Teez-де сауда жасау

Сатушыларға арналған жаңа маркетплейстің шарттарын зерттейміз

Teez-де сауда жасау

Teez — бұл 2024 жылдың қыркүйегінде іске қосылған қазақстандық маркетплейс. Қалың жұртқа өздерін тауарларды бір күнде жеткізетін алаң ретінде таныстырды. Бүгінгі таңда жоба 27 қаланы қамтиды, 50-ден астам тапсырыс беру пункттері жұмыс істейді. Алаңның шарттарын, артықшылықтары мен кемшіліктерін, комиссиялар мен жұмыс істеу тәсілдерін осы мақалада қарастырайық.

Маркетплейстің артықшылықтары

Маркетплейсте сауда бастайтын сатушыларға логистика, контент және алаңды игеру тарапынан үнемдеуге көмектесетін бірқатар тиімді шарттар бар:

  • тауарды қоймада үш айға дейін сақтау тегін. 2025 жылдың 1 тамызына дейін барлық тауарларға сақтау тегін, кейін — тек айналымы үш айға дейінгі тауарларға ғана қолжетімді болады
  • сатушыларға салынатын айыппұлдар жоқ — бір күн ішінде жеткізу, орау, сатып алушылардың тауар қайтаруы және кассалық шығындар комиссияның мөлшеріне қосылған
  • тауарлардың фотосуреттерін түсіруге және өңдеуге көмектесетін Teez Studio атты контент жасайтын студиясы бар — 2025 жылдың 31 шілдесіне дейін тегін, кейін — бір тауар позициясына (SKU) 1 500 теңге алады
  • сатушының қалауын ескере отырып, тауарларды орау қызметі — 2025 жылдың 31 шілдесіне дейін тегін
  • маркетплейс ұсынатын тегін оқу, әртүрлі курстар қамтылған — олар онлайн және офлайн өтеді, алдын ала жазылу керек

Teez-де тіркелу

Маркетплейсте Қазақстанда тіркелген ЖК және ЖШС ғана сауда жасай алады. Өз өндірісіңіздің тауарларын да, қайта сату үшін сатып алынған тауарларды да сатуға болады. Ірі брендтер мен үлкен өндіріс көлемі бар кәсіпкерлер басқа сатушылар сияқты стандартты агенттік келісімшартты таңдай алады немесе жеткізу келісімшартын жасай алады — бұл жағдайда тауарлар маркетплейс брендінің атынан сатылады.

Тіркелу тегін. Жұмысты бастау үшін сатушының жеке кабинетінде тіркеліп, телефон нөмірін және электронды поштаңызды енгізіп, құпиясөз ойлап тауып, тіркеуді растау керек. Кейін компанияның жеке мәліметтерін толтыру керек. Бір ЖК немесе ЖШС-ға тек бір жеке кабинет ашуға болады, ал сатушының аты-жөні ЖК немесе ЖШС иесінің атымен сәйкес келуі керек.

Келесі қадам — бір немесе бірнеше банк шоттарын қосу, оларға саудадан тапқан ақша түседі. Барлық банк шоттары ЖК немесе ЖШС-ның атында болуы керек, әйтпесе ақша түспей қалады.

Деректер бір күн ішінде тексеріледі, содан кейін «Тексеруден өтті» күйіне ауысады. Енді дүкен ашып, тауар карточкаларын толтыра аласыз.

Тауар карточкаларын жасау

Маркетплейсте бір аккаунт бойынша 20-ға дейін дүкен ашуға болады. Әр түрлі санаттағы тауарларға — мысалы, балалар киімдері мен үй жануарларының тауарларына алаң бөлек дүкен ашуға кеңес береді, өйткені болашақта олардың әрқайсысын бренд ретінде қалыптастыруға болады.

Тауар карточкасын жасау үшін қажет дүкенді таңдап, «Тауарлар» бөлімінде «Тауар қосу» батырмасын басу керек. Содан қажет өрістерді толтырып, фотосуреттер мен бағаларды қосу керек. Егер тауардың түрлері 100 SKU-дан асатын болса, серіктестерді қолдау қызметіне жазуға болады, олар тауарларды алаңға жүктеуге көмектеседі. Бір тауарға бес фотосуретке дейін қосуға болады. Коллаждар мен инфографикаға тыйым салынады. Фотосуреттерге қойылатын талаптар осы сілтеме бойынша жазылған. Әр сатушылардың тауар карточкалары тек өздеріне тиесілі.

Тауар туралы ақпарат екі тілде — қазақ және орыс тілдерінде болуы тиіс — бұл «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңының талабы. Сатып алушы ақпаратты қолданбада таңдалған тілде көреді.

Жалпы, тауар карточкасын толтыру барысы стандартты. Эмодзилер мен артық таңбаларды, CapsLock, «жаппай сатылым», «жеңілдіктер», «акция», «тренд», «хит», «тегін», «тиімді» және т.б. сияқты сөздерді қолдануға тыйым салынады.

Қазақстанда шығарылған тауарларды бөлек белгілеуге болады, олар жергілікті өндірушілерді қолдау үшін іріктеліп алынған топтамаға түседі. Жаңа брендті қосу үшін сканерленген тауар белгісіне куәлігі мен тіркелген елді көрсететін тауар белгісінің нөмірін қосу қажет. Кәсіпкерлер тек түпнұсқа тауарларды сата алады, ұқсатып жасалған жалған тауарлар қоймада қабылданбайды, егер сатып алушыдан наразылық түскен жағдайда алаң тауардың түпнұсқалығын растайтын құжаттарды сұрайды. Жалған тауарлардан басқа, пайдаланылған тауарларды, сондай-ақ елде сауда жасауға тыйым салынған тауарларды сатуға болмайды.

Тауарды қоймаға жөнелту

Алаң CFBO моделі бойынша жұмыс істейді — бұл модель бойынша сатушы тауарды орталық қоймаға жеткізу пункттері арқылы жеткізеді, ал сатып алушыларды тарту, логистика, сақтау және дайын тапсырыстарды беруді маркетплейс өз мойнына алады.

Барлық тауарлар Қарағандыдағы орталық қоймада сақталады. Бұл жерге тауарларды үш жолмен жіберуге болады:

  • Қарағандыдағы қоймаға өз бетінше келу — рұқсат қағазы керек жоқ
  • Teez Shipping логистикалық қызметін пайдалану — 2025 жылдың 31 шілдесіне дейін басқа қалалардан жеткізу тегін, тауарларды кросс-доктан, тапсырыстарды табыс ету пункттерінен немесе қалаға байланысты нақты мекенжайдан жіберуге болады
  • көлік компанияларының қызметтеріне жүгіну

ЭШФ жіберудің қажеті жоқ — офертаның шарттары бойынша сатушы тауарларды сату алаңына өткізуге береді, маркетплейс тауар сатылғаннан кейін өзі есеп беру құжаттарын жібереді. Тауарға жүкқұжат қажет — оны өзіңіз жасай аласыз немесе маркетплейстің қызметін пайдалана аласыз — алаң тауарды қаптаманы ашпай-ақ ақауы жоқтығын тексеріп, штрих-кодты жапсырып береді, жүкқұжат шығарып, қоймаға жібереді. 2025 жылдың 31 шілдесіне дейін бұл қызмет тегін. Тауарлар қоймаға түскен кезде, алаң оны жедел қабылдаудан өткізіп, жүкқұжатты сканерлейді. Азық-түлікке міндетті түрде сертификаттар қажет, басқа тауарларға клиенттерден немесе Teez сапаны бақылау қызметінен наразылық түскен кезде құжаттар сұралады.

Тауарларды қоймаға жіберіп қойған сатушылар Teez University оқыту орталығынан маркетплейсте тауарларды сату бойынша тегін оқытуға шақыру алады.

Teez-де тауарларды жарнамалау

Маркетплейстің сатып алушыларды тартуға арналған ішкі маркетинг құралдары бар:

  • іздеу жүйелерінің талаптарына сәйкес оңтайландыру — бұл тауарлар іздеу нәтижелерінде жоғары орындарға шығару үшін қолданылатын түйінді сөздер. Teez-дің өзі толтыру кезінде сатушыларға кеңестер береді, сонымен қатар бәсекелестердің карточкаларын көруге және Яндекс Вордстат, Google Trends сияқты аналитикалық қызметтерді пайдалануға болады
  • қолданбада орналасқан баннерлер — басты беттің жоғарғы жағындағы жарнама блоктары
  • топтамалар — бұған кіру үшін маркетплейстің қолдау ботындағы «Маркетинг» бөлімінде өтініш беруге болады, егер бәрі ойдағыдай өтсе, тауар топтамаға қосылады, ал нәтижесін электронды поштаға жібереді
  • маркетплейстің промокодтары — сатушының қаржысына әсер етпейді, болашақта сатушылардың жеке промокодтарын жасауға болады, олар сатушының қаржысына әсер ететін болады
  • push-хабарламалар — жеңілдіктер мен жаңа тауарлар туралы хабарлайды

Сыртқы құралдар маркетплейстер үшін стандартты болып табылады — бұл бөлісуге болатын тауар карточкаларына әкелетін сілтемелер, шолулар мен посттар ретінде берілетін әлеуметтік желілердегі жарнама, арнайы хэштегтер және таргет жарнамасы, WhatsApp Business-те автоматтандырылған жауаптары бар онлайн-сөрені орнату, жаппай хабарлама жіберу, белсенді аудиториясы бар блогерлердегі жарнама.

Teez тарифтері

Комиссия мөлшері тауардың бағасына байланысты — тауардың бағасы неғұрлым жоғары болса, маркетплейстің сыйақы пайызы соғұрлым төмен болады. Мөлшерлеме 3%-дан 35%-ға дейін қойылады.

Ең төменгі баға бойынша шектеулер бар — бағаны 99 теңгеден төмен белгілеуге болмайды. Маркетплейс бағасы 1 500 теңгеге дейінгі тауарларды жиынтықтарға біріктіруді кеңес береді. Мысалы, бір шұлықтың орнына — бірнеше шұлық жиынтығын сату. Бұл орташа чекті көбейтеді және комиссияның пайызын төмендетеді.

Басқа маркетплейстерге қарағанда, Teez комиссиясына мыналар кіреді:

  • тауарларды қабылдау және қоймада орналастыру
  • тапсырыстың толық циклі: жинау, орау, жеткізу, қайтару
  • эквайринг және кассалық қызмет көрсету шығындары
  • сатушыларды қолдау

Кәсіпкер саудадан түскен ақшаны сатып алушы тапсырысын алғаннан кейін бірден ала алады. Ақша шығарудың ең төменгі сомасы — 5 000 теңге. Ақша банк шотына бір күн ішінде түседі. Ерекше жағдайларда — 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Ақшаны күніне бір реттен артық алуға болмайды.

Жақын арада күтілуде

Teez қызметі дамуын жалғастыруда және сатушыларға бірнеше пайдалы қызметтерді дайындап жатыр:

  • Teez Buyer қызметі ұсынған зауыттардан сатып алу және жеткізу — сатушылар тауарларды Қытай, Түркия, Еуропа және басқа елдердің зауыттарынан арзан бағамен тікелей тапсырыс бере алады. Алаң сатып алумен, Қазақстанға жеткізумен айналысады, тіпті тауарларды бірден сұрыптау орталығына әкеледі — онда тауар тексеріліп, оралып, сатуға жіберіледі
  • Teez Social контент арқылы тауарды сату — Teez-дің жаңа медиа қызметі блогерлерге контент жасау және сатушыларға сатылымды арттыру арқылы ақша табуға мүмкіндік береді. Сатып алушылар сатып алған тауарлар туралы қысқа бейне шолулар мен посттар жаза алады, ал сатушылар фотосуреттерді, бейнелерді және сипаттамаларды пайдаланып тауарларды жарнамалай алады. Бейнелер тауар карточкасында да, қолданба ішіндегі арнайы лентада да пайда болады
  • Teez Analytics қызметі сатушыларға табысты тауашалар мен тауарларды таңдауға және қалдықтарды тиімді басқаруға, сұранысты талдауға және табысты арттыруға көмектеседі

Teez барлық жаңалықтары туралы жақын арада айтуға сөз берді, жаңалықтарды олардың телеграм-арнасынан оқуға болады.

Teez кемшіліктері

Teez әлі де жаңа маркетплейс болғандықтан, сатушылар басында қиындықтарға тап болуы мүмкін:

  • есепке алу жүйесіндегі ақаулар — тауарлар қоймада тізімделіп, бірақ жеке кабинетте жоқ деп көрсетілген жағдайлар болды
  • шағын ассортимент — әзірге маркетплейсте тауарлар аз болғандықтан, сатып алушылардың саны шектеулі және сатылымның деңгейі төмен болуы мүмкін
  • тауар карточкаларының астында пікірлер жоқ — алаң тез арада бұны іске қосуға уәде берді

 

Teez — жаңа қазақстандық маркетплейс, қазір ол сатушыларға тауарларды қоймада тегін сақтау сияқты тиімді шарттар мен логистиканы, маркетинг құралдарын ұсынады. Алаң дамып келеді, сұранысты талдау және блогерлермен бірлесу сияқты жаңа қызметтерді қосуды жоспарлап жатыр. Кейбір қиындықтарға қарамастан, Teez Қазақстандағы бизнес үшін болашақта әлеуеті зор алаңға айналуы мүмкін. Басқа маркетплейстерде сауда жасау, бизнесті алға бастыру жолында жиі жіберілетін қателіктер, келешегі бар тауашалар туралы толығырақ осы сілтеме арқылы біле аласыз.