ЖК ретінде шот-фактура жасап шығару
ЭШФ жасау бойынша толық нұсқаулық
Мақаланың мазмұны
Электрондық шот-фактура (ЭШФ) — тауардың сатылғанын, қызметтің көрсетілгенін немесе жұмыстың орындалғанын растайтын құжат. Оны арнайы платформа яғни ЭШФ ақпараттық жүйесі арқылы жасап, жібереді. ЖК электрондық шот-фактураны қашан және қалай жіберу керектігі туралы айтып береміз.
ЭШФ-ны жіберуге міндетті тұлғалар
Барлық ҚҚС төлеушілер электрондық шот-фактураны ұсынуға міндетті. Егер жеке кәсіпкер ҚҚС төлеуші болып табылмаса, бірақ сыртқы экономикалық қызметпен айналысса, онда ЭШФ-ны тек «Виртуалдық қоймадағы» тауарлар бойынша жазып беруге тиіс.
ЭШФ жүйесіне тіркелу
ЭШФ сайтында ЖК ретінде тіркеліп, нұсқауларды орындаңыз.
Жүйеде тіркелу үшін ЭЦҚ (немесе eGov mobile мобильді қолданбасы) мен камера қажет. ЖК-ның атауы мен мекенжайын міндетті түрде көрсетіңіз. Қол қоймай тұрып, алдын ала ЭШФ АЖ-ның тіркеу келісімімен танысыңыз.
ЭШФ-ны құру
Жеке кабинетке тіркелген кезде көрсеткен құпиясөз бен ЭЦҚ арқылы кіріңіз. Егер бұған дейін порталда тіркелген болсаңыз, «ЖК ретінде жалғастыру» нұсқасын таңдап кіріңіз.
Ашылған терезеде «Электрондық шот-фактуралар» бөлімінде «Шот-фактураларды жасау» нұсқасын таңдаңыз. Терезенің сол жағында толтыру қажет бөлімдер тізімі пайда болады. Негізгі және міндетті өрістерді бірге қарастырайық.
А-бөлімі. Жалпы бөлім
Тіркеу нөмірі автоматты түрде толтырылады.
Есептік жүйенің нөмірін кәсіпкер өзі ойлап табады. Бір күнде бірдей нөмірі бар екі немесе одан да көп шот-фактура жасауға тыйым салынады.
Шот жасалған күнді өзгертуге болмайды — бүгінгі күн автоматты түрде қойылады.
Айналым жасалған күн — мұнда орындалған жұмыстар актісіне немесе тауарды босату жүкқұжатына қол қойылған күнді енгізесіз. Айналым жасалғаны туралы құжатқа қол қойылған сәттен бастап 15 жұмыс күннің ішінде шот-фактураны жазып беру қажет.
B-бөлімі. Жеткізушінің деректемелері
Бұл бөлімде ЖСН жеткілікті — ол енгізілгеннен кейін қалған деректеріңіз автоматты түрде тартылады. Бұдан әрі терезенің ең төменгі жағындағы өрістерді толтырасыз:
- КБе (бенефициар коды) — ЖК үшін 19 деп жазамыз;
- ЖСК (есеп айырысу шоты) — ақша түсетін банктік шот. БСК мен банктің атауы ЖСК көрсетілгеннен кейін автоматты түрде пайда болады.
С-бөлімі. Алушының деректемелері
Бұл бөлімде тек шот-фактураны алатын тұлғаның БСН-ын немесе ЖСН-ын және терезенің ең соңында алушының санатын көрсетесіз. Қалған деректер автоматты түрде пайда болады.
Таңдаған санатыңызға байланысты терезенің сол жақ қапталында міндетті түрде толтыру қажет қосымша өрістер пайда болады. Әдетте бұл ЖСК (алушының шоты), төлемнің мақсаты (ақша не үшін төленіп жатыр) және басқа да ақпарат туралы өрістер.
D-бөлімі. Жүкті жіберушінің және жүкті алушының деректемелері
Сіз жүкті жіберушісіз. Осы жерде ЖСН-ыңызды енгізесіз.
Жүкті алушы тауарды алатын, көрсетілетін қызметті немесе жұмысты қабылдайтын тұлғаны білдіреді. Оның БСН-ы немесе ЖСН-ы көрсетіледі — қалған деректер автоматты түрде толтырылады.
Жүкті алушы С-бөлімінде көрсетілген алушыдан ерекшеленуі мүмкін. Мысалы, компания өз филиалдарының біріне жабдыққа тапсырыс берген. С-бөліміндегі шот-фактураны алушы ретінде компания көрсетіледі, ал жүкті алушы — оның филиалы боп саналады.
Е-бөлiмi. Жеткізу шарттары (келiсiмшарт)
Тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету туралы шартпен (келісімшартпен) байланысты ақпарат осы бөлімде көрсетіледі. Егер сіз шарт жасаспаған болсаңыз, онда «Шартсыз» нұсқасын таңдаңыз.
Егер жасасқан болсаңыз — шарттың нөмірін, оған қол қойылған күн мен құжат бойынша ынтымақтастық шарттарын көрсетіңіз.
F-бөлімі. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердің орындалғанын растайтын құжаттардың деректемелері
Орындалған жұмыстардың актісі немесе тауарды босату жүкқұжаты туралы ақпаратты көрсетесіз — құжаттың нөмірі және оған қол қойылған күн.
G-бөлімі. Тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша деректер
Бұл бөлім кесте түрінде көрсетіледі. Алдымен «Тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің шығу тегі» бағанындағы белгілі бір санды яғни кодты таңдайсыз.
Әр сан нені білдіреді:
- Тізбедегі ЕАЭО-дан импортталған/әкелінген тауар.
- Тізбеде жоқ және ЕАЭО-дан импортталған/әкелінген тауар.
- Тауар ҚР-да өндірілген және тізбеде бар.
- Тауар ҚР-да өндірілген, бірақ тізбеде жоқ.
- Басқа да тауарлар (тауардың шығу тегін білмесеңіз).
- Қызметтер.
Келесі бағандарда қызметтің немесе тауардың атауын және өлшем бірлігін жазыңыз. Ыңғайлы болу үшін тізімнен қажетті өлшем бірлігін таңдауға болады. Мысалы, жұмыстың өлшем бірлігі — жұмыс, қызмет үшін — бір қызмет. Барлығы «Атауы» бағанында жазылған ақпаратқа байланысты. Қалған бағандарды олардың атауына (тауардың немесе жұмыстың құны және т.б.) сәйкес ақпаратпен толтырасыз.
Тауарлардың немесе қызметтердің бірнеше түрін көрсету үшін кестенің жоғарғы оң жақ бұрышында (соңғы бағанда) «+» батырмасын басып, қажетті жаңа жолдар санын қосуға болады. Оларды жоғарыда түсіндірілген жолмен толтырасыз.
Осымен негізгі бөлімдерді толтыруды аяқтадық — енді төменгі оң жақ бұрыштағы «Жіберу» батырмасын басуға болады.
Әрбір бөлім туралы толығырақ ақпарат осында көрсетілген.
Пайдалы ақпарат
Шот-фактура ҚР бейрезидентіне жіберілсе (мысалы, ЖК шетелдік компаниямен жұмыс істейді) ЭШФ-дағы сома шартқа сәйкес шетел валютасымен көрсетіледі. Басқа барлық жағдайларда есеп айырысу тек теңгемен жүзеге асырылады.
Белгілі бір алушымен тұрақты жұмыс істесеңіз, шот-фактураны тек бір рет толтырып, жіберу жеткілікті. Содан кейін бүйірлік мәзірде «Электрондық шот-фактуралар» бөлімін таңдағанда, жіберілген ЭШФ тарихы ашылады. Жіберу күні бойынша сізге қажетті шот-фактураны іздеп тауып, оны таңдап, көшірмесін жасаңыз. Деректері толық енгізілген үлгі автоматты түрде жасалады. Тек қажетті өрістерді өзгерткен жеткілікті.
Қателері бар ЭШФ-ны жіберген болсаңыз ештеңе етпейді. Жіберілген шот-фактура тарихынан оны таңдап, «Түзетілген шот-фактураны жазып беру» батырмасын басуға болады. Нысанды дұрыс деректермен толтырып, оны қосымша жіберіңіз.
Электрондық шот-фактураны құру барысы бірнеше қадамды қамтиды: арнайы жүйеге тіркелу, міндетті өрістерді толтыру және ЭШФ-ны жіберу. Жүйеде деректердің автоматты түрде толтырылатыны шот-фактурамен жұмысты жеделдетеді. Қате жіберіп қойсаңыз, қосымша құжат жасау арқылы түзетулер енгізуге болады.