ЖК ЭШФ-ны қажет етпейтін жағдайлар
Шот-фактура жазып берудегі ерекшеліктер
Айжан Қыдырманова
20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер
Мақаланың мазмұны
Электрондық шот-фактура (ЭШФ) — тауардың сатылғанын, қызметтің көрсетілгенін немесе жұмыстың орындалғанын растайтын электрондық құжат. Ол арқылы салық органдары бизнес айналымын бақылайды және салықтар дұрыс есептеледі. Дегенмен, барлық операциялар ЭШФ рәсімдеуді талап ете бермейді. ЖК шот-фактура жазып беруден босатылған жағдайларда қандай құжаттар керек екенін осы мақалада анықтаймыз.
Жеке тұлғалармен сауда жасау
Егер сатып алушы — жеке тұлға болса, ал есеп айырысу қолма-қол ақшамен, терминал арқылы немесе электронды төлемдермен жүргізілсе, жеке кәсіпкер ЭШФ жазып беруге міндетті емес. Мысалы, ЖК бөлшек сауда дүкенін басқарып, азық-түлік өнімдерін сатады. Сатып алушылар төлемді картамен немесе қолма-қол ақшамен жасайды. Мұндай жағдайда кәсіпкердің сатып алушыға кассалық аппарат (БКМ немесе POS-терминал) арқылы чек бергені жеткілікті.
ЖК «Шығару тізбесіне» (импорттық немесе акцизделетін тауарлар) немесе «Виртуалды қоймаға» жататын тауарларды сатуы ерекше жағдай болып саналады. Мұндай тауарлардың жалпы сатылым сомасы бойынша күніне бір жалпы ЭШФ жазылады.
Алайда, егер сатып алушы жеке тұлға болғанына қарамастан, ЭШФ жазып беруді сұраса, сатушы шот-фактураны рәсімдеуге міндетті.
ҚҚС бойынша тіркеуден босатылған ЖК
Жеке кәсіпкердің жылдық айналымы 20 000 АЕК-тен (2025 жылы 78 640 000 теңгеден) аз болса, ол ҚҚС бойынша тіркеуден босатылады. Мұндай кәсіпкерлер ЭШФ-ны жазып беруге міндетті емес.
ҚҚС төлемейтіндер рәсімдейтін құжаттар:
- кассалық аппарат чегі — есеп айырысу қолма-қол ақшамен, терминал арқылы немесе электрондық төлемдермен жүргізілгенде қолданылады
- шарт және орындалған жұмыстар немесе көрсетілген қызметтер актісі — заңды тұлғалармен немесе басқа ЖК-мен қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін
- қарапайым қағаз шот — ҚҚС-тың салық деректемелерінсіз тек төлеуге тиісті сома көрсетілетін құжат
Ерекше жағдайлар:
- мәміле сомасы 1 000 АЕК-тен (2025 жылы 3 932 000 теңгеден) асады
- «Шығару тізбесінен» немесе «Виртуалды қоймадан» тауарлар сатылды
- ЖК комиссионер немесе экспедитор болып табылады
- халықаралық жүк тасымалдау қызметтерін көрсететін салық төлеушілер
Мұндай жағдайларда кәсіпкер ҚҚС төлемейтін болса да, электрондық шот-фактураны ұсынуы тиіс.
Компанияның ішкі операциялары
Бір компаниядағы мәмілелер үшін ЭШФ жазып беру талап етілмейді. Мысалы, Алматыдағы қоймадан Астанадағы дүкенге тауар жеткізгенде, ішкі құжаттар, яғни жүкқұжаттар жеткілікті.
Бұл ереже «Виртуалды қойма» жүйесінде тіркелген тауарларға қолданылмайды. Мұндай тауарлар бойынша операциялар ЭШФ ақпараттық жүйесі (ЭШФ АЖ) арқылы тіркеледі.
ЭШФ жүйесінде техникалық ақаулар немесе интернеттің болмауы
ЭШФ жүйесі уақытша жұмыс істемесе, әлде интернет мүлде жоқ болса, қағаз шот-фактура жазып беруге болады. Байланыс қалпына келгеннен кейін бұл құжатты ЭШФ АЖ-ға міндетті түрде енгізу керек.
Айыппұлдар
Аталған санаттардың ешқайсысына жатпайтын ЖК ЭШФ рәсімдеуге міндетті. Шот-фактураны жазып беруге айналым жасалғанын растайтын құжатқа қол қойылған сәттен бастап 15 күнтізбелік күн беріледі. Егер бұл талап орындалмаса, кәсіпкерге айыппұл салынуы мүмкін.
ЭШФ-ны қажет кезде жазып бермеу
Бірінші құқық бұзушылық үшін: ескерту.
Бір жыл ішінде қайталап заңды бұзғаны үшін: айыппұл. Шағын бизнес үшін — 40 АЕК (2025 жылы 157 280 теңге).
ЭШФ жазып беру мерзімдерін сақтамау
Бірінші құқық бұзушылық үшін: ескерту.
Бір жыл ішінде қайталап заңды бұзғаны үшін: айыппұл. Шағын бизнес үшін - 20 АЕК (2025 жылы 78 640 теңге).
ЭШФ жазып беруге міндеті операция түріне, тауар сипаттамасына және ЖК-ның салық мәртебесіне байланысты өзгереді. Ерекше жағдайлар да бар. Оларды білу уақытты үнемдеп, айыппұлдардың алдын алуға болады.