Қосымша ЭҚЖЖ қосу
ЖК мен ЖШС-ның жаңа қызметінің түрін қосу
Мақаланың мазмұны
Дина ЖК ретінде тіркелген. Өз қолымен жазып, безендірген футболкаларды сату — оның негізгі қызметі. Сонымен қатар Дина матаға қолмен сурет салу курстарын бастағысы келеді. Мұндай сабақтарды жүргізу Динаның қосымша қызметі боп саналады. Демек, ЖК ретіндегі қызметтеріне тағы бір ЭҚЖЖ қосу қажет.
ЖК мен ЖШС жаңа ЭҚЖЖ-ны статистика комитеті сайтындағы респонденттің кабинетінде қоса алады. Бұл рәсімді ЖК электрондық лицензиялау сайты арқылы да жасай алады.
Респонденттің кабинеті
ЖК мен ЖШС ЭҚЖЖ-ны статистика комитетінің сайты арқылы қоса алады.
ЭҚЖЖ-ны қосу реті:
- Респонденттің кабинетіне ЭЦҚ көмегімен кіріңіз.
- «Жеке деректер» қойындысын таңдаңыз.
- Беттің төменгі оң жақ бұрышындағы «Редакциялау» батырмасына басыңыз.
- «Экономикалық қызметтің негізгі/екінші түрі» блогында жоғарғы сол жақ бұрышындағы «Қосу» түймесін басыңыз. Болашақта ЭҚЖЖ-ны өшіргіңіз келсе, дәл сол блокта «Өшіру» батырмасына басаңыз.
- Ашылған терезеде қажет ЭҚЖЖ-ны таңдаңыз.
- Байланысушы тұлғаның ЖСН-ын мен электрондық поштасын енгізіңіз.
Егер деректердің барлығы дұрыс енгізілсе, жүйе сұрауыңызды өңдеуге қабылдайды.
Сіз сұрауыңыздың қай мәртебеде тұрғанын «Деректерді өзгертуге сұранымдар» жолындағы төменгі оң жақ бұрышындағы сілтемелерге басып, көре аласыз.
Сұрауыңыз өңделіп жатқанда, қосымша деректер өңделмейді — бұл функция жүйемен бұғаттанады. Тек ағымдағы сұраудың өңдеуі аяқталғаннан соң деректеріңізді түзету мүмкіндігі пайда болады.
elicense.kz сайты
Қосымша ЭҚЖЖ-ны электрондық лицензиялау сайты арқылы тек ЖК қоса алады.
ЭҚЖЖ-ны қосу реті:
- Жеке кабинетіңізге ЭЦҚ көмегімен кіріңіз.
- Басты мәзірдегі «Қызмет көрсету» қойындысын таңдаңыз.
- Ашылған тізімнен «Хабарлау тәртібі» → «Дара кәсіпкер ретінде қызметті бастаған туралы хабарлама» жолын таңдаңыз.
- «Дара кәсіпкердің тіркеу мәліметтерді өзгертуге туралы хабарлама» жолын таңдаңыз.
- «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасына басыңыз.
- Лицензиарды яғни ЖК тіркелген салық органын таңдаңыз.
- Жаңа өтінішті «Жаңа» батырмасын басып қалыптастырыңыз.
- Ашылған терезеде ЖК туралы жалпы ақпарат көрсетіледі. Бұл терезені «Мемлекеттік кірістер органына сұрау салу» блогына дейін жылжытып, «Жіберу» батырмасына басыңыз.
- Деректерді өзгерту мүмкін болғаннан кейін төменгі оң жақ бұрыштағы «Әрі қарай» батырмасына басыңыз.
- ЖК туралы деректерді енгізіп, төменгі оң жақ бұрыштағы «Әрі қарай» батырмасына басыңыз.
- «Негізгі* ЭҚЖЖ» жолындағы ашылған тізімнен негізгі ЭҚЖЖ-ны таңдаңыз.
- «Негізгі қызметтің түрі» жолының төменгі жағында «Қосу» батырмасына басыңыз.
- Ашылған тізімнен қосымша ЭҚЖЖ-ны таңдап, төменгі оң жақ бұрыштағы «Әрі қарай» батырмасына басыңыз.
- Хабарламаға ЭЦҚ көмегімен қол қойып, сұрауды жіберіңіз.
Хабарламаңыз қай мәртебеде тұрғанын жеке кабинетіңіздің «Өтініштер мен алынған қызметтердің тарихы» бөлімінде тексере аласыз. Сол жақтағы тақтада «Хабарламалар» қойындысын таңдаңыз. Ашылған терезенің төменгі жағында жіберілген хабарламалар мен олардың мәртебесі бар кесте орналасқан. Лупа белгісіне басып, талон қабылданғаны туралы және талонның өзін (екі тілде) көшіре аласыз.
Туындауы мүмкін қиындықтар
Таңдалатын қосымша ЭҚЖЖ компанияның жалпы ЭҚЖЖ-ға салық салу жүйесімен сәйкес келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда ЭҚЖЖ-ны қосу сұрауы қабылданбайды. Салық салу жүйесіне лайықты ЭҚЖЖ-ны таңдауға немесе жалпы ЭҚЖЖ-ға салық салу жүйесін өзгертуге болады.
Қажетті ЭҚЖЖ-ны таңдау барысын телеграмдағы боттың көмегімен жеңілдете аласыз.
Респонденттің кабинеті
Электрондық мекенжайыңыз қате енгізілсе, қате туралы хабар пайда болады.
Байланысушы тұлғаның ЖСН-ы қате енгізілсе немесе Халықтың статистикалық тіркелімінде жоқ болса, қате туралы хабар пайда болады. ЖСН дұрыс енгізілсе, «Байланысушы тұлға» жолында ЖСН иесінің аты-жөні пайда болады.
Өзгерістерді сақтау кезеңінде қате туралы хабар шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда ЖК мен қосымша ЭҚЖЖ туралы деректерді қайта тексеріп, «Сақтау» батырмасына қайта басыңыз.
elicense.kz сайты
Кабинетіңізге ЖК ретінде кірмесеңіз, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасы қолжетімсіз болады. Бұл қызметпен тек ЖК қолдалана алатыны туралы хабар пайда болады.
Профиліңіздің деректерін жаңарту:
- Басты беттегі «Профайлды редакциялау» қойындысына өтіңіз.
- «Сіз шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табыласыз ба?» жолында «Иә» нұсқасын таңдап, «Сақтау» батырмасына басыңыз.
Жүйемен көрсетілген сол жақтағы тақтаның жолдарына мекенжай, нақты мекенжай мен банк шоты туралы ақпаратты енгізу қажет болады. Бұл деректерді енгізіп, сақтағанда терезенің жоғарғы жағында ЖК ретінде кіргеніңіз көрсетіледі.
Негізгі ЭҚЖЖ-дан басқа қосымша ЭҚЖЖ-ны қосуға болады. Бұл онлайн және тегін жасалады. ЖК мен ЖШС статистика комитетінің сайтындағы респонденттің кабинетінде хабарлама жіберіп, жаңа ЭҚЖЖ-ны қоса алады. Электрондық лицензиялау сайты арқылы мұны тек ЖК жасай алады. ЭЦҚ көмегімен сайттарға кіріп, сұрауға қол қойылады.