Бизнес туралы мақалалар

ЕАЭО елдерінің азаматтарын жұмысқа алу тәртібі

Келісімшарт жасасып, уақытша тұруға рұқсат алу

ЕАЭО елдерінің азаматтарын жұмысқа алу тәртібі
Ғалия Дүйсекеева

Ғалия Дүйсекеева

Jusan Bank-тегі шетелдік қызметкерлерге жауапты

Мақаланың мазмұны

Басқа елдерге қарағанда Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения азаматтарын жұмысқа алу оңайырақ. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы халықаралық келісімшарт мұны оңайлатылған тәртіппен жасауға мүмкіндік береді. Қазақстандық жұмыс берушілерге уәкілетті мемлекеттік органдардан рұқсат алу немесе жұмыс визасын ресімдеу қажет емес. Көрші елдердің мамандардын жұмысқа алу барысы қалай жүзеге асатынын осы мақалада айтып береміз.

1-қадам. ЖСН алу және саусақ іздерін тапсыру

Ең алдымен Қазақстанға келген шетел азаматына ЖСН алу қажет. Ол мұны өзі жасайды — ХҚКО-ға паспортпен барып, сол жерде өтініш толтырады да, дайын құжатты бір күн ішінде тегін алады.

Шетел азаматы ЖСН алғаннан кейін алысқа кетпей-ақ, сол ХҚКО-да дактилоскопиялық тіркеуден өтіп (саусақ іздерін тапсыру), оны өткеннен кейін анықтама алады. Анықтама сол күні беріледі.

2-қадам. Еңбек шартын немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасу

Жұмысқа орналасу үшін үміткердің қолында ЖСН болу керек. Жұмысқа тіркелмес бұрын компания оның келесі құжаттары бар-жоғын тексереді:

  • ЕАЭО елдерінің бірінің азаматтығын растайтын паспорт
  • тұрғылықты жері бойынша тіркеу

ЕАЭО елдерінің азаматтарын қабылдау тәртібі қазақстандықтармен бірдей, сондықтан олармен еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасалады, онда мыналар көрсетілуі тиіс:

  • еңбек міндеттері
  • еңбек тәртібі
  • еңбекақы мөлшері

3-қадам. Уақытша тұруға рұқсат алу

Келесі қадам — уақытша тұруға рұқсат алу. Құжат шетел азаматына Қазақстанда 30 немесе 90 күннен артық болу құқығын береді. Мұны келесі уақыт ішінде жасап үлгеру керек:

  • Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Әзербайжан және Тәжікстан азаматтарына — Қазақстанға кірген күннен бастап 90 күн ішінде
  • Өзбекстан азаматтарына — 30 күн ішінде

Қызметкерге уақытша тұруға рұқсат алу үшін құжаттарды компанияның өзі тапсыруы керек. Ірі жұмыс орындарында мұны кадрлар бөлімінің мамандары жасайды, ал шағын компаниялар мұны қызметкермен бірге жасай алады.

Уақытша тұруға рұқсат алу тәртібі

Жұмыс беруші құжатты egov.kz арқылы онлайн және ХҚКО арқылы офлайн бере алады. Қызмет алу парақшасында толық бейне нұсқаулық бар. Өтініш беру кезінде жұмыс берушіге келесі құжаттар қажет болады:

  • жұмыс берушінің өтінішхаты
  • жұмыс берушінің өтініш-сауалнамасы
  • төлқұжаттардың түпнұсқасы (ұлттық және шетелдік төлқұжат)
  • еңбек шарты
  • еңбек шартының Enbek.kz сайтында тіркелгенін растайтын басып шығарылған құжат 
  • келу туралы хабарлама
  • кемінде бір жылға берілген медициналық сақтандыру туралы құжат
  • мүлік иесінің шетел азаматының тұруына нотариалды түрде куәландырылған келісімі
  • саусақ іздерін тапсырғаны туралы анықтама

ЖСН уәкілетті органға жіберілетін, жеке басын куәландыратын құжатқа тіркелуі керек.

Өтінішті онлайн берген кезде, көші-қон полициясының қызметкерлері кейбір ақпаратты көрмегендіктен өтініш ұзақ уақыт бойы «Бекітілді» күйінде тұрып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда компанияның тіркелген жері бойынша ХҚКО-қа сол құжаттармен келіп, офлайн өтініш беруге немесе көші-қон қызметінде жағдайды нақтылауға болады.

Уақытша тұруға рұқсаттың мерзімі әдетте еңбек шартының мерзіміне тең, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Егер еңбек шарты бір жылға дейінгі мерзімге берілсе, онда уақытша тұруға рұқсат та осы мерзімге беріледі. Құжатты жыл сайын қолданылу мерзімінің аяқталуына дейін бір ай қалғанда ұзартуға болады.

Қызметкердің отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат қызметкермен бірдей мерзімге берілуі мүмкін. Ол үшін неке туралы куәлік қажет болады, ал 16 жасқа толмаған балаларға уақытша тұруға рұқсат қажет емес.

Егер қызметкердің Қазақстанда тұру ықтиярхаты болса, онда оған уақытша тұруға рұқсат ресімдеудің қажеті жоқ. Бұл айтпақшы ЕАЭО елдеріне ғана емес, кез келген мемлекеттен келген шетел азаматтарына қатысты.

Салық төлеу тәртібі

ЕАЭО елдерінен келген еңбек шарты бойынша жұмыс істеп жүрген шетел азаматтарына қазақстандықтармен бірдей салық төлеу қажет:

  • ЖТС — 10%
  • ЖМЗЖ — 1,5%
  • ӘА — 3,5%
  • МӘМС — 3%
  • МӘМСЖ — 2%
  • МЗЖ — 10%
  • ӘС

Қызметкер үшін төленетін әлеуметтік салық таңдалған салық режиміне байланысты төленеді: оңайлатылған және жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС 11% төлейді, жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК — 1 АЕК (2025 жылы 3932 теңге), ал оңайлатылған ЖК мүлдем ештеңе төлемейді.

Егер қызметкер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істесе, онда оның жалақысынан тек ЖТС, МЗЖ және МӘМСЖ ұсталады. Бұл жұмыс берушіге қызметкер үшін әлеуметтік төлемдерді төлемеуімен ыңғайлы, бірақ қызметкерлерге керісінше тиімсіз, өйткені оларға жеке табыс салығының мөлшерлемесі 20% құрайды және салық шегерімдерін пайдалану мүмкіндігі жоқ.

Айтпақшы, шетел азаматының Қазақстанда жинаған зейнетақысы зейнеткерлікке шыққан кезде, тіпті азаматтығы бойынша еліне қайтып оралса да төленетін болады. Егер қызметкер өз еліне қайта оралса, онда жинақталған қаражат сыртқа шығарылып, зейнетақыны есептеу кезінде ескеріледі.

 

ЕАЭО елдерінің азаматтарын жұмысқа орналастыру оңайлатылған тәртіппен өтеді — оларға ресімдеу кезінде рұқсат пен жұмыс визасын алу қажет емес, тек уақытша тұруға рұқсат ресімдеген жеткілікті, ал жұмысқа орналасу барысы қазақстандық азаматтарды жұмысқа алумен ұқсас.