Бизнес туралы мақалалар

Тендер мен мемлекеттік сатып алу процедураларына қатысу

Тендер мен мемлекеттік сатып алу қызметтерінің тәртіптері, тапсырыс іздеу жолдары және тауарлар мен қызметтерді орналастыру шарттары

Тендер мен мемлекеттік сатып алу процедураларына қатысу

Мақаланың мазмұны

Бизнес ашқанда көптеген кәсіпкерлер тендерге қатысудан бастағысы келеді. Өйткені мұнда сайт пен жарнамаға, жалпы маркетингке ақша жұмсаудың қажеті жоқ, бірден сата беруге болады. Бірақ тендер мен мемлекеттік сатып алумен айналысудың кейбір нюанстары бар, олар жаңадан бастағандар үшін қиын болуы мүмкін. Жұмысты неден бастау керектігін, жиі кездесетін қателерді болдырмау үшін не істеу керектігін және неге назар аудару керектігін айтып береміз.

Тендер дегеніміз не

Тендер — тауарларды сатып алудың бір жолы. Тапсырыс беруші қандай өнімді немесе қызметті сатып алғысы келетінін хабарлап, оған техникалық сипаттама қосады, ал тауар сататын жеткізушілер оған өз нұсқаларын ұсынады. Ең төмен баға ұсынған адам жеңімпаз атанады. Тендердегі жеңіс кәсіпкерге өз тауарлары мен қызметтерін ірі мөлшерде сатуға мүмкіндік береді. Онымен келісімшарт жасалады. Тендерлерді жеке компаниялар да, мемлекеттік органдар да өткізеді.

Қазақстанда мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңымен реттеледі.

Тендерлерге кім қатыса алады

Қазақстанда жеке кәсіпкерлер тендерлерге заңды тұлғалармен тең негізде қатыса алады. Оған еш шектеу қойылмаған. Жеке кәсіпкерлер заңды тұлғалармен материалдар жеткізуден құрылысқа дейінгі әр түрлі салаларда бәсекеге түсе алады.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес, тіпті заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi — консорциумдар да әлеуетті жеткізуші бола алады. Сарапшылар кәсіпкерлерге осындай консорциумдарға бірігуге кеңес береді — осылайша тендер алаңдарына барып, үлкен тапсырыстарды жеңу оңайырақ.

Тендерлерді қайда іздеуге болады: негізгі сайттар

Қазақстанда ондаған тендер алаңдары бар. Олардың әрқайсының өз ережелері мен талаптары бар. Барлығын бірден түсіну қиын болуы мүмкін, сондықтан жаңадан бастаушылар үшін басты міндет — істі бастау үшін ең қолайлы алаңды таңдау. Қазақстандағы негізгі тендер сайттарын қарастырайық.

Ресми алаңдар

Мемлекеттік сатып алу сайты — бұл мемлекеттік органдардың тапсырыс беретін негізгі сайті. Мемлекеттік сатып алу тек электронды түрде конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату, бір көзден алу тәсілімен сұрату, тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады. Тіркелу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) болуы жеткілікті, өйткені бұл сайт e-gov порталына қосылған.

Порталды пайдалану үшін бекітілген ақы төлеу керек, оның мөлшері тапсырыстың құнымен анықталады:

  • 1 млн теңгеге дейін — жылына 1 АЕК (2024 жылы 3 692 теңге)
  • 10 млн теңгеге дейін — жылына 10 АЕК (36 920 теңге);
  • 100 млн теңгеге дейін — жылына 20 АЕК (73 840 теңге);
  • 1 млрд теңгеге дейін — жылына 60 АЕК (221 520 теңге);
  • егер тапсырыс құны шектелмесе, төлем жылына 122 АЕК (450 424 теңге) болады.

Жеткізуші тапсырыс берушімен осы санаттардың бірін төлегеннен кейін келісімшартқа отыра алады. Әр шарттың бағасы тарифпен шектеледі, ал келісімшарттардың жалпы саны кез келген болуы мүмкін.

«Самрук-Қазына» порталы — аттас холдинг құрамына кіретін ұйымдар (мұнай-газ және көлік-логистика, химия және атом өнеркәсібі секторларының кәсіпорындары) тапсырыс беретін сатып алу порталы. Портал тендерлеріне қатысу үшін аккредиттелген компанияның аудитінен өтіп, алдын ала білікті жеткізушілер тізіміне енген жөн. Тізімде болу мерзімі — 3 жыл. Аудиттен өтпеуге де болады, бірақ бұл жағдайда жеткізушіге лоттардың барлығы көрсетілмейді және мұнда тапсырыс құнының 1 пайызын төлеу қажет болады.

Еуразиялық электрондық портал — квазимемлекеттік компаниялар, табиғи монополиялар субъектілері, білім беру және медицина мекемелері, жеке коммерциялық ұйымдар сатып алынатын портал.

E-port, SPOD, NADLoC — бұл қазақстандық жер қойнауын пайдаланушыларға арналған платформалар. Мұнда қолданушылар қатты пайдалы қазбалар, минералды түзілімдері, уран және т.б. өндіруде қолданылатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алады.

«СК-Фармация» — бұл сайт дәрі-дәрмек құралдардың, медицина мақсатындағы бұйымдардың дистрибьюторы болып табылады. Компанияның ресми сайтында тек сатып алу туралы хабарландырулар орналастырылған, ал сатып алу процесі fms.ecc.kz сатып алу порталы арқылы жүзеге асырылады. Жеткізушілер денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркелу керек, ол үшін олардың медициналық қызметпен айналысуға берілген лицензиясының көшірмесі қажет. Сонымен қатар, заңды тұлғалар мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесін, ал жеке тұлғалар жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеу туралы куәліктің және жеке куәліктің көшірмелерін ұсынады.

Коммерциялық тендер алаңдары

MITWORK — «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Astana Hub және т.б. сияқты ұлттық компаниялар мен ірі коммерциялық ұйымдардың холдингтері сатып алатын еуразиялық электронды портал. Лоттар әр түрлі салалардан: көлік, электроника, жабдықтар, қосалқы бөлшектер, құрылыс, ауыл шаруашылығы, бизнес қызметтері салаларында орналастырылады. Тегін тарифтер де, ақылы тарифтер де бар.

MP.kz — ірі компаниялар мен екінші деңгейлі банктерге, соның ішінде Jusan-ға арналған сатып алу және аукцион жүргізу сауда алаңы.

Одан басқа, түрлі компаниялардың жеке сайттары да бар, мысалы, BI Group, Bazis-A, Қазақмыс, Евразиантек, Транстелеком және т.б, ол сайттарда сатып алу жүйелі түрде жүргізіледі.

Ақпараттық агрегатор сервистері

Жеткізушілер әр түрлі компанияларды бір жерде жинайтын жеке агрегатор порталдарын пайдалана алады. Оларда тіркелу тегін, бірақ тендерлерге қатысуда қолдау көрсету және дайындалуға көмектесу түріндегі қосымша қызметтер бөлек төленеді.

TenderPlus — әр түрлі сайттардан жарияланған тендерлерді бақылауға және олар туралы хабарламаларды пошта арқылы алуға мүмкіндік беретін сайт. Жеке менеджермен байланыста болу мүмкіндігі бар.

Zakupki.kz — барлық қазақстандық тендер сайттарын бір жерден бақылайтын тағы бір сервис. Сайтта тендерге қатысуда қолдау, тендерлер бойынша аутсорсинг, оқыту, бейрезиденттерге қызмет көрсету және сертификаттау бар.

Tenderbot.kz — клиенттің спецификациясына сәйкес пайда болған жаңа тендер туралы автоматты түрде хабарлау қызметі. Сондай-ақ, тендерге қатысу кезінде басынан аяғына дейін толық қолдау бар.

Тендерге қалай қатысуға болады

Тендерлерге дұрыстап дайындалу керек, мұнда жай ғана бір батырманы баса салу деген жоқ. Әрбір сайттың өз ережелері бар, бірақ жұмыс істеудің жалпы ұстанымы осындай:

  1. Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу.
  2. Тендер сайтында қажетті құжаттарды жинап, тіркелу. Құжаттардың ішінде мемлекеттік тіркеу туралы құжат, қарыз жоқтығы туралы анықтама, банк кепілдігі болуы мүмкін.
  3. Салаңызға сәйкес тендерлерді табу. Нақты тауарларды, қызметтерді және аймақты белгілей отырып, фильтрлерді, іздеу сұратымдарын пайдалану. Тендерге қойылатын талаптарды оқу, шарттармен және шектеулермен танысу.
  4. Тендерге дайындалып қатысу. Тендерді таңдағаннан кейін жеткізуші қатысуға өтінім береді. Тапсырысты сәтті орындау үшін, жақсы атаққа ие болу және тәжірибе жинақтау үшін өз мүмкіндіктеріңіз бен ресурстарыңызға сәйкес келетін жобаларды қабылдаған жөн. Сарапшылар бірден 30–40 тендерге қатысуға өтінім беруді жөн көреді. Ал егер олардың 10 пайызы сәтті өтсе, жұмысты нәтижелі деуге болады.

Тендерге қатысу үшін қандай құжаттар қажет

Егер ЖШС немесе ЖК тендер алаңдарында ЭЦҚ арқылы тіркелсе, одан мемлекеттік тіркеу туралы куәлік немесе басқа да құрылтай құжаттары талап етілуі мүмкін.

Сонымен қатар, кейбір тендер өткізу сайттарында төлем қабілеттігін, жұмыс тәжірибесін және салық қарыздарының жоқтығын растау жөніндегі талаптар бар. Көбінесе, онда тендерлік кепілдікті сұрайды.

Тендерлік кепілдіктер

Тендерлік кепілдік — тендерге қатысушының ұйымдастырушы алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ететін кепілдік. «Самұрық-Қазына» порталындағы мемлекеттік сатып алу мен тендерлерге қатысу үшін электрондық бланк түріндегі тендер кепілдігі міндетті шарт болып табылады.

Jusan өз клиенттеріне осындай кепілдіктерді «Самұрық-Қазына» порталында, «СК-Фармация» және мемлекеттік сатып алу веб-сайтында береді. Jusan-нан тендер кепілдігін алу үшін банктің заңды тұлғалар офисіне хабарласып, құжаттарды ұсыну қажет. Құжаттардың тізбесінде кемінде құрылтай құжаттары, тендерлік құжаттама және кепілдікке өтінім болуға тиіс. Jusan-ның тендер кепілдіктерінің мөлшерлемесі нарықтан төмен — айналым қаражатын растаған жағдайда кепілдік сомасының 1–1,5 пайызына дейін болады.

Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі

Жеткізушілер көрсетілген талаптарды орындамаған жағдайда тапсырыс беруші оларды бір ай ішінде сотқа беріп, жосықсыз қатысушы деп жариялайды. Осы тізімге енген жеткізушілер екі жыл бойы тендерлерге қатыса алмайды.

Тізілімге кім кіреді:

  • Біліктілік талаптары мен құжаттар бойынша жалған мәліметтерді ұсынған жеткізушілер;
  • Жеңімпаз ретінде таңдалған, бірақ келісімшарт жасасудан бас тартқан жеткізушілер;
  • Өз міндеттемелерін орындамаған немесе дұрыс орындамаған жеткізушілер.

Жосықсыз жеткізушілердің тізілімінен қалай шығуға болады

Жосықсыз жеткізушілердің тізіліміне кірмеу үшін тендерге қатысуға өтінім бермес бұрын өз шамаңызды есептеп, құжаттаманы, техникалық сипаттаманы және шарт жобасын мұқият оқып шығу керек. Бұнда барлық мәліметтер маңызды: жеткізу шарттары да, әдістері де. Өтінімді жібере отырып, жеткузіші барлық талаптарға және оларды кейінірек өзгертуге болмайтынына келіседі.

Мысалы: тапсырыс беруші HP мониторларына тапсырыс береді. Жеткізушіде тура сол өлшемдегі, бірақ басқа брендтен шыққан мониторлар бар, тіпті одан арзанырақ та. Егер ол осы тармақты ескермей, өтінім берсе, тендерді ең төменгі бағамен жеңіп алады, бірақ тапсырыс беруші өтінім спецификациясында көрсетілген тауарларды талап етіп, жеткізушінің тауарын қабылдаудан бас тартуы мүмкін. Бұл жағдайда жеткізушіге тауарды шығындалып жеткізуге тура келеді, болмаса ол шарт талаптарын орындамағаны үшін жосықсыз жеткізушілердің тізіліміне кіреді.

 

Тендерге қатысу жеке кәсіпкерліктер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге нақты талаптары бар тұрақты тапсырыс берушілерді табуға мүмкіндік береді. Кішігірім тапсырыстарды сәтті орындай отырып, кәсіпкер кейін өзін сенімді жеткізуші ретінде көрсете алады және үлкен жобаларға ауыса алады. Мұқият дайындықпен және барлық ережелерді сақтай отыра, кәсіпкерлер осы бәсекелес ортадан пайда тауып, бизнесін дамыта алады.