Табыс болмаған жағдайда ЖК төлейтін салықтар
Нөлдік табыс кезінде тапсырылатын салық есептілігі
Айжан Қыдырманова
20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер
Мақаланың мазмұны
Капиталды көбейтіп, пайда табу — кез келген бизнестің мақсаттарының бірі. ЖК мен ЖШC төлейтін салықтар мен әлеуметтік аударымдардың мөлшері олардың салық режиміне байланысты. ЖК-ның кірісі болмауы немесе қызметін тоқтатуы мүмкін, ал салықтың мөлшері кіріске байланысты. Мұндай жағдайда ЖК нөлдік салық есептілігін тапсырады. Табысы болмаған жағдайда ЖК қандай салықтар мен әлеуметтік аударымдарды төлейтінін бірге анықтайық.
Табыс таппаған ЖК төлейтін салықтар
ЖК-ның табысы құрайтын салықтың есебі оңай: нөлді нөлге көбейткенде нөл шығады. Демек, ҚҚС пен ЖК-ның табысынан салық төленбейді.
Мүлік салығы компанияның ақша айналымына байланысты емес. Сол себептен ЖК нөлдік кірісіне қарамастан бұл салықты төлеуі тиіс.
Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК 2 АЕК-ті (2024 жылда 7 384 теңгені құрайды) құрайтын әлеуметтік салықты төлейді. Салықтық кезеңде мұндай ЖК қызметін тоқтатқанда немесе кіріс алмағанда ӘС-ті төлемейді.
Кәсіпкер өзі үшін төлейтін әлеуметтік төлемдер
Міндетті зейнетақы жарналары
МЗЖ ЖК-ның еңбекақысының, яғни табысының 10% құрайды. Табысы болмаған жағдайда ЖК 1 АЕК-тің (85 000 теңге) 10% мөлшерінде, яғни 8 500 теңге көлемінде МЗЖ-ны төлеуге құқылы, бірақ міндетті емес.
Жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары
2024 жылда ЖМЗЖ ЖК-ның айлығының 1,5%-ын құрайды. МЗЖ-мен ұқсас — бұл жарнаның мөлшері 1 АЕК-тен 50 АЕК-ке (85 000 теңгеден 4 250 000 теңгеге) дейінгі табыстан есептеледі.
Осылайша, кіріс болмаған жағдайда ЖК 1 АЕК-тің 1,5% мөлшерінде, яғни 1 275 теңгені төлеуге құқылы, бірақ міндетті емес.
Әлеуметтік аударымдар
2024 жылда ӘА ЖК табысының 3,5%-ын құрайды. Табыс болмағанда ӘА төленбейді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары
Басқа әлеуметтік аударымдарға қарағанда МӘМСЖ ЖК-ның табысы болмағанына қарамастан міндетті түрде төленеді. МӘМСЖ-ны 1,4 АЕК-тің 5% құрайды.
2024 жылға МӘМСЖ-ның есебі:
1,4 × 85 000 ₸ × 5% ÷ 100% = 5 950 ₸
Қызметкерлер үшін төленетін әлеуметтік төлемдер
Табысы жоқ ЖК-ның жалдамалы қызметкерлері болса, оларға жалақысын, қызметкерлер үшін төленетін қажетті салықтар мен әлеуметтік аударымдарды есептейді. Мысалы, ЖК балмұздақ сатады делік, мұндай қызмет маусымдық сипатқа ие. Жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін әлеуметтік төлемдер мен олардың жалақысын маусымдағы жинақталған пайдадан төлей алады. Алайда, нөлдік табыстың салдарынан жұмыс берушілер көбінесе өз қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болады.
Нөлдік есептілік
ЖК уақытша пайда таппаса да, ол салық есебінде нөлдік кірісті көрсетіп, яғни нөлдік есептілікті тапсыруға міндетті. Мұндай есепті басқаша «нөлдік» немесе «бос өріс» деп те атайды. ЖК нөлдік есептілікті кәдімгі салық есептілігі ретінде тапсырады. Нөлдік есептілікті тапсыру мерзімі ЖК-ның салық режиміне байланысты.
Алайда, ҚҚС (300.00 СЕН) бойынша нөлдік есептілікті тапсыру ұсынылмайды. Мұндай есептілік ҚҚС төлеушісінің тәуекел дәрежесін арттыруы мүмкін. Кіріс болмаса, алдымен ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару рәсімінен өткен жөн, процесс бес күнге дейін созылады.
Айыппұл салу
Көптеген кәсіпкерлер кіріс болмағандықтан, салық есептілігін тапсырудың қажеті жоқ деп санайды. Алайда салық есептілігін қажетті мерзімде ұсынбағаны үшін салық төлеуші бірінші рет ескерту алып, екінші рет — айыппұл төлейді.
Айыппұл мөлшері:
- жеке тұлғалар үшін — 15 АЕК (55 380 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 30 АЕК (110 760 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 45 АЕК (166 140 теңге).
ЖК айыппұлды төлесе де, салық есептілігін тапсыруға міндетті. Нөлдікті тапсыру немесе қызметті тоқтатуға, яғни ЖК-ны жабуға өтінім беру қажет.
ЖК-ның табысы болмаса да, нөлдікті, яғни бос салық есептілігін тапсыруы қажет. Нөлдік есептілікті тапсыру мерзімі ЖК-ның салық режиміне байланысты. Салық декларациясын тапсырмаған ЖК-ға айыппұл салынады.