Jumsaq: төсек-орын брендін ашу
Ең бастысы — сұранысты сынап, бизнес-идеяның тиімділігін бағалау
Тігін өндірісі — Қазақстанда әсіресе соңғы жылдары дами бастаған келешегі зор кәсіп. Тігін цехтерін ашу үшін шамалы қаражат қажет етілетіндіктен, кәсіпкерлер оған кірісе бастайды да, тәжірибе көрсеткендей, тез жауып та тастайды. Jumsaq брендінің негізін қалаушы Еңлік Тлепова карантинде төсек-орын тігетін өндірісті қалай ашқанын және шығынға батпау үшін не істеу керектігін айтты.
Идеяның пайда болуы
Бір күні күйеуім екеуміз Қазақстанда қолжетімді бағада сапалы және сәнді төсек-орынды табу қиын екенін, және әдетте, ол аламыш және жарасымсыз болатынын талқыладық. Бұл менің күйеуімді қызықтырды да, ол саланы зерттей бастады, әртүрлі елдердің нарықтарын және сәтті кейстерін зерттей бастады.
Идея перспективты болып шықты да, күйеуім бизнес-жоспар жазды, тәуекелдер мен керек қаражатты есептеді. Екі айдан кейін 2020 жылдың мамыр айында біз Jumsaq жобасын іске қостық. Біз түріктің жоғары сапалы дайын төсек-орындарын сатуды жоспарладық. Міндеттерімізді бөлдік: күйеуім бизнес-процестермен және жұмысқа қабылдаумен айналысуы керек еді, ал мен әлеуметтік желілерде жарнамамен айналыстым.
Алғашқы тапсырыстар бізге Instagram-да жарнаманы іске қосу арқылы келді, бірақ стандартты өлшемдер көптеген клиенттерге сәйкес келмейтіні белгілі болды, жеке өлшемдерге сұраныс болды. Сүйтіп, жұмысқа деген көзқарасты өзгертіп, өз өндірісімізді жасауды жөн көрдік. Жоғары сапалы матадан — сатин, страйп-сатин және ранфорстан — біртүсті төсек-орындарын тігу идеясы пайда болды. Біз біреудің тігін сапасына жауап бере алмадық, бірақ өзіміздікін толығымен бақылай аламыз. Сөйтіп, жобаға қосымша ақша салып, цех жалға алдық, маталар сатып алдық, тігінші жалдадық.
Қазақстан табиғатынан алған шабыт
Жай комплектерді сату бізге қызықсыз болып көрінді, оған креатив қосқымыз келді. Сол кезде мен өзім Instagram-да аккаунт жүргізген едім, сондықтан, парақшаны қалай безендіру керектігін ойладым. Бұл идея саяхат кезінде келді — жолдасым екеуміз Алматы облысының табиғи көрікті жерлеріне саяхатқа шықтық. Мен алғаш рет Көлсай, Қайыңды өзендерде, Шарын каньонында болдым және біздің жерлеріміздің таңғажайып әсемдігінен — батқан орман, таулармен қоршалған көгілдір көл, құмды рельефтерден шабыт алдым.
«Қайыңды», «Шымбұлақтағы қыс», «Бозжыра алқабы», «Тұйықсу», «Шарын күн сәулесі», «Көбейтұз» және т.б. жинақтарды қамтитын Nomad Natures топтамасын шығару идеясы осылай туды. Біз оны үнемі кеңейтіп отырамыз, мысалы, биыл бізде Балқаш көлінің сұлулығы мен Бурабайдың қылқан жапырақты ормандарынан шабыттанған жаңа жиынтықтар пайда болды.
Қазір бізде төсек-орынның 21 түсі бар, олардың әрқайсының өз атауы бар. Сондай-ақ, маусымдық жиынтықтар да бар. Мысалы, Жаңа жыл қарсаңында «Глинтвейн» жиынтығына сұраныс бар, өйткені бұл жаңа жылдық қызыл түсті жиынтық болып табылады. Сондай-ақ, фланель төсек-орындары топтамасын шығаруды жоспарлап отырмыз. Мұндай жұмсақ әрі жылы төсек-орын америкада танымал, біздің елде оған сұраныс аз да болса бар. Жалпы, адамдар төсек-орынды өздеріне және біреуге қоныс аударуға және үйлену тойына сыйлық ретінде алады.
Кәсіпті бастау құны
Жобаға салынған алғашқы ақша 500 мың теңгені құрады, оның ішінде 250 мың теңгеге мата сатып алуға кеткен ақша, сонымен қатар фотографтың жұмысы мен жарнаманың бағасы кіреді. Мұның бәрі идеяны сынау үшін ғана қажет болды.
Бастапқыда біз цехты бұрын мұндай іспен айналысып, кейін басқа кәсіпке кетіп қалған қыздан жалдадық. Құрал-жабдықтарды 3,5 миллион теңгеге сатып алдық. Бұл 2020 жылы карантин кезеңінде болғандықтан, жақсы бағаға алдық. Қазір, әрине, бағалар басқа.
Сонымен қатар, жарнаманың құны айлық айналымның 10-15 пайызын құрауы керек. Кәсіпкер миллион тапса, маркетингке кем дегенде 100-150 мың теңге салуға тиіс.
Бизнес заңды болуы үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керек. Қазір ол тегін және жеңіл, бастысы — салықтарды уақытылы төлеу үшін бухгалтер жалдау керек. Бірінші жылдары біз үшін оның қажеті болған жоқ, өйткені салықтарға мораторий салынған болатын. Қазір мораторий аяқталғандықтан, салықтарды қайта төлеу керек, әйтпесе шоттарды жауып тастаулары мүмкін.
Бәсекелестік және өнімнің бағасы
Біз ашылғанда айналамызда бәсекелестер болған жоқ — Zara Home мен H&M Home әлі ашылмаған болатын, нарық AliExpress-тен шыққан тауарларға толы болды. Біз нарыққа өнім сапасы арқылы емес, жақсы маркетинг арқылы шықтық.
Біз нарықты дүр сілкіндірдік, бізден кейін төсек-орынның жасайтын көптеген брендтер пайда болды. Мұның өз тиімдігі де бар, өйткені бастапқыда біздің бағалар тұтынушылар үшін орташадан қымбатырақ болды, ал басқа сатушылар пайда болуымен баға орташа деңгейге түсті.
Төсек-орынның бағасына маталар мен фурнитураға жұмсалған шығындар, командалық жұмыс, коммуналдық қызметтер, маркетингтік шығындар кіреді. Алғашында біз бағаны өзіміз орнаттық, ал өткен жылы біз кәсіби компанияны шақырып жұмыс істедік: ол бізге бәрін цифрландырып, тауардың бағасын есептеп берді.
Жұмысты ұйымдастыру
Команда
Жобаның ашылған кезінде онымен күйеуім екеуміз ғана айналыстық, кейін тігінші мен менеджер пайда болды. Бұрын тапсырыстарды менеджердің өзі орап, тұтынушылардың сұрақтарына жауап беретін. Қазір бізде 15 адам жұмыс істейді, оның ішінде буып-түюші, штаттағы курьер, менеджерлер, SMM маманы, аутсорсингтегі фотограф, есепші сияқты қызметкерлер бар.
Мата сатып алу
Біз маталарды Түркиядан тоқсанына бір рет сатып аламыз. Егер матамыз бітіп қалса, жергілікті сатушылардың қоймаларынан сатып алуға тура келеді. Біздің жеткізушіміз — түрік зауытымен тікелей жұмыс істейтін көтерме саудагер.
Жеткізушіні іздеу алты айға созылып, түрлі сынақтар мен қателіктерге толы болды, сол уақыт ішінде біз әр түрлі сатушылардың маталарын сынап көрдік.
Бастапқыда біз төсек-орынды сатин, страйп-сатин және ранфорстан тігеміз деп шешкен едік. Бұл клиенттерге ұнайтын ең танымал маталар, олармен бүкіл әлем жұмыс істейді. Страйп-сатин — қымбат қонақ үйлердің сүйікті төсек-орыны, ол мата жұқа әрі жұмсақ. Тегіс сатин мен ранфорс — сапалы қолжетімді нұсқа, ол біраз қалыңырақ. Бұл маталар 100 пайыз түрік мақтасынан жасалады, олар қолайлы және аллергия тудырмайды. Олардың әрқайсысы 350-500 жууға жарайды.
Өндіріс процесі
Тапсырыс түскеннен кейін менеджер оны ресімдейді. Содан кейін тігінші матаны белгіленген өлшемдер бойынша кеседі, кейін екінші тігіншіміз оны басқа цехте тігеді. Біз дайын өнімді орап, офиске қайтарамыз да, курьер тапсырысты сол жерден алып клиентімізге апарады.
Төсек-орынды тігу шамамен бір сағат алады. Цех тәулігіне 30 жиынтыққа дейін шығара алады.
Жеткізу
Жеткізу уақыты клиент тұратын қалаға байланысты. Алматы болса, сол күні-ақ жеткізіп береміз, ал Қазақстанның жақын қалалары болса, орта есеппен бір-екі күн керек, батыстағы қалалар мен алыс қалаларға үш-төрт күнде жеткіземіз.
Біз көбінесе жеке курьерлік жеткізу қызметін қолданамыз, бірақ кейде адамдар арзанырақ болсын деп немесе шалғай қала әлде ауыл болса, Қазпошта арқылы жіберуді сұрайды.
Тауарды қайтару
Тауар алғашқы алты айда қайтарылып отыратын. Мәселе мынада, біз қолданатын маталар жуғаннан кейін аздап кішірейіп қалатын болды, өйткені ол қайнатылған мақтадан жасалған еді. Кез келген мақта жуғаннан кейін отырып қалады, оны біз уақыт өте тәжірибе арқылы ғана түсіндік. Зауытта маталар жуылмайды ғой, өйткені бұл өте қымбат процесс. Ал қазір біз клиенттен өлшемдерді сұрағанда, 10 см артық тігу керек екенін түсінеміз, сонда ол қысқарған кезде тамаша отырады.
Қазір тауар өте сирек қайтарылады, көбінесе біз өлшемдермен қателессек, тауарды ауыстырып береміз.
Бізде тест-драйв деген бар — ол сенім қалыптастыруға бағытталған қадам. Біз тауарымыздың сапасы жақсы екенін білеміз. «Бізде тауарды айырбастау және қайтару мүмкіндігі бар» дегеннен гөрі «Жылына 365 түн сынақ жүргіземіз» деген жақсырақ естіледі. Төсек-орынды біз шынымен айырбастап бере аламыз, бірақ ол сізге мүлдем ұнамауы мүмкін емес, себебі ол 100 пайыз мақтадан сіздің өлшемдеріңізге сәйкес жасалған зат.
Ассортименттің кеңеюі
Біз жобамен айналыса бастағаннан үш-төрт ай өйткенде төсек-орыннан басқа Ресейден әкелінген көрпе-жастықтарды сата бастадық, өйткені ол жақта жақсы зауыттар бар. Көрпе-жастықтар — төсек-орыннан кейін ең көп табыс әкелетін заттар.
Кезінде халат та тіккен едік, бірақ ол бізге қымбат болып шықты, біз идеяны сынап көрдік те, бірақ одан бас тарттық. Бір жылдан кейін пижама сатуды да бастадық. Төсек жапқыш тігіп көрдік, бірақ әзірге сапалы әрі әдемі мата таба алмай жүрміз.
Клиент тарту
Жолдасым бұрын да кәсіппен айналысқандықтан, жобаны бастамас бұрын тауарға деген сұранысты тестілеу керек екенін білдік. Сондықтан, бірден Instagram-да жарнама қостық, сатып алушыларымыздың көбі содан келді. Өндірісті қосқаннан кейін тапсырыс та пайда болды. Мысалы, бірінші айда біз 1,5 млн теңгеге тауар саттық.
Біз блогерлермен де жұмыс жасадық, бастапқыда жақсы сатып жүрдік, бірақ кейін сатылым азайып, ақырында жоқ болып кетті. Біз олармен әлі де жұмыс істейміз, бірақ ол тек имидж сақтау үшін керек.
Сату көлемі жыл сайын өсіп келеді. Әрине, тауардың маусымдық төмендеуі бар. Мысалы, жастықтар мен көрпелер әдетте тамызда, қыркүйектің басында және көктемде сатылады.
Бізде бір таныс қыз тегін істеп берген ресми сайтымыз бар. Ол шынымен жақсы болып шықты, бірақ біз оның дамуымен айналыспаймыз. Одан тапсырыстардың кішкене пайызы келеді.
Қосымша тәсілдер туралы айтатын болсақ, біз жақында контекст жарнамасын қостық және TikTok-та дами бастадық. Біз Arbuz.kz интернет-дүкенімен де жұмыс істеуге тырыстық — алғашқы айларда тапсырыстар көп келіп отырды, бірақ кейін олардың саны үміттерімізді ақтамады.
Қателер
Бизнес жүргізу қиын, оның қыр-сырын білмегендіктен сәтсіз жағдайлар да болып тұрады. Бірінші сәтсіздігіміз шағын жұмыс орнынан үлкенге көшкенде пайда болды. Біз жалдау ақысын төлей алмай, қайтадан кішкентай цехке көштік.
Басқа жағдайлар менің Jumsaq-қа байланысты кішігірім жаңа жобалармен айналысқанда пайда болды. Мысалы, мен үшін шам жасау керемет идея болған сияқты. Мен бәрі шамдарды жағып, сатып алады деп ойлағанмын. Бірақ біз шамдарды өздеріміз жасаған жоқпыз, бір серіктеспен жұмыс істедік, сондықтан да, олардың бағасы тым жоғары болды — бір данасы 10 мың теңге болып шықты. Оған қоса, біздің аудиториямыз бізді төсек-орын сатушы ретінде көрді, ал мұндай екі түрлі тауар сатып алушылардың ойынша бір-біріне сәйкес келмеді.
Ұйықтауға арналған футболкалар сатуды бастағанда да қиындықтар пайда болды. Адамдардың көбі пижама киіп ұйықтамайды, көбісі жай ғана оверсайз футболка кие салады. Біз сондай футболкаларды шығарамыз деп шештік, бірақ маркетингіміз дұрыс болмады. Оған бөлек жарнама кампаниясын істеу керек болатын. Ақырында, ол топтаманы жарты жыл бойы сатып жүрдік. Бірақ жаңа жылдың алдында қалып қойған футболкаларды блогерлерге сыйлық ретінде жіберіп көрдік те, таң қалдық — олар адамдарға қатты ұнады, сұраныс та пайда болды. Сондықтан, біз маркетингке көп көңіл бөліп, оларды қайтадан шығарамыз деп шештік.
Жоспарлар
Біз тігін машиналарын сатып алу үшін Visa-ның шағын және микробизнеске арналған «Бизнес-трамплин» атты сайысына өтінім бердік. Егер жеңетін болсақ, онда 7 млн теңге ұтып аламыз да, сол ақшаға жаңа жабдық сатып аламыз деп ойладық. Мысалы, сапалы халаттар мен пижамаларды тігу үшін арнайы машиналар қажет, өйткені киім төсек-орынға қарағанда бөлек құрылғыларда тігіледі.
2022 жылдың желтоқсан айында біз Алматыда текстиль дүкенін ашамыз деп ойладық, белгілі бір сауда үйімен де сөйлестік, бірақ ұсынылған орын бізге ұнамады. Мәселе мынада, офлайн дүкен ашу үшін тауарға көп қаражат жұмсау қажет. Дайын халаттарды, ораламалдарды, басқа да текстильді жай ғана сатып алғымыз келмейді, ал өзіміз жасайын десек, оған көп уақыт пен қаражат керек. Бұл бағытта дамығымыз келсе, инвестиция қажет. Тек төсек-орын сататын дүкен де ашуға болады, бірақ ондай форматтың экономикасы бөлек, оны дамыту қиын. Сондықтан, біз әлі де ойланудамыз. Барлық қаражат пен күшімізді онлайн сатуға жіберуімізге болады.
Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған кеңестер
- Алдымен, жақсы маман табу керек. Егер тігін бизнесімен айналысқыныз келсе, тәжірибелі киім пішуші мен тігінші табу керек. Бастапқы кезде оның барлығын бір адам істей алады.
- Өндірісті бастамас бұрын, оны байқап көру керек. Кәсіппен енді айналыса бастаған кәсіпкерлердің қателігі — жарнама беріп, жобаның өзектілігін қарағанның орнына, бірден жабдық сатып алу болады.
- Ақшаны санап отыру керек. Біз үш айда немесе жарты жылда жабылып жатқан бәсекелестерімізге қарап, олардың тауарды әдейі арзандатып сататынын көріп жүрміз, олар ақшаны анда-мында жұмсайтынын, ештеңе таппайтынын түсінеді. Қазақстанда жеке өндіріспен айналысу кәсіпкерге қымбатқа шығады, өйткені барлығын шетелден сатып алу керек: елімізде өзіміздің матамыз, фурнитурамыз жоқ. Сондықтан, кәсіп бастайын деп жүрген кәсіпкерлерге беретін маңызды кеңесім — есеп жағынан шатаспау үшін ақшаны басынан бастап санап отыру керек.