Бизнес туралы мақалалар

Бизнеске жылдың қаржы қорытындысын жасау

Түсімді, пайданы, шығындарды және қызметкерлердің тиімділігін есептеу

Бизнеске жылдың қаржы қорытындысын жасау
Самал Абуова

Самал Абуова

қаржыгер-маркетолог

Мақаланың мазмұны

Бизнеске жылдың қалай өткенін түсіну, өзекті мәселелерді анықтау және болашақтағы дамуды жоспарлау үшін жыл соңында нәтижелерді қорытындылау маңызды. Осы мақалада назар аударуға тұрарлық көрсеткіштерді қарастырамыз.

Пайданы, түсімді және шығындарды бағалау

Жылдың қалай өткенін түсіну үшін екі негізгі көрсеткішті — түсім пен пайданы есептеу керек.

Түсім — бұл компанияның бір жыл ішінде тапқан бүкіл ақшасы. Оны есептеу үшін кәсіпкер бір жыл ішінде клиенттердің тауарлар үшін немесе көрсетілген қызметтерге төленген барлық ақшаны қосып, шығындарды шегермей тұру керек. Мысалы, компания 2 мың бәлішті әрқайсысы 3 мың теңгеден сатса, одан түскен түсім 6 млн теңгені құрайды.

Пайда — бұл барлық шығындарды төлегеннен кейін қалған ақша. Мысалы, бір жылдағы түсім 6 млн теңге болса, азық-түлікке, жалақыға, орынды жалдауға және коммуналдық шығындарға 2,2 млн теңге жұмсалады, демек таза пайда: 3,8 млн теңгені құрайды.

Оң пайда компанияның жұмсағанынан көбірек табыс тапқанын көрсетеді — бұл жақсы көрсеткіш. Егер пайда теріс мәнде болса, онда не нәрселерді жақсарту керектігін ойланған жөн.

Қорытынды пайданы мыналармен салыстыру керек:

  • былтырғы табыспен — одан аз ба әлі көп пе: егер былтыр пайда 2,3 млн теңге болып, ал биыл 3,8 млн теңгеге жетсе, онда компания мен команда жақсы нәтиже көрсетті деген сөз, сыйлықақы жайында ойлана беруге болады.
  • осы жылға қойылған жоспардың орындалуы — егер 80%-дан артық орындалса, жақсы нәтиже, ал егер 80%-дан төмен немесе 100%-дан едәуір жоғары болса, онда жоспардың қаншалықты дұрыс қойылғанын талдау қажет.

Егер бір жылға қойылатын пайда табу жоспары болмаса, онда оны келесі жылға жоспарлап қою керек — бұл көрсеткіш шынайы ғана болып қоймай, алға қарай ұмтылуға жетелеуі тиіс.

Шығындарды талдау

Компания түсімді салыстырып, былтырға қарағанда биыл көбірек ақша тапқанын анықтады. Сырт көзге бәрі жақсы болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл жерде шығындарды қарап, бизнесті басқаруға және жарнамаға кеткен ақшаны санау керек.

Шығындардың екі түрі бар:

  • әкімшілік — бұл бизнесті басқаруға жұмсалатын ақша: директордың, бухгалтердің жалақысы, кеңсені жалдау, кеңсе тауарлары, интернет, телефон
  • коммерциялық — бұл жарнамаға, сатушылардың жалақысына, тауарлардың қаптамасына кететін ақша

Егер түсім өссе, онда коммерциялық және әкімшілік шығындардың үлесі төмендеуі керек. Шығындар, оның ішінде, қызметкерлердің жалақысы өсуі мүмкін, бірақ түсім одан да тезірек өсуі керек.

Мысалы, компанияның осы жылғы түсімі 6 млн теңгені, ал әкімшілік және коммерциялық шығындары 2,2 млн теңгені құрады.

Санаймыз: 2,2 млн ÷ 6 млн × 100% = 36,6%. Бұл дегеніміз, түскен түсімнің 37%-ы шығындарға кетті.

Өткен жылмен салыстырайық: сол жылы шығындар 1,7 млн теңге, ал түсім 4 млн теңге болды. Санаймыз: 1,7 млн ÷4 млн × 100% = 42,5%. Өткен жылы шығындардың үлесі жоғары болды, осы жылы — одан төмен болып шықты.

Шығындар өскенімен, бірақ түсімнің арақатынасымен салыстырғанда сандар азая түсті, яғни компания дұрыс бағытта дамып келе жатыр.

Керісінше, түсім өсіп, оның үстіне шығындар да өссе өкінішті болар еді. Мысалы, түсім — 6 млн, шығындар — 3 млн. Сонда түсімдегі шығыстардың үлесі 50%-ға тең болады. Бұл әрі тиімсіз, әрі табыстылық төмендейді.

Сондықтан бизнестің өсуі шығындардың негізсіз көбеюіне әкеп соқтырмайтынына көз жеткізу маңызды.

Қызметкерден түсетін табысты есептеу

Шығындарды толығырақ қарастырсақ, онда әр қызметкер қанша табыс әкелетінін және мұндай штатты ұстау тиімді ме, жоқ па, бөлек есептеуге болады.

Мысалы, компанияда 16 адам жұмыс істейді, ал бизнестің жыл сайынғы түсімі — 50 млн теңге. Санайық: 50 млн ÷ 16 адам = 3 125 000 теңге — бұл әр қызметкердің компанияға әкелетін сомасы.

Биыл компания тағы 15 адамды жұмысқа алды, түсімі 75 млн теңгені құрады деп елестетіп көрейік. Санаймыз: 75 млн ÷ 31 адам = 2 419 355 теңге — бұл биыл әр қызметкерден түскен ақша.

Бұрын жұмысшылар саны аз болғанымен, компания қазіргіден қарағанда көп ақша тапқан екен. Табыстың өсуі жай сөз ғана.

Осы әдіс бойынша түсімді әр бөлімдерге — сату менеджерлеріне, логистерге, байланыс орталығының операторларына бөлек есептеуге болады. Бұл әдістің логикасы келесіде: қызметкерлер санының өсуімен компанияның ақша түсімі де өсуі керек, әйтпесе сонша адамды жалдаудың пайдасы не.

Ақша қозғалысын бағалау

Қорытынды жасау кезінде қаржыгерлер ақшаның қайдан келгенін және қайда жұмсалғанын көру үшін ақша қаражаттарының қозғалысы (АҚҚ) туралы есеп дайындайды. Ол үш бөліктен тұрады:

  • операциялық қызмет — бизнестің түсімдері мен шығындары: сауда, шоттарды төлеу
  • инвестициялық — жабдыққа, активтерді сатып алуға немесе сатуға жұмсалатын шығындар
  • қаржылық — несиелер, қарыздар, дивидендтер төлеу

АҚҚ есебі ақшаның қайдан келетінін көрсетеді — мысалы, сұлулық салоны макияж жасауға қарағанда маникюр қызметтері көбірек пайда әкелетінін көре алады. Есеп артық шығындарды табуға көмектеседі және ақша қозғалысының толық көрінісін айқындай түседі. Егер пайда түсіп, бірақ банк шоттарында ақша аз қалса, олардың қайда кеткені бірден түсінікті болады. Мысалы, компания ақшаның көп бөлігі орынды жалдауға кететінін көріп, жақсырақ шарттары бар басқа орын іздеуге немесе қызметтердің құнын көтеруді ойластырады.

Жылдың әр айы бойынша деректерді талдау маңызды: қанша ақша түсті, қанша жұмсалды және әр айдың соңындағы қалдық қандай болды. Келесі жылы компания өткен жылдың тәжірибесіне сүйеніп, белгілі бір айларда маусымдық ерекшеліктерге байланысты табыс азаятынын алдын ала біліп, қосымша ақша дайындайды немесе несие алуды қарастырады.

Бұл құжат компанияға келесі жылы бұндай жағдайлар қайталанатын болса, дайындалып, алдын ала стратегия құруға көмектеседі.

Бизнестің табыстылығын есептеу

Жылдың соңында бағалауға тұрарлық тағы бір көрсеткіш — бұл капиталдың табыстылығы. Есептеу бизнеске салған ақшаның қаншалықты тиімді пайдаланылатынын көрсетеді.

Капиталдың табыстылығы келесі формула бойынша есептеледі: 

Жылдық таза пайда ÷ Инвестиция × 100%

Мысалы, кәсіпкер бір жыл ішінде 50 млн теңге таза пайда тапты, ал ең басында бизнеске 25 млн теңге салды. Санайық: 50 млн ÷ 25 млн × 100% = 200%

Есептеулерді жеңілдету үшін біздің калькуляторымызды пайдалана аласыз:

Бұл көрсеткішті өткен жылдардағы нәтижелермен және банк салымдарынан түскен пайдамен салыстыру қажет. Мысалы, банк депозиттері бойынша жылына 15% сыйақы ұсынады, ал бизнес жылына 200% пайда әкелді, бұл бизнестің өте тиімді екенін және оған инвестиция салу дұрыс шешім болғанын көрсетеді.

 

Жылды қорытындылау — бұл тек сандармен әуре болу ғана емес. Қорытынды жасау арқылы қандай тауарлар мен қызметтердің көбірек пайда әкелетінін және қайсысы қайта қарастыруды талап ететінін түсінуге мүмкіндік береді, кемшіліктерін анықтап, көзқарасты өзгертуге, келесі жылға нақты мақсаттар қоюға мүмкіндік береді — мысалы, түсімді ұлғайту, шығындарды азайту немесе қызмет көрсетуді жақсарту. Басшы бизнес жүргізудің мұндай көрсеткіштерін жылына бір реттен жиі пайдалана алады. Тоқсандық және айлық көрсеткіштерді салыстырып, түзетулер енгізіп, дер кезінде тиімді шешімдер қабылдай алсаңыз, табысқа жете аласыз.