2024 жылы қазақстандық бизнесте болған оқиғалар
Декларацияны бірінші рет тапсырып, өзгерістерге бейімделдік
Мақаланың мазмұны
2024 жыл соңына таяп қалды, яғни қорытынды жасайтын уақыт келді. Сіз жаңа жылдық дастарханға бір себет азық-түлік алып, кассада кезекті күтіп тұрғанда, қазақстандық бизнеске әсер еткен оқиғаларды еске алайық. Біреулер жаңадан бизнес ашып, алғашқы қадамдарын жасады. Біреулер бар күші мен ақшасын бизнестің дамуына жұмсады, жаңа бағыт, орын немесе сенімді серіктестерді іздеді. Кейде қиындықтарға төзіп, кассалық алшақтықты жабуға немесе келесі қадам жасау үшін ресурстарды іздеуге тура келетін кездер де болды. Бірақ бәрімізді жақсылыққа деген үміт пен ортақ сынақтар біріктірді.
Толық тізімді жариялап өтсеңіз…
Кәсіпкерлер үшін жылдың басты оқиғасы жалпыға ортақ декларациялаудың кезекті кезеңі болды. Алғаш рет бизнес иелері өз активтерін тізіп, жинақтағандарының барлығын ашып көрсетуге міндетті болды.
Мемлекеттің қалағаны мынау — кәсіпкерлердің кірістерін адал көрсететіндеріне көз жеткізу, ақша мен параны жасырудағы олқылықтарды жою. Бизнесін ашық жүргізетіндерге бұл процесс қиынға соқпады, құжат тапсыру орта есеппен бір минуттан аспады. Салық органдарының берген кеңестері мен егжей-тегжейлі нұсқаулары көмектесті, біз де процесті жеңілдетуге тырыстық: түсіндірмелі мақалалар жазып, сұрақтарыңызға жауап бердік.
Ауқымды ақпараттық хабарландыруға қарамастан, кейбіреулер ақырғы 16 қыркүйекке дейін декларация тапсырып үлгермеді. Осыған байланысты ел бойынша 68,3 мың кәсіпкердің банк шоттары бұғатталды. Бүгінгі күні олардың көбі бұзушылықтарын өтеп қойған. Патенттегі және оңайлатылған ЖК-лардың көбісіне декларация тапсыру қиынға түсті.
Ал сіз декларацияны қалай тапсырып шықтыңыз?
АЕК, аударымдар мен валюталық операциялар
Активтерді декларациялау міндетінен басқа, 2024 жылы басқа да жыл сайынғы өзгерістер орын алды.
Әдеттегідей АЕК пен ЕТЖ мөлшері өзгерді — тиісінше 3692 теңге және 85 000 теңге болды. АЕК өсуімен ҚҚС-ты міндетті тіркеу шегі де 73 840 000 теңгеге дейін өсті.
Бизнес дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың шарттары да өзгерді. Бұрын барлық жас кәсіпкерлерге қолжетімді болған 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар 2024 жылдан бастап «Бір ауыл — бір өнім» жобасының әлеуметтік кәсіпкерлері мен финалистеріне ғана беріле бастады, қалғандары енді тек жеңілдетілген несиелер ала алады.
Валюталық операцияларды бақылау күшейтілді. Осы жылдан бастап шетелге ақша аудару үшін одан да көп құжат қажет, халықаралық контрагенттермен жұмыс істейтін бизнес иелері жаңа талаптарға бейімделуге мәжбүр болды.
Кәсіпкерлерге мобильді аударымдар жасауға шектеу қойылды. Үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам аударымдар туралы халықты дүр сілкіндірген жаңалық есіңізде ме? Ресми түрде кәсіп ашпағандар шұғыл түрде ЖК ашуға мәжбүр болды, ал төлемдерді тек мобильді аударымдар арқылы қабылдаған ЖК-лар POS-терминалдар орнатып, салық төлей бастады.
Бірде бәсеңдеп, бірде өседі
Жылдың тағы бір өзекті мәселесі инфляция болды. Бағаның өсуі қаңтарда басталып, ақпан айында шарықтау шегіне жетті, көктемге қарай инфляция аздап баяулады да, күзге дейін көрсеткіштерді сақтап қалды, ал жылдың соңына қарай көптеген аймақтарда инфляция деңгейі қайтадан өсті. Жыл қорытындысы бойынша Ұлттық банк инфляцияны 8-9% шамасына жеткенін күтуде. Сарапшылар Қазақстанды ақылы қызметтер мен азық-түлікке жатпайтын тауарларға бағаның өсуі бойынша ЕАЭО көшбасшыларының бірі деп таныды.
Өнімдер, құрылыс материалдары, қызметтердің бәрі қымбаттады. Әсіресе коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау қалтаға салмақ салды. Сонымен қатар кәсіпкерлер халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне шағымданды, бұл ақша түсіміне әсер етті.
Жыл соңына қарай доллардың қымбаттауы туралы жаңалық та елді бір шулатты, желтоқсан айында бір доллар 520 теңгеге жетті. Бұл әлі де импорттық тауарлар мен материалдардың қымбаттауына әкеледі, яғни бөлшек сауда мен өндіріске қатты әсер етеді.
2024 жыл оңай болмады, бірақ қазақстандық бизнес кез келген сын-қатерлерді жеңе алатынын тағы да дәлелдеді. Өзгеру, тез шешім табу — кәсіпкерлердің бұл қасиеттері бұрынғыдан да айқын көрініс тапты. Алда көптеген өзгерістер күтіп тұр — біз 2025 жылдың ортасында ҚР жаңа Салық кодексін күтудеміз. Уақыты келгенде бұл туралы барлық мәліметтерді жинап, міндетті түрде айтып береміз. Ал дәл қазір біз баршаңызға тұрақтылық пен сенімділік, бизнесіңізді дамытуға шабыт пен қуат тілейміз! Жаңа жыл құтты болсын!