Бизнес туралы мақалалар

Бизнес-жоспар құру жөніндегі кеңестер

Дайын үлгісі бар қадамды нұсқаулар

Бизнес-жоспар құру жөніндегі кеңестер
Валида Самущенко

Валида Самущенко

7SEVEN компаниясының басшысы және негізін қалаушы

Мақаланың мазмұны

Бизнес-жоспар жазу кезінде оның мақсатын — ол не үшін немесе кімге арналғанын анықтап алу керек. Бұл құжат тек грант немесе несие алу үшін ғана емес, жер телімін алу, бірлескен кәсіпорын құру және бизнес-идеяны жүзеге асыру алгоритмі ретінде кәсіпкердің өзіне де қажет.

Бизнес-жоспар — бұл шығындары есептелген, мақсаты және оларды жүзеге асыру жолдары анықталған жеке бизнес ашу жоспары. Әрбір қаржы институтының немесе жергілікті атқарушы органның бизнес-жоспарға қойылатын өз талаптары бар, бірақ оны жазу барысында жалпы қабылданған құрылымды да ұстану керек. Әдетте, ол бірнеше бөлімнен тұрады: түйіндеме, компанияның және оның өнімдерінің немесе қызметтерінің сипаттамасы, маркетинг арқылы дамыту, өндіріс, ұйымдастыру және қаржы жоспарлары, сондай-ақ тәуекелдер мен кепілдіктер. Мәселен, массаж кабинетін ашу жобасы үлгісімен әр бөлімді толығырақ қарастырып көрейік.

1. Түйіндеме

Түйіндеме — бизнес-жоспардың маңызды бөлігі. Мұнда компания жайлы және оның мақсаты, жобаның даму болашағы мен мерзімі, қажетті қаражат пен күтілетін нәтиже туралы қысқаша айтылуы керек. Ұсынылған идеяның қажеттілігіне басымдық берілу керек. Жоба әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесетін болса (мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру, балалар орталығын ашу), онда олар туралы да жазу қажет. Түйіндеме қаржы іздеу барысында әлеуетті инвестордың назарына іліну керек.

Бұл бөлім негізгі мәтін дайын болған кезде соңынан жазылады. Түйіндеме — бүкіл бизнес-жоспардың қысқа нұсқасы десек болады.

Түйіндеме үлгісі

«Кайкенова ЖК» массаж кабинеті
кәсіпорынның атауы
Жеке кәсіпкерлік
ұйымдық-құқықтық нысаны
Денсаулық сақтау шаралары, сауықтыру массажы
компания көрсететін қызмет
Семей қаласы
орналасқан жері
1 адам
қызметкерлер штаты
240 мың теңге
бастапқы капитал
1 ай
өтеу мерзімі
Орташа
нарықтағы бәсеке
Орташа
қызмет түріне сұраныс
700 мың теңге
ай сайынғы табысы
180 мың теңге
айына кететін шығыны
520 мың теңге
айына түсетін таза пайда

2. Өнімнің немесе қызметтің сипаттамасы

Бұл бөлімде өнімнің немесе қызметтің артықшылығы, мықты жақтары және бірегейлігі егжей-тегжейлі сипатталады. Сонымен қатар осы бөлімде компанияның мақсаты мен миссиясы жазылады, жобаның аудиториясы — бұл өнім немесе қызмет кімдерге қызық болатындығы сипатталады. Сондай-ақ, жоспарларды тұжырымдау керек — бизнесті дамыта түсетін жолдарды, өндіріс пен кірісті арттыруда жаңа технологияларды пайдалану нұсқаларын көрсету қажет.

Қызмет сипаттамасының үлгісі

Массаж клиенттерге арқа және мойын ауруынан арылуға, жаттығудан кейін бұлшық ет құрысуын жеңілдетіп, жүйке жүйесін босаңсытуға және қан айналымын жақсартуға көмектеседі. Массажды сертификатталған маман жасайды.

7 мың теңге
бір сағаттық сеанстың бағасы
5 клиент
бір күндік адам саны

Бұл Семей нарығындағы ең жақсы баға.

Массаж кабинетінің нысаналы аудиториясы

30 бен 45 жас аралығындағы
офисте жұмыс істейтін әйелдер
25 пен 40 жас аралығындағы
спортпен шұғылданатын ер адамдар

Алдағы уақытта жалға алынған орынды кеңейтіп, қосымша мамандарды тартып, клиенттер санын көбейту жоспарлануда.

3. Нарықты талдау

Бұл бөлімде жалпы нарыққа және жеке алынған салаға талдау жасалады. Мысалы, жалпы сауықтыру қызметтері және оның ішінде нақты массаж талданады. Мұнда кәсіпкер өнімге немесе қызметке деген сұраныстың өзектілігін дәлелдейді, басты бәсекелестерді анықтайды, өнімдерді салыстыра отырып, бірегей сауда ұсынысын құрастырады. Осы бөлімде тауарға деген сұранысты дәлелдеу керек, оның өзге өнімдерден айырмашылығы, ерекшелігі мен бәсекеге қабілеттілігін түсіндіру қажет.

Нарықты талдау үлгісі

Сұраныс

Соңғы үш жылда Қазақстанда массаж қызметіне сұраныс артып кетті. Адамдардың аз қимылдайтын өмір салтына және қоғамның салауатты өмір салтына деген ұмтылысына байланысты бұл қызметке сұраныс жыл сайын артып келеді.

Қызметтер

Массаж кабинетінде сауықтыру, емдік, спорттық, целлюлитке қарсы массаж жасау жоспарлануда.

Бәсекелестер

Массаж кабинеті ашылатын ауданда, бағасы жоғары бір премиум массаж салоны және клиенттер легін қабылдап үлгере алмай жүрген мемлекеттік емхана ішінде орналасқан бір кабинет қана бар.

4. Маркетинг және сату жолдары

Келесі блок — өнім немесе қызмет түрін жарнамалау стратегиясы. Мұнда өнімді сату тәсілдерін, жарнама саясатын және өзге де дамыту әдістерін сипаттау керек — компания өз аудиториясын қалай тартады және ол үшін қандай құралдарды қолдануы керегін: БАҚ, жарнама немесе өзге арналарды жазу қажет. Бұл ең маңызды бөлімдердің бірі және оны қалдырып кетуге болмайды.

Бұл бөлімде мыналарға сипаттама беру керек:

  • әлеуетті тұтынушылардың қажеттілігі мен сұраныс ерекшелігі, маусымның немесе тұтынушы үрдістерінің бизнеске әсері;
  • тауар өткізу арналары — жеке кездесулер, сыртқы жарнама, бұқаралық ақпарат құралдары және интернет, әлеуметтік желілерде және сайттағы жарнама, промоутерлер желісі немесе ауыздан-ауызға берілетін хабар арқылы жасалатын жарнама;
  • клиенттерді тарту әдістері — жарнама науқандары мен акциялары, жеңілдіктер мен адалдық жүйесі;
  • брендтің әлеуметтік желілердегі стратегиясы: платформалар пайдаланылатын, веб-сайт немесе лендинг қажеттігі, жазбаларды жариялау жиілігі, контент пішіні — бейне немесе фото.

Маркетинг стратегиясының үлгісі

Маусымдық

Массаж қызметтерін көрсету барысында маусымдық ерекшеліктерді ескеру қажет — сұраныс көктемде көп болады, ал жаздың ортасынан қыркүйектің басына дейін төмендеу мүмкін. Тоқырау кезеңінде массажға жеңілдіктер жоспарланған.

Жарнама

Парақшаның негізгі жарнамасы Instagram-да болады, ал клиенттерді тіркеу мессенджерлер арқылы іске асады. Посттар аптасына екі рет, ал стористер күн сайын жарияланады. Тұрақты клиенттер үшін адалдық бағдарламасы бар.

5. Өндіріс жоспары

Мұнда өндіріс үдерісі және оған қажетті элементтер туралы жазылады: ғимарат немесе үйжайлар, жабдықтар, көлік, персонал, байланыс құралдары.

Бұл бөлімде келесіні жазу қажет:

  • пайдаланылатын үйжайлар мен қолданылатын бұйымдардың сипаттамалары, оларды таңдау себебі;
  • қызметтің қауіпсіздігі және қоршаған ортаға зиянсыздығы;
  • қосымша ресурстардың қажеттілігі.

Өндіріс жоспарының үлгісі

Массаж кабинетін ұйымдастыру үшін бір қызметкер, арнайы кабинет, массаж үстелі және басқа да қажетті керек-жарақтар керек.

30 шаршы метр
жалға алынатын бөлменің ең аз ауданы

Жалға алынатын орын ғимараттардың бірінші қабатынан қарастырылады және шартты түрде бірнеше аймаққа бөлінеді: қонақтарды қабылдау бөлмесі, массаж аймағы және техникалық блок.

6. Ұйымдастыру жоспары

Бұл бөлімде компанияның құрылымын сипаттайды, оның ұйымдық-құқықтық нысаны, жұмыс кестесі мен жұмыс күнінің саны айқындалып, жұмысқа қабылданатын мамандар тізімі жазылады. Ереже бойынша, мұнда команданың әрбір мүшесі туралы қысқаша ақпарат беріледі: білімі, тәжірибесі, сәтті жобалары мен міндеттері.

Ұйымдастыру жоспарының үлгісі

Массаж кабинетін ашу үшін өз бетінше қызмет көрсететін бір маман жеткілікті, ол өзі бизнесті дамытумен, қоңырауларды, қонақтарды және төлемдерді қабылдаумен, адам келу журналын жүргізумен және үйжайды тазалаумен айналысады. Маманның сауықтыру массажын жасауға тиісті сертификаты және осы салада үш жылдық тәжірибесі болуы керек.

7. Қаржы жоспары

Мұнда бизнестің барлық қаржысы көрсетіледі: түсімдер, шығындар, өндіріс шығындары, қосымша шығындар, салықтар. Бір реттік инвестициялар мен ағымдағы шығындар бағаланады, жоба тиімділігінің көрсеткіштері есептеледі.

Мысалы, массаж үстелі мен жиһаз сатып алу бір реттік шығын, иісті майлар мен гельдер және бір рет қолданылатын жаймалардың шығындары тұрақты, ал сүлгілерді сатып алу — мерзімді шығын болып табылады. «Шығындар» бағанына өнімді сатып алу құны, сонымен қатар логистика, жалақы, үйжайды жалға алу, коммуналды қызметтер, жарнама және жобаны одан әрі дамытуға арналған шығындар жазылады.

«Пайда» бағанына қызметтің соңғы бағасы есептеліп жазылады және оның бір ай, алты ай және бір жылда қанша пайда әкелетіні көрсетіледі. Ол үшін осы қызметті айына және жылына қанша адам сатып алатынына сату болжамы жасалады (ал егер бастапқы шығындары жоғары болса, жоспар бірнеше жылға жасалады). Бұның барлығы жобаның өзін-өзі ақтауына және пайда әкеле бастауына қанша уақыт кететінін анықтауға мүмкіндік береді.

Қаржы бөліміне қоса болашақ қызметтің қаржы моделі бөлек есептеледі, оның ішіне жобадағы ақша ағынының болжамы, пайда мен залал туралы есеп, инвестиция жоспары, кірістер мен персонал жоспары, салық төлемдері және басқа пункттері кіреді.

Қаржы жоспарының үлгісі

700 мың теңге
массаж бөлмесінің айлық табысы
7 мың теңге
бір сағаттық сеанстың бағасы
5 клиент
бір күндік адам саны
20 күн
бір айдағы жұмыс күндерінің саны
1 ай
өтелу мерзімі
460 мың теңге
бірінші айдағы таза пайда
520 мың теңге
келесі айлардағы таза пайда

Ай сайынғы шығындар

180 мың теңге
жалпы шығын
95 мың теңге
үйжайды жалға алу
30 мың теңге
бір рет қолданылатын гель мен майлар
20 мың теңге
салықтар
20 мың теңге
таргеттелген жарнама
15 мың теңге
коммуналдық төлемдер

Бір жолғы шығындар

60 мың теңге
жалпы шығын
25 мың теңге
массаж үстелі
25 мың теңге
сөре
5 мың теңге
үстел
5 мың теңге
сүлгі, 10 дана

Тиімдік көрсеткіштеріне пайда мөлшері (NPV), инвестицияның табыстылығы (IRR), олардың өтелу мерзімі (PI), тиімдігі мен залалдығы жатады. Бизнес-жоспардың мақсатына және оны алушыларына қарай мұндай көрсеткіштердің саны бірнеше ондығына жетіп, бизнес-жоспардың барлық бөлімдерін қамтуы мүмкін.

8. Тәуекелдер

Осы бөлімде жобаны жүзеге асырумен байланысты барлық тәуекелдер жазылады. Тәуекелдер екі негізгі категорияға бөлінеді:

  • жүйелі, оған кәсіпкер әсер ете алмайды. Мысалы, саяси оқиғалар, экология немесе табиғи апаттар, экономикалық дағдарыс.
  • жүйесіз, оны кәсіпкер өз бетімен шеше алады. Мысалы, сату жоспарын орындамау қаупі.

Тәуекелдер үлгісі

Массаж кабинетін ашу кезіндегі негізгі тәуекелдерге жарнаманың тиімсіз болуынан клиенттердің кабинетке келу көрсеткішінің төмен болуы жатады. Бұл жағдайда жарнама орнатуға кәсіби таргетологты, сондай-ақ контент сапасын жақсарту үшін мобилографты жалдау мүмкіндігін қарастыруға болады.

Бизнес-жоспар құру нұсқалары

Бизнес-жоспар жасау үшін кәсіби компанияларға онлайн тапсырыс беруге болады. Оның құны жобаның күрделілігіне және ұсынылған деректерге байланысты болады. Орташа баға 50 мың теңгеден басталып, бірнеше миллионға жетуі мүмкін.

Офистері Қазақстанның ірі қалаларының түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында кәсіп ашқысы келетіндер үшін бір бизнес-жоспарды тегін жазып беру қызметі бар. Сондай-ақ, кәсіпкерлер ол жерден заң, бухгалтерия, салық және басқа да мәселелер бойынша тегін кеңес ала алады.

Мемлекеттік грантқа өтінім бергісі келетін кәсіпкерлер үшін «Бастау Бизнес» оқытуы кезінде бизнес-жоспар жобасын жасауға болады. Бұл kezekte.kz сайтында жүзеге асырылады, процедура толығымен автоматтандырылған — барлық бөлімдерде қажетті құжаттарды тіркеу мүмкіндігі бар, олар кезең-кезеңімен толтырылып, соңында өтініммен қоса берілетін дайын құжатқа айналады.

Бизнес-жоспар жазу кезіндегі басты ұсыныстар

  1. Жоспарды мүмкіндігінше қысқа және анық жазу.
  2. Сандарға және сенімді ақпарат дереккөзіне сүйену (сілтемелер мен дереккөздерді көрсету). Жоспар арқылы өнімнің немесе қызмет түрінің өз сатып алушысын табатынын және компанияның табысты бола алатынын дәлелдеу керек. Сандар мен кестелер жазылған, нақты болжамдары бар бизнес-жоспар тек мәтіннен тұратын бизнес-жоспарға қарағанда сенімдірек болады.
  3. Жоспар құрылымын ұстану. Бизнес-жоспардағы барлық бөлімдер дәйекті әрі қисынды болуы керек. Жоспар басында өнімнің немесе қызметтің өзін сипаттау керек, аудитория туралы айтып, бәсекелестерге талдау жасау керек, содан кейін барлығын есептеп, жобаның жалпы тиімділігін бағалау қажет.
  4. Икемді болу. Бір жыл бұрын жазылған бизнес-жоспар бүгін өзексіз болып қалуы мүмкін. Нарық конъюнктурасы үнемі өзгеріп отырады — кейде дер кезінде онлайнға кету немесе керісінше, бөлшек сауда нүктесін дамыту керек.


Дұрыс жасалған бизнес-жоспар инвесторлар мен ресурстарды тартуға және жобаны жүзеге асыру үшін қаржы табуға көмектеседі, сонымен қатар кәсіпкерге бизнесті барынша тиімді әрі табысты етіп құру жолдары туралы нақты түсінік пен әрекеттердің алгоритмін береді.