Бизнес туралы мақалалар

Кассалық аппаратсыз чек беру жолдары

Талаптарды орындап, қағазбастылықтан бас тарту

Кассалық аппаратсыз чек беру жолдары

Мақаланың мазмұны

Кәсіпкерлер сатып алушыларға фискалды чек беруге міндетті. Фискалды чектің тауарлық чектен айырмашылығы — ол салық тізілімінде тіркелген бақылау-кассалық машинасы (БКМ) арқылы беріледі, және оның мәртебесі жоғарырақ. Оның төлем деректері бірден салық органына жіберіледі. Бұрын мұндай чекті беру үшін БКМ сатып алу керек болатын, қазір баламалары бар. Кассалық аппаратсыз фискалды чектер қалай беру керектігін осы мақалада қарастырайық.

Онлайн-касса

Онлайн-касса — бұл ақша түсімдері туралы мәліметтерді салық органына жіберетін кассалық аппарат функциясы бар құрылғы немесе мобильді қолданба. Ақпарат фискалды деректер операторы (ФДО) арқылы жіберіледі — бұл кассалық аппарат пен салық органдары арасындағы делдал. ФДО үшін ай сайын ақы төлеу керек.

Онлайн-касса төлемді қолма-қол ақшамен және банк картасымен алатын әрбір кәсіпкерге керек. Бірақ қолма-қол ақшасыз (банк шотына тікелей аудару арқылы) төленетін қашықтан төлемдермен жұмыс істейтін ЖК-ға қажет емес.

Онлайн-кассаның бірнеше қызметі бар:

  • re:kassa — шағын және орта бизнеске арналған тегін онлайн касса. Бірнеше ФДО-мен бірге жұмыс істейді. Клиенттерге чектерді мессенджерлерге жіберу, тауар бағаларын басып шығару үшін принтерлермен біріктіруге, бірнеше кассалар ашуға болады.
  • Nurkassa — бірқатар тегін қызметтері бар онлайн касса. Әр түрлі қызметтермен интеграция, штрих-код сканері, салық органына тіркеу сияқты артықшылықтары бар.

Онлайн касса қызметі бойынша нарықта көптеген ұсыныстар бар, таңдау кезінде ең бастысы — ол мемлекеттік тізілімде болуы керек. Фискалды чектерден басқа, онлайн-касса арқылы басқа құжаттар — ауысымның жабылуы, есептің ағымдағы жағдайы, фискалды жинақтағыштың жабылуы туралы есептер жасауға болады.

Айтпақшы, онлайн-касса интернет-дүкендердің иелеріне де жарайды, өйткені олар да фискалды чек беруге міндетті. Бірақ маркетплейстерде сататындарға ол туралы алаңдаудың қажеті жоқ, өйткені сауда алаңы чектерді сатып алушыларға өзі беріп, сізге ақшаны транзакцияларға кеткен комиссияны ұстап жібереді.

POS-терминал

POS-терминал төлем қабылдаған кезде клиентке өз чегін басып шығарады, оны кәсіпкерге 5 жылға дейін сақтау керек, бұл есеп құжаттамасының бір түрі. Бірақ бұндай чек басып беру жеткіліксіз, сатып алушыға БКМ чегін де беру керек, әйтпесе бұл кассалық тәртіпті бұзу болып саналады. Бірінші рет кәсіпкерге ескерту жасалады, ал бұзушылық қайта анықталған жағдайда — 20-дан 40 АЕК-ке дейін (2024 жылы  73 840 тенгеден  147 680 теңгеге дейін) айыппұл салынады.

Қазіргі заманғы Jusan Tole сияқты банк POS-терминалдары қолма-қол ақшасыз төлем (карта немесе QR арқылы) қабылдаудан басқа, онлайн-кассамен интеграциялануға мүмкіндік береді, осылайша тауарлық онлайн-чектерден басқа фискалды чектерді де беріп, деректерді бірден салық органдарына жібереді. Ол үшін қолайлы онлайн қызметті таңдап, қосылу керек.

E-Salyq Business арқылы

E-Salyq Вusiness мобильді қолданбасын қолданатын арнаулы салық режиміндегі ЖК немесе патентпен жұмыс істейтін ЖК заң бойынша онлайн-кассасыз жұмыс істей алады.

 

Такси жүргізушілері, жалға берушілер және басқа да өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар бұрын бірыңғай жиынтық төлемді қолданып, 2024 жылы оның тоқтатылуымен ЖК ашса, клиенттерге чекті қалай беретінін шешуі керек. Бұны міндетті түрде істеу керек, бірақ кассалық аппарат сатып алудың қажеті жоқ. Салық органдары онлайн фискалды чектер бере алатын e-Salyq Вusiness мобильді қолданбасын ұсынады. Бұл салық органдарының қолданбасы болғандықтан, чектер олардың серверіне ФДО-сыз тікелей жіберіледі.

E-Salyq Business қолданбасында чек беру

  1. E-Salyq Вusiness қолданбасында тіркеліп, «Чектер» бөліміне өту керек. Ашылған парақшада «Чек беру» батырмасын басу.
  2. Сатып алушы түрін таңдау — заңды немесе жеке тұлға; төлем тәсілі — қолма-қол ақша немесе қолма-қол ақшасыз; төлем түрі — әдепкі қалпы бойынша ағымдағы болып тұрады; қызмет түрі — көрсетілетін қызмет немесе тауар түрін таңдау (мысалы, такси жүргізушілеріне — такси деген қызметті таңдау керек) және соманы енгізу. «Сомаға чек беру» түймесін басу.
  3. Дайын! Электрондық фискалды чек қалыптасып, салық органына жіберілді. Оны клиенттің электронды поштасына немесе мессенджер арқылы жіберуге болады.

Мобильді қолданбада берілген чектер БКМ чектерімен тең, сондықтан оны сатып алуды немесе онлайн-кассаны қосуды қажеті жоқ.

Берілген чектердің негізінде салық органы кәсіпкердің табысын есептейді, сондықтан есеп жүргізудің қажеті жоқ, ал салық мөлшері ай сайын автоматты түрде саналады (мөлшері табыстың 1% құрайды, оған қоса әлеуметтік аударымдар мен төлемдер бар), патентпен жұмыс істейтіндер бәрін алдын ала төлейді.

Кәсіпкерлер фискалды чектерді клиенттерге БКМ сатып алмай-ақ  — онлайн-касса, интеграцияланатын POS-терминал немесе e-Salyq Business мобильді қолданбасы арқылы бере алады. Ең бастысы — бизнесіңізге сай келетін шешімді таңдау.