Бизнес туралы мақалалар

Жеке кәсіпкерлікке автокөлік сатып алу

Салық төлеген кезде көлікке жұмсалған шығындарды есептеу керек пе

Жеке кәсіпкерлікке автокөлік сатып алу

Мақаланың мазмұны

Кәсіпкерлер логистика құру, іссапарға шығу немесе қызметкерлерді тасу сияқты түрлі мақсатпен көлік сатып алады. Сол кезде оны қалай дұрыс тіркеу керек және табыс салығын төлеу кезінде көлікке кеткен шығындарын есептеуге бола ма деген сұрақтар жиі туындайды. Оларды осы мақалада қарастырайық.

Автокөлік тіркеу

Көлікті жеке тұлғалар ғана тіркей алады. Ал көлікті өзіне емес, бизнесі үшін сатып алған кәсіпкерлер оны ЖСН арқылы бәрібір өз атына тіркейтін болады.

Ақыры, көлік тіркелгеннен кейін, оны компания балансына алу туралы сұрақ пайда болады.

Көлікті ЖК балансына алу

Арнаулы салық режиміндегі ЖК-лерге көлікті балансқа енгізбеуге болады, өйткені ол салық жүктемесін жеңілдетуге ешқалай әсер етпейді.

Ал жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК-лер көлікке жұмсалған шығындарды есепке алып, төленетін табыс салығынан шегере алады, сол себепті оларға көлікті балансқа кіргізген үнемді әрі тиімді болады.

Шығын шегеру — бұл кәсіпкердің тапқан табысынан төленетін салық жүктемесін азайту мүмкіндігі. Яғни кәсіпкер бизнеске кеткен шығындарды салық төлегенде есептемей төлей алады.

Шығын қашан шегеріледі: шегерілетін шығындардың мөлшері жыл сайын жеке табыс салығы (ЖТС) төленетін кезде есептеледі. Ол үшін жалпыға бірдей белгіленген режимдегі кәсіперліктер 220.00 нысандағы декларация тапсырады да, жеке табыс салығын төлейді — ол жылдық таза табыстың 10%-ын құрайды.

Сонымен қатар, балансында автокөлігі бар жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК 31 наурызға дейін 700.00 нысанды тапсырады және декларация тапсыру мерзімінен кейінгі 10 күн ішінде көлік салығын төлейді. Көліктерін бизнесте пайдаланып жүрген АСР-дегі кәсіпкерліктер есеп тапсырмайды, ал көлік салығын жеке тұлға ретінде жыл сайын 1 сәуірге дейін төлейді.

Қоршаған ортаға теріс әсер ететін жеке кәсіпкерліктер 870.00 нысанын тапсырады — оның тапсыру мерзімі объект категориясына және төлеу мөлшемесіне байланысты. Есепті I–III категорияларға жататын компаниялар ғана тапсырып, салық төлейді. IV категорияға жататын объектілер өз қаласының Экология басқармасынан ақы төлеудің қажеті жоқ екені туралы жазбаша түсініктеме ала алады.

Бірыңғай жер салығын төлейтін АСР-дегі кәсіпкерлер көлік салығы есебін бірыңғай жер салығы декларациясына қосымша түрінде тапсырады.

Шегерім қолдану үшін міндетті түрде жанар-жағармай мен басқа да материалдардың фискалды чектері мен электронды шот-фактураларын ұсынып, шығынды растау керек.

Автокөлікті ЖК балансына кіргізу үшін компания басшысы оны негізгі құрал-жабдықтарға қосу туралы бұйрық шығарып, көлік бағасын анықтайды. Егер көлік жақында сатып алынған болса, онда оның құны сатып алу-сату келісімшартымен анықталады, ал бұрын сатып алынған көлік бағасын тәуелсіз бағалау компаниясы анықтап береді.

Көлік сатып алу үшін қажет құжаттар

Егер жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК автокөлікті автосалоннан емес, жеке тұлғадан сатып алса, онда сатып алу-сату мәмілесі келесі құжаттармен ресімделеді:

  • басшының автокөлік сатып алу туралы шешімі;
  • көлік сатып алу және оны тіркеу туралы бұйрық;
  • мәмілемен айналысатын қызметкер атына жасалған сенімхат;
  • автокөлік сатып алу-сату келісімшарты (оны нотариалды куәландыруға болады);
  • автокөлік қабылдау-тапсыру актісі;
  • көлік сатушы жеке тұлғаның жеке куәлігінің көшірмесі;
  • төлем тапсырмасы, касса шығыны ордері сияқты төлем құжаттары.

 

Автокөлікті ЖК-ге тіркеу заңды түрде мүмкін емес, сондықтан да, кәсіпкер оны жеке тұлға ретінде сатып алып, қажет болған жағдайда компания балансына кіргізеді. Көлікке кеткен шығынды тек жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖК ғана есептей алады, ал басқа режимдегі ЖК-лерге жеңілдік жоқ, сондықтан да, оларға көлікті балансқа алудың қажеті жоқ.