ЖК пен ЖШС: Қазақстанда бизнес ашу үшін қайсысын таңдау керек
Екеуінің жауапкершілігі, салықтары мен мүмкіншіліктері жағынан айырмашылықтары туралы сөз қозғаймыз
Мақаланың мазмұны
Жеке бизнес ашу — ол тек қана клиенттер мен жеткізушілердің алдында ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік органдардың алдында жауапты болу деген сөз. Жауапкершілік бизнес жүргізу түріне, яғни ЖК немесе ЖШС таңдағанға байланысты болады.
ЖК пен ЖШС деген не
ЖК — бұл адамның өзі, ал ЖШС — бұл қандай-да бір компания болып табылады. ЖК жеке тұлға болып саналады да, істің бәрін директордың атынан жүргізеді, ал ЖШС ұйым атынан қызмет атқаратын заңды тұлғаға жатады.
ЖК-ті бір құрылтайшы ашады, ал ЖШС-те бірнеше тең құрылтайшы болуы мүмкін.
Жауапкершілігі
ЖК пен ЖШС-тің басты айырмашылығы — кәсіпкерге жүктелген жауапкершілік. Оны бизнестің қарыздарын өтеген кезде немесе заң бұзғаны үшін жауап берген кезде көруге болады.
ЖК жеке мүлкімен жауап береді
ЖК қарыздары мен айыппұлдарын өтеу кезінде компания меншігіндегі жабдық пен өнімді беріп қана қоймай, кәсіпкердің жеке мүлкін: жылжымайтын мүлкін, көлігін, жеке шоттарындағы қаражатын беруге тиіс болады.
ЖШС компанияның мүлкімен жауап береді
ЖШС-ке қарыз немесе айыппұл салатын болса, онда тек қана компанияның мүлкін тартып алу, шоттарына тыйым салу, немесе компанияны банкрот санап, таратып жіберу мүмкін болады. Бұл жағдайда қүрылтайшылар тек жарғылық капиталға қосқан үлестерін ғана жоғалтады, демек, олардың жеке мүліктеріне ешкім қол сұқпайтын болады.
Құжаттары
ЖК ашу үшін бір ғана құжат — жеке куәлік жеткілікті.
ЖШС ашу үшін құрылтай құжаттарын дайындау керек:
- ЖШС ашу туралы шешім;
- Директорды тағайындау туралы шешім;
- Жарғы;
- ЖШС-ті бірнеше адам ашатын болса — құрылтай шарты.
Бизнесті онлайн тіркеу кезінде электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет болады, оны Халыққа қызмет көрсету орталығында немесе egov.kz сайтында онлайн түрде алуға болады.
Салықтары
Оңайлатылған режимде
Оңайлатылған режимдегі ЖК пен ЖШС-тің шектеулері бірдей:
- қызметкерлер штаты — 30 адамға дейін;
- жарты жылдық табыс мөлшері — 24 038 АЕК-ке дейін (2024 жылы 88 748 296 теңге);
- қызмет түрлері бойынша шектеулері бар;
- филиалдары мен бөлімшелері жоқ.
Салықтары мен төлемдерінің айырмашылығы шамалы:
Жарты жылдық салық төлемдері
Оңайлатылған режимдегі ЖК пен ЖШС жарты жылда бизнестің тапқан табысынан 3% салық төлейді. ЖК үшін ол ЖСН деп, ал ЖШС үшін КТС деп аталады.
Жалпыға бірдей белгіленген режим (ЖБР)
Жалпыға бірдей белгіленген режимді таңдаған ЖК пен ЖШС-те қызметкер штаты, табыс мөлшері және қызмет түрі бойынша шектеу жоқ. Бірақ табыс мөлшерінен ұсталатын салығының үлкен айырмашылығы бар — ЖК салығы әлдеқайда төмен.
Жыл сайынғы салық төлемдері
- ЖБР ЖК жылдық табысынан 10% мөлшерінде салық төлейді
- ЖБР ЖШС жылдық табысынан 20% мөлшерінде салық төлейді
Қаражат басқару
Жеке кәсіпкер бизнестен тапқан табысын өз қалауынша, тіпті өзінің жеке мұқтаждарына жұмсауға құқылы.
ЖШС директоры табысын өз еркінше жұмсай алмайды, себебі оның тәртібі құрылтайшылар жиналысында шешіліп, компания жарғысында жазылуға тиіс.
Мүмкіншіліктері
Егер кәсіпкер бизнесін кеңейтуті, оған басқа директор қоюды, қатысушысының үлесін немесе компанияның өзін толықтай сатуды жоспарлайтын болса, онда ЖШС ашқан жөн. ЖК-ті басқа біреуге табыстауға болмайды, яғни, компанияның мүлкін сатып жіберуге рұқсат болса да, бизнестің өзін сатуға тыйым салынады.
ЖШС-ті ресми түрде серіктестермен бірігіп басқаруға болады, ал ЖК-те тек ынтымақтастық туралы шарт жасауға болады, бірақ сонда да оның иесі бір-ақ адам болуға тиіс.
ЖШС Қазақстан аумағында ғана емес, шетелде де филиал ашуы мүмкін. Ал ЖК тек ел ішінде ғана жұмыс істей алады.
Қайсысын таңдаған жөн
ЖК пен ЖШС екеуінің арасында таңдау үшін болашақ кәсіпкердің мақсаттарына, мүмкіндіктеріне және қаражатына қарау керек.
ЖК — шағын бизнес үшін
ЖК-тің салықтары мен құжаттары шамалы, ал оңайлатылған режимде бухгалтерлік есептілік берудің қажеті де жоқ. ЖК дүкен, мейрамхана немесе шағын өндіріс ашу үшін жарайды.
ЖК-тің салық режимдері мен ашу тәртібі туралы біздің мақалаларымызда оқуға болады:
ЖШС — алдына биік мақсат қойған кәсіпкерлер үшін
ЖШС-тің ұлғаюға және дамуға деген мүмкіндіктері мол: бизнесті серіктестермен бірігіп басқаруға және Қазақстаннан тыс елдерге шығарып, кеңейтуге болады. ЖШС-тің табыс мөлшері бойынша шегі жоқ деуге де болады — ірі бизнестің табыс деңгейі 3 000 000 АЕК-тен басталады, 2024 жылы ол 11 076 000 000 теңгемен тең.
Сонымен қатар, оңайлатылған режимдегі шағын пен микробизнес те ЖШС бола алады — бұл жағдайда оның салығы азырақ төленеді де, қызметкерлер штаты мен табыс мөлшері бойынша қосымша шектеулер пайда болады.
ЖШС-ті қалай ашу керегі туралы біздің мақаламызда оқуға болады:
ЖК-ге де, ЖШС-ке де арналған мемлекеттік қолдау көрсету жобалары, түрлі кредит беру бағдарламалары мен кәсіпкер қызметін жеңілдетуге арналған онлайн-қызметтер қарастырылған. Оның барлығын Jusan Business-те шот ашқанда алуға болады.