Бизнес туралы мақалалар

Нейрожелілер көмегімен жарнама қосу

Бизнесті іздеу жүйелерінде ілгерілету жолдары

Нейрожелілер көмегімен жарнама қосу
Руслан Төкеев

Руслан Төкеев

Jusan Digital бөлімінің басшысы, Марғұлан Сейсембайдың, PMG және Сбербанк Қазақстанның digital бөлімдерінің экс-басшысы

Мақаланың мазмұны

Іздеу жүйелерінде орналасқан контекст жарнама бизнеске жаңа клиенттерді тартуға мүмкіндік береді. Бұрын-соңды бұнымен айналыспаған адамдарға оны қосу оңайға түспейді. Бірақ жасанды интеллект бұл тапсырманы жеңілдете алады — түйінді сөздерді құрастырып, оларды сұраныс бойынша топтастырады және хабарландыру мен тақырыптарын жазып береді, яғни мәтінге қатысты жұмыстың бір бөлігін жасайды. Кәсіпкер тек дайын деректерді енгізіп, нұсқауларды орындауы керек. Қандай қызметтерді таңдап, оларды қалай пайдалану керектігі туралы біртіндеп айтып береміз.

Түйінді сөздер жинау

Түйінді сөздер — бұл интернетте ақпарат іздеу кезінде адамдар қолданатын сөздер. Мысалы, қолданушы фен таңдаған кезде іздеу жүйесіне кіріп, «онлайн фен сатып алу» немесе «фен дайсон Алматы» деп жазады. Фен сататын кәсіпкердің мақсаты — сатып алушының барлық мүмкін сөз тіркестерін біліп алып, оларды жарнамасына қосу.

Түйінді сөздер жинауға арналған арнайы қызметтер бар:

  • Яндекс.Вордстат — түйінді сөздерді зерттеуге болатын тегін және түсінікті қызмет. Мысалы, «фен» сөзін жүйеге енгізсе, ол барлық мүмкін тіркестерді шығарып береді: шашқа арналған фен, тиімді бағамен фен, Алматыдағы фен-щеткалар. Әр сөздің қасында соңғы айда қаншалықты жиі ізделгені бойынша статистикасы көрсетіледі.
  • Google AI Studio — Gemini жасанды интеллектіне негізделген Google қызметі. Контент, сонымен қатар түйінді сөздерді жасауға көмектеседі. Ол үшін жасанды интеллектке оның рөлі мен міндетін жазып беру керек. Мысалы, енгізу өрісіне келесі мәтін енгізіңіз: «Сен контекст жарнама маманысын. Фен сататын кәсіпкерге контекст жарнаманы қосу үшін түйінді сөздер жазып бер. Оларды сұрау тақырыбы бойынша топқа бөл». Нейрожелі адам сияқты — оған неғұрлым көп ақпарат берсең, ол нәтижені соғұрлым жақсы береді. Тегін нұсқасы бар.
  • ChatGPT — әр түрлі тақырыптағы мәтіндер, соның ішінде жарнама науқанына арналған түйінді сөздер ойлап таба алатын тағы бір жасанды интеллект қызметі. Ең бастысы — промтты, яғни мәтіндік сұрауды дұрыс және нақты енгізу. Тегін нұсқасы бар.

Нейрожелі түйінді сөздерді бірнеше түрі бойынша шығарып береді: жалпы сөздер — шашқа арналған фен, кәсіби фен, ионизациямен фен, суық ауа функциясы бар фен; айрықша сөздер — фен брашинг, фен стайлер, щеткасы бар фен, шашты сәндеуге арналған фен; бренді бойынша — Babyliss фен, Philips фен, Rowenta фен, Braun фен, Dyson фен және т.б. Сондай-ақ сипаттамалары бойынша (2000 Вт фен), геолокация бойынша (Алматыда фен сатып алу), бағасы бойынша (арзан фен) бөлінеді. Бизнеске жарайтын барлық түйінді сөздерді қолдану керек.

Жарнама беру орнын таңдау

Контекст жарнаманы орналастырудың екі платформасы бар — Google Ads және Яндекс Директ. Кәсіпкерге олардың арасында таңдаудың қажеті жоқ, бірден екі жерде жарнаманы іске қосып, сынап көру керек. Google-дан келген тапсырыстардың саны көбірек және бағасы да арзанырақ болуы мүмкін, ал Яндекс-тің өтімділігі жоғары болып шығуы мүмкін. Немесе керісінше. Шын мәнісінде, қандай іздеу жүйесі бизнеске жақсы әсер ететіне 100% әмбебап шешім жоқ.

Тіркелу үшін қызметке сәйкес электронды пошта қажет (Gmail немесе Яндекс Пошта). Кәсіпкерге жеке аккаунт емес, бөлек жұмысқа арналған электронды поштаны қолдануға кеңес береміз.

Хабарландыру жазу

Жарнамалы хабарландырудың мәтінің дұрыс құрастыру — жарым ырыс. Бұл жерде де жасанды интеллект көмекке келеді. Мәтінді Google AI Studio немесе ChatGPT жазып бере алады.

Кәсіпкер келесі промтты қолдана алады: «Тоңазытқыштар жөндейтін компания үшін Google (немесе Яндекс) жарнамасының тақырыбын жазып бер. Түйінді сөздер — сапалы, арзан, 40 минуттың ішінде келу».

  • Хабарландыруда үш тақырып беріледі. Олар тік сызықпен бөлінеді. Олардың әрқайсысының максималды ұзындығы — 30 таңба.
  • Хабарландырудың тақырыбында нақты сұрау болуы керек. Егер пайдаланушы «тоңазытқыш жөндеу» деп енгізсе, онда тақырып: «Алматыда тоңазытқыш жөндеу — 40 минутта келеміз» болуы керек.
  • Хабарландыруда түйінді сөздер, баға мен акциялар туралы ақпарат және әрекетке шақыру болуы керек. Мысалы: «Алматыдағы тоңазытқыштар жөндеу орталығы. Келуіміз — 5 мың теңгеден басталады. Жөндеуге кепілдік береміз. Түпнұсқа қосалқы бөлшектер пайдаланамыз. 20% жеңілдік. Қоңырау шалыңыз!»
  • Компания атауы хабарландырудың тақырыбында немесе мәтінінде жазылмайды. Егер бұл танымал бренд болмаса, бұл ақпарат ешкімге де қызықты болмайды. Ең бастысы, тауарды кім сататыны емес, не ұсынатыны маңызды.

Телеграм арнамызда нейрожелілермен жұмыс істеуге арналған промт үлгілері.

Бюджетті анықтау

Кәсіпкерлерге айына контекст жарнамаға қанша ақша керек екенін білу маңызды. Ол үшін жарнамадан келген табысты анықтап, оның қанша пайызын жұмсауға болатынын есептеуге болады. Мысалы, сіз жарнама науқанынан 1 млн теңге тапқыңыз келеді және табыстың 10% жұмсауға дайынсыз. Сонда жарнама науқанының бюджеті: 1 миллион теңге × 10% = 100 мың теңге болады. Бұл көрсеткішті 30 күнге бөліп, қаржы мүмкіндіктеріңізден асып кетпеу және минусқа кірмеу үшін белгіленетін соманы аламыз.

Басқа әдісті де таңдауға болады, мұнда шағын бюджетпен, мысалы, 10–20 мың теңгемен бастауға болады. Ол үшін жарнамалардың A/B тестілеуін өткізіп көру керек: тақырыптар, мәтіндер және түйінді сөздердің әр түрлі нұсқаларын қолданып көріңіз.

Бюджетті жоспарлау науқанға кеткен шығындарды бақылауға мүмкіндік береді. Яндекс Директ-те қалаңызға сай және түйінді фразалар бойынша шамамен шығындарды есептеуге, сондай-ақ жарнамаларды басу бағасын білуге ​​көмектесетін Прогноз бюджета (Бюджетті болжау) қызметі бар.

Бүкіл бюджетті бірден жұмсамай шағын сомадан бастауды кеңес береміз. Бұл тиімділікті тексеріп, науқанды оңтайландыруға көмектеседі. Қазір іздеу жүйелері өздеріне нейрожелілерді енгізуде, егер жарнама науқаны жұмыс істеп, конверсиялар әкелсе, онда алгоритм сізге алдын ала хабарлайды да, трафикті қосып, ақшаны қайта үлестіреді.

Айта кету керек, контекст жарнамамен қатар, әлеуметтік желілердегі таргет жарнама да сатылым мен бренд танымалдылығын арттыруға көмектеседі. Біз бұл туралы мақала жаздық:

Жарнаманы қосу және оны бақылау

Google-да контекст жарнаманы қалай іске қосуға болатынын біртіндеп қарастырайық.

Google Ads–те кәсіпкерлерге арналған контекст жарнаманы іске қосу нұсқаулығы:

  1. Google Ads-та аккаунт ашыңыз: ads.google.com сайтына өтіп→ «Бастау» түймесін басыңыз → жаңа немесе тіркелген аккаунт арқылы нұсқауларды орындаңыз.
  2. Жарнама науқанының мақсатын таңдаңыз: бұл сатылымдар, лидтер, сайтқа трафик әкелу болуы да мүмкін. Өз бизнесіңізге сәйкес мақсатты таңдаңыз.
  3. Содан кейін науқан түрін таңдаңыз: іздеу, медиа, бейне және т.б. Жарнамаңызды Google іздеу нәтижелерінде көрсету үшін «Ақылды» нұсқасын таңдау керек.
  4. Жарнаманың қай жерде көрсетілетінін таңдау: ел, аймақ, қала. Жергілікті бизнеске нақты қаланы таңдау маңызды, әйтпесе бүкіл Қазақстан бойынша жарнама көрсетіліп, ақшасы босқа кетеді. Қажет болса, кейбір орындарды алып тастауға болады.
  5. Жарнамаға жұмсалатын күнделікті бюджетке шектеу қою. Мөлшерлемелерді автоматты түрде тағайындау нұсқасын таңдаңыз. Жүйенің өзі мақсатқа жету үшін оңтайлы мөлшерлемелерді таңдайды.
  6. Мағынасы бойынша топтастырылған түйінді сөздер тізімін қосу. Дәлірек нәтижелер алу үшін фразалық және дәл сәйкестіктерді таңдау керек.
  7. Хабарландыру жасап, жарнамадан келетін беттің сілтемесін қосыңыз. Егер бизнестің ресми сайты болмаса, Instagram-дағы парақшаға сілтеме қосуға болады.
  8. Науқанды іске қосу: барлық деректерді тексеріп, «Науқанды бастау» түймесін басу.
  9. Дайын! Енді нәтижелерді қадағалау ғана қалды — Google Ads-тегі науқан статистикасын үнемі тексеріп отыру керек, түйінді сөздердің, хабарландырудың және ұсыныстардың тиімділігін талдау керек. Қоңыраулар немесе тапсырыстар болмаса, нәтижені жақсарту үшін мәтін мен тақырыптарды түзетуге болады.

Скриншоттармен Google Ads–те контекст жарнаманы іске қосудың толық нұсқаулығы — біздің телеграм арнамызда.


 

Контекст жарнаманы іске қосу — жаңа клиенттерді тартудың тағы бір жолы, бірақ әр бизнес бірегей болғандықтан, бөлек жұмысты талап етеді. Нейрожелілер бұл процесті жеңілдетуге көмектеседі, ал нәтиже тиімді болу үшін және уақытты үнемдеу үшін арнайы маманға хабарласуға болады — ол бизнестің қажеттіліктерін ескере отырып, жарнаманы қосып береді.