Депозит бойынша салық міндеттемелері

Депозит сыйақысы кірістің бір түрі болып табылады

Депозит бойынша салық міндеттемелері
Юлия Тё

Юлия Тё

салық кеңесшісі, аудитор, бухгалтер

Кәсіпкер табыстарынан салық төлейді. Салық салу тәртібі бизнес түріне — ЖК немесе ЖШС — және қолданылатын салық режиміне байланысты өзгереді. Компаниялар қаражатын депозитке орналастыра алады. Мұндай депозиттен алынатын сыйақылар да кіріс болып есептеледі. Салымдардан түсетін кіріске қатысты салықтар мен оларды төлеу тәртібі туралы осы мақалада айтып береміз.

ЖК үшін салықтар

Жеке кәсіпкердің атына ашылған депозит бойынша сыйақы оның кірісі болып саналады. Мұндай кіріс 10% мөлшерінде жеке табыс салығына (ЖТС) жатады. Бірақ банк депозиттен алынатын табыстан 15% мөлшерінде салықты өздігінен ұстайды. Сондықтан кәсіпкерге қосымша ЖТС төлеудің қажеті жоқ.

Алайда түскен табыс пен ұсталған салық сомасын 220.00 нысанындағы декларацияда көрсету керек.

Мысал келтірейік: ЖК депозиттен 10 000 теңге мөлшерінде пайыздық табыс алды. Осы сомадан банк 15% салықты ұстап қалды:

10 000 ₸ × 15% = 1 500 ₸

Декларацияның 220.00.010 жолында депозиттен түскен табыстың толық сомасы, яғни 10 000 теңге көрсетіледі. ЖК үшін ЖТС мөлшерлемесі 10%, ал банк 15% салықты ұстағандықтан, артық төленген салық түзетілетін болады:

10 000 ₸ × (15% – 10%) = 500 ₸

Бұл сома 220.00.014 жолында көрсетіледі. Осылайша, декларацияда салықтың артық төленгені көрініс табады.

ЖК депозитті жеке тұлға ретінде ашқан жағдайда

Егер депозит ҚР резиденті болып табылатын жеке тұлғаның атына тіркеліп, кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса, мұндай табысқа салық салынбайды. Алайда, егер салым бейрезидент жеке тұлғаға тиесілі болса, банк сыйақыдан 15% мөлшерінде салық ұстап қалады.

ЖШС үшін салықтар

ЖШС-ның атына рәсімделген депозиттен алынған пайыздық табыс компанияның кірісі болып есептеледі. Мұндай табысқа корпоративтік табыс салығы (КТС) салынады. Банк депозит бойынша сыйақыдан 15% мөлшерінде салық ұстайды. Бірақ компаниялар үшін КТС мөлшерлемесі 20%-ды құрайды. Бұл дегеніміз, ЖШС тек 5%-дық айырманы төлеуі керек, егер осы сомаға қатысты шегерім қолданылмаса (мысалы, салық базасын азайтатын жеңілдіктер немесе шығындар жоқ болса).

Депозиттен түскен табыс пен ұсталған салық сомасын дұрыс көрсету үшін банктен салықтың ұсталғаны туралы анықтама алған жөн. Алынған табыс пен салық сомасы 100.00 нысанындағы декларацияда көрсетіледі. Барлық сыйақы сомасы 100.00.014 жолында салық төлеушінің өзге кірістері ретінде бейнеленеді.

Депозит шетелдік банкте ашылған жағдайда

Шетелдік банкте ашылған депозит бойынша сыйақы да кәсіпкердің табысы ретінде есептеліп, салық декларациясында көрсетілуі тиіс. Бірақ мұндай табыстарға салық салу тәртібі өзгеше.

ЖК үшін талаптар

Шетелдік банктердегі депозиттен алынған сыйақы жылдық жиынтық табысқа қосылып, 10% мөлшерінде ЖТС салынады. Қазақстандық банктер салық ұстамағандықтан, ЖК бұл салықты өзі есептеп, жеке төлеуі керек. Мұндай табыстар 220.00 нысанындағы декларацияда шетелдік көздерден алынған табыс ретінде көрсетіледі.

Егер шетелдік банк сыйақыдан салық ұстамаса, ЖК өз бетінше тиісті сомадан ЖТС-ты есептеп төлейді. Ал егер салық депозит ашылған елде ұсталса, кәсіпкер бұл соманы Қазақстандағы ЖТС бойынша міндеттемелерін азайту үшін есепке ала алады — шетелде салықтың төленгенін растайтын құжаттарды ұсыну қажет.

Сонымен қатар, егер 31 желтоқсанда ЖК-ның шетелдік банктік шоттарындағы қаражат сомасы 1 000 АЕК-тен асып кетсе, кәсіпкер 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыруға міндетті.

ЖШС үшін талаптар

Шетелдік банктердегі депозиттерден алынған сыйақы жылдық жиынтық табысқа қосылып, 20% мөлшерінде КТС салынады. Алайда, егер шетелдік банк салықты табыс көзінен ұстап қалса (мысалы, салым ашылған елде), Қазақстан төленген міндеттемелерді растайтын құжаттар арқылы есепке алуы мүмкін. Бұл жағдайда, егер салық мөлшермесі шетелдік банктен жоғары болса, Қазақстанда төленетін салық тек айырмасынан алынатын болады.

Сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық келісімдердің ережелерін ескеру маңызды.

Егер кәсіпкер шетелдік депозиттен алынған табысын декларацияда көрсетпесе, бұл айыппұлға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан мұндай кірістерді дер кезінде ескеріп, мұқият есепке алу маңызды.

 

ЖК немесе ЖШС атына ашылған депозиттен түсетін сыйақы компанияның кірісі болып саналады. Мұндай табыс міндетті түрде есептілікте көрсетілуі керек. Салық мөлшері мен есептеу тәртібі кәсіпкерлік нысанына байланысты. Салықты дұрыс есептеу үшін банк ұстап қалған соманы растайтын анықтама алу ұсынылады.