Бизнес туралы мақалалар

Қазақстанда Ozon арқылы сауда жасау

54 млн халық назарына түсу

Қазақстанда Ozon арқылы сауда жасау

Мақаланың мазмұны

Ozon — бұл әмбебап сауда алаңы. Маркетплейстің үлкен аудиториясы, ыңғайлы сайты мен қосымшасы, саудагерлермен ынтымақтасу тәсілдері қазақстандық кәсіпкерлерді қызықтыра тартады. Маркетплейс комиссиялары, талаптары және жұмыс ерекшеліктері жайлы осы мақалада айтып береміз.

Маркетплейс артықшылықтары

  1. Сатушы ретінде тіркелу тегін.
  2. Айыппұл жоқ – жеткізу мерзімі кешіксе де, сатып алушы тауардан бас тартса да, еш санкция салынбайды (мысалы, Wildberries-те ол үшін түрлі ақшалай штраф салынады), тек сатушы рейтінгі төмендеуі немесе аккаунты тіпті бұғатталуы мүмкін.
  3. Тауарларды қазақстандағы қоймаларда тегін сақтауға болады (Алматы және Астана қалаларында орналасады). Ресейдегі қоймаларда сақтау құны соңғы 60 күндегі сауда жылдамдығына байланысты болады. Кейбір категориялы тауарларды тегін қоюға да болады.
  4. Техникалық қолдау жылдам көрсетіледі — менеджерлер сұрақтарға жарты сағат ішінде жауап беріп, контент жүктеуге, баға орнатуға және логистика ұйымдастыруға көмектеседі. Олар қазақ және орыс тілінде көмек береді.
  5. Алуан түрлі маркетинг құралдарын қолдануға болады: іздеу жүйесінде жоғары көтерілу, тауарларды категория ішінде, тауар карточкалары ішінде және басқа парақшаларда жарнамалау, түрлі науқандар мен жеңілдіктерге қатысу, сатып алушылардың пікірлерімен жұмыс істеу, т.б.

Ozon-да тіркелу

Маркетплейсте ЖК да, ЖШС да сауда жасай алады. Заңды тұлғалар тіркеу туралы анықтама тапсырады, ал ЖК дара кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама тапсыруы керек.

Тіркелу үшін телефон нөмірін, электронды поштаңызды, тұрғылықты еліңізді, компания ЖСН немесе БСН және дүкен атауын енгізу қажет.

Аккаунтты іске қосу үшін енгізілген мәліметтерді тексеріп, электрон әмиян қосу керек. Одан кейін компания мен Ozon екеуіңіздің арасында оферта, яғни келісімшарт жасалады.

Тауар карточкасын жасау

Келесі қадам — контент енгізу. Тауар карточкасын жасау тәсілдері туралы біз мына мақалада айқындап бердік:

Тауар карточкасы жасалғаннан кейін, ол бір күннен үш күнге дейін модерациялаудан өтеді. Содан кейін сатушы қоймадағы тауар санын жазады. Дүкенге ең көбі 500 карточка енгізуге болады, бірақ сауда көлемі белгілі бір шекке жеткенде, яғни тауар айналымына 100 мың рубль (шамамен 488 мың теңге) қосыла берген сайын, Ozon қосымша 500 қосымша карточкадан беріп отыратын болады. Егер сатушы бірнеше кабинет пайдаланатын болса, онда барлық бағаларды, пікірлерді және іздеу жүйесіндегі орындарды сақтай отырып, тауар карточкаларын кабинеттер арасында ауыстыра алады.

Ozon-да «Ключевые слова» (Кілт сөздер. — Автор ескертпесі) функциясы бар, онда бөлек блокқа карточкаға байланысты барлық сұратым түрлерін жазуға болады. Wildberries-пен салыстырсақ, онда кілт сөздер тек тауар атауында және сипатында жазылады.

Тауардың суреті, бейнесуреті және графикасы сапалы болуға тиіс, себебі олар саудаға тікелей әсер етеді. Мұнда негізгі фотосуретке қоса тағы 14 қосымша сурет жүктеуге болады. Сауда алаңының тауарларға қойған талаптары туралы мына жерде оқуға болады.

Ал тауар жүктегеннен кейін жұмыс істеу тәсілін таңдап, сата бастауға болады.

Маркетплейспен жұмыс істеу тәсілдері

Қазақстандық жеткізушілер маркетплейсте үш түрлі тәсілмен жұмыс істей алады:

  • Ozon тауарларды өз қоймасында сақтап, өзі жинақтап, орап, клиентке жеткізсе, ал сатушы оны тек қоймада сақтауға тапсыратын болса, онда ол FBO деп аталады.
  • Сатушы тауарларды өзінде сақтап, тапсырыстарды өзі қадағалап, жинақтап,  клиентке жіберу үшін Ozon қабылдау пунктіне жеткізіп отырса, ол FBS деп аталады.
  • Ozon тек тауар витринасы ретінде пайдаланылса, ал сатушы тауарларын өзі сақтап, өзі жинақтап, клиентке логистика қызметі арқылы немесе басқа да тасымалдаушылармен жеткізетін болса, ол RealFBS деп аталады.

Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге FBS тәсілін таңдаған дұрыс, себебі ол арқылы тауарға деген сұраныс қандай екенін тексеріп, алаңға жайлы кіріп, орналасуға болады. Сатушылардың көбі бірнеше тауар категориясын бірден сынап, тауар сататын салаларды тексеріп, тек бестселлер тауарларды ғана қалдырады. Ал бірден ірі сауда жасағылары келгендерге FBO тәсілін таңдаған жөн: бұл жерде тауар клиентке тезірек жететін болады, ал ол рейтингіңізді де, саудаңызды да жақсы көтеретін болады.

Сондай-ақ, бір партия тауарды ресейлік складтарға тікелей жібергісі келетін кәсіпкерлер тауарларды қазақстандағы екі сұрыптау орталықтарының біреуінде қалдыра алады, ал Ozon оны өзі Мәскеуге жіберіп, негізгі қоймаларға реттеп жіберетін болады. Бұны тек FBO тәсілімен істейтіндер ғана пайдалана алады.

Ozon тарифтері

Комиссия мөлшері тауар категориясына және таңдалған жұмыс схемасына байланысты болады. FBO тәсілімен істейтін сатушыларға 3%-дан 23%-ға дейінгі мөлшерлеме қойылады.

FBS немесе RealFBS тәсілдерін таңдаған сатушылардың мөлшерлемесін мына жерде анықтауға болады. Ал Ozon калькуляторы көмегімен комиссия мөлшерін және саудадан түсетін болжалды табысты алдын-ала есептеп алуға болады.

Ozon сатушысының басқа да шығыны

Сатылған тауар үшін ұсталатын комиссияға қоса, сатушы мынадай шығындарды да ескеруі керек:

  • эквайринг — банк комиссиясы (ең көбі — тапсырыс құнының 1,5%),
  • сатып алушыға жеткізу шығыны — сауда тәсіліне байланысты болады,
  • тауар қайтарылғанда, сатып алынбағанда, клиент одан бас тартқанда кететін шығын,
  • басқа да қызметтерге кететін шығын.

Ozon қабылдау пунктілері

Қазақстанда тауар қабылдау пунктілері Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Қазір Ozon тауарларды қазақстандық қоймаларда сақтағаны үшін ешқандай ақы алмайды.

Егер сатушы күніне 10 тауар жөнелтсе, онда ол агенттердің тауар беру пунктісін таңдап, тапсырыстарды сонда жібере алады.

Егер жөнелтім саны оннан асып кетсе, онда Астанада немесе Алматыда орналасқан сұрыптау орталықтарының біреуін таңдау керек. 

Егер тапсырыс саны бір-ақ рет өссе немесе азайса, пунктілер тауарды қабылдай салады. Бірақ егер тапсырыс саны үнемі өзгеріп тұрса, онда басқа тауар жіберу пунктін таңдау керек болады.

Қажет құжаттар

Егер сіз сертификатталатын тауар сататын болсаңыз, онда Ozon оның қауіпсіз екенін растайтын құжат сұрауы мүмкін. Қазақстандық жеткізушілер маркетплейске тауар сатуға рұқсат ететін құжаттардың біреуін, яғни сәйкестік декларациясын, сәйкестік сертификатын немесе өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік ұсынуға тиіс.

Егер сіз басқа біреу жасаған тауар сататын болсаңыз, онда өндірушіден сертификат сұрап алуыңыз керек, ал егер тауарды өзіңіз шығаратын болсаңыз, онда мамандарға барып, дайындатып алуыңызға болады.

Егер тауарды сертификаттау керек болмаса, онда оған ерікті сертификат жасауға немесе бас тарту хатын жасап алуға болады.

Сатушыны бұғаттау

Сатушы аккаунтында еш қозғалыс болмаса, яғни мына жағдайларда: егер тауар оферта қабылдағаннан кейін 45 күн ішінде жүктелмесе; егер ақырғы сауда 90 күн бұрын өтсе; егер карточка жүктегеннен кейінгі 60 күнде бірде-бір сауда болмаса, Ozon аккаунтты бұғаттап тастайды.

FBS тәсілімен істейтін сатушылардың тауарлары мына жағдайларда бұғатталады: егер ол тауар жеткізуден жиі бас тартса, егер тауарды кешіктіріп жіберсе немесе уақытында курьерге тапсырмаса. Бұл жағдайларда Ozon сауданы үш күнге тоқтатып, сатушыға логистиканы жақсартуға бір жұма уақыт береді. Егер ол уақыт ішінде ештеңе де өзгермесе, маркетплейс тауар немесе қойманы үш күнге қайта бұғаттайды. Сатушы тауарларды уақытында жеткізбегенше, мұндай жағдай қайталана беретін болады.

Ozon сатушылардың қойған бағаларын да қадағалап отырады: егер барлық тауарлар басқа сатушылардың тауарларынан 7% қымбат болса, сауда алаңы сізге ескерту жасап, бағаларды өзгертпегеніңізше, тауарларды бұғаттап тастайды. Мұндай жағдай бағаларды тым төмен қойғанда да болуы мүмкін: кейде сатушы тауар жеңілдігін дұрыс есептемей, оның бағасы өте төмендеп кетсе, Ozon тауарларды бұғаттап, дүкеніңізді шығынға батпаудан қорғайтын болады.

Маркетплейс тауарларды мына себептермен бұғаттайды: егер тауарға қатысты қандай да бір құжат жетіспесе, егер сіз тыйым салынған өнім сатпақшы болсаңыз, егер тауар карточкасы тауардың өзіне сәйкес келмесе, немесе егер тауардың немесе брендің автор құқығы бұзылса.

Маркетплейс кемшіліктері

  1. Сатылған тауарлардың төлемі сатушыға дүкен айналымы 1 000 долларға жеткен жағдайда ғана және айына екі-ақ рет төленеді. Егер қажет сома жиналмай жатса, Ozon төлемді аталған шекке жеткен кезде бірақ жіберетін болады. Ал Wildberries болса, төлемдерді аптасына бір рет жіберіп отырады.
  2. Ozon кәсіпкер құжаттарын мұқият тексереді, оған да бір-екі күн кетеді. Маркетплейс барлық мәліметтерді қарастырып, қандай да бір қате тапса, немесе қандай да бір құжат жетіспейді десе, тіркелуге рұқсат бермеуі мүмкін.


Тауарларды Ozon арқылы тек Қазақстанға ғана емес, ТМД басқа да елдеріне сатуға болады. Сауда алаңының жалпы аудиториясы — 54 млн адам. Маркетплейс тауарды өзі жеткізіп те береді, қоймаларында да сақтайды және жарнамалауға да көмектеседі.