Instagram-да таргет жарнама бергенде шығынға батпау жолдары
Аудиторияңыздың портретін құрастырып, идеяларыңызды тестілеп отырыңыз
Мақаланың мазмұны
Интернеттегі ең ірі және құштар аудиториялардың бірі — Instagram-да отыратын аудитория. Қысқа мәтіндер мен көрнекі визуал адамдардың көңілдерін тез жаулап алып, әлеуметтік желідегі жарнаманың нәтижелі болуына ықпал етеді. Жарнама беруді мамандарға тапсырған жөн, бірақ ондай жағдай болмай жатса, онда таргетті өз бетіңізбен жасау жолдарын осы мақалада айтып береміз.
Таргет жарнама туралы түсінік
Таргет жарнама — бұл нақты аудиторияға көзделген ақылы жарнама түрі. Ондай аудиторияны адам жасы, жынысы, тұратын жері немесе қызықтыратын заттары негізінде іріктеуге болады. Мысалы, егер сіз әйелдерге арналған сән салонын жарнамалағыңыз келсе, жарнаманы салон маңында тұратын жасы 18-ден 65-ке дейінгі әйел адамдарға көрсетуге болады. Ал егер сіз көлік бөлшектерін сататын болсаңыз, онда автомобиль иелерін таңдап, аудиторияңызды кішірейтіп, автокөлік жөндеу, автосервис, тюнинг, т.б. сияқты ұқсас тақырыптарды белгілеуге болады. Сол кезде жарнаманы тек ұсынысыңызға қызығушылық танытқан адамдар ғана көретін болады.
Таргет туралы маңызды ақпарат
Таргет жарнамасының ақысы жарнама әкелген нәтиже үшін төленеді, яғни ұсыныс адамдарға көрсетілген сайын, оны адамдар көрген сайын, сізге қоңырау шалған сайын немесе директке жазған сайын ақша төлеу керек болады. Сол себепті жарнама жіберер алдында оның мақсатын, аудиториясын, бюджетін және жарнама көрсету ұзақтығын белгілеу керек, ал одан кейін креатив деп аталатын фото немесе бейне дайындап, қысқа жарнама мәтінін жазу керек. Онсыз ақша текке жұмсалып кетеді.
Мақсаты
Бұл жарнамадан күтілетін нәтиже. Таргет жасаған кезде мына мақсаттардың біреуін таңдау қажет:
- Танымал болу (Узнаваемость) — адамдар сіз туралы біліп, сіздің брендіңізді, тауарыңызды, қызметіңізді, мекенжайыңызды есте сақтайтын болады.
- Трафик әкелу (Трафик) — адамдар сіздің сайтыңызға кіретін болады.
- Еліктіру (Вовлеченность) — адамдар сіздің жарнамаңызбен түрліше әрекет етеді: өздеріне сақтайды, лайк басады, басқаларға жібереді, директке жазады, т.б.
- Лидтер (Лиды) — сіздің тауарыңызды немесе қызметіңізді алғысы келетін адамдардың байланыс мәліметтерін жинау.
- Қосымшаны жарнамалау (Продвижение приложения) — қосымшаңызды жүктейтін және пайдаланатын адамдарды тарту.
- Сауда (Продажи) — сіздің тауарыңызды немесе қызметіңізді сатып алғысы келетін немесе сізге қоңырау шалуға дайын адамдарды табу.
Аудиториясы
Нысаналы аудитория — бұл сіздің тауарыңызды немесе қызметіңізді сатып ала алатын адамдар. Таргет дайындағанда жарнамаңызды тек қызығатын адамдарға көрсету үшін оларды сипаттайтын портрет құрастыру қажет.
Жалпы мәліметтер:
- жынысы,
- жасы,
- тұрғылықты жері.
Толық мәліметтер (Детальный таргетинг):
- демографиялық сипаты (отбасы жағдайы, білімі, қарым-қатынастары, табыс деңгейі, т.б.);
- қызықтыратын тақырыптары (спорт, бизнес, автокөлік, отбасы, қаржы, сән салондары, т.б.);
- мінез-құлқы (жиі саяхаттаушылар, футбол жанкүйерлері, түрлі смартфон брендтерін пайдаланушылар, т.б.).
Сондай-ақ, таргетті баптау кезінде ұқсас немесе қосымша тақырыптарды қосып, сіздің нысаналы аудиторияңызды қызықтырмайтын тақырыптарды алып тастауға да болады.
Бюджеті
Жарнама аудиториясының көлемі бюджетке байланысты болады. Жарнамаға тәулігіне кемінде 1 доллар салу керек. Өкінішке қарай, Facebook төлемдерді теңгемен қабылдамайды, сол себепті төлем валютасы ретінде долларды таңдаған жөн. Ақша картадан төлем күнінде орнатылған валюта бағамына сәйкес шешіліп отырады, сондықтан да шотыңыздағы қаражатты үнемі қадағалап отырыңыз, себебі ақша жетпей жатса, жарнама да тоқтап қалады.
Сонымен қатар, жарнама кабинетінде бір күнде қамтылатын адам санының болжамын көруге болады. Бірақ бұл болжам ақшаға ғана емес, аудиторияның критерийлеріне, жарнама көрсету кестесіне және жарнаманың визуалына және мәтініне байланысты болады. Кей жағдайларда бюджет аз болса немесе аудитория дәл іріктелмесе, болжам көрсеткіші де нөл болуы мүмкін. Мұндай жағдайда таргет көрсеткіштерін өзгертіп көріп, бұл болжамды едәуір көтеруге болады.
Жарнама көрсету кестесі
Ақша босқа кетпес үшін жарнама көрсету уақытын дәл белгілеу керек. Оның екі тәсілі бар:
- Бір күндік бюджет (Дневной бюджет) — бұл күн сайын жұмсалып отыратын ақша. Мысалы, егер сіз жеті күн бойы көрсетілетін жарнамаға 3 доллардан қойсаңыз, соңында жалпы алғанда 21 доллар жұмсайтын боласыз. Егер сіздің бюджетіңіз шектеулі болса, онда міндетті түрде жарнама мерзімінің соңғы күнін белгілеңіз, болмаса ақша картаңыздан ары қарай шешіліп отыра береді.
- Жарнама мерзімінің жалпы бюджеті (Бюджет на весь срок продвижения) — бұл жарнама мерзімі бойы жұмсалатын барлық ақша. Мысалы, егер сіз жарнаманы 5 күн бойы көрсетпек болып, оған 20 доллар қойсаңыз, онда күніне 4 доллардан жұмсап отыратын боласыз. Бірақ бір күндік бюджет 1 доллардан кем болмауға тиіс, сол себепті аталмыш 20 долларға ең ұзағы 20 күн бойы ғана жарнама беруге болады.
Сонымен қатар, жарнаманы аптаның белгілі бір күндері немесе тәуліктегі белгілі бір уақытта ғана көрсетуге болады. Бұл тәсіл, мысалы, сіздің аудиторияңыз Instagram-да тек кешке қарай немесе демалыс күндері отыратын болса үнемді болады.
Жарнама креативі
Бұл сіздің ұсынысыңызды толығынан сипаттайтын, қысқа жарнама мәтіні жазылған фото немесе бейне. Креативтің мақсаты — тұтынушының назарын аударып, оны қоңырау шалуға, сатып алуға, сайтқа өтуге, т.б. әрекет етуге ынталандыру.
Креативте адамдарды, клиенттердің пікірлерін, анимация, тауарыңызға немесе қызметіңізге шолу жасайтын контент пайдаланып, оның үстіне тақырыбы бар қысқа да нұсқа мәтін жазуға болады. Егер сіз нақты бір ұсыныс, мысалы, белгілі бір тауарға немесе қызметке берілетін жеңілдікті жарнамалағыңыз келсе, онда креатив ретінде сурет таңдағаныңыз жөн. Ал бейне пайдаланамын десеңіз, оған бірнеше ұсыныс пен үлкенірек мәтін қосуға болады, ол тәсіл, мысалы, клиентке ассортименттегі жаңа тауарлар туралы айтқыңыз келсе ыңғайлы болады.
Суретте неғұрлым көп мәтін болса, ол клиенттерге соғұрлым аз көрсетілетін болады, ал кей жағдайларда Facebook жарнамаңызды тіпті платформа талаптарына сәйкес келмегендігі үшін өшіріп тастауы да мүмкін.
A/B тәсілімен тестілеу
Жарнама нәтижесін тіпті тәжірибелі таргет маманы да 100% нақты болжай алмайды. Сол себепті, түрлі болжам жасап, ақшаны бостан-босқа шашқанның орнына, әрбір гипотезаны тестілеген жөн. Facebook-тің Ads Manager атты жарнама кабинетінде жарнама креативі, жарнама орналастыру орындары, аудиториясы сияқты критерийлерді А/В тәсілімен тестілеу мүмкіндігі бар. Онымен екі түрлі жарнама дайындап, екеуінің қайсысы жақсы нәтиже беретінін, аудитория қайсысына көбірек назар аударатынын, оны қай уақытта көрсеткен тиімді екенін немесе қай креатив клиенттерді арзанырақ тартатынын тексеруге болады.
Таргет жарнаманы беру орындары
Таргетті оңай әрі тез Instagram қосымшасы арқылы жасауға болады. Ол үшін қосымшада пост жіберіп, оның астындағы «Продвигать» батырмасын басу керек. Жарнама посттар таймлайнында, стористерде және «Интересное» тарауында көрсетілетін болады. Бірақ ондай таргеттің кемшіліктері де бар: суреттерді таймлайн мен стористерге бөлек жіберуге болмайды, аудиторияны қызықтыратын тақырыптар мен геолокация бойынша іріктеу мүмкіндігі де шектелген, сол себепті жарнама да күткен нәтиже бермеуі мүмкін. Сондықтан да, алғашқы бірнеше ретте таргет жасауды қосымшада үйреніп, кейін Ads Manager-ге көшкен жөн.
Ads Manager
Бұл Facebook-тегі жарнама кабинеті. Оған бизнес-парақшадағы баптау батырмасы арқылы өтуге болады. Егер сіз Ads Manager-де алғашқы рет жұмыс істегелі тұрсаңыз, онда кабинет интерфейсіне әбден үйренгенге дейін кеңестері бар режимді таңдап көріңіз.
Кабинетте таргет көрсеткіштерін толық іріктеуге болады, оған қоса, бір сурет немесе бір бейнеден тұратын, айналып ауысатын бірнеше сурет немесе суреттер жинағынан тұратын түрлі жарнама форматтарын таңдауға болады.
Таргет жасауға дайындалу
Instagram-дағы парақшаңызды Facebook-пен байланыстырыңыз
Instagram Meta экожүйесіне кіреді, сол себепті жарнама Facebook арқылы жөнелтіледі. Таргет жасау үшін Instagram-дағы парақшаны кәсіби аккаунт режиміне ауыстыру керек. Содан кейін Facebook-те компанияңызға бизнес-парақша ашып, «Управление» → «Профессиональная панель» → «Связанные аккаунты» → «Подключить аккаунт» тарауларына өтіңіз. Соңында Instagram парақшаңыздың логині мен құпиясөзін енгізіңіз.
Карта мәліметтерін енгізіңіз
Жарнама ақысын төлеп тұру үшін жарнама кабинетіне банк картасын қосыңыз. Ол үшін Ads Manager-де «Биллинг» → «Настройки платежей» → «Добавить способ оплаты» тарауларына өтіңіз. Еліңізді белгілеп, төлем валютасын (USD) таңдаңыз да, төлем төлеу тәсілін белгілеңіз: автоматты биллинг тәсілінде ақша белгілі бір шекке жеткенде ғана шешіледі, ал алдын-ала төлеу тәсілінде сіз ақшаны шотыңызға алдын-ала салып қоясыз да, ол жарнама көрсетілген сайын күніне бір рет шешіліп отырады. Жарнама төлемі қалай алынатыны туралы осы сілетемеден оқи аласыз. Шығындарды бақылау үшін және ақша сіздің жеке картаңыздан жұмсалмас үшін бұған бөлек карта байлаған жөн.
Таргет жарнамасы жөніндегі кеңестер
- Барлық идеяларыңызды тестілеп, аудиторияның мінез-құлқын байқап отырыңыз.
- Бюджетті алдын-ала жоспарлаңыз, жарнама тоқтап қалмас үшін картаңызда жеткілікті қаражат ұстап отырыңыз.
- Жарнама текке көрсетіле бермесін деп, жарнама көрсету кестесін белгілеңіз.
- Алматыдағы Бостандық ауданында орналасқан шаштаразыңыздың жарнамасы Қаскелең және Қонаев қалаларының тұрғындарына көрсетілмес үшін аудитория аумағын кішірейтіңіз, болмаса ақшаңыз босқа жұмсалып кетеді.
- Жарнамаларыңызды шатастырмау үшін оларға аудитория сипатына байланысты атау беріңіз, мысалы: «трафик, ер адамдар, 25–55 жас, Астана, $3, жаппай сату».
- Сурет немесе бейнесурет өлшемдері мен мәтіндерін ескере отырып, посттар мен стористерге бөлек жарнама креативтерін дайындаңыз.
- Адамдар қоңырау соғып, хабарлама жазғанның орнына постқа лайк басып, сақтап жатпасын десеңіз, жарнама мақсатын мұқият таңдаңыз.
- Жарнама аккаунтыңыз бұғатталмасын десеңіз, Facebook-тің жарнама беру қағидаларын бұзбаңыз.
- «Биллинг» бөлімінде шығын лимитін орнатыңыз, сол кезде жарнамаға жұмсалған ақша бюджетіңізден асып кетпейтін болады.
Instagram-да тыйым салынған жарнама
Әр жарнама тексерістен өтеді, ал егер ол әлеуметтік желі талаптарын бұзатын болса, Facebook оны өшіріп тастап, кейін тіпті аккаунтыңызды бұғаттау да мүмкін.
Тыйым салынған жарнама:
- ересектерге арналған тауарлар,
- алкоголь,
- дене мүшелері және биологиялы сұйықтықтар,
- лицензиясы жоқ контент көрсететін құрылғылар, лицензиясы бұзылған құрылғылар, тыңдау девайстары, цифрлы жазылымдар,
- адамдарды нәсілі, жасы, жынысы, денсаулық жағдайы, т.б. негізінде кемсітетін жарнама,
- құжаттар, валюта, қаржы құралдары,
- құмар ойындар, онлайн казино, ұтыс ойындары, лотереялар,
- қауіпті тауарлар,
- адам саудасы, интим қызметтері,
- тағамға қосылатын қоспалар,
- вакансиялар,
- жер және жануарлар,
- медицина тауарлары және денсаулыққа арналған тауарлар,
- зорлық-зомбылықты насихаттайтын, жек көру сезімін тудыратын жарнама,
- рецепт бойынша сатылатын тауарлар,
- темекі,
- қару-жарақ, оқ, жарылғыш заттар, т.б.
Жарнама аккаунтын бұғаттау себептері
Егер Facebook жаңадан ашылған жарнама аккаунтында күдікті әрекет байқаса, оны бірден бұғаттап тастайды, себебі оны біреудің аккаунтын тартып алған алаяқтардың әрекеттері ретінде көруі мүмкін.
Ол мынадай әрекеттер:
- парақшаңыз толтырылмаған болса немесе онда Meta жүйесінің жарнама қағидаларын бұзатын контент болса;
- тыйым салынған тауарларды жарнамаласаңыз;
- бір уақытта бірнеше жарнама берсеңіз;
- жарнамаға бірден үлкен бюджет салсаңыз;
- жарнамаңыз түрлі себептермен өшіріле берсе;
- бір аккаунт арқылы түрлі бизнестерді жарнамаласаңыз;
- картаңызда жарнама ақысын төлеуге жиі ақша жетпей жатса.
Таргет жарнама беру оңай емес: аудиторияны қате іріктесеңіз немесе жарнама кестесін қате орнатсаңыз, ақшадан тез айрылып қалатын боласыз. Түрлі стратегияларды тестілеуден, талдаудан, сынаудан жалықпаңыз — ол арқылы ақша үнемдеп қана қоймай, жарнамаңызды бақылап, клиенттеріңізді тереңірек біле бастайтын боласыз.