2023 жылғы шілдеде заңнамаға енгізілетін өзгерістер
Жеке кәсіпкерлердің әлеуметтік аударымдарын және зейнетақы жарналарын есептеу, еңбек биржасымен жұмыс істеу, сырқат жәрдемақысының мөлшері және төрт күндік жұмыс аптасы
Мақаланың мазмұны
2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда Әлеуметтік кодекс іске қосылады. Кодексте азаматтардың негізгі әлеуметтік құқықтары белгіленіп, әлеуметтік қолдау шаралары қайта қаралып, жаңартылатын болады. Құжат онға жуық заңды біріктіріп, жұмыссыздық және жұмысқа орналастыру, табысы төмендерге көмек көрсету, мүгедектерді қорғау, зейнетақы мәселелерін және тағы да басқа категорияларды қамтиды. Кодекс өткен күнгі мерзімнен бастап істемейді, оның қағидалары дәл күшіне енген күннен бастап орнатылады.
Сонымен қатар, Еңбек кодексінде сырқат ақысын есептеу тәртібіне және жұмыс кестесіне байланысты өзгертулер де күшіне енетін болады. Біз кәсіпкерлерге қатысы бар маңызды жаңартулар туралы осы мақалада айтып береміз.
МЗЖ және ӘА
Жеке кәсіпкерлер енді өздері үшін төленетін міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен әлеуметтік аударымдарды (ӘА) бірдей сомадан есептеуге тиіс болады.
Мысалы, егер кәсіпкердің табысы 200 000 теңге болса, онда МЗЖ да, ӘА да сол сомадан есептеледі:
МЗЖ = 200 000 теңге × 10% = 20 000 теңге;
ӘА = 200 000 теңге × 3,5% = 7 000 теңге.
Кәсіпкер МЗЖ мен ӘА-ны есептегенде өзінің жалақысын өзі белгілейді — ол үшін тапқан табыстың дәл мөлшерін алмауға да болады.
Сондай-ақ, ӘА-ны есептеген кезде максималды табыс деңгейі 7 ең төмен еңбекақыдан аспауға тиіс (2023 жылы 490 000 теңге). Сондықтан да, егер ЖК өзі үшін әлеуметтік аударымдарды 490 000 теңгеден 17 150 теңге мөлшерінде төлейтін болса, онда зейнетақы жарналарын да 490 000 теңгеден төлеуге тиіс болады, ал онда ол 49 000 теңгені құрайды.
Әлеуметтік кодексті қабылдағанға дейін бұл төлемдерді екі түрлі сомадан төлеу мүмкін болды, мысалы, зейнетақы жарналарын 1 ең төменгі еңбекақыдан, ал әлеуметтік аударымдарды ең жоғарғы шектен, яғни, 7 ең төменгі еңбекақыдан төлеуге болатын еді.
Электронды еңбек биржасы
Жұмыс берушілер енді жұмыскерлерді жұмысқа тұрғызу орталықтарынан қабылдап, вакансияларды Электронды еңбек биржасына орналастыруға міндетті болады. Бұл еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендету шараларының бірі, және оған қарамастан, жұмыскерлерді өз бетімен алу құқығы әлі де сақталады.
Вакансия ашылғанда оны enbek.kz сайтына 5 күн ішінде орналастыру қажет. Егер сол вакансияға жұмыс берушінің өтінімі бойынша еңбек биржасында оқудан өткен жұмыссыз адам жауап берсе, онда жұмыс беруші оны жұмысқа алуға тиіс болады. Ал егер ондай қызметкер қандай да бір себеппен жұмысқа лайық болмаса, онда оның оқуына кеткен қаражатты толығынан өтеу керек болады.
Сондай-ақ, 50 қызметкерден астам штаты бар компаниялар мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру квоталарын орындауға тиіс болады. Бұл квоталарды әкімдіктер бекітеді, олардың үлесі жұмыс орындары санының 2%–нан 4%-на дейін құрайды.
Сырқат жәрдемақысының мөлшері
1 шілдеден бастап жұмыскерге бір айда төленетін сырқат жәрдемақысының мөлшері үлкейтілетін болады. Егер бұған дейін қызметкер айына тек 15 АЕК-ке (2023 жылы 51 750 теңге) дейін ғана алған болса, енді ол 25 АЕК-ке дейін (86 250 теңге) ала алатын болады. Бұл сома жұмыскердің жалақысына байланысты болады: «больничныйды» есептеу үшін бір күндік орташа жалақыны сырқат парағында жазылған жұмыс күні санына көбейту керек.
Төрт күндік жұмыс аптасы
Қазақстандықтар үш күн демалысы бар төрт күндік жұмыс кестесіне көше алатын болады. Ол үшін жұмыс берушімен келісіп, ол туралы еңбек шартына жазу керек.
Төрт күндік жұмыс аптасын бес күндік және алты күндік жұмыс апталарымен ауыстырып отыруға болады, бұл жерде ортақ демалыс жексенбі күні болып, екінші және үшінші демалыс күндері ұжым шартында немесе еңбек тәртібі ережелерінде белгіленуі керек.