Несиені қайта қаржыландыру
Бизнес үшін несиені тиімді шарттармен қайта рәсімдеу

Ажар Әлімхан
Jusan Business-те онлайн несиелеу және қайта қаржыландыруға жауапты
Мақаланың мазмұны
Қайта қаржыландыру — бұл қазіргі несиені өтеу үшін жаңа несие алуды білдіреді. Бұл қарыз алушыға несие бойынша — тиімді пайыздық мөлшерлемені, ыңғайлы өтеу мерзімін және төмен ай сайынғы төлем сияқты шарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қайта қаржыландырудың қыр-сырларын осы мақалада айтып береміз.
Қайта қаржыландырудың мақсаты
Қайта қаржыландыру кезінде ақша қарыз алушыға тікелей түспейді — олар бірден қазіргі қарызды, соның ішінде негізгі қарыз бен келісімшартты жабу күніне дейін жинақталған пайыздарды өтеуге кетеді. Берілген ақшаны басқа мақсаттарға қолдануға болмайды. Қайта қаржыландырудың негізгі мақсаттары:
- пайыздық мөлшерлемені төмендету
- ай сайынғы төлемді азайту
- несие мерзімін өзгерту (ұзарту немесе қысқарту)
- бірнеше несиелерді біріктіру
- егер бастапқы несиенің шарттары тиімсіз болса, онда оларды жақсарту
Басқа қаржы ұйымдарының несиелерін қайта қаржыландырған кезде, банк жаңа клиенттерді өзіне тартады. Сондай-ақ, клиент қайта қаржыландыру кезінде қосымша соманы ала алады — бұл қосымша қаржыландыру деп аталады.
Қайта қаржыландырудың шарттары
Қарыз алушы қазақстандық банктердің көбінде несиені қайта қаржыландыру үшін бірнеше талаптарға сәйкес болуы керек:
- жақсы несие тарихы — кешіктірілген төлемдер, өсімпұлдар немесе айыппұлдар болмауы керек
- валютасы — теңге
- компания айналымы жыл бойы тұрақты болуы керек
- қайта қаржыландыратын несие мерзімі кемінде үш ай болуы керек
- қарыз алушы кемінде 21 жаста болуы керек, ал несие жабу кезінде 63 жастан аспауы керек
Қарыз алушыға қарсы берешекті өндіріп алу процедурасы басталған болса, онда банк оған қайта қаржыландыруды мақұлдамайды. Сондай-ақ, кейбір банктер микроқаржы ұйымдары берген несиелерді қайта қаржыландырудан бас тартады.
Қайта қаржыландыруға қажет құжаттар
Әрбір банктің қайта қаржыландыруға қажет құжаттардың өз тізімі бар. Толық тізімді банктен сұраған дұрыс. Әдетте олардың ішінде:
- жеке басты куәландыратын құжат
- қазіргі несие туралы мәліметтер — қалған қарыз сомасы, пайыздық мөлшерлеме, мерзім және ай сайынғы төлем (банктен үзінді көшірме)
- несие тарихы
- табысты растайтын құжаттар — бұл компанияның айналымы, салық аударымдары немесе басқа құжаттар болуы мүмкін
- кепілі бар қарыздар бойынша — кепіл туралы ақпарат (мысалы, кепілдің құнын бағалау құжаты)
Қайта қаржыландырудан бас тарту себептері
Несиені қайта қаржыландырудан бас тартудың ең жиі кездесетін себептері:
- ағымдағы қарыздар бойынша кешіктірулер бар
- банктерге несие тарихын қарауға тыйым салатын Stop credit қызметіне жазылым бар
- ЖК тіркелгеніне 6 айдан аз уақыт өткен
Қайта қаржыландырудың пайдасы неде
Басқа банктегі сыйақы мөлшерлемесі төмен болса ғана, несиені қайта қаржыландырудың мәні бар. Мысалы, сіз жабдықты сатып алуға 35% бойынша несие алдыңыз, ал басқа банкте олар 32,5% бойынша ұсынады. Несие үлкен сомаға алынған, әлі төленетін уақыты ұзақ. Бұндай жағдайларда ғана жақсы шарттарға көшу жалпы артық төлемді немесе несиелік жүктемені азайтады.
Бірнеше несиені бір несиеге біріктіру қажет болса, қайта қаржыландыру тиімді болуы мүмкін. Бұл ай сайынғы төлемді төмендетуі мүмкін. Тағы бір несие қажет болатын жағдайлар да болып тұрады, бірақ бұрын несие алынған банктен емес. Сонда бүкіл қарыздарды қайта қаржыландырып, қосымша несие алуға болады. Барлық төлемдер бір жерде болғаны клиентке ыңғайлы.
Кейде клиенттер қайта қаржыландырудың мөлшерлемесі азаймаса да, бірақ несие мерзімі ұлғаятын болса келісімін береді, өйткені бұл ай сайынғы төлемді азайтады және төлем бойынша кешіктіруді болдырмайды.
Несиені қайта қаржыландыру қаржылық жүктемені шынымен төмендететін болса ғана тиімді боп саналады. Мысалы, жаңа несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмен болса, бірнеше несиені біріктіре отырып, ыңғайлы төлем кестесін ұсынса, немесе ай сайынғы төлемді азайтатын болса.