Ғимараттың қасбетіне маңдайшаны орналастыру
Маңдайшаның түрлері мен қалалардың дизайн-кодына сәйкестігі
Мақаланың мазмұны
Клиенттерді тартуға, брендтің танымалдығын арттырып, компанияның орналасқан жерін көрсетуге ғимараттың қасбетіне маңдайша орнатылады. Маңдайша мен сыртқы жарнаманың айырмашылығын білу маңызды. Себебі оларды мақұлдау мен орнату барысы түбегейлі ерекшеленеді. Ғимараттың қасбетіне маңдайшаны орналастыруға қажет рұқсаттар мен қаланың дизайн-кодын бірге қарастырайық.
Маңдайшаның түрлері
Маңдайшалар әртүрлі болады:
- панель-кронштейн — ғимараттарға немесе көше шамдарына бекітілетін жарық қорабы;
- шатырда орналасқан маңдайшалар. Көбінесе үлкен көлемді әріптер түрінде ғимараттардың шатырында орналасқан компанияның атауы. Мұндай маңдайшалар тек компания орналасқан жазық шатырлы ғимараттарда орнатылады;
- жазық маңдайшалар — компанияның атауы бар бірыңғай жазық тақтайша әрі жазық әріптер түрінде көрсетілген компанияның атауы. Мұндай маңдайшалар ғимараттың кіреберісінің үстінде, терезе мен есік ойықтарының қуысында орнатылады;
- тақтайшалар — мұнда жазық маңдайшалардағы ақпаратқа қоса компанияның қызметі мен жұмыс тәртібі көрсетіледі. Көбінесе тақтайшалар компания жұмыс істейтін ғимараттың кіреберісінде орнатылады.
Маңдайша мен жарнаманың айырмашылығы
Кәсіпкерлердің көбісі маңдайша мен сыртқы жарнама бір нәрсе деп ойлайды. Алайда бұл қате түсінік.
Маңдайшада компанияның атауы көрсетіледі. Ол компания орналасқан ғимараттың кіреберісіне ілінеді. Сондай-ақ маңдайшада компанияның қызметі мен жұмыс тәртібін көрсетуге рұқсат етіледі.
Жарнамада маңдайшадағы ақпараттан басқа көрсетуге рұксат ақпарат:
- тауардың (қызметтің) сипаттамасы мен артықшылықтары;
- сатып алуға және басқа да іс-әрекеттерге шақыру;
- қандай да бір бренд. Мысалы, «Телефондарды жөндеу: Apple, Samsung, Xiaomi»;
- ұрандар, акциялар, жеңілдіктер және т.б.
Компанияның маңдайшасы басқа ғимаратта орнатылғанда, ол автоматты түрде сыртқы жарнамаға айналады.
Сыртқы жарнаманың нобайын алдын ала келісіп, оны орналастыру туралы өтінімді жіберу керек. Маңдайшаны орнатуға алдын ала келісімнің қажеттілігі жоқ. Бірақ маңдайшаның қаланың дизайн-кодындағы талаптар мен ұсынымдарға сәйкес келуі маңызды.
Дизайн-код
Қаланың дизайн-кодында оның тұтас эстетикалық келбетін, жайлы, қолжетімді және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған ережелер мен ұсынымдар көрсетілген. Басқаша айтқанда дизайн-кодтың арқасында қаланың тұтас стилі пайда болады.
2019 жылы Астана қаласының дизайн-коды — Қазақстандағы алғашқы дизайн-код жобасы бекітілген. 2023 жылдың желтоқсанында Алматы қаласының дизайн-кодын бекітті. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанның тек екі қаласының дизайн-кодтары бар.
Астананың дизайн-коды
Қаланың сыртқы келбеті сәйкес болуы тиіс талаптар мен ұсыныстар Астананың дизайн-кодында көрсетілген. Мұндағы сипаттамаларға мысалдар қоса беріледі.
Компанияның маңдайшасы қаланың дизайн-кодына сәйкес болмаса, бизнестің иесіне алдымен маңдайшаны алып тастап, дизайн-код талаптарына сәйкес маңдайшаға ауыстыру туралы хабарлама жіберіледі. Кәсіпкер хабарламаны елемегенде бұл маңдайшаны қаланың арнайы қызметтері өз бетінше алып тастайды.
Маңдайшаның алдын ала нобайын мақұлдаудың қажеті жоқ, бірақ күмәнданған жағдайда Астана қаласы әкімдігінің «Астана-Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен кеңесуге ұсынылады.
Алматының дизайн-коды
Алматының дизайн-коды бойынша талаптар мен ұсыныстар 2023 жылдың желтоқсан айында бекітілген заңда көрсетілген. Құжатта қосымшалардағы маңдайшаның орналасу мысалдары да берілген.
Алматыда бизнес ашуды жоспарлаған кәсіпкерлер алдын ала қалада орнатылатын маңдайшаларға қойылатын талаптармен танысуы тиіс. Содан кейін Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына маңдайшаның нобайымен қоса хабарлама жіберуі керек. Келісілгеннен кейін маңдайшаны орнатуға болады.
Жоба енді ғана іске асырыла бастағандықтан, Алматыдағы барлық бизнес иелеріне қаланың дизайн-кодына сәйкес маңдайшаны ауыстыру туралы хабарлама жіберіледі. Мұндай маңдайшаларды өзгертуге 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін уақыт беріледі. Кәсіпкер хабарламаны елемеген жағдайда айыппұл төлеуі тиіс. Айыппұлды төлесе де, компаниясының маңдайшасын дизайн-кодқа сәйкес өзгерту қажет болады.
Ғимараттың қасбетіндегі маңдайшаны рәсімдеу ережесі
Компания туралы ақпаратты маңдайшада қазақ тілінде көрсету керек. Қажет болған жағдайда орыс немесе басқа шет тілдерінде қосымша көрсетуге болады.
Компанияның тіркелген атауын көрсетіледі.
Тақтайша ретіндегі маңдайшада көрсетілетін ақпараттың мысалы:
SunShine
Авторлық зергер бұйымдар
авторские ювелирные украшения
Жұмыс тәртібі
график работы
Дс (Пн) 10:00 — 20:00
Сс (Вт) 10:00 — 20:00
Ср (Ср) 10:00 — 20:00
Бс (Чт) 10:00 — 20:00
Жм (Пт) 10:00 — 20:00
Сн (Сб) 10:00 — 18:00
Жк (Вс) 10:00 — 18:00
Компанияның атауы, жұмыс тәртібі мен қызмет саласы оның маңдайшасында жазылады. Мұндай маңдайшаны тек компания орналасқан ғимараттың қасбетіне орналастыру қажет. Маңдайшада жарнамалық сипаттағы ақпарат болса немесе ол компания орналаспаған ғимараттарда тұрса, ол автоматты түрде сыртқы жарнамаға айналады. Жарнаманы орналастыру алдында оның нобайын келісіп, орналастыру туралы хабарлама жіберу қажет. Маңдайшаны орнатқан кезде мұны жасаудың қажеті жоқ. Астана мен Алматыда маңдайшалар қаланың дизайн-кодының талаптарына сәйкес болуы тиіс. Маңдайшадағы ақпарат мiндеттi түрде қазақ тiлiнде болуы тиiс. Компания иесінің қалауымен ақпаратты орыс және басқа шет тілдерінде де көрсетуге рұқсат етіледі.