ЖК қызметін қалай тоқтата тұруға болады
Салық есептілігін беруді тоқтата тұру кімге рұқсат етіледі, қызметті уақытша тоқтатудың ең ұзақ мерзімі қандай және ол үшін не істеу керегі туралы
Мақаланың мазмұны
Егер бизнесті жүргізу уақытша қолайсыз болса, бірақ оны ресми түрде жапқыңыз келмесе, қызметті тоқтата тұруға болады. Бұл жағдайда кәсіпкер салық есептемесін беруді уақытша тоқтата отырып, өзінің ЖК мәртебесін сақтап қалатын болады.
Қызметті тоқтата тұру мүмкіндігін кім қолдана алмайды
Қызметті тоқтата тұру мүмкіндігі кейбір ЖК-тер үшін қолжетімсіз. Оған келесілер жатады:
- біріңғай жер салығын төлейтін, патент бойынша жұмыс істейтін және арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режиміндегі (АСР) шағын кәсіпкерлікке жататын ЖК-тер;
- ойын бизнесі субъектілеріне салынатын салықты төлейтін ЖК-тер;
- АСР-дегі ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруші ЖК-тер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері;
- тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша жоғары дәрежелі тәуекелге ие ЖК-тер (АСР-дегі ЖК-тер жатпайды).
ЖК-тің тәуекел дәрежесі неге байланысты
ЖК-тің тәуекел дәрежесі оның салықтарының, әлеуметтік төлемдері мен аударымдарының уақытында төленуіне, салық хабарламалары мен ескертулерінің санына, сенімсіз контрагенттермен жұмыс істеуіне байланысты.
Жоғары дәрежелі тәуекелге ие компаниялар салық тексерулеріне бірінші кезекте ұшырайды. Сонымен қатар, оларға салық есептілігін тоқтатуға рұқсат берілмейді.
Қызметті қандай мерзімге тоқтата тұруға болады
Қызметті тоқтата тұрудың жалпы мерзімі — 3 жыл. Жұмысты қысқа мерзімге уақытша тоқтатып, қажет болған жағдайда мерзімін ұзартуға болады. Ол үшін салық төлеушінің кабинеті арқылы салық комитетіне сәйкес өтініш жіберу керек.
Егер қызметі тоқтап тұрған кезеңде ЖК табыс тапса, оның жұмысы автоматты түрде қайта басталды деп саналатын болады.
Қызметті уақытша тоқтату үшін не істеу керек
Патенттегі ЖК иелеріне қызметті тоқтату туралы өтініш беру жеткілікті. Қалғандары келесі құжаттарды тапсыру керек:
- ЖК-тің барлық салықтары мен төлемдері бойынша салық есептілігі;
- ҚҚС төлейтін ЖК үшін — ҚҚС бойынша есептен шығу туралы өтініш;
- салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру туралы өтініш.
Салық есептілігін беру кезеңі ретінде жұмыс уақытша тоқтатылатын кезең саналады, ал салық кезеңінің соңы болып өтініш беру күні есептеледі.
Салық есептілігі қабылданғаннан кейін салық есептілігін тоқтату туралы өтініш жіберу керек. Сонда жер салығы, мүлік және көлік салығынан басқа барлық салықтар бойынша есептілік беру уақытша тоқтатылады. Ол деген қызметтің уақытша тоқтағанын білдіреді.
Салық комитеті өтініш жіберілген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде шешім қабылдап, қызметті тоқтата тұруға рұқсат бергені немесе бермегені туралы хабарлайды. Патенттегі ЖК-тер үшін шешім өтініш берілген күні қабылданады. Қабылданған шешім туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында білуге болады.
Қызметті тоқтата тұруға арналған рұқсат қандай жағдайларда берілмеуі мүмкін
Салық комитеті келесі жағдайларда рұқсат бермеуі мүмкін:
- қарыз бар болса — ол төленбеген айппұлдар мен өтініш беру күніне жиналған салықтар мен әлеуметтік төлемдердің өсімпұлдары;
- салық есептілігі тапсырылмағанда;
- ҚҚС төлейтін ЖК-тер ҚҚС бойынша есептен шығу туралы салықтық өтініш бермегенде;
- ЖК әрекет етпейтін салық төлеуші болып саналатын болса;
- орындалмаған салық хабарламалары бар болғанда.
Егер қызметті уақытша тоқтатуға рұқсат берілмесе, ЖК-тің кезекті салық есептілігі әдеттегідей тапсырылуға тиіс.
Қызметті тоқтата тұру мерзімін ұзарту туралы өтінішті қашан беру керек
Мерзімді ұзарту туралы өтінішті қызметті тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін беру керек. Жалпы уақытша тоқтату мерзімінің ұзақтығы 3 жылдан аспауы керек.
Қызметті қайта бастау туралы өтінішті қашан беру керек
Қызметті ертерек бастау үшін арнайы өтініш беру керек, ол өтініште салық есептілігін қайта тапсыру жоспарланған кезеңді көрсету керек.
Қызметті тоқтата тұрған уақытта жұмыс істеуге болады ма
Салықтар мен жарналарды төлеуді талап ететін қызмет атқаруға болмайды. Оған, мысалы, тауар сату, құрал-жабдық сатып алу, қызметкерлерге еңбекақы төлеу жатады.
Егер салық комитеті ондай әрекеттер туралы біліп қойса, кәсіпкерге хабарландыру жібермей-ақ, оның қызметі қайта басталды деп санайтын болады. Бұл жағдайда қызмет қайта басталған кезеңде салық есептілігі тапсырылуы керек болады.
ЖК-ті автоматты түрде жабу: қызметті уақытында бастамасаңыз, не болады?
Егер қызметті тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін 60 күн ішінде ЖК қайта жұмыс істеуді бастамаса, салық комитеті оны тіркеуден шығаруға құқылы. Бірақ, ол үшін келесі қосымша шарттарды бірден орындау керек:
- төлейтін салықтар мен әлеуметтік төлемдердің барлық түрлері бойынша қарыз болмау;
- меншікте БКМ жоқ;
- ҚҚС бойынша есепте 3 жыл бойы тұрмау;
- жекелеген қызмет түрлері тізіміндегі қызметпен айналыспау;
- салық тексерулері жоспарында болмау — оны ҚР Бас прокуратурасының сайтында «Құжаттар» бөлімінде тексеруге болады;
- тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша жоғары дәрежелі тәуекелге ие болмау.
Егер осы шарттардың барлығын орындау мүмкін болмаса, кәсіпкерлікті жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте немесе оңайлатылған тәртіпте жабуға болады.
Патенттегі ЖК-ті автоматты түрде жабу
Патенттегі ЖК келесі үш шартты бірден орындаса, оны автоматты түрде жабуға болады: патенті жаңартылмаса, салық бойынша берешегі болмаса, меншігінде бақылау-касса машинасы болмаса.