіркеу алдында құрылтай құжаттарын — ЖШС ашу туралы шешім, құрылтай шарты, жарғы және директорды тағайындау туралы бұйрық дайындау керек. Сонымен қатар, ЖШС-тің өзінде де, оның қатысушыларында да электрондық цифрлық қолтаңба болуға тиіс (ЭЦҚ).

ЖШС ашу туралы шешім

Бұл ЖШС ашу туралы шешім жарияланатын құжат. Онда еркін нысанда ЖШС туралы негізгі мәлімет — оның атауы, мекенжайы, жарғылық капиталының көлемі, директорының аты және тағы басқа деректер жазылуы керек. Егер ЖШС-ті бірнеше адам ашатын болса, бұл шешім жиналыс арқылы қабылдануға тиіс. Жиналыс барысында жиналыс төрағасы мен хатшысы сайланып, оларға ЖШС құру туралы хаттамаға қол қойғыздырады.

Құрылтай шарты

ЖШС-ті бірнеше адам ашқысы келгенде қол қойылатын ресми құжат. Құрылтай шартында компанияны құру тәртібі, жарғылық капитал, табыс бөлу және қатысушылар арасындағы дауларды шешу үшін қажет басқа да ақпарат көрсетілуі керек.

ЖШС жарғысы

ЖШС тіркелгеннен кейін оның қатысушыларының арасында орнатылатын қарым-қатынас, олардың құқықтары мен шектеулерін реттейтін құжат. Оған, мысалы, компанияның мүлкіндегі кеңсені сатып жіберуге, көлік сатып алуға және т.б. қойылатын шектеулер жатады. Жарғыны өз бетімен немесе заңгерлердің көмегімен құрастыруға болады, немесе Әділет министрлігі құрастырған типтік жарғыны пайдалануға болады. Типтік жарғыға өзгеріс кіргізуге болмайды.

Директорды тағайындау туралы шешім

ЖШС директоры — ол компанияның атынан құжаттарға қол қою құқығы бар ресми өкіл. Оны лауазымға отыру күні мен өкілеттігі мерзімін анықтайтын ресми бұйрық бойынша тағайындайды. Бұл бұйрықты кейін мемлекеттік органдар немесе контрагенттер талап етуі мүмкін.

ЭЦҚ

Электрондық-цифрлық қолтаңба ЖШС-тің барлық қатысушыларына да, ЖШС-тің өзіне де заңды тұлға ретінде құжаттарға, төлем тапсырмаларына, салық есептіліктеріне және тағы да басқа құжаттарға қол қою үшін қажет. ЭЦҚ-ны алу үшін egov.kz сайтында онлайн өтінім жіберу керек.

ЖШС-ті онлайн тіркеу

Қажетті құжаттар:

Құжаттардың көбі мемлекеттік органдардың жүйелерінен автоматты түрде тартылады. Электрондық өтініш беру үшін электрондық сауалнама толтыру керек.

ЖШС-ті қалай тіркеуге болады:

1. egov.kz сайтында ЭЦҚ көмегімен авторизациялану;

2. «Бизнеске» → «Бизнесті тіркеу және дамыту» → «Бизнесті тіркеу және жою» бөлімдеріне өту;

3. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, банктік шот ашу және өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан жұмыскерді міндетті сақтандыруды ескере отырып олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу» қосымша бетіне өту → «Онлайн сұрау»-ды басу;

4. «Занды тұлғаларды, филиалдары (өкілдіктерді) мемлекеттік (есептік) тіркеу» (орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін)» пунктін таңдау;

5. Келесі өрістерді толтыру:

  • Ұйым түрі — Заңды тұлға
  • Ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны (ҰҚН) — Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
  • Компанияның үш тілдегі атауы (ҰҚН-сыз)
  • Басшының ЖСН-і, басшы тағайындау туралы шешімнің нөмірі мен күні
  • Құрылтайшылардың ЖСН-і, толық аты-жөні, салымдарының сомасы және жарғылық капиталдағы пайыздық үлесі (ЖШС-те бір-ақ қатысушы болса — 100% болады)
  • Типтік (үлгілі) жарғы бойынша әрекет етуі туралы мәлімет
  • ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуі туралы мәлімет
  • Заңды мекенжайы, телефон нөмірі
  • Бизнес түрі (ЭҚЖЖ)
  • Штат — жоспарланған қызметкерлер саны
  • Дайын!

15 минуттан кейін өтініш бетін жаңартып, ЖШС тіркеу туралы анықтаманы қазақ және орыс тілінде PDF форматында алуға болады.

Ары қарай не істеу керек

Басты мақсат орындалды — ЖШС ашылды да, тіркеу туралы анықтама дайын болды. Бірақ жұмыс әлі аяқталмайды: қызметке кірісу үшін тағы бірнеше ресімдеу кезеңдерінен өту керек.

  • жаңа компаниялар автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде тіркелетіндіктен, қолайлы салық режимін таңдау;
  • жұмыс берушінің жауапкершілігін сақтандыру шартын жасау;
  • ақшасыз төлемдер қабылдау үшін банк шотын ашу;
  • қолма-қол төлемдерді қабылдау үшін онлайн-касса тіркеу;
  • кейбір бизнес түрлері үшін POS-терминал сатып алу;
  • бизнес түріне байланысты талап етілетін болса, лицензия алу;
  • ҚҚС төлеушілерімен жұмыс істеу немесе жылына 20 000 АЕК-тен астам табыс табу жоспарланған болса, ҚҚС бойынша есепке тұру.

Жұмыс берушінің жауапкершілігін сақтандыру

ЖШС тіркелгеннен кейін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру туралы шарт құру керек. Ол шарт қызметкерлерді жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалардан сақтандырады.

Сақтандыру полисін ЖШС-те бір-ақ қызметкер — оның басшысы жұмыс істесе де, бәрібір жасау керек. Ол кәсіптік сырқат, еңбекке жарамсыздық және қызмет атқару кезіндегі қызметкердің өлімі сияқты жағдайларды қамтиды.

Сақтандыру шартын egov.kz сайтында ЖШС-ті тіркеу кезінде жасауға болады.

Сақтандыру шартын жасасу туралы өтінімді қалай беру керек:

  • берілген тізімнен компания таңдау;
  • сауалнама толтыру, қызметкерлер туралы мәлімет пен жылдық еңбекақы қоры туралы ақпарат енгізу, сауалнамада компаниядағы еңбекті қорғау туралы өрістерді белгілеу;
  • сақтандыру кезеңінің басын белгілеу;
  • қызметкерлер тізімін тіркеу;
  • ЖШС жарғысын тіркеу;
  • сақтандыру шарттарымен келіскені туралы ұяшықтарды белгілеу;
  • өтінімді ЭЦҚ көмегімен растау.

Өтінім 2 жұмыс күні ішінде өңделеді.

ЖШС-тің банк шоты

Шотты Қазақстанның кез келген банкінде не банк бөлімшесінде ашуға болады. Шотты банк бөлімшелерінде ашу үшін компанияның және оның басшысының құжаттары талап етілуі және банк комиссиясы ұсталуы мүмкін.

Шотты онлайн ашу үшін құжат жинаудың қажеті жоқ. Оны 15 минут ішінде ашуға болады. Шотты бірден интернет-банкингтің ішінде ашу ыңғайлы, себебі бұл жағдайда банкке бармай-ақ, компанияның қаражатын басқару, төлем тапсырмаларын шығару және салықтарды төлеу мүмкін болады.

Jusan Business мобильді қосымшасында шотты тез және тегін ашуға болады. Ол үшін не істеу керек:

  1. Jusan Business қосымшасын жүктеу;
  2. шот ашу туралы өтінім толтыру;
  3. шот ашылғаны туралы SMS алу;
  4. жұмыс істеуді бастау.