Аннуитетті және сараланған төлемдердің айырмашылығы
Несие төлемдерінің түрлері
Мақаланың мазмұны
Несие бойынша ай сайынғы төлемді қарыз сомасы мен банктің пайыздық мөлшерлемесі құрайды. Банктен қарызға алынған сомадан басқа пайыздық мөлшерлемеге сәйкес қосымша сома төленеді. Осы екі соманың арақатынасына қарай төлемдер аннуитетті және сараланған деп екіге бөлінеді.
Аннуитетті төлем
Егер ай сайынғы төлемдер белгілі бір бекітілген сома болса, мұндай төлем аннуитетті болып саналады. Аннуитетті төлем мөлшері ай сайын бірдей болғандықтан несие төлемдерінің арасында неғұрлым кең таралған түрі болып табылады. Мұндай жағдайда төлемді автоматты түрде баптап, ай сайынғы түсетін табысты несие төлемін ескере отырып есептеген ыңғайлы.
Аннуитетті төлемдер алғашқы айларда негізінен банктің пайыздарынан тұрады. Демек, алғашқы несие төлемдері қарыздың аздаған бөлігін жабады. Сондай-ақ аннуитетті төлемдермен жабылатын несиелер бойынша белгілі тыйым салынуы мүмкін. Мысалы, борышты алғаннан кейін бір жылдың ішінде оның мерзімінен бұрын өтеуге болмайды, әйтпесе айыппұл төлеуге тиіс болады. Бұл банк өз пайыздарын алып үлгеруі мақсатымен жасалады.
Аннуитетті төлемдердің мөлшерін банктердің сайттарындағы арнайы калькулятор арқылы есептеуге болады. Ай сайынғы төлемді есептеу үшін қарызға берілетін соманы, жылдық пайыздық мөлшерлеме мен несиенің мерзімін білу жеткілікті. Бірақ есептеулердің қандай қағидаға негізделетінін клиент толық түсіне бермейді.
Аннуитетті төлемді есептеу
Мақаланың соңында күрделі есептеу барысын жеңілдететін дайын формулалар бар эксел-файлды қалдырдық — тек сандарды жазсаңыз жеткілікті. Бірақ есептеу механикасын өз бетіңізше түсінгіңіз келсе, мынадай мысалды қарастырайық: банк 5 жылға жылдық 15% мөлшерлемемен 3 млн теңгені берді делік.
Аннуитетті төлемді есептеу формуласы:
АТ = НС × k
АТ — аннуитетті төлемнің сомасы
НС — несие сомасы
k — аннуитеттің коэффициенті
Аннуитеттің коэффициентін есептеу формуласы:
k = ((ПМ × (1 + ПМ)^ПТ) ÷ ((1 + ПМ)^ПТ – 1)
ПМ — айлық пайыздық мөлшерлеме (жылдық пайыздық мөлшерлемені 12 айға бөліп, содан кейін 100%-ға бөліңіз)
ПТ — несиенің мерзіміне сәйкес жасалатын төлемдер саны. Айына бір рет төленеді десек болады. Демек, ПТ ретінде несиенің аймен есептелген мерзімін аламыз.
Біздің жағдайда
НС: 3 млн теңге
ПМ: 15% ÷ 12 ÷ 100% = 0,0125
ПТ: 5 жыл = 60 ай
Аннуитетті коэффициент:
(0,0125 × (1 + 0,0125)^60) ÷ ((1 + 0,0125)^60 – 1) = 0,024
Аннуитетті төлем:
3 000 000 ₸ × 0,024 = 72 000 ₸
Осылайша, несие бойынша ай сайын 72 000 ₸ төлеу қажет.
Қалған қарыздың сомасын да есептеуге болады. Бірінші айда 72 000 теңге төленді десек болады. Бір қарағанда, борыштың қалдығын бастапқы 3 млн теңге мен төленген сома арасындағы айырмашылығы құрайтын сияқты. Алайда банктің пайызы артық төлемді құрайтынын ескеру қажет.
Бірінші төлем кезінде артық төлеуді есептеу формуласы:
Артық төлем мөлшері = НС × ПМ
Біздің жағдайда артық төлем мөлшері:
3 млн ₸ × 0,0125 = 37 500 ₸
Бұны несие сомасына қосқанда 3 037 500 теңге шығады. Енді одан ай сайынғы төлемді шегереміз:
3 037 500 ₸ – 72 000 ₸ = 2 965 500 ₸
Осылайша, бірінші төлемнен кейін қарыз сомасы 2 965 500 теңгені құрайтынын анықтадық.
Екінші төлемнен кейін қалған борыштың мөлшері дәл солай есептеледі, бірақ енді НС-ты 2 965 500 теңге деп алып есептейміз.
Сараланған төлем
Сараланған төлемдер — ай сайын төлем мөлшері азайып тұратын төлемдердің түрі. Аннуитетті төлемдердің жағдайында бірінші айлардағы төлемдердің үлкен үлесін банктің пайызы құраса, сараланған төлемдердің бірдей бөлігі несиенің негізгі қарызын жауып отырады. Қосымша есептелетін пайыздың мөлшері борыш қалдығының сомасына байланысты. Демек, қарыздың қалдығының азайғанымен төлем мөлшері де әрдайым азаяды.
Сараланған төлемдер біркелкі болмайды. Алғашқы айлардағы төлемдердің сомалары үлкен болатындығына дайын болу қажет. Алайда, аннуитетті төлемдерге қарағанда, сараланған төлем арқылы жабылатын несиені мерзімінен бұрын өтеуге болады. Мұндай жағдайда несие айыппұлсыз, артық төлемдердің аз мөлшерімен өтеледі.
Сараланған төлемді есептеу
Сараланған төлемді есептеу формуласы аннуитетті төлемнен ерекшеленеді. Сараланған төлемнің мөлшерін есептеуге несиенің сомасы, жылдық пайызы, есеп айырысу айындағы және есеп айырысу жылындағы күндер саны туралы ақпарат жеткілікті. Сізге оңай болу үшін мақаланың соңындағы эксел-файлды пайдалансаңыз болады.
Аннуитетті төлем кезінде мысал ретінде алған сандарды қарастырайық: банк 5 жылға жылдық 15% мөлшерлемемен 3 млн теңгені береді.
Ай сайын негізгі қарыз сомасының бірдей бөлігі өтеледі. Демек, негізгі қарыз 3 млн теңге 60 айға (5 жыл × 12 ай) тура бөлінеді:
3 000 000 ₸ ÷ 60 ай = 50 000 ₸
Ай сайынғы несие төлемдерінің ішіндегі 50 000 теңгесі несиенің негізгі қарызына жұмсалады. Осы сомаға жылдық 15% түріндегі банктің пайызы қосылады.
Сараланған төлемді есептеу формуласы:
СТ = (НС ÷ ПТ) + (НҚ × ЖП × КА ÷ КЖ)
НС — несие сомасы
ПТ — несиенің мерзіміне сәйкес жасалатын төлемдер саны
НҚ — негізгі қарыз сомасының қалдығы
ЖП — жылдық пайыздық ставкасы
КА — есеп айырысу айындағы күндер саны
КЖ — есеп айырысу жылындағы күндер саны
Бірінші айдағы сараланған төлемнің мөлшерін есептейік. Алдыңғы мысалдағы сандарды алайық.
НС: 3 млн теңге
ПТ: 60
НҚ: 3 млн тенге
ЖП: 15% = 0,15
КА: 30
КЖ: 365
СТ: (3 000 000 ₸ ÷ 60) + (3 000 000 ₸ × 0,15 × 30 ÷ 365) = 86 986,3 ₸
Осылайша, бірінші айдағы несие төлемі 86 986,3 теңгені құрайды. Несие сомасы мен несие төлемінің ішіндегі 50 000 теңгенің айырмасы қарыздың қалдығын құрайды:
3 000 000 ₸ – 50 000 ₸ = 2 950 000 ₸
Екінші айдағы несие төлемінің мөлшерін есептеуге НҚ-ны 2 950 000 теңге деп алып, дәл сол формуланы қоладанамыз:
СТ: (3 000 000 ₸ ÷ 60) + (2 950 000 ₸ × 0,15 × 30 ÷ 365) = 86 369,9 ₸
Бірінші айдағы төлем мөлшерімен салыстырғанда екінші айдағы төлемнің сомасы азырақ шыққанына назар аударыңыз.
Несие екі жолмен өтеледі: аннуитетті және сараланған төлемдер арқылы. Кейбір ұйымдарда несие төлем нысанын өз бетімен таңдауға болады. Мысалы, Jusan Business-тің клиенті несиені өтеу әдісі мен оны өтеу мерзімін өзі таңдауға құқылы. Ал егер бұл тек аннуитетті төлем арқылы өтелетін ерекше өнім болса, онда клиентке бұл туралы алдын ала ескертіледі. Екі төлем тәсілінің есептелуі де әртүрлі. Сіздер үшін төлемдер мен артық төлемдердің мөлшерін өзі есептейтін калькулятор дайындадық. Сілтемеге басып, көшірмесін жасап, пайдаланыңыз.