Бизнес туралы мақалалар

Мобильді қосымша қолданылатын арнаулы салық режимінде ЖК ашу

Мобильді қосымша арқылы салық төлеп, бизнес жүргізу

Мобильді қосымша қолданылатын арнаулы салық режимінде ЖК ашу

Мақаланың мазмұны

2024 жылдан бастап Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) қолданып жүрген өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық режимін таңдауы керек. Бұл үшін ең ыңғайлы режим — ол арнайы мобильді қосымша қолданылатын арнайы салық режимі (АСР).

ЖК тіркеу алдында жасалатын қадамдар

ЖК тіркеуден бұрын оның қызмет түрі мен салық режимін таңдау керек. Оны алдын-ала жасаған жөн, себебі тіркеу кезінде сәйкес тармақтарды толтыру қажет болады.

ЖК-ның қызмет түрлері

Елімізде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші — ЭҚЖЖ бар. Онда мал шаруашылығынан бастап, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуге дейінгі кәсіпкерліктің барлық түрлері аталған.

Жіктеуіш бойынша қызметтің үш түрін таңдауға болады:

  • Қызметтің негізгі түрі — басты табыс көзі.
  • Қызметтің қосымша түрі — негізгіге қарағанда азырақ табыс әкелетін қызмет түрі.
  • Қызметтің қосалқы түрі — негізгі және қосымша қызмет түрлерін сүйемелдейтін қызмет түрі: тасымалдау, сақтау, сатып алу, өнім өткізуді дамыту, тазалау, жөндеу, күзет және тағы басқа мақсаттарда пайдаланады.

Қажетті ЭҚЖЖ-ны таңдау барысын телеграмдағы боттың көмегімен жеңілдете аласыз.

ЖК қызмет түрінің коды

Әр қызмет түрінің өзіне сәйкес коды болады, ол код қызметтің бөлімін, тобын, класын және ішкі класын анықтайды.

Мысалы, егер сіз азық-түлік дүкенін ашатын болсаңыз, негізгі қызмет түрі ретінде 47.11.1 «Сауда алаңы 2000 ш.м-ден кем сауда объектілері болып табылатын мамандандырылмаған дүкендерде көбінесе тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерін бөлшек саудада сату» кодын таңдауыңызға болады.

Егер оның жанында көкөніс киоскісін ашқыңыз келсе, қосымша қызмет түрі ретінде 47.21.1 «Сауда алаңы 2000 ш.м-ден кем сауда объектілері болып табылатын мамандандырылған дүкендерде жеміс-жидектер мен көкөністерді бөлшек саудада сату» кодын таңдауға болады.

ЖК-ның салық режимдері

Салық төлеу және есеп беру кәсіпкерліктің салық режиміне сәйкес жүзеге асырылады.

Салық режимдерінің негізгі түрлері:

  • ЖБР — жалпыға бірдей белгіленген салық режимі.
  • Оңайлатылған — оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.
  • Патент — патент негізіндегі арнаулы салық режимі.
  • Бөлшек салығы — бөлшек салық арнаулы салық режимі
  • Мобильді қосымша — арнайы мобильді қосымша қолданылатын арнаулы салық режимі.
  • Тіркелген шегерім — тіркелген шегерім пайдаланатын арнаулы салық режимі.
  • Шаруа немесе фермер қожалығының арнаулы салық режимі.

Бұл мақалада мобильді қосымша қолданылатын арнаулы салық режимінде ЖК ашу туралы айтатын боламыз. Басқа салық режимдері туралы мына сілтемеге өтіп оқыңыздар:

ЖК ашу

Мобильді қосымша қолданылатын АСР

Бұл режим патентпен жұмыс істейтін ЖК режиміне ұқсайды — ол жалғыз өздері жұмыс істейтін кәсіпкерлерге ыңғайлы болады. Мысалы, такси жүргізушілер, фотографтар, репетиторлар, шаштараздар немесе пәтер жалға беретіндер осы режимді таңдай алады. Мобильді қосымша (МҚ) қолданылатын АСР-дың басты артықшылығы — барлығын E-Salyq Business қосымшасында жасауға болатындығында.

Кәсіпкер мобильді қосымша арқылы ЖК-ны онлайн тіркеуге, салық режимін таңдауға немесе өзгертуге, чек беруге (касса машинасын сатып алудың қажеті жоқ болады), автоматты түрде табыс есебін жүргізуге және төленетін салықтарды есептеуге мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, қосымшада түрлі анықтамалар алып, ҚҚС бойынша тіркеуден шығып, ЖК-ны жабуға болады. Қосымшада e-Salyq Azamat, e-gov және Салық төлеуші кабинеті қызметтерін, сонымен қатар қолдау қызметін пайдалануға болады.

МҚ қолданылатын АСР-дегі ЖК шарттары

  • кәсіпкерлер бизнесті өздері жүргізеді, жұмысшылары жоқ;
  • 32 қызмет түрінің бірімен айналысады;
  • ҚҚС бойынша тіркелмеген;
  • ең жоғары жылдық табысы — 3 528 АЕК-тен аспау керек (2024 жылы 13 025 376 теңге);
  • агенттік келісімдер бойынша жұмыс істемейді, басқа қалаларда салық салынатын объектілері жоқ (тұрғын үйді жалға беретіндер кірмейді, олар бұл режимді пайдалана алады).

Егер ЖК осы шарттардың бірін бұзса, автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге (ЖБР) көшеді.

Кәсіпкер бұл режимде есеп (декларациялар) тапсырмайды.

МҚ қолданылатын АСР-ға көшу

Жаңадан ЖК ашатындарға e-Salyq Business қосымшасын жүктеп алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық режимін таңдау кезеңінде «арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы» өрісін таңдау қажет.

Егер жеке кәсіпкер патент немесе оңайлатылған негізінде жұмыс істейтін болса да, MҚ АСР-не ауыса алады. Ол үшін e-Salyq Business жүктеп алып, «Қызметтер» бөлімінде жаңа режимді таңдау керек. Бұл қызмет тегін көрсетіледі.

МҚ қолданылатын АСР-мен жалпыға бірдей белгіленген режимге немесе қайта басқа арнайы режимдерге ауысуға болады.

Барлық құжаттар ЭЦҚ арқылы қарастырылады.

МҚ қолданылатын АСР-дегі ЖК салықтары

МҚ қолданылатын АСР-дегі ЖК төлейтін жеке табыс салығы табыс мөлшерінің 1% құрайды.

Патент негізінде жұмыс істейтін ЖК-ге қарағанда, мұнда салық алдын ала бір жылға төленбей, әр ай сайын есептеледі. Салық сомасын есеп беретін айдан кейінгі 15-ші күнге дейін есептеп, 25-іне дейін төлеу керек. Мысалы, кәсіпкер қаңтар айының салығын 15 ақпанға дейін есептеп, 25 ақпанға дейін төлейтін болады.

Сондай-ақ, ЖК ай сайын өзі үшін міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ), әлеуметтік аударымдарды (ӘА) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын (МӘМСЖ) аударуға міндетті.

Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді тікелей қосымшада есептеуге болады — мобильді қосымша көрсетілген кіріс негізінде барлығын өзі есептеп береді, кәсіпкерге тек төлеу ғана қалады.

Пәтер жалға бере отырып, Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеген азаматтар ЖК ретінде тіркелуден бас тарта алады, бірақ онда оларға салық мөлшері табыс мөлшерінің 10% құрайды және олар жылына бір рет жеке табыс салығы декларациясын (240.00 нысан) тапсыруға тиіс болады.

ЖК ашу тәртібі

ЖК тіркеу үшін мемлекеттік органдарға онлайн хабарландыру жіберу керек. Ол үшін электронды лицензиялау сайтында немесе екінші деңгейлі банктер қосымшаларында белгіленген үлгі бойынша өтініш беру керек. Тіркелу қызметі толығынан тегін.

ЖК-ны мемлекеттік қызмет арқылы онлайн тіркеу үшін тек қана электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Оны ХҚКО-да немесе egov.kz электрондық үкімет сайтында алуға болады.

Elicense.kz-те ЖК ашу тәртібі

1. ЭЦҚ арқылы авторизациялану

2. «Қызмет көрсету» бөліміне өту → «Дара кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама» → «Қызметке онлайн тапсырыс беру»

3. Деректерді толтыру:

  • ЖК нақты мекенжайы
  • ЖК атауы
  • қызмет түрі (ЭҚЖЖ)
  • салық режимі (ЖБР, оңайлатылған, патент, т.б.)

4. ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қою

Jusan Business қосымшасында ЖК ашу

Jusan Business мобильді қосымшасында да ЖК жылдам ашуға болады. Ол үшін JB қосымшасын жүктеп алып, телефон нөмірі мен ЖСН енгізіп, «ЖК тіркеу» деген экран шығады → «Тіркеуді бастау» → ЖК-ның аты-жөнін және қызмет мекенжайын толтыру керек → ЭҚЖЖ кодын таңдау → салық режимін таңдау → өтінімді растау.

Содан кейін Jusan Business-те шот ашып, бизнесті дәл қосымшада басқаруға болады.

ЖК тіркелгені туралы elicense.kz порталындағы жеке кабинетте білуге болады:

Ары қарай не істеу керек

Жеке кәсіпкер ретінде тіркеу туралы хабарландыру келген соң, бірден жұмыс істей беруге болады. ЖК ашылғаннан соң аталған хабарландыру расталды деп саналады. Енді табысты ресми түрде есептеу үшін клиенттерден төлем қабылдау тәсілдерін таңдау керек.

Клиенттерден төлем қабылдау тәсілдері

Төлемдерді қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз әдістермен, соның ішінде мобильді аударымдармен қабылдауға болады. Ең бастысы — клиентке төлем растайтын чек беру. Чекті тікелей қосымшада шығаруға болады. Бұндай электронды чекте жеке кәсіпкердің аты-жөні мен сатып алушының сәйкестендіру нөмірі болады, тіпті қажет болған жағдайда оны электронды поштаға, сондай-ақ Whatsapp немесе Telegram сияқты мессенджерлерге жіберуге болады. Берілген чектердің түпнұсқалары QR коды арқылы расталады.

E-Salyq Business-тің ыңғайлығы — фискалды мәліметтермен айналысатын операторлардың қызметтеріне қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ, бұл мобильді қосымша салық жүйесіне кіреді, сондықтан чектер туралы мәліметтер салық органдарында автоматты түрде көрсетіледі.

E-Salyq Business қосымшасына міндетті түрде табыс туралы мәліметтерді енгізу керек. Егер 60 күндік табыс туралы, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтер қосымшада болмаса, онда ЖК қызметі автоматты түрде тоқтатылады.