Халықаралық тендерлерге қатысу
Қатысушыға қойылатын талаптар, тапсырыс іздеу алаңдары және кеңестер
Мақаланың мазмұны
Халықаралық тендерлер қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашады — ол арқылы ірі жобаларға қол жеткізуге, бизнесті кеңейтуге, жаңа нарыққа шығуға және табысты көбейтуге болады. Бірақ мұндай тендерлерге қатысудың өз ерекшеліктері бар, соларды осы мақалада қарастырайық.
Халықаралық тендер туралы түсінік
Халықаралық тендер — бұл басқа елдерге тауарларды немесе қызметтерді жеткізудің бір жолы. Тендерлерді әр түрлі елдердің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар мен жеке компаниялар өткізеді. Лоттардың ауқымы машиналар мен жабдықтарды жеткізуден бастап құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалау қызметтеріне дейін әр түрлі болады.
Қазақстандық кәсіпкерлер өздері өндіретін өнімдер мен қызметтерді ұсына алады. Қазақстандықтар шет елге бейрезидент болғандықтан, үлкен маржасы бар лоттарды таңдаған дұрыс, өйткені логистикаға немесе халықаралық заңгерлерді тартуға қосымша шығындарды ескеру керек.
Халықаралық тендерлердің бес түрі бар:
- ашық — кез келген адам қатыса алады;
- жабық — тек тапсырыс беруші шақырған компаниялар қатысады;
- жариялы — қатысушылардың саны және конкурс нәтижелері туралы ақпарат ашық болады;
- жасырын — қатысушылар және олардың саны туралы ақпарат құпия болады, ал жеңімпаз өз жеңісі көпшілік алдында емес, жеке хат арқылы біледі;
- жеке — тендерге бір ғана компания шақырылады, ол жеңімпаз атанады.
Тендер іздеуге арналған сайттар
Шет елдердің тендерлеріне қатысу үшін жергілікті бизнестің ережелерін, ерекшеліктерін, мәдени және заңнамалық аспектілерін зерттеу қажет. Өнімнің немесе қызметтің сапасына тұтынушылардың қандай талаптары бар екенін түсіну маңызды. Халықаралық тендерлерді табуға болатын бірнеше сайттар бар.
ТМД елдері
Ресейлік тендерлерге қатысу үшін Қазақстандағы сияқты кәсіпкерлерге электрондық цифрлық қолтаңба қажет, оны бейрезиденттерге мемлекеттік қызметтер сайтында алуға болады. Тендер іздеуге арналған көптеген сайттар бар, ең танымалы — ЕИС закупки. Сондай-ақ ақылы және тегін іздеу агрегаторлары бар, олардың арасында ең танымалы — Контур мен Ростендер. Қатысу барысы стандартты болады — өтінім беру, құжаттар ұсыну (мемлекеттік тапсырыстарға қойылатын талаптар Ресей Федерациясының заңымен реттеледі, ал коммерциялық компаниялар өз қалауы бойынша құжаттар сұрай алады), өтінімге кепіл табу, банк шотын ашу, кепіл ақшасын шотқа аудару, келісімшартқа қол қою.
ТМД-ның басқа елдерінде — Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина және т.б. — қатысу тәртібі ұқсас. Қатысу елінің ЭЦҚ-сы керек және таңдалған порталда тіркелуі қажет. Барлық ұсыныстарды бір жерден іздеуге болады, мысалы, Business Connect порталы Ресей мен ТМД елдерінің тендерлерін бір жерде жинайды.
Еуропа елдері, АҚШ және т.б.
GlobalTender — жаһандық порталы, күн сайын 60-тан астам елден 50 мыңнан астам жарнамалар жүктеледі. 24/7 қолдауы бар. Нарық мүмкіндігі триллион долларға бағаланады.
TenderNews International — дүние жүзіндегі үкімет және мемлекет секторындағы сатып алулар туралы халықаралық келісімшарттардың дерекқоры. Жазылым 200 мыңнан астам құжатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді, күн сайын 5 мыңға дейін жаңа жарнама қосылады. Тандалған кілт сөздер арқылы, қызықтыратын тендерлер бойынша электрондық поштаға келетін ескерту қосуға болады.
Халықаралық ұйымдар
Барлық халықаралық ұйымдардың рәсімдері әділ және ашық бәсекелестікті қамтамасыз етеді — бұл қағида бойынша барлық қатысушылардың тендерге қолжетімділігі тең болады. Барлық сұрақтар мен жауаптар бүкіл қатысушыларға электрондық пошта арқылы жіберіледі.
БҰҰ тендерлері — БҰҰ жүйесінің барлық ұйымдарының жарнамаларын қамтитын бөлек сатып алу порталы. Сатып алу байқау негізінде жүзеге асырылады. Сатып алудың негізгі секторлары денсаулық сақтау, азық-түлік және ауыл шаруашылығы болады. Жаңа жеткізушілерге тіркеулік жазбасын ашу және порталда жұмыс істеу бойынша нұсқаулықты осы сілтемеден қарауға болады.
ЕҚЫҰ — Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының порталы, мұнда әр түрлі елдердің барлық өкілдіктерінің ұсыныстары, соның ішінде Қазақстан бойынша ұсыныстар да орналастырылған. Мысалы, соңғы лоттардың бірі — Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсесіне қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсету (жергілікті тамақтандыру). Жеткізушіні тіркеуге арналған құжаттар тізімі осы сілтемеде.
Тендер сомалары
Тендер сомасы қатысу санатына байланысты. Сүзгіні кез келген сомаға орнатуға болады, ұсыныстар көлемі үлкен. 1 мың доллардан басталатын келісімшарттар шағын сатып алулар болып табылады. Өнеркәсіптік жобалар 50 миллион доллардан басталады, олар трансформатор немесе аккумулятор зауыттары сияқты отандық өндірушілерге қызық болуы мүмкін. Инфрақұрылымдық жобалар 100 млн доллардан басталады, оларға біздің ірі энергетикалық алпауыт компаниялар қатыса алады.
IT-жобалар да бар — олар 100 мың доллардан басталады, ал ірі технологиялы жобалардың шешімдері 5 млн доллардан және одан жоғары сомадан басталуы мүмкін. Көптеген сатып алулар денсаулық сақтау, әлеуметтік және әскери инфрақұрылым салаларында жүзеге асырылады. Қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі тендерлер 10 млн доллардан басталады. Біліктілік бойынша іріктеу қатал түрде жүргізіледі.
Жеткізушілерге қойылатын талаптар
Халықаралық тендер қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптары шетел компанияларға бейімделген. Халықаралық тендерлерге тапсырыс берушілер қатысушыларға келесі талаптар қоя алады:
- компанияның қаржы тұрақтылығы, соңғы өткізген аудит, орташа жылдық айналымның сәйкестігі туралы ақпарат;
- тендерге қатысты жұмыс тәжірибесі;
- іскерлік беделі, компаниялардың халықаралық тізілімдерде болуы;
- келісімшартты орындау үшін жабдық, материалдық немесе технологиялық ресурстары, сапа сертификаттары, лицензиялардың болуы;
- компанияда белгілі бір біліктілік деңгейіндегі мамандардың болуы;
- орындалған халықаралық келісімшарттардың және басқа тұтынушылардың ұсыныс хаттарының болуы.
Тапсырыс беруші кез келген кұжатты сұрай алады, қатысушы осының бәрін растайтын құжаттар тізімін беруге дайын болуы керек.
Ескеруге жататын жайттар
Тек тендерге қатысу үшін жаңадан ашылған ЖК-ға халықаралық нарыққа шығу әлі ерте. Ал жұмыс бойынша өз бағыты және тарихы бар орта бизнес өкілдері бағын сынай алады. Қай жағдайларға дайын болу керек:
- Жылдам жауап беру және қойылған мерзімдерге үлгеру. Тендерлік процестің әрбір кезеңіне бірнеше күн беріледі: егер көрсетілген мерзімде лот бойынша түсініктеме сұрап үлгермесеңіз, онда сіз кешігіп қалдыңыз дегенді білдіреді. Ең бастысы, тендерлік ұсынысыңызды уақытында беру. Мұнда әр минут маңызды, егер құжаттар тапсыру мерзімі 13:00-ге дейін көрсетілген болса, онда бұл шарт орындалуы керек. Әр мемлекеттің өз сағаттық белдеуі болғандықтан, бұл қиынға соғуы мүмкін.
- Тендерлік құжаттамаға сұраныс. Қазақстандық тендерлерде құжаттама хабарландыруға қоса беріледі, ал халықаралық тендерлерде кейде сұрауға тура келеді. Яғни, көрсетілген электрондық поштаға құжаттаманы беру туралы сұрау жіберу керек. Бұл әрекет ешқандай да міндеттеме жүктемейді, бірақ лотты алу қажеттілігін түсінуге мүмкіндік береді.
- Тендер алдындағы отырыстарға қатысу. Мұндай кездесулерде бәсекелестердің мықты жақтарын бағалауға, өз сұрақтарын қоюға және басқаларды тыңдауға болады. Егер компания біліктілік талаптарына сәйкес келмесе, онда сол кездесулерде басқа компаниялармен күш біріктіру үшін серіктестер табуға болады. Жаңа компанияны тіркеудің қажеті жоқ, әр серіктестің белгіленген рөлдері мен міндеттемелері бар серіктестік келісімшарты жеткілікті.
- Қатысушы келісімшарттарын орындамаған жағдайда бұл іс халықаралық арбитраждық сотта қарастырылады.
Халықаралық тендерлерге қатысу қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашады, бірақ байыпты дайындықты қажет етеді. Әрбір нарықтың ерекшеліктерін, құжаттама талаптарын, қатаң мерзімдерді ескеру қажет және компания туралы, қаржы көрсеткіштерін, біліктілік пен келісімшартты орындау үшін қордың бар екендігі туралы ақпарат беруге дайын болу керек.