Бизнес туралы мақалалар

POS-терминал бизнестің қандай түрлеріне қажет

Төлемдерді карта және QR арқылы қабылдауға арналған терминал қалай жұмыс істейді, ол кімге керек, және оны орнатпаса не болатыны туралы айтып береміз

POS-терминал бизнестің қандай түрлеріне қажет

Мақаланың мазмұны

POS-терминал деген не

POS-терминал — бұл банк карталары, смартфон, сағат және басқа да құрылғылар арқылы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға арналған құрылғы. POS дегеннің толық оқылуы — «Point Of Sale», ал аудармасы — «сауда нүктесі».

Терминал тауарлар мен қызметтер үшін жедел төлем өткізу, сатылым мөлшерін бақылау, төлемді кері қайтару және клиент қаражатын қайтару қызметтерін жүзеге асырады, сондай-ақ, сауда нүктелерінің айналымы мен түсімін қадағалауға көмектеседі.

POS-терминалды салық органдарында тіркеу керек жоқ. Оны пайдалану үшін банкпен келісімшарт жасау жеткілікті.

Жедел төлем жүйесі

2021 жылғы 1 шілдеден бастап кәсіпкерлер төлемдерді жедел төлем жүйесі (ЖТЖ) арқылы қабылдай алады. Бизнес үшін ол QR коды арқылы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдап, кассалық чек беру деген сөз. QR коды енді POS-терминалдарға тең болып саналады.

QR коды арқылы төлем жүргізу үшін клиентте банк шоты мен QR арқылы төлем қабылдауға арналған банк қосымшасы орнатылған смартфон болғаны жеткілікті.

POS-терминалды кім пайдалануға тиіс

POS-терминалды келесі салалардағы кәсіпкерлер орнатуға тиіс:

  1. Автокөлік пен мотоциклдерді сату, жөндеу және техникалық қызмет көрсету;
  2. Көтерме және бөлшек сауда;
  3. Қонақ үй бизнесі;
  4. Мейрамханалар мен басқа да тамақтану және сусын ұсыну объектілері;
  5. Әуе және темір жол билеттері мен багаж және жүк-багаж түбіртектерін сату;
  6. Жүктерді көліктік өңдеу, қоймаға жинау және сақтау қызметтері, жүк тасымалдау және қосалқы тасымалдау қызметтері;
  7. Туроператорлар, туристік бизнес (туристік агенттерден басқа);
  8. Сақтандыру;
  9. Денсаулық сақтау;
  10. Білім беру;
  11. Кинофильмдерді, бейне- және теледидарлық бағдарламаларды тарату, кинофильм көрсету;
  12. Фитнес, спорт клубтары, дискотекалар;
  13. Құмар ойындар мен бәс салысуды ұйымдастыру;
  14. Боулинг және бильярд.

Қалған бизнес түрлеріне POS-терминалмен жұмыс істеу міндет емес.

Кім POS-терминалсыз жұмыс істей алады

POS-терминалды пайдалану интернетке қосылмаған аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпкерлерден талап етілмейді. Құрылғы келесі салаларда қызмет ететіндерге де қажет емес:

  • Өзіндік өндірілген ауыл шаруашылық және балық аулау өнімдерін сату;
  • Жайма сөрелер, автосөрелер, шатырлар, киоскілер, контейнерлер және сауда базарларының аумағында сауда жасау.

POS-терминал түрлері

POS-терминал түрін клиенттерден төлем қабылдау тәсіліне қарап таңдауға болады:

  • Мобильді POS-терминал — бұл QR арқылы төлем қабылдауға арналған мобильді қосымша. Мұндай терминал электр желісіне тұрақты түрде қосылып тұра алмайтын жерлерде, мысалы, кафеде клиенттік үстеліне келіп, төлем қабылдайтын даяршылар үшін ыңғайлы.
  • Кассалық POS-терминал — бұл супермаркеттегі, сауда үйіндегі, дәріханадағы, мейрамханадағы немесе қонақ үйіндегі кассир жұмысын толық қамтамасыз ететін құрылғы.
  • Мини POS-терминал — бұл төлем карталарын оқитын портативті құрылғы. Ол қалыпты POS-терминалды орнату мүмкіндігі жоқ болған жерде ыңғайлы, мысалы, шағын дүкендерде, техникалық қызмет көрсету станцияларында, немесе курьерлер үшін.

POS-терминал қалай жұмыс істейді

POS-терминал фискалды чек беретін және оны салық органдарына жедел жіберіп отыратын онлайн-кассамен бірге жұмыс істей алады. Төлем өткен сайын сатып алушыға кассалық аппараттың чегі берілуге тиіс. Ол арқылы салық қызметкерлері фискалды операцияларды бақылай алады, ал сатып алушылар сатушының заңды түрде қызмет етіп жатқанына көз жеткізе алады.

Кассалық аппарат, POS-терминал және чек басып шығаратын құрылғының қызметтерін біріктіретін 3-те-1 құрылғылар да бар. Егер терминалдың ішіне кассалық аппараттың қызметтері тігілмеген болса, онда чек басып шығарып, төлем деректерін салық органдарына жіберу үшін бөлек бақылау-касса машинасын сатып алу керек. Мысалы, супермаркеттерде POS-терминал мен БКМ екеуі екі бөлек құрылғы түрінде орнатылады, сондықтан да сатып алушыға әрдайым екінші чек беріледі. Фискалды чек бермей сауда жасаған үшін ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 284 бабында жауапкершілікке тарту қарастырылған.

POS-терминалмен жұмыс істеу үшін интернетке қосылу қажет. Терминал банкке карта иесінің шотында қаражат бар-жоғы туралы сұраныс жасап, растау алғаннан кейін төлем жүргізіп жібереді. Оның тәртібі мынадай:

  • Клиент төлем сомасы жазылып тұрған POS-терминалға өз картасын немесе Apple Pay, Samsung Pay немесе Google Pay қосылған құрылғысын тосады;
  • Талап етілсе, картаның PIN коды енгізіледі;
  • POS-терминал өз банкіне және төлем жұйесіне операция жүргізу туралы сұраныс жібереді;
  • Содан кейін терминал клиенттің картасын шығарған банкке оның шотында қаражат жеткілікті екенін тексеру үшін сұраныс жібереді де, керек соманы шешіп алуға рұқсат сұрайды. Егер қаражат жеткіліксіз болса, банк төлем өткізуге рұқсат бермейді;
  • Төлем қабылданғаннан кейін екі чек басылып шығарылады, оның біреуі кассада қалады да, екіншісі клиентке табысталады;
  • Төлем қауіпсіздік талаптары бойынша жүйеде сәл ұсталып тұрады, содан кейін кәсіпкер шотына түседі.

POS-терминалды қолданбаған жағдайда не болады

Салық органдары төлем құрылғыларының қолданысын тексеруге міндетті. Егер кәсіпкерде POS-терминал жоқ болса, онда бірінші ретінде оған ескерту жіберіледі, ал екінші ретінде айыппұл салады:

  • шағын бизнес үшін — 40 АЕК, 2024 жылы 147 680 теңге;
  • орта бизнес үшін — 60 АЕК, 2024 жылы 221 520 теңге;
  • ірі бизнес үшін — 80 АЕК, 2024 жылы 295 360 теңге мөлшерінде.