Бизнес туралы мақалалар

Қоршаған ортаға эмиссия төлемақысын төлеу тәртібі

Төлеушілерге арналған мөлшерлеме мен төлем сомасы

Қоршаған ортаға эмиссия төлемақысын төлеу тәртібі
Зарина Ахметова

Зарина Ахметова

«Проектсервис» ЖШС экология жобалау бөлімінің бас инженері

Мақаланың мазмұны

Қазақстанда ластаушы заттардың шығарындылары мен төгінділері үшін, қалдықтарды көму және ашық түрде күкірт орналастыру үшін компаниялар арнайы төлемақы төлеуге тиіс — бұрын ол эмиссия деп аталса, қазір қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін төлемақы деп аталады.

Эмиссия үшін төлейтін кәсіпкерлер

Қоршаған ортаға теріс әсер ететін объектісі бар жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар эмиссия төлеушілер болып саналады. Егер компания объектіні иеленбей, жалға алып отырса да, бәрібір төлемақы төлеуі керек.

Объектілер төрт түрлі категорияларға бөлінеді — елеулі жағымсыз (I), бірқалыпты жағымсыз (II), болмашы жағымсыз (III) және барынша аз жағымсыз (IV) әсер ететін объектілер. Алғашқы үш категорияға жататын компаниялар 870.00 нысаны бойынша салық декларациясын тапсырып, салық төлейді.

Алғашқы екі категорияға, әдетте, мұнай-газ, тау-кен металлургия, химия, электр энергетикасы салаларындағы ірі кәсіпорындар жатады. Олар кешенді экологиялық рұқсат немесе қоршаған ортаға теріс әсер ету үшін экологиялық рұқсат алуы керек. Құжаттың қолданылу мерзімі 10 жылға дейін болуы мүмкін.

Үшінші категорияға өндіріс цехтары, сабын, сіріңке, олифа, бетон, аяқ киім, кілем, тұсқағаз және т.б шығаратын цехтар жатады. Үшінші категорияға жататын компанияларға экологиялық рұқсатты алмауға да болады, бірақ олар жыл сайын хабарлама түрінде Табиғи ресурстар басқармасына қалдық көлемі жазылған экология декларациясын тапсыруы керек.

IV категория объектілеріне I, II немесе III категорияға жатпайтын, атмосфераға шыққан шығарындылар көлемі немесе жинақталған қауіпсіз қалдықтар көлемі жылына 10 тоннадан, ал қауіпті қалдықтар көлемі жылына 1 тоннадан аспайтын компаниялар жатады. Оған көлік жуу, техникалы қызмет көрсету станциялары, тамақтану мекемелері, шаштараздар, гипермаркеттер, базарлар жатады. Мұндай компаниялар қоршаған ортаға тигізетін кері әсер үшін ақы төлемейді, сондықтан салық есебін де тапсырмайды. Түгел шағын және орта бизнес осы категорияға жатады деп айтуға болады. Сондай-ақ, объектіде қуаты 2 Гкал/сағ және одан жоғары құрылғысы бар, электр қуатымен, газбен және бумен қамтамасыз ететін қондырғылар орнатылған болмауы керек.

Мысалы, егер техникалы қызмет көрсету станциясында 1001 кг майлы тозған шүберек немесе 1001 кг пайдаланған шиналар жиналса, онда бұл қызмет көрсету станциясы III категорияға жатады.

Эмиссия төлемақысын IV категориядағы объектілерге қоса, шаруа немесе фермер қожалығы арнаулы салық режимін қолданатын ЖК мен ЖШС, яғни бірыңғай жер салығын төлеушілер төлемейді.

Компания категориясын анықтау

Егер компания біршама уақыт жұмыс істеп жатса және мемлекеттік экологиялық немесе кешенді ведомстводан тыс кешенді сараптамалардан оң қорытынды алған болса, категорияны анықтау үшін өз қаласының экология департаментіне өтініш беруі қажет. Мұны elicense.kz арқылы онлайн беруге болады. Қарастыру мерзімі — 15 күн.

Егер кәсіпкер өндіріс жобасын енді жасап жатса, онда оның категориясы жоспарлы қызмет туралы өтініш беру кезінде анықталады. Шағын және орта бизнес бұл туралы алаңдамауы да мүмкін, өйткені бұл шарт қауіпті және күрделі өндіріспен, құрылыспен, табиғи қазбаларды барлау және өндірумен айналысатын ірі кәсіпорындарға ғана қатысты. Жоспарланған бизнес осы категорияларға жатпайтынын Экологиялық кодексте тексеруге болады:

Егер компанияның жоспарлы қызмет түрі міндетті бағалауға да, скринингке де жатпайтын болса, онда кәсіпкер категориясын Экологиялық кодексінің талаптарына сай өз бетімен анықтайды.

Егер кәсіпкер компания категориясын дұрыс анықтай алмаса, онда сарапшылар қалаңыздағы экология департаментіне еркін түрде жоспарлы қызмет туралы өтініш беруді ұсынады. Яғни, кәсіпкер бизнесінің IV категорияға жататынын білсе, бірақ оны нақты анықтағаны келсе, төлем міндеттемелерінің жоқтығын растайтын тиісті құжатты сол органнан сұрай алады.

Төлемақы мөлшері

I–III категориядағы объектілер төлейтін төлемақы мөлшері шығарындылардың нақты көлеміне байланысты. Қанша қалдық көмілсе немесе суға тасталса, және қанша ластаушы заттар ауаға шығарылса, сонша ақша төлеу керек болады. Кәсіпкер оны өз бетімен есептейді. Мәліметтердің дұрыстығы декларацияларды тексеру кезінде және қоршаған ортаны қорғау органдары экологиялық бақылау жүргізген кезде қарастырылады.

Мөлшерлемелер Салық кодексінде белгіленген, жергілікті әкімдік оларды көтеруге құқылы.

Төлемақыны есептеу үшін ластану көлемін АЕК мөлшерлемесі мен көрсеткішіне көбейту керек.

Мысалы, Астанадағы кәсіпорын стационарлы көзден атмосфераға жылына 3 тонна көлемінде шаң шығарады дейік. 1 тонна шаң мөлшерлемесі — 5 АЕК, бірақ Ақмола облысының мәслихаты мөлшерлемені 10 АЕК-ке дейін көтерді. 2024 жылғы АЕК 3 692 теңге мөлшерінде белгіленген. Төлем 3 × 10 × 3 692 = 110 760 теңге болады.

Егер компанияның кешенді экологиялық рұқсаты бар болса және ол белгіленген нормативтерді ұстанса, онда оған 0 коэффициенті қолданылады, яғни компания салықтан босатылады. Нөл коэффициенті кешенді экологиялық рұқсатта белгіленген нормативтерге ғана қолданылады. Ал қалыптан артық эмиссияларға салық салынады.

Төмендемелі коэффициенттер табиғи монополиялар субъектілері мен коммуналды қалдықтармен айналысатын полигон операторларына да қолданылады.

IV категориядағы объектілер балансында бизнеске пайдаланатын көлік болса да, қоршаған ортаға тигізетін кері әсері үшін төлем жасамайды.

Декларация тапсыру мерзімі

Егер төлемақы жылына 100 АЕК-тен аспаса (2024 жылы 369 200 теңге), онда кәсіпкер қоршаған ортаға теріс әсер нормативтерін немесе лимиттерін сатып алып, жылына бір рет 20 наурыздан кешіктірмей 870 нысан бойынша декларация тапсыра алады.

Егер төлемақы жылына 100 АЕК-тен асып жатса, онда декларация тоқсан сайын 15 мамыр, 15 тамыз, 15 қараша, 15 ақпанға дейін тапсырылады. Төлемақыны есеп тапсырғаннан кейін тоқсан сайын — 25 мамыр, 25 тамыз, 25 қараша, 25 ақпанға дейін төлеу керек.

Егер компанияның шығарындыларын жылжымалы мүлік, яғни автокөлік шығарса, онда норматив сатып алуға болмайды, сондықтан жылжымалы мүліктің нақты шығарындылары жөніндегі декларация тоқсан сайын тапсырылады.

Салық декларациясынан басқа, ІІІ категориядағы объектілер экология декларациясын тапсырады — ол Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация деп аталады. Оны тек III категориядағы объектілер ғана хабарлама түрінде тапсырады.

Төлеу тәсілдері

Қоршаған ортаға тигізетін теріс әсер төлемақысын онлайн төлеуге болады. Онлайн төлеу мүмкіндігі бар қызметтер:

Салық БСК — 105316 «Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы».

Декларация тапсырмаған және төлемеген жағдайда салынатын айыппұл

Егер кәсіпкер есепті мерзімінде тапсырмаса, салық органы бірінші ретінде ескерту жасайды да, кейін айыппұл салады:

  • 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге) — шағын кәсіпкерлік субъектілеріне,
  • 45 АЕК (166 140 теңге) — орта кәсіпкерлік субъектілеріне,
  • 70 АЕК (258 440 теңге) — ірі кәсіпкерлік субъектілеріне.

 

Шағын және орта бизнестің кәсіпкерлері көбінесе IV категорияға жатады, яғни оларға қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, оларға бағалаудан, скринингтен, қоғам тыңдаудан өтудің қажеті жоқ және жұмыс істеуге рұқсат керек жоқ. Бірақ кәсіпкерлер өздері үшін уәкілетті органнан ақы төлеудің қажеті жоқ екені туралы жазбаша түсініктеме ала алады.