«Жарнама туралы» заң: қазақстандық кәсіпкерлер нені білуі керек
Талаптар мен тыйымдар, айыппұлдардың мөлшерлері
Мақаланың мазмұны
Жарнаманың өз ережелері бар — жарнама берушілер арасында адал бәсекелестік болу керек, ал тауар туралы берілетін ақпарат сенімді болу керек. Жарнама ережелерін бұзу айыппұлдар мен компанияның беделін айырылуына әкеп соғуы мүмкін. Жарнаманың әр түріне қандай талаптар қойылатын екенін осы мақалада айтып береміз.
Жарнамаға қойылатын талаптар
«Жарнама туралы» заң жарнаманың әділ, сенімді және этикалық болуын талап етеді. Бұл нені білдіреді?
- Жосықсыз жарнама тауарды бәсекелестердің тауарларымен салыстырады, олардың іскерлік беделіне нұқсан келтіреді, сол тауарды пайдаланбайтын адамдарды мазақ етеді және басқа біреудің сауда белгісін көшіреді.
- Дәйексiз жарнама пайдаланушыны бағасы, қасиеттері, құрамы, жарамдық мерзімі және басқа да мәліметтер бойынша алдайды.
- Әдепсiз жарнама адамның нәсілін, тілін, жасын, діни сенімін кемсітіп, адамгершілік нормаларын бұзады, мәдениет нысандары мен мемлекеттік рәміздер беделіне нұқсан келтіреді.
Сондықтан тауарды бәсекелестің тауарымен салыстыруға болмайды, ол үшін атаусыз ұқсас өнімді қолданған дұрыс. Жарнамада зерттеу туралы айтылса, бұл туралы жасалған сілтемеде егжей-тегжейлі түсініктеме беру маңызды. Жарнамада «Үздік тауар» немесе «№1 таңдау» сөздерін қолданғанда, оның «2022 жыл таңдауы бойынша Қазақстандағы №1 » байқауының нәтижелері бойынша деп негізін түсіндіру қажет.
Жарнамаға қойылатын басқа да талаптар бар:
- Жарнама дүрбелең тудырмауы керек, агрессияға және заңсыз әрекеттерге шақырмауы керек;
- Жарнамада балағат сөздер мен әдепсіз кейіптер қолдануға тыйым салынады;
- Жарнамада темекі шегу, алкоголь ішу немесе тыйым салынған заттарды пайдалану процесін көрсетуге болмайды;
- Жарнама арнайы білімсіз түсінікті болуы керек.
Лицензиялауға жататын тауарды немесе қызметті жарнамалау кезінде лицензия нөмірін және оны берген органын көрсету керек.
Егер жарнамада баға көрсетілген болса, ол міндетті түрде теңгеде болуы керек.
Жарнама қазақ тілінде болуы керек, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және басқа тілдерде де таратыла алады. Сонымен бірге мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс. Баспасөз басылымдары, интернет-ресурстар мен ақпарат агенттіктері жарнаманы өздерінің басылатын тілінде орналастыра алады.
Баннерлердегі, маңдайшалардағы атаулардағы мәтін келесідей орналастырылуы керек: қазақ тіліндегі жазу жоғарыда немесе оң жағында, орыс тіліндегі жазба төменде немесе сол жақта тұруы керек. Екі тілдегі мәтіннің қаріпі де, әріптері де бірдей өлшемде жазылуы тиіс.
Еліміздің тілдерді дамыту басқармаларының мамандары кәсіпкердің немесе жарнама агенттігінің жарнамаларын қазақ тіліне тегін аударып бере алады.
Тыйым салынған жарнама
Қазақстанда бірқатар тауарлар мен қызметтерді жарнамалауға тыйым салынады. Олардың қатарына келесілер кіреді:
- тіркелмеген діни бірлестіктер;
- электронды және онлайн казинолар;
- есірткі мен психотроптық заттар;
- жезөкшелікке, порнографияға қатысты тауарлар мен қызметтер;
- темекі және алкоголь өнімдері;
- қаржы пирамидалары;
- ана сүтін алмастырғыштар;
- сертификаттауды талап ететін және одан өтпеген тауарлар мен қызметтер;
- қызметтік пен азаматтық қару;
- жобадағы сипаттамасына сәйкес келмейтін немесе үлескерлерден ақша тартуға рұқсаты жоқ салынып жатқан немесе пайдалануға берілген тұрғын үйлер;
- рецептімен босатылатын дәрілер.
Алкоголь өнімдері арасында тек шарап жарнамалауға рұқсат етіледі. Мұндай жарнамалар алкоголь өнімдерін шамадан тыс ішудің зияны туралы міндетті ескерту және салауатты өмір салтын сақтау жөніндегі екі әлеуметтік жарнамамен қоса беріледі. Сонымен қатар, ондай жарнаманы отандық теле-, радиоарналарда кешкі сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін көрсетуге болады. Шарап жарнамасын газеттердің бірінші және соңғы беттерінде орналастыруға болмайды, оған қоса, бұл жарнама да салауатты өмір салтын сақтау жөніндегі әлеуметтік жарнамамен қоса берілуге тиіс.
Теледидар мен радиодағы жарнама
Жүгіртпе жол және әлеуметтік жарнамадан басқа теледидар мен радиодағы жарнама, көлемі күніне жалпы хабар тарату көлемінің 20 пайызынан аспауы керек.
Қазақ тіліндегі жарнама көлемі 50 пайыздан кем болмауы керек.
Жарнаманың дыбыс қаттылығы хабардың дыбысынан жоғары болмауы керек. Ресми баяндамалар, бiлiм беру, балаларға арналған бағдарламалар және діни бағдарламалар жарнамаға үзілмеуі керек. Ұлттық аза тұту күндері жарнама беруге тыйым салынады.
Интернеттегі жарнама
Интернеттегі кез келген жарнама жалпы жарнамаға қойылатын талаптарға сай болуы керек, яғни сенімді және рұқсат етілген болуы керек. Әрбір жарнама шығармасы «Жарнама» деп белгіленуі керек. Сонымен қатар, жарнама берушілер пайдаланушы деректерін қорғау ережелерін сақтауы керек. Жарнама туралы ақпарат, оның ішінде таргеттелген жарнама, жарнама берушіде соңғы орналастырылған күннен кейін бір жыл бойы сақталуы тиіс.
Сыртқы жарнама
Сыртқы жарнама — бұл ғимарат сыртында орналыстырылған кез келген жарнама ақпараты. Плакаттар, стендтер, жарықты таблолар, билбордтар, бағыт көрсеткіштер, афишалар, штендертер, тіпті дүкен витриналарының сыртқы безендіруі мен жеңілдіктер мен акциялар туралы жарнама плакаттары жарнама болып саналады.
Кәсіпкерлер билборд иесінің рұқсат құжаттары бар екеніне көз жеткізуі керек, әйтпесе әкімдік жарнаманы алып тастайды.
Жол бойындағы сыртқы жарнама жол белгілеріне ұқсамауы керек, жолдың көрінуін нашарлатпауы керек және жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілердің жүруіне бөгет жасамау керек.
Сыртқы жарнаманы орналастыру үшін алынатын төлем
Сыртқы жарнамаға салық салынады. Салық мөлшері жарнама объектінің көлеміне байланысты — баннер аумағы неғұрлым үлкен болса, салық соғұрлым жоғары болады. Мысалы, кәсіпкер айына ауданы 2 шаршы метрден кем дүкен витринасындағы жарнамаға 1 АЕК (2024 жылы 3 692 теңге) төлейді. Егер бизнес объектісі орналасқан ғимараттың қасбетінде жүгіртпе жол бар экран болса, онда кәсіпкер айына 2 АЕК (7 384 теңге) төлеу керек болады.
Егер жарнама объектісінің бірнеше жағы болса, онда есепке әрбір жағы алынады. Қала ішіндегі сыртқы жарнаманың құны объектінің түріне және қаланың республикалық, облыстық немесе аудандық маңызы бар санатына байланысты. Жергілікті үкімет жарнамаға базалы мөлшерлеменің екі есе мөлшерінен аспайтын жоғары мөлшерлеме орната алады.
Төлем ай сайын келесі айдың 25-не дейін төленеді.
Салық берешегі пайда болмауы үшін сыртқы жарнаманы маңдайшадағы атаудан ажырату маңызды. Мысалы, «Уют» сантехника дүкені» — ол атау, ал «Уют» жоғары сапалы бүкіл үйге арналған еуропалық сантехника дүкені» жарнама болып есептеледі, сондықтан оған салық салынады. Егер маңдайшада акциялар мен жеңілдіктер туралы ақпарат болса, онда бұл да жарнама болып саналады.
Сыртқы жарнамаға жатпайтын мәтіндер:
- маңдайшадағы атау;
- жұмыс режимі туралы ақпарат;
- арнайы бөлінген жерлерде орналастырылған іс-шаралардың афишалары;
- валюта бағамы туралы ақпарат;
- витриналар мен терезелердің ішкі безендіруі.
Көліктегі жарнама
Жарнаманы көлік сыртына арнайы рұқсатсыз немесе төлемсіз орналастыруға болады. Бірақ көлікті тек жарнама мақсатында ғана емес, көлік құралы ретінде де пайдалану керек. Жарнамасы бар көлік жол қауіпсіздігіне кедергі немесе қауіп төндірмеуі керек, ал жарнама дыбыссыз, көрнекі болуы керек. Арнайы техникаға немесе қауіпті жүктер тасымалдайтын көліктерге жарнама орнатуға болмайды.
Заңды бұзғаны үшін тартылатын жауапкершілік
Әкімдік айына екі рет субъектіге бармай-ақ профилактикалы бақылау ұйымдастыра алады және кәсіпкерге қателерді жою туралы ұсыныстар жібере алады. Кәсіпкер жіберілген ұсыныстарды 10 күн ішінде жою керек, ал қателермен келіспеген жағдайда, бес күн ішінде әкімдікке наразылық жолдай алады.
Алғаш рет жасалған қате ескертумен шектеледі, ал егер бір жыл ішінде қайталанса, кәсіпкерге айыппұл салынады.
Жарнамалауға тыйым салынған тауарларды жарнамалағаны үшін салынатын айыппұл:
- жеке тұлғаларға — 60 АЕК (2024 жылы 221 520 теңге),
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 120 АЕК (443 040 теңге),
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 170 АЕК (627 640 теңге),
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 450 АЕК (1 661 400 теңге).
Жосықсыз, дәйексiз, әдепсiз жарнамаға, сондай-ақ жалпыұлттық аза тұту күндерінде берілген жарнамаға және басқа да заңнаманы бұзған жарнамаға салынатын айыппұл:
- жеке тұлғаларға — 35 АЕК (129 220 теңге),
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК (369 200 теңге),
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 200 АЕК (738 400 теңге),
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 400 АЕК (1 476 800 теңге).
Тілдерге қойылатын заң талаптарды бұзғаны үшін салынатын айыппұл:
- жеке тұлғаларға — 20 АЕК (73 840 теңге),
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК (369 200 теңге),
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК (553 800 теңге),
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 400 АЕК (1 476 800 теңге).
Мұндай жарнама берген компания мемлекет алдындағы әкімшілік жауапкершіліктен басқа, тұтынушылар немесе бәсекелестер алдында заңды жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Кез келген жарнаманы берерде заңға сәйкестігін тексеру керек. Жарнаманың қандай болуы керектігін және оны қалай тарату керектігін білу арқылы кәсіпкерлер айыппұлдарға ұшырамай, бәсекелестермен әділ күресе алады.