2023 жылғы бизнеске байланысты жаңа заңдар, төлемдер және талаптар
Биылғы жылы бизнеске ықпал ететін заңнамадағы өзгерістерді анықтаймыз
Мақаланың мазмұны
1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа базалық көрсеткіштер мен Салық кодексінің өзгерістері күшіне енеді. Биыл арнаулы салық режимдеріндегі (АСР) шағын бизнестің салық төлеуден босатылу мерзімі аяқталады, АСР бойынша шектеулер енгізіледі, сондай-ақ, микро және шағын бизнестер үшін қызметкерлердің еңбекақысынан бірыңғай төлем төлеу мүмкіндігі ашылады.
2023 жылғы есептік көрсеткіштер
Минималды есептік көрсеткіштер «Республикалық бюджет туралы заңда» бекітіліп, жыл сайын жаңартылып отырады. Оларға сәйкес еңбекақылар, зейнетақылар, салықтар, айыппұлдар, жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер және тағы да басқа төлемдер есептеледі.
1 қаңтардан бастап Қазақстандағы базалық көрсеткіштер мынадай:
- ең төменгі жалақы мөлшері — 70 000 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 24 341 теңге;
- ең төменгі зейнетақы мөлшері – 53 076 теңге;
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге;
- ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 40 567 теңге.
Салық демалысының аяқталуы
1 қаңтардан бастап арнаулы салық режиміндегі (АСР) микро және шағын бизнестер табыс салығын, әлеуметтік салықты және бірыңғай жер салығын қайтадан төлейтін болады.
Бұған кімнің қатысы бар:
- патенттегі жеке кәсіпкерліктер (ЖК);
- оңайлатылған ЖК;
- тіркелген шегерім пайдаланылатын АСР-дегі ЖК;
- ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері;
- шаруа және фермер қожалықтары.
Тексерулерге енгізілген мораторийдің мерзімін ұзарту
2020 жылы микро және шағын бизнеске арналған салық демалыстарына қоса тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізілді. Оның мерзімін тағы бір жылға — 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін созды.
Мораторий салынбаған тексеру түрлері де бар — халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпке жаппай қатер төндіретін бұзушылықтар бойынша тексерулер, кедендік тексерулер, ҚР Президентінің және Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша прокуратура органдарының тексерулері, және басқа да тексерулер. Тізімге «ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер» атты пункт қосылды.
Арнаулы салық режимдері бойынша шектеулер
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режимдерін қолданатын шағын бизнестің қызмет түрлеріне қойылған шектеулердің тізімі кеңейтілді. Тізімді толықтыру себебі — бизнесті бөлшектеу жолымен салықтық оңтайландыру схемаларының, мысалы, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимдерін қолданумен байланысты схемалардың алдын алу.
Жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне қандай қызмет түрлері көшуге тиіс:
- маркетинг қызметтері;
- сауда базарын жалға беру және пайдалану;
- сауда объектілерін — сауда базарларын, сауда алаңы 500 м²-ден асатын стационарлық сауда объектілерін, сондай-ақ, олардың аумағындағы сауда орындарын, сауда объектілерін және қоғамдық тамақтану объектілерін қосалқы жалға беру;
- қонақ үй қызметтерін ұсыну саласындағы екі және одан да көп кәсіпкерлердің бір қонақ үйдің немесе жеке тұрған тұрғын емес ғимараттың аумағында қызмет көрсетуі.
Бірақ сауда алаңы 500 м²-ден аспайтын стационарлық сауда объектілерін қосалқы жалға беретін кәсіпкер шағын бизнеске арналған АСР-ін салық режимінің басқа талаптарына сәйкес болған жағдайда қолдануға құқылы.
Еңбекақыдан төленетін бірыңғай төлем
2023 жылдан бастап микро және шағын бизнес үшін қызметкерлердің еңбекақыларынан төленетін бірыңғай төлем күшіне енеді. Ол АСР-дегі кәсіпкерлерге — оңайлатылған режимдегілерге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, сондай-ақ, шаруа және ферма қожалықтарына табыс салығы мен әлеуметтік салықтарды есептеу және төлеу тәртіптерін жеңілдетеді.
Бірыңғай төлемнің 2023 жылғы мөлшерлемесі еңбекақы төлеу қорының 20%-ын құрайды, ол төлемді әркім өз еркімен қолдануға құқылы.
Оған кіретін төлемдер:
- қызметкерлер табысынан төленетін ЖТС;
- зейнетақы жарналары;
- жұмыс берушілер төлейтін міндетті зейнетақы жарналары;
- әлеуметтік аударымдар;
- МӘМСЖ;
- МӘМС.
БЖТ бойынша шектеулер
Қазақстанда 2019 жылдан бері Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) қолданылады. Оған төрт міндетті төлем кіреды: табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, зейнетақы жарналары, МӘМС.
БЖТ-ны жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және төмендегі шарттарға сай келетін жеке кәсіпкерлер төлей алады:
- БЖТ төлеген;
- жалдамалы қызметкерлері жоқ;
- тек жеке тұлғаларға қызмет көрсететін немесе акцизделетін өнімдерді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнiмдерiн жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар.
2023 жылы БЖТ төлеушілері тізімінен келесі қызмет түрлері жойылды:
- консультация беру және маркетинг қызметтері;
- бухгалтерлік есеп және аудит қызметі;
- сақтандыру брокері мен сақтандыру агентінің қаржылық, сақтандыру және делдалдық қызметі;
- құқық, әділет және сот төрелігі саласындағы қызмет;
- агенттік шарттар негізіндегі қызмет.
Импортталатын тауарлар бағасының минималды деңгейі
1 қаңтардан бастап импортталатын тауарлардың жекелеген түрлерінің құнын анықтау үшін бағалардың ең төмен деңгейі қолданылатын болады. Ондай тауарлардың тізімін ҚР Үкіметі бекітеді.
ҚҚС-ның асып кеткен мөлшерін қайтару
2023 жылдан бастап қосылған құн салығының асып кеткен мөлшерін бюджеттен қайтару мерзімі 150 күнтізбелік күннен 75 жұмыс күніне дейін қысқартылды.