SM logokids: балаларды түзету орталығын ашу

Сөйлеу проблемалары бар балаларға көмектесу арқылы бизнес құру

Ира Дубчак

Ира Дубчак

редактор

Дана Ермұхан

Дана Ермұхан

автор

Махичехра Санжарова

Шымкенттегі SM logokids балаларға арналған сөйлеу қабілетін түзету орталығының негізін қалаушы Махичехра Санжарова өз кәсібін шағын логопед кабинетінен бастады. Қазір ол қызметкерлері бар сөйлеу қабілетін түзету орталығын басқарады. Жас кәсіпкер үш жыл ішінде бизнесті қалай өсіруге болатынын, қолайлы үйжай тауып, оны қалай жабдықтағанын және мамандарды қалай іріктейтінін айтып берді.

Балаларға көмектесу — менің борышым

Мен бес сағаттық жұмыс күні орнатылған мемлекеттік түзету мекемесінде жұмыс істедім. Тығыз жұмыс пен уақыттың аздығына байланысты бір оқушының анасы баласымен жеке сабақ өткізуді жалғастыруды сұрады. Оларды үйде өткізуге жағдай болмады, сондықтан мен шағын кабинет жалдап, сол жерде тәжірибемді жалғастырам деп шештім.

Мен 20 шаршы метрлік кабинет жалдадым, оның ішінде бір үстел, айна және шкаф қана болды. Түске дейін мемлекеттік мекемеде, ал түстен кейін өз кабинетімде жұмыс істедім. Менде оқуға келіп тұратын балалардың дайын базасы болған жоқ. Бастапқыда маған бір бала ғана келетін, келесі айда тағы бір бала қосылды. Мен ғимараттың жанына сыртқы жарнама іліп қойдым, адамдар қызығушылық танытып, кіре бастады. Тегін консультация жүргізетінімді жазып, инстаграмға видеолар сала бастадым. Мен бір сабаққа 1500 теңге алатынмын, ол кезде қаладағы орташа баға 3000 теңге болатын. Ата-аналар балаларын басқа ата-аналардың ұсынысы бойынша маған әкелетін.

Осылай мен бір жыл жұмыс істедім. 2022 жылы жұмысқа маман алып, оларды оқытып, қосымша кабинеттер аша бастадым. Осылайша шағын логопед кабинеті бес кабинеті бар түзету орталығына айналды.

Мен осылай екі жыл жұмыс істеп, мемлекеттік мекемені тастап кеттім, уақытымды толығымен жеке кәсібіме арнағым келді. Өз орталығымда бір айлық жалақымды 10 күнде табатынмын. Орталық ашу үшін арнайы лицензия қажет емес екен, ең бастысы жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелу және ресми түрде жұмыс істеу.

Жаңа орын

Мен бір ғимараттың алдынан жиі өтіп, оны иелері өздері үшін салып жатқанын көретінмін, ал 2023 жылғы ақпан айында оны жалға беріп жатқанын көрдім. Мен бірден тоқтап, ішіне кіріп, иесімен орынды ұзақ мерзімге жалға алғым келетіні туралы сөйлестім., Жалдау ақысы 1,5 миллион теңге болып шыққанға қарамастан, менде ешбір күмән немесе ойға бататын сұрақтар болған жоқ. Мен бар болғаны 1 миллион теңге жинаған едім, яғни жалдауға да жетпеді. Осыған қарамастан, бұл жағдай мені қатты шабыттандырды, сөйтіп мен шешім қабылдап, жаңа жерге көштім.

Мен бәрі ойдағыдай болатынына сенімді болдым. Ғимарат маған ұнады — өзі жаңа, жөнделген, жеке сабақтарға арналған көптеген жеке кабинеттері бар, ал ең бастысы, біздің орталық бұл жерге бірінші болып көшті, сондықтан адамдар да әлі ғимаратпен ешқандай ассоциация құрмаған еді. Бұл дайын ғимарат болды — кіріп, бірден жұмыс істеуге болады.

Бизнеске арналған үйжайды қалай жалдауға болады

Кабинеттерді жабдықтау

Жаңа ғимаратқа қосымша жабдық – шкафтар, балалар кілемдері, парталар, орындықтар, кушеткалар, ойыншықтар сатып алуға шамамен 3 миллион теңге жұмсалды. Біздің орталықта қосымша бөлмелер ашылды: сенсорлы интеграция сабақтарына арналған кабинет, бейімдеме дене тәрбиесі (БДТ) кабинеті, ересектер мен балаларға арналған массаж кабинеттері. Барлығы 17 кабинет. Олардың барлығы арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталуы керек еді.

Жаңадан бастаған кәсіпкерлер шығынданудан қорықпау керек. Алғашқы кабинетімді ашқанда 100 мың теңгеден аз ақша жұмсадым. Логопед кабинетін ашу үшін аса көп құрал қажет емес — мен хабарландыру тақтасынан үстел мен кушетка сатып алдым, ойыншықтар мен құралдарды жұмыс істей бастағаннан бері біртіндеп жинадым.

1,5 млн ₸ ай сайынғы жалдау ақысы
3 млн ₸ жабдықтауға кеткен шығындар

Орталықтың жұмыс тәртібі

Біздің орталыққа күніне 60 балаға дейін келеді. Сабақ 40 минут жүреді. Содан кейін ата-аналармен міндетті түрде сөйлесу керек, өйткені олар біздің сабақта не істеп жатқанымызды және олар үйде жетістіктерін қалай бекіте алатынын түсіну керек. Біз дүйсенбіден жұмаға дейін және сенбі күндері түскі асқа дейін жұмыс істейміз. Қыста күн суып, балалар ауыратындықтан сабаққа азырақ қатысады, ал жазда керісінше, әркім мектепке дайындалып, оқу керек екенін еске түсіргендіктен, жиі келе бастайды.

Айлық абонемент сатып алсаңыз, бір сабақтың бағасы 3500 теңгені құрайды. Бір реттік сабаққа 4000 теңге аламыз. Осылай, біз ата-аналарды тәртіпке шақыруға тырысамыз, өйткені олар бір сабаққа ақша төлеп, кейін келмей қалады. Ал біздің жағдайда сабақтардың тұрақты және жүйелі өтуі жақсы нәтиженің басты кепілі.

Орталықтың жаңа ғимаратында біз түзету балабақшасы сияқты ерекше балаларға арналған толық күндік қосымша қызметтер қостық. Ол жұмыс істейтін ата-аналарға тамаша жәрдем. Сондай-ақ, бізде «бір сағатқа бала артынан қараушы болу» деген қызмет бар, бұл аналарға тез арада жұмыспен бір жаққа бару керек болғанда және баланы қалдыратын адам жоқ болғанда ыңғайлы. Бала артынан қараудың бір сағаттық бағасы — 800 теңге.

Біздің орталығымызға өздері келе алмайтындарға біз онлайн диагностика жүргізіп, ұсыныстар бере аламыз.

60 бала бір күнде келетін бала саны
40 минут сабақ ұзақтығы
3 500 ₸ сабақ құны
800 ₸ сағаттап жұмыс істейтін бала бағушы ақысы

Команда

Мен жетілген мамандарды сырттан алғым келмеді, өйткені олардың оқыту әдістемесі басқа болады. Сондықтан өз командамды құруды жөн көрдім. Менің шәкірттерім — жоғары оқу орындарын мамандық бойынша бітірген дефектолог, логопед, БДТ мамандары. Олар менің үш айлық курсымды бітіріп, маған жұмысқа орналасады. Мен сөйлемейтін балаларды сөйлеткізетін авторлық әдістеме құрастырдым.

Курс бағасы — 150 мың теңге. Бұрын 100 мың теңге болатын, биыл ақысын көтердім. Бұл дайын мамандық пен тұрақты жұмыс беретін жақсы ұсыныс. Қазір орталықта 12 қызметкер жұмыс істейді.

Әркімнің жалақысы оқытып жүрген бала санына және жұмыс нәтижесіне қарай әр түрлі. Мен қызметкерлерді жалақы көтеру және бонус беру арқылы ынталандыруға тырысамын. Олардың ішінде тәжірибелі мамандар да бар, жаңадан бастағандар да бар, кейбіреулердің жалақысы 250 мың теңгеге дейін барады.

150 мың ₸ курс бағасы
250 мың ₸ қызметкердің жалақысы

Балалармен жұмыс істеу тәсілдері

Меншікті түзету орталықтары мен мемлекеттік түзету орталықтарының тәсілдері әр түрлі. Мемлекеттік мекемелерде нәтижеге ешкім жауап бермейді, балалар келіп, бергенін алады, кейде мамандар бір сабаққа үш-төрт бала қабылдайды да, сабақ сапасы төмендейді. Меншікті орталықтарда тек жеке сабақтар өткізіледі. Балалар көп нәрсені біліп үлгереді, түзету процессі де тезірек жүреді. Біздің мамандар жаңа тәжірибе алуға және жаңа жаттығуларды үйренуге әрқашан дайын.

Біз жасы бір жарым жастан басталатын балалармен жұмыс істейміз. Ондай балалар ең болмағанда «бер» деген сияқты қарапайым сөздерді айта алуы керек. Екі жасқа толған бала «далаға барайық» немесе «шөлдедім» сияқты сөз тіркестерін айтуы керек. Егер бала айта алмаса, онда тосып, уақыт созудың қажеті жоқ, мамандарға бару керек. Жалпы, бізде оқушылар жасы шектелмеген, біз 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз, студенттермен, ересектермен, қарттармен де жұмыс жасаймыз. Ересектер «р» және «л» дыбыстарын үйренгісі келеді. Кейбір адамдар кекештенеді, қарт адамдар инсульттан кейін сөйлей алмайды — біз оларға массаж жасаймыз.

Қаламызда 30-дан астам түзету орталықтары бар. Бұл өте бәсекелес орта. Мысалы, мен өз кабинетімде жұмыс істей бастағанда, қарсы жақта үлкен түзету орталығы ашылды. Бірақ егер сіз жақсы маман болсаңыз, онда қорқатын ештеңесі жоқ — әрбір маман өз клиентін табады. Адамдар қарама-қарсы тұрған әдемі орталыққа кіріп, қайтадан маған оралатын, өйткені алатын нәтиже әдемі ғимараттан маңыздырақ.

Бала орталыққа келгенде, мен оған бастапқы диагностика жүргіземін де, қажет болған жағдайда арнайы мамандарға жолдама беремін. Ата-аналардың көбісі маған жазылғысы келеді, бірақ менің кестем тығыз, сол себепті кейде оларды резервке қоямын. Мен өз оқушыларымның нәтижелеріне сенімдімін және ол үшін жауап беруге дайынмын, өйткені олар менің әдістемем бойынша жұмыс істейді.

Жарнама

Орталықты ашқан бойда SMM маманын жұмысқа алдым. Ол жаттығу процесін, трендке жататын бейнелер түсіреді және жаттығулар мен ақпарат беретін посттар сияқты пайдалы контент салады. Біз үшін ол жаңа тұтынушыларды тартудың қосымша құралы. Қазір көптеген ата-аналар Instagram арқылы ақпарат іздейді, клиенттердің шолуларын қарап, нәтижелерін салыстырады, сондықтан бұл біз үшін өте қажет парақша.

Бірақ біз әлеуметтік желілерге аса қатты байланбаймыз, өйткені адамдардың негізгі легі әлі де бізге «сарафанное радио» арқылы келеді.

Instagram-да таргет жарнама бергенде шығынға батпау жолдары