Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу
Санитарлық нормаларға сәйкестікті растау

Мақаланың мазмұны
Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды (СЭҚ) — қызмет түрінің немесе нысанның санитарлық талаптарға сәйкестігін растайтын құжат. Ол адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға әсер ететін салаларда жұмыс істеу үшін қажет. СЭҚ алу қажеттілігі мен рәсімдеу тәртібін осы мақалада қарастырамыз.
Адам денсаулығына қатысты қызметке рұқсат рәсімдеу
Эпидемиялық мәні жоғары объектілерге жататын бизнес СЭҚ алуға міндетті. Оларға мыналар жатады:
- тамақ өнімдерін өндіру және сату
- қоғамдық тамақтандыру орындары — дәмханалар, мейрамханалар, асханалар
- медициналық және фармацевтикалық ұйымдар
- сұлулық салондары, шаштараз, косметология орталықтары
- балалар мекемелері (балабақшалар, мектептер, дамыту орталықтары)
- қонақ үйлер, бассейндер, моншалар мен сауналар
- осындай басқа да нысандар
Осы салаларда жұмыс істеп, қызмет көрсету үшін эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы СЭҚ алу қажет. Бұл қызмет тегін.
Қорытынды алу тәртібі
Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері береді. Өтінішті egov.kz немесе www.elicense.kz электрондық лицензиялау порталы арқылы онлайн тапсыруға болады.
СЭҚ алу үшін қажетті құжаттар қызмет түріне байланысты өзгереді. Әдетте мынадай құжаттар талап етіледі:
- нысан бойынша толтырылған өтініш
- аккредиттелген зертханалардың зерттеу хаттамаларының көшірмесі
- ЖШС үшін — құрылтай құжаттарының көшірмесі, ЖК үшін — тіркеу туралы хабарлама
- жұмыс жүргізілетін кеңсенің жоспар-схемасы
- жер учаскесінің меншік немесе кеңсені жалға алу құқығын растайтын құжаттар
- қызметкерлердің біліктілігін растайтын мәліметтер (білім, жұмыс тәжірибесі туралы)
- қызметті жүргізуге қажетті жабдықтар мен материалдардың бар екенін растайтын деректер
Өтініш бергеннен кейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкерлері 2 жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтығын тексереді. Егер барлық құжат дұрыс жүктелсе, 4 жұмыс күні ішінде нысанға тексеру жүргізіледі. Инспектор санитарлық нормаларға сәйкестігін бағалайды (тазалық, желдету, азық-түлікті сақтау шарттары, дезинфекция деңгейі). Тексеру нәтижесі бойынша 1 жұмыс күні ішінде акт жасалып, 2 жұмыс күні ішінде қорытынды беріледі. Жалпы рәсім 10 жұмыс күнінен аспайды.
Егер құжаттар толық болмаса немесе жарамдылық мерзімі өткен болса, өтініш берушіге дәлелді бас тарту жіберіледі. Бас тартудың басқа себептері:
- құжаттарда қате мәліметтер болуы
- нысанның санитарлық талаптарға сәйкес келмеуі (мысалы, қажетті жабдықтың жетіспеуі немесе қалдықтарды кәдеге жарату шарттарының болмауы)
Мұндай жағдайда өтініш берушіге алдын ала ескерту жасалады. Қателерді түзету үшін 3 жұмыс күні беріледі, содан кейін өтінішті қайта тапсыруға болады. Нәтижені egov.kz сайтындағы «Жеке кабинетте» көруге болады.
Объектінің эпидемиялық мәніне қарамастан, кәсіпкер жұмысын бастағаны туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органына хабарлауы тиіс. Мұны онлайн жасауға болады.
Табиғатқа әсер ететін бизнес үшін рұқсат рәсімдеу
Табиғатқа әсер ететін қызмет түрлеріне мыналар жатады:
- ауаға, суға немесе топыраққа зиянды заттар шығаратын кәсіпорындар — зауыттар, фабрикалар, химиялық өндірістер, ЖҚС
- жаңа өнім немесе шикізат түрлерін әзірлейтін компаниялар — құрылыс материалдары, химиялық зат, тамақ өнімдері
- санитарлық-қорғау аймақтарын құратын ұйымдар — мысалы, бастоғандар мен өнеркәсіптік нысандар маңында
Осындай бизнес үшін қоршаған ортаға зиянды заттар мен физикалық факторлардың жол берілетін шекті шығарындылары мен төгінділері бойынша нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы басқа СЭҚ алу қажет.
Қорытынды алу тәртібі
Қорытындыны egov.kz немесе www.elicense.kz электрондық лицензиялау порталы арқылы онлайн алуға болады.
Мұндай рұқсат алу үшін өтінішті нысан бойынша толтыру қажет. Оған қоршаған ортаға зиянды заттар мен физикалық факторлардың жол берілетін шекті шығарындылары мен төгінділері туралы нормативтік құжаттама жобасының электрондық көшірмесі қоса беріледі.
Өтініш берілгеннен кейін 2 жұмыс күні ішінде санитарлық-эпидемиологиялық органы қызметкерлері құжаттардың толықтығын тексереді. Егер барлық құжат дұрыс болса, сарапшылар 6 жұмыс күнi iшiнде тек құжаттар бойынша тексеру жүргiзедi (нысанға бармайды). Тексеру нәтижесі оң болған жағдайда, 2 жұмыс күні ішінде қорытынды беріледі.
Құжаттар толық болмаса немесе олардың жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, өтініш берушіге дәлелді бас тарту жіберіледі. Мұндай жағдайда алдын ала ескерту жасалады. Қателерді түзету үшін 2 жұмыс күні беріледі, содан кейін өтінішті қайта тапсыруға болады. Нәтиже egov.kz сайтындағы «Жеке кабинетте» қолжетімді болады.
Айыппұлдар
Санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеу заңбұзушылық болып табылады. Бұл келесі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соқтырады:
- жеке тұлғаларға — 20 АЕК (2025 жылы 78 640 теңге)
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 160 АЕК (2025 жылы 629 120 теңге)
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 210 АЕК (2025 жылы 825 720 теңге)
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 1600 АЕК (2025 жылы 6 291 200 теңге)
Адам денсаулығына қатысты немесе табиғатқа әсер ететін қызмет жүргізу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды қажет. Оны ЭЦҚ көмегімен онлайн рәсімдеуге болады. СЭҚ-сыз жұмыс істеуге болмайды — бұл айыппұлдарға және қызметке тыйым салуға дейін әкелуі мүмкін. Санитарлық талаптарды сақтау мәселелерді болдырмауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.