Несиені мерзімінен бұрын өтеу

Қарызды уақытынан бұрын өтеу: шарттары, есептеулер мен мүмкін кедергілер

Несиені мерзімінен бұрын өтеу

Несиені мерзімінен бұрын өтеу — банктен алынған қарызды мерзімінен ерте төлеу. Несиені толық немесе ішінара жабуға болады. Қарызды мерзімінен бұрын өтеу кезіндегі маңызды жайттар мен қарыз алушы үшін тиімсіз жағдайларды осы мақалада түсіндіреміз.

Толық өтеу

Несиені толықтай өтегенде қарыз алушы банкке қалған борыштың толық сомасы мен төлем күнi есептелген қосымша пайыздарды төлейдi.

Толық өтеу сомасын есептеу тәртібі

Есептеу формуласы әдетте несиелік шартта көрсетіледі. Нақты деректерді банктен білуге болады. Толықтай өтелетін соманы есептеу үшін қажетті мәліметтер:

  • өтеу сәтіндегі борыш қалдығының мөлшері
  • ай сайынғы төлем күні
  • соңғы төлем күнінен өтеу күніне дейін өткен уақыт

Мұндай мысалды қарастырайық: қарыздың қалдығы 1 млн теңгені құрайды, ай сайынғы төлем айдың 25-і күні есептен шығарылады. Қарыз алушы несиені мерзімінен бұрын 15 наурызда өтеуді шешеді. Соңғы төлем 25 ақпанда жасалған, демек 19 күн өтті.

Несиені пайдаланудың нақты күндері үшін қосымша пайыз былай есептеледі:

Пайыздар = Қарыздың қалдығы × Мөлшерлеме (жылдық) ÷ 100 × Пайдалану күндері ÷ 365

Біздің жағдайда:

1 000 000 ₸ × 15  ÷ 100​ × 19​ ÷ 365 = 7 808 ₸

Несиені толығымен өтеу үшін қажетті сома:

Толық өтеу сомасы = Қарыздың қалдығы + Өткен күндер үшін есептелген пайыздар

Яғни:

1 000 000 ₸ + 7 808 ₸ = 1 007 808 ₸

Есептеулерде көмектесетін арнайы Excel файлын жасадық. Кестемен жұмысты бастамас бұрын нұсқаулықты оқыңыз.

Ішінара өтеу

Несие ішінара өтелгенде қарыз алушы ай сайынғы төлемнен асатын соманы төлейді. Бұл негізгі қарызды төмендетеді, ал банк ай сайынғы төлемді азайтуы немесе несие мерзімін қысқартуы мүмкін.

Есептеу несиенің пайыздық мөлшерлемесіне, бастапқы мерзіміне және төлем түріне (аннуитеттік немесе сараланған) байланысты өзгереді. Мысалы, сараланған төлемдермен өтелетін несие ішінара өтелгенде, оның мерзімі автоматты түрде қысқартылады. Cебебі сараланған төлемдердің бірдей бөлігі несиенің негізгі қарызын жауып отырады, ал қосымша есептелетін пайыз мөлшері уақыт өте келе азаяды. Нақты есеп айырысу үшін банкке барып, кеңес алған жөн.

Ішінара өтеу арқылы несиенің мерзімін қысқарту

Ай сайынғы төлем мөлшері қаржылық тұрғыдан қолайлы болса, онда ішінара өтеумен несиенің мерзімін қысқартқан дұрыс — осылайша артық төлем мөлшері азаяды. Негізгі қарыз неғұрлым тез өтелсе, пайыз соғұрлым аз мөлшерде қосылады.

Ішінара өтеу арқылы ай сайынғы төлем мөлшерін азайту

Бұл жағдайда несие мерзiмi өзгеріссіз қалады, бiрақ банк ай сайынғы төлем мөлшерiн төмендетеді. Осылайша, қаржылық жүктеме азаяды. Алайда несие бойынша артық төлем қысқармайды, себебі қосымша пайыздар ұзақ уақыт бойы есептеледі.

Несиені мерзімінен бұрын өтеу тиімсіз болатын жағдайлар

Несиені алғашқы айларда өтеу. Банктер клиенттердің несиені мерзiмiнен бұрын өтеуі үшiн айыппұл талап ете алмайды. Алайда кейбір ерекшеліктер бар:

  • егер несие бір жылдан аз мерзімге берілсе — алғашқы 6 ай ішінде мерзімінен бұрын өтелген жағдайда банк тұрақсыздық айыбын есептей алады
  • егер несие бір жылдан астам мерзімге берілсе — алғашқы 12 ай ішінде мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл салынуы мүмкін

Бұл ереже толық және ішінара өтеуге де қатысты. Айыппұл мөлшерін банк өздігінше анықтайды.

Келісімшартқа қол қойылғаннан кейінгі алғашқы 14 күн ішінде ғана қарыздан бас тартуға болады. Бұл жағдайда айыппұл салынбайды, бірақ несие пайдаланылған күндері үшін қосымша пайыз төлеу қажет. Бұл ереже тек жеке тұлғаларға қатысты, бизнес-несиелерге қолданылмайды.

Несиені мерзімінің соңына жақын толық немесе ішінара өтеу. Банктер көбіне аннуитеттік төлемдер жүйесін қолданады. Бұл төлемдер екі бөліктен тұрады: негізгі қарыз бен қосымша пайыздар. Несие төлеудің алғашқы кезеңінде төлемнің басым бөлігі пайыздардан құралады. Уақыт өте келе бұл қатынас өзгереді: пайыздар азайып, негізгі қарыздың үлесі артады.

Егер несие рәсімделгеннен кейін бір жылдан соң толық немесе ішінара өтелсе, артық төлеу оны екі жылдан кейін өтеуге қарағанда төмен болады. Ал мерзімнің соңына жақындағанда мерзімінен бұрын өтеу аса тиімді емес — пайыздар төленіп қойғандықтан, үнемдеу барынша аз болады. Жалғыз артықшылығы — несие мерзімін қысқарту.

Егер ақшаны тиімді шарттармен жинақтауға мүмкіндік болса. Егер депозиттің пайыздық мөлшермесі несие бойынша артық төлемнен жоғары болса, ақшаны депозитке салған жөн.

Пайдалы кеңестер

Несиелік келісімшарттағы мерзімінен бұрын өтеу талаптарын мұқият тексеріп, нақты есептеу үшін алдын ала банкке жүгініңіз.

Төлемнің есептен шығарылатын күнін білу маңызды — бұл өтеуді дұрыс жоспарлауға көмектеседі. Артық төлемді азайту үшін несиені кезекті төлемнен кейін бірден жапқан жөн. Оған дейін банктен нақты төленетін сома мен қосымша пайыздарды есептеп беруді сұраңыз.

Төлем кестесін қайта есептеу үшін банкке өтініш беру қажет. Өтеуден кейін жаңа төлем кестесін алып, есептеулердің дұрыстығын тексеріңіз.

Қаражатты алдын ала салған дұрыс, себебі ақшаның шотқа түсуі бірнеше күнге созылуы мүмкін. Мобильді қолданба арқылы төлеген кезде дұрыс бөлімді таңдаңыз, әйтпесе кәдімгі ай сайынғы төлем ретінде есептелуі мүмкін.

Егер несие толықтай өтелсе, банктен анықтама алу керек — бұл қарыздың жабылғанын және берешектің жоқ екенін растайтын құжат.

 

Несиені мерзімінен бұрын өтеу артық төлемді азайтуға және қарыздық жүктемеден тезірек құтылуға көмектеседі. Алайда, банк шарттарын мұқият қарап, ең тиімді шешім қабылдаған маңызды — несиенің мерзімін қысқарту немесе ай сайынғы төлемді азайту. Кейбiр жағдайларда, әсiресе несие төлеудің бастапқы кезеңінде немесе соңында, оны мерзімінен бұрын өтеу тиімсіз болуы мүмкін. Сондықтан шешім қабылдамас бұрын келісімшартты зерттеп, төлем сомасын есептеп, банктен кеңес алу қажет.