Бизнес туралы мақалалар

ЖК-ны айыппұлдарға әкеп соқтыратын қателіктер

Бизнесті барлық ережелерді сақтап жүргізу

ЖК-ны айыппұлдарға әкеп соқтыратын қателіктер
Айжан Қыдырманова

Айжан Қыдырманова

20 жылдық тәжірибесі бар бухгалтер

Мақаланың мазмұны

Жеке кәсіпкер бизнес жүргізгенде бірқатар шектеулер мен қағидаларды ұстануы тиіс. Ережелерді сақтамаған жағдайда ЖК-ға айыппұл салынып, басқа да келеңсіз салдарға әкеп соқтыруы мүмкін. Жеке кәсіпкерлердің жұмысында жиі жасалатын қателіктер туралы осы мақалада айтып береміз.

Салық органына есепке тұрмай бизнес жүргізу

ЖК қызметін жүргізе бастағанда салық органында есепке тұру, яғни бизнесті тіркеу қажет. Бұған тек жылжымайтын мүлікті жалға беру бизнесі жатпайды. Басқа жағдайлардың бәрінде кәсіпкер өз қызметін тіркеусіз жүргізсе, айыппұл салынуы мүмкін.

Бірінші құқық бұзушылық үшін салынатын айыппұл мөлшері 25 АЕК-ті (2024 жылы 92 300 теңге) құрайды. Егер осыдан кейін бір жыл ішінде ЖК есепке тұрмаса, заңды қайта бұзғаны үшін қосымша 50 АЕК-ті (2024 жылы 184 600 теңге) құрайтын айыппұл төлейді.

Салық пен жарналарды ішінара төлеу немесе уақтылы төлемеу

Салық

ЖК кірістерінің есебін жүргізіп, белгіленген мерзімде салықтарды уақтылы төлеуге міндетті. Төлемдерді кешіктіргені құқық бұзушылық боп саналады. Бірінші рет  салықтарды төлемегені туралы хабарлама түрінде ескерту алады. Содан кейін әрбір мерзімі өткен күн үшін салық сомасына ҚР Ұлттық банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшермесін құрайтын өсімпұл қосылады. Белгілі бір кезең үшін жинақталған өсімпұл мөлшерін онлайн есептеуге болады.

Кәсіпкер салықтың толық сомасын емес, тек бір бөлігін ғана төлейтін жағдайлар да болады. Ондай жағдайда қосымша салық есептілігін уақтылы жасап, қалған соманы төлеу қажет болады. Борышты төлемегенше әрбір мерзімі өткен күн үшін өсімпұл есептеледі.

Айыппұлдардың түрлері:

  • декларацияда салық сомасының бір бөлігі ғана көрсетілген — төленбеген салықтың 20%-ы;
  • ағымдағы төлемдерден салықты ішінара төлеу — төленбеген салықтың 30%-ы.

«Салық берешегі туралы» хабарлама алған кезде кәсіпкер міндетті түрде жауап беруі керек. Не берешек пен өсімпұлды төлегенін растап, не қарызды өтеуге ақша жетіспейтінін хабарлауы керек. Жауап қайтару мерзімі мен оны елемеген жағдайда қолданылатын шаралар хабарламада көрсетілген.

Салық төлеу тәртібін қайта бұзғаны үшін 25 АЕК-ті (2024 жылы 92 300 теңге) құрайтын айыппұл салынады. Хабарламаға салық төлеушінің кабинетінде, eGov.kz немесе eOtinish арқылы жауап беруге болады.

Міндетті жарналар

ЖК-ның қызметкерлері болса, ол салық органына үнемі есеп жіберіп отыруы керек. Салық салу режиміне сәйкес қызметкер үшін барлық міндетті жарналар мен әлеуметтік есептеулердің сомалары СЕН-де көрсетіледі. Кәсіпкер әрбір қызметкері бойынша осы жарналардың есебін (салық тіркелімдерін) жүргізуге міндетті.

Мұндай талаптарды орындамау, әлеуметтік есептеулерді төлемеу немесе ішінара төлеу құқық бұзушылық боп саналады. Бірінші құқық бұзушылық бойынша ЖК ескерту алады, заңды екінші рет бұзғанда — төленбеген жарна сомасының 20%-ы мөлшерінде айыппұл салынады.

Салық салу режимін немесе ЭҚЖЖ-ны таңдауда қателесу

Кәсіпкерлер арасында ең көп таралған қателердің бірі — бизнесінің салық салу режиміне сәйкес келмейтін ЭҚЖЖ-ны (немесе керісінше) таңдау. Салық мөлшері таңдалған режимге байланысты. Кәсіпкер қызметін тоқтатпай, қате таңдалған салық режимі бойынша жүргізгені анықталса, белгілі бір қиындықтарға әкелуі мүмкін.

Мысалы, ЖК салық салудың оңайлатылған жүйесін таңдады. Бірақ шын мәнінде ол бірдей белгіленген режим бойынша жұмыс істеуі тиіс. Мұндай жағдайда кәсіпкерге ЖБР-да қолданылатын мөлшерлемелер бойынша салықты үстінен қосып төлеуге тура келеді. Салықтарды қайта есептеу кезiнде берешек анықталуы да мүмкiн — оған өсімпұл есептеледі. Сондай-ақ салықтар мен міндетті жарналарды мерзімінен кеш төлегені үшін айыппұл салынуы әбден мүмкін.

Мұндай қателікті болдырмау үшін ЖК жайлы толығырақ ақпаратты осы мақалалардан оқып алсаңыз болады.

ҚҚС шегінен асып кету

Кәсіпкер компаниясының айналымы өскенін қадағаламайтын жағдайлар да кең таралған. Егер ЖК айналымы жылына 20 000 АЕК-тен (2024 жылы 73 840 000 теңге) асатын болса, онда ол қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Ол үшін ҚҚС бойынша есепке тұру қажет.

Бизнес айналымы осы шектен асып кеткен күні мен кәсіпкер есепке тұрған кезеңнің арасындағы айналым сомасының 15%-ы мөлшерінде айыппұл салыну қаупі бар. Мысалы, жылдық айналым 80 млн теңгені құрады. Осы сома мен ҚҚС шегінің айырмасынан айыппұл пайызы алынады.

Егер кәсіпкер ҚҚС шегінен асқан сәттен бастап бір апта ішінде есепке тұрып үлгерсе, айыппұлдан құтылуға болады. Бұның барлығы уақытында жасалмаса, ЖК 50 АЕК (2024 жылы 184 600 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.

Кассалық тәртіпті сақтамау

Сауда немесе қаржы қызметімен айналысатын кәсіпкер кассалық операцияларды есепке алу үшін онлайн-касса немесе POS-терминал сияқты арнайы құрылғыларды пайдалануы тиіс. Сондай-ақ ол қолма-қол төлем шектеуі бойынша талаптарды сақтауы міндетті. Мұндай талаптар кассалық тәртіпке жатады.

Көптеген сатушылар POS-терминалсыз жұмыс істейді. Демек, олардың дүкенінде картамен төлеуге мүмкіндік жоқ. Бұл құқық бұзушылық боп саналады. Бірінші құқық бұзушылық үшін кәсіпкер ескерту алады. Ескертуден кейін бір жыл ішінде POS-терминалды орнатпаса, кассалық тәртіпті қайта бұзғаны үшін 40 АЕК (2024 жылы 147 680 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Бұдан бөлек, барлық сатып алушыларға фискалдық чекті басып шығару керек. Әйтпесе кәсіпкер тәртіп бұзғаны үшін бірінші рет ескерту алады, екіншісінде — 20 АЕК мөлшерінде айыппұл (2024 жылы 73 840 теңге) салынады.

Қазақстанда ЖК айыппұл мен басқа да жағымсыз жағдайларға тап болмас үшін барлық заңдарды сақтауы маңызды. Мұқият болыңыз — салық, есеп беру, кассалық операциялар немесе еңбек мәселелері бойынша жасалған қателіктер қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін.