ЖК-ті оңайлатылған тәртіпте қалай жабуға болады
ЖК-ті онлайн жабу кімге рұқсат етіледі, ол үшін нені дайындау керек және қандай себептермен рұқсат берілмеуі мүмкін екені туралы әңгімелейміз
Мақаланың мазмұны
Бизнесті жауып, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеуді тоқтату үшін ЖК-ті тарату қажет. Содан кейін ғана кәсіпкер ретінде қызмет атқару ресми түрде тоқтатылған болып есептеледі, ал кәсіпкердің өзі ЖК салықтары бойынша барлық міндеттемелерден босатылады.
Оңайлатылған тәртіпте ЖК-ті кімге жабуға болады
ЖК-ті камералық бақылау және салықтық тексерістерден өтпей, оңайлатылған тәртіпте жабу үшін барлық келесі шарттарды бірден орындау керек:
- ҚҚС бойынша есепте тұрмау;
- салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз болмау;
- жекелеген қызмет түрлерімен айналыспау;
- салық тексерулері жоспарында болмау — оны ҚР Бас прокуратурасының сайтында «Құжаттар» бөлімінде тексеруге болады;
- тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша жоғары дәрежелі тәуекелге ие болмау.
ЖК-ті жабу алдында не істеу керек
ЖК-ті тіркеу есебінен шығару үшін негіз ретінде қызметті тоқтату туралы өтініш саналады. Оны онлайн беруге болады, бірақ салық органдары өтінішті қабылдауы үшін алдымен бизнесті жабуға дайындап, құжаттарды ретке келтіру керек.
Не істеу керек:
- Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында салық бойынша қарыз бар-жоғын тексеріп, бар болса, өтеу.
- ЖК-тің жабылуы жоспарланған кезең үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу.
- Барлық қызметкерлерді жұмыстан босату.
- Серіктестер алдындағы барлық міндеттемелерді орындап, клиенттерден қарыздарды қайтару.
- ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығу — ол үшін салық төлеушінің кабинетінде 300.00 СЕН-ын толтырып, «тарату» ұяшығын белгілеу керек, содан кейін «ҚҚС бойынша есептен шығу»-ды белгілеп, ҚҚС бойынша тіркеу туралы өтініш беру.
- ЖК-тің банк шотын жабу.
- Онлайн касса бар болса — тіркеу есебінен шығару.
ЖК-ті онлайн қалай жабуға болады
ЖК-ті онлайн үйден шықпай-ақ жабуға болады. Ол үшін:
- салық төлеушінің кабинетінде ЭЦҚ арқылы авторизациялану;
- «Салық есептілігі нысандары» → «Жаңа нысан толтыру» қосымша бетіне өту;
- 5 тармақта «тарату» ұяшығын белгілеп, тарату есептілігін толтырып, кіріс органдарына жіберу;
- «Салық өтініші» → «Қызметті тоқтату» қосымша бетіне өту;
- тарату себебін (көбінесе ол Салық кодексінің 67 бабы) белгілеп, салықтардың бюджеттік сыныптама кодын енгізіп, жіберу керек.
ЖК-ті оңайтылған тәртіпте жабуға қандай жағдайларда рұқсат етілмейді
Қандай себептермен ЖК-ті тіркеу есебінен шығаруға рұқсат берілмеуі мүмкін:
- егер ЖК оңайлатылған тәртіп шарттарына сәйкес келмесе;
- егер тарату туралы өтініш берілген күннен бастап 3 күн ішінде есептілік, банк шотын жабу туралы анықтама және мөрді жою туралы акті уақытында берілмесе;
- егер тарату туралы өтініш берілген күннен бастап 10 күн ішінде салықтар мен әлеуметтік төлемдер төленбесе.
ЖК жабылғаны туралы қалай білуге болады
Тексеру аяқталғаннан кейін және барлық салық міндеттемелер орындалғаннан кейін, салық комитеті ЖК-ті 3 жұмыс күні ішінде таратуға міндетті. ЖК-тің жабылғанын салық төлеушінің кабинетінде, ЖК иесінің ЖСН-і арқылы ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында немесе e-Salyq Azamat қосымшасында тексеруге болады.