Қазақстанда Amazon арқылы сауда жасау
Маркетплейске шығу бойынша толық нұсқаулар
Мақаланың мазмұны
Аmazon — тапсырыстар айналымы жоғары, әлемдегі ең танымал сауда платформасы. Олар электрондық коммерция әлеміндегі 300 миллионнан астам қолданушысы және одан да көп тауар түрлері бар сауда алаңы. Және бұл сауда алпауыты қазақстандық кәсіпкерлерге де қолжетімді, олар тауарларын сатып, өздерінің банк шоттарына төлем қабылдай алады. Бірақ сауда алаңының өзіндік ерекшеліктері бар. Осы өзгешеліктері, серіктестік түрлері, тарифтер және сауда алаңында жұмыс істеу шарттары туралы осы мақалада айтып береміз.
Amazon-да сатуға болатын тауарлар
Amazon-да бәрін — электроникадан бастап, үйге қажет ұсақ-түйектер, киім, ойыншықтар, құрылыс материалдарына дейін сатуға болады. Маркетплейсте 30-дан астам санат бар, ал олардың әрқайсысы ондаған ішкі санаттарды қамтиды.
Кейбір өнімдер, мысалы, зергерлік бұйымдар, сағаттар, музыка және тағы басқа тауарларға маркетплейстің қосымша рұқсаты қажет. Оларды сату үшін сайт сәйкестендіру құжаттарын, шот-фактураларды және тауардың фотосуреттерін сұрауы мүмкін. Жануарлар, алкоголь, темекі, тағамдық қоспалар және бұзып, сындыруға арналған құрылғыларды сатуға тыйым салынады.
Amazon-да тіркелу
Сайтта тіркелу үшін қазақстандық жеткізушілерде ЖК немесе ЖШС болуы керек. Amazon-да есептік жазба ашу үшін мыналар қажет:
- Қазақстандық төлқұжат. АҚШ резиденттігі жоқ азаматтарға төлқұжаттың ішкі бетінің нотариалды куәландырылған аудармасы қажет. Сатушының аты-жөні тіркеу кезінде көрсетілген мәліметтермен толық сәйкес келуі керек. Сайтқа тек PDF форматындағы түрлі-түсті сканерленген көшірмесін жүктеу керек, құжаттардың бұрыштарын кесіп, өңдеуге болмайды, бәрі түзу, таза, біркелкі болуы керек. Есіңізде болсын — егер аккаунт ЖШС атына тіркелген болса, онда барлық директорлар мен акционерлердің төлқұжаттары қажет болады.
- Транзакциялар жүзеге асырылатын және онлайн сауда жасауға шектеулер орнатылмаған банк картасы.
- Ағылшын тіліндегі банктен үзінді көшірме. Көшірмеде мына ақпарат болуы керек: банктің атауы және түрлі-түсті логотипі, клиент туралы ақпарат — тегі, аты, тіркеу мекенжайы, ағымдағы шоттың нөмірі, кіріс және шығыс операциялары (олардың саны неғұрлым көп болса, мақұлдау ықтималдығы соғұрлым жоғары болады), құжаттың берілген күні (алты айға дейін қолдануға болады), банктің мөрі. Шоттың бар-жоғы туралы анықтаманы банк үзіндісі көшірмесімен шатастырмаңыз. Қазақстандық банктердің көбі анықтамаларды ағылшын тілінде бере алады. Егер сіздің банкіңіз мұны жасай алмаса, құжаттың нотариалды куәландырылған аудармасын тапсыра аласыз, бірақ бұл тіркелу мүмкіндігін төмендетеді. Егер банк үзіндісінде әкесінің аты болмаса, онда ол паспортта да болмауы керек. Есіміңіз барлық жерде бірдей болуы керек.
- Қаражат алу үшін банк шотының деректемелері. Amazon ақшаны тікелей қазақстандық банктердің шоттарына жібермейді, транзит ретінде Payoneer төлем жүйесін пайдалануға болады, сол арқылы өз шотыңызға аудара аласыз. Оған тіркелу үшін электронды пошта, құпиясөз, жеке деректеріңіз, мекенжайыңыз бен телефон нөміріңіз керек.
Тіркелу туралы өтініш қабылданбаса, құжаттарды дайындауға көмектесетін мамандарға жүгінген жөн. Себебі өтініш бірнеше мәрте қабылданбай жатса, аккаунт бұғатталуы мүмкін.
Amazon-да тіркелу бойынша егжей-тегжейлі нұсқауларды біздің телеграм-арнамыздан оқуға болады.
Негізгі сауда жасау үлгілері
Қазақстандық сатушыларға Amazon-да жұмыс істеуге мүмкіндік беретін сауда жасау үлгілері:
- Онлайн-арбитраж — сатушы тауарды американдық интернет-дүкендерден тауып, оны Amazon-да қымбатырақ бағамен сатады. Жұмыс келесідей жүреді: кәсіпкер тауарды онлайн тауып, сатып алады (әдетте бұл Walmart, Target және басқа да сайттар), содан кейін тауарды қабылдап, Amazon үшін арнайы штрих-кодтарды жабыстырып, оны маркетплейстің қоймаларына жіберетін дайындық орталығының мекенжайына жібереді. Бұндай үлгі бойынша сатушылар сайтта сипаттамасы мен фотосуреті бар тауарларды ғана іздейді. Бәсеке жоғары болады, өйткені бір тауардың ондаған сатушысы болуы мүмкін. Мұндай стратегия жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге жарайды, өйткені бүкіл жұмысты — тауар қаптау, логистика ұйымдастыру, жарнама қосу, жеткізу және тіпті тауар қайтаруды да маркетплейс өзіне алады. Бұл үлгі бойынша сауданы 1000 доллардан бастауға болады, мұндай бизнесті Қазақстанда отырып жүргізу оңай.
- Private Label — сатушы Amazon-да өз брендін сата бастайды. Бұл үшін тауашаны тауып, тауарды таңдау керек, қаптамаға тапсырыс беріп, маркетинг стратегиясын ойластыру қажет. Тауарларды кез-келген жерде өндіруге болады, бірақ дайындық орталықтарынан әкелінгеннен кейін тауар сипаттамасын жаңадан жасап, жарнамамен айналысу керек. Бұндай стратегия бойынша тауар карточкасы тек сатушыға ғана тиесілі және оған онлайн-арбитраждықтар қосыла алмайды. Артықшылықтардың ішінде 25%-дан басталатын таза табыс тауып, брендті одан әрі сату мүмкіндігі бар. Өз бизнесі бар және оны кеңейткісі келетін тәжірибелі сатушыларға қолайлы.
Тауарды сертификаттау
Егер сіз онлайн-арбитраж жүйесі арқылы жұмыс жасасаңыз, онда төлемдердің чектерін сақтаған жөн, өйткені маркетплейс тауар контрафактілік емес екеніне көз жеткізу үшін инвойстарды сұратуы мүмкін.
Жеке брендіңіздің тауарларын сатсаңыз, компанияны бәсекелестерден қорғау үшін Amazon Brand Registry бағдарламасына тіркелген жөн. Ол үшін тауар белгісін тіркеу туралы куәлік қажет. Егер тауар Қытайда шығарылған болса, онда өндіруші зауытпен келісімшарт болуы қажет (зауыттың өз сайты болса, сенім арта түседі) және өндірушіден инвойс керек (зауыттан шот-фактура немесе сатып алуға тапсырыс).
Amazon брендтер тізіліміне тіркелу барысы бірнеше аптадан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.
Жеткізу әдістері
Тауарды сатып алушыға жеткізудің екі жолы бар: сатушының өзі жеткізеді немесе Amazon қоймасынан жеткізуге болады.
- Amazon қоймасынан жеткізу — Fulfillment by Amazon (FBА). Бұл үшін тауар партиясын Amazon қоймасына көлік компаниясы арқылы жіберу керек. Сатып алушылар тапсырыс берген кезде, маркетплейстің өзі тауарды керек мекенжайға жібереді.
- Тауарды өз бетінше жіберу — Fulfillment by Merchant (FBM). Сіз тауарды қажет мекенжайға көлік компаниясымен өзіңіз жібересіз. Мұны Қазақстаннан жасау қиынға соғады, сондықтан фулфилмент-компаниялардың қызметтерін пайдалануға болады: сіз тауарды олардың қоймасына жібересіз, ал олар сақтау және жеткізумен өздері айналысады. Бірақ егер компания сенімсіз болып шықса, бұл сатушының аккаунтына әсер етеді. Жеткізу мерзімдерін бұзғаны үшін маркетплейс сатушының рейтингін төмендетеді, ал бұзушылықтар қайталанған кезде сайт аккаунтты жауып тастауы мүмкін. Белгілі фулфилмент компаниялардың қатарына ShipBob, Rakuten Super Logistics немесе ZhenHub кіреді. Олардың көбінде қоймалар саны көп, Amazon-мен бірігуді ұсынады және тауарды қабылдаудан бастап сатып алушыға жіберуге дейінгі барлық процестермен айналысады.
Маркетплейс комиссиясы
Маркетплейсте сатушыларға арналған комиссиялар бар. Мысалы, тіркеу кезінде сатушы өзінің тарифін таңдауы керек:
- Individual тарифі тегін, ай сайын төлеудің қажеті жоқ, бірақ сатылған әрбір зат үшін 0,99 долл. мөлшерінде комиссия алынады. Шектеулердің ішінде — бұл тарифте айына 40 данадан астам тауар сатуға болмайды, статистика көрсетілмейді. Жаңа бастаған кәсіпкерлердің көбі осы тарифтен бастайды.
- Professional тарифі бойынша ай сайын 39,99 долл. + 20% ҚҚС төлеу керек. Сатуға ешқандай шектеулер жоқ, сатылымдар, пайдаланушылардың тауарды қараған саны бойынша статистика бар, сонымен қатар жарнаманы қосып, Buy Box бағдарламасына және сатушыларға арналған басқа маркетингтік іс-шараларға қатысуға болады.
Әр санаттағы тауардың жеке комиссиясы бар. Олардың көбі 8-ден 15%-ға дейін, бірақ кейбір санаттарда, мысалы, Amazon құрылғыларына арналған аксессуарларда бұл көрсеткіш 45% құрайды.
Маркетплейс тауарды қоймада сақтау үшін сақтау мерзіміне, көлеміне және салмағына байланысты ақы алады. Ірі тауарларды сақтау кішігірім тауарларға қарағанда қымбатырақ болады. Төлем ай сайын есеп шоттан алынып тұрады. Егер тауарлар қоймада 365 күннен артық тұрса, Amazon ұзақ мерзімді сақтау үшін қосымша ақы алады.
Сонымен қатар, маркетплейс жеткізуге де төлем алады. Оның құны тауардың мөлшері мен салмағына байланысты — тауар неғұрлым үлкен болса, соғұрлым жеткізу де қымбат болады.
Барлық комиссияның шамамен алғандағы бағасын арнайы Amazon калькуляторында есептеуге болады. Сатушы бағаны қалыптастыру кезінде комиссиялардың барлығы тауар құнының 35-40% құрайтынын ескеруі тиіс.
Төлем
Ақша екі апта сайын Payoneer шотына аударылады. Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге төлемдер кешігіп келуі мүмкін, өйткені маркетплейс сатушының сенімділігіне көз жеткізу үшін басында ақшаны ұстап қалуы мүмкін. Егер сатушы бірнеше жыл бойы шағымдарсыз сәтті жұмыс істесе, онда төлемдер әрқашан уақытында төленеді.
Мүмкіндіктер мен тәуекелдер
Маркетплейстің айналымы әлемдегі ең жоғары боп саналады. Қазақстандық кәсіпкерлер Amazon арқылы халықаралық нарыққа шығып, АҚШ, Еуропа және басқа елдерде сауда жасауға мүмкіндік алады. Маркетплейс маркетинг тұрғысынан көптеген мүмкіндіктерді ұсынады — Amazon Ads жарнама платформасы, Amazon Associates арқылы тауарды жарнамалау бағдарламалары, пікір жинау үшін Amazon Vine бағдарламасына қатысу мүмкіндігі, аналитикаға қол жеткізу және басқа да көптеген бағдарламалар.
Бүкіл әлем бойынша сатушылармен жоғары бәсекеге түсіп, сауда жасау мінсіз қызмет көрсетуді қажет етеді. Жеткізу мерзімін бұзу, тауарлардың төмен сапасы немесе теріс пікірлер рейтингтің төмендеуіне немесе аккаунттың бұғатталуына әкелуі мүмкін. Amazon-ға клиенттің әрқашан риза болғаны маңызды және сол үшін олардың көмегі әрқашан дайын тұрады.
Жаңа бастаған кәсіпкерлерге Amazon-ның жұмыс қағидаларын түсініп, тәжірибе жинау, алғашқы пайда табу үшін онлайн-арбитраж жүйесі бойынша жұмыс істеген дұрыс. Қомақты бастапқы капиталы бар тәжірибелі кәсіпкер жеке брендін шығаруға өз күшін сынап көре алады.