Мобильді төлемдерді заңды түрде қабылдау жолдары
Кәсіпкерлердің мобильді аударымдарын енді декларациялау керек болады

Береке Алтаев
product owner Jusan Business
Мақаланың мазмұны
Төлемдерді мобильді аударым арқылы қабылдайтын кәсіпкерлер тексеріске түсетін болады. Тексеріс тек төлемдерді жеке шоттарына қабылдап, клиенттерге фискалды чек бермей жүргендерге ғана қатысты болады. Егер салық органдарында жай адамдар заңсыз бизнеспен айналысып жүр деген күдік туса, онда олар да тексерілетін болады. Тексеріс қандай жағдайларда болып қалуы мүмкін және одан қалай аулақ қалуға болатыны туралы осы мақалада айтып береміз.
Аударымдарды не себеппен декларациялау керек
2024 жылы ЖК және ЖШС иелері мен олардың жұбайлары мүліктері мен табыстарын, оның ішінде мобильді аударымдарын да декларациялауға міндетті. Ал 2025 жылы банктер салық органдарына халықтың 2024 жылғы мобильді аударымдары туралы мәлімет беретін болады. Ал егер банк мәліметтері мен декларациядағы мәліметтер екі түрлі болса, салық органдары ондайға бірден назар салатын болады. Бұл бизнеспен заңсыз айналысып жүрген және табыстарын жасырып, салық төлемей жүрген кәсіпкерлерді аулау үшін жасалып жатқан шара.
Тексеріске кім түседі
Туыстарға, достарға, отбасына жіберілген аударымдар тексерілмейтін болады. Бизнестерін ашық жүргізіп, салықтарды уақытында төлеп жүрген кәсіпкерлер де ілікпейді. Тексеріске тек үш ай бойы түрлі адамдардан 100-ден астам мобильді аударым қабылдағандар ғана түседі, себебі мұнда жай адамдар бизнеспен заңсыз айналысып жүр, ал кәсіпкерлер табысын жасырып жүр немесе төмендетіп жүр деген күдік пайда болады. Тіпті әрекет етпейтін жеке кәсіпкерлер де тексеріске шалдығулары мүмкін.
Табыс жасырылса не болады
Салық органдары тексеріспен ешкімге әдейі бармайды, бірақ егер жасырын табыс туралы мәлімет алса, ол туралы түсініктеме сұрап, барлық қателерді жоюды және аталмыш табысты декларациялауды талап ететін болады.
Егер мобильді аударымдарды кәсіпкер емес біреу алған болса, онда оған алдымен ЖК тіркеп, бизнесті заңды түрде жүргізу керегі туралы хабарлама жіберіледі хабарламадағы шарттар орындалмаса, тексеріс белгіленетін болады. Ал егер аударымдар жеке кәсіпкердің жеке шотына түссе, онда салық органдары оның шоттарын бұғаттап, тексеріс бастайтын болады.
Төлем қабылдау жолдары
Кез келген төлем POS-терминал, QR коды, қашықтан төленетін шот арқылы немесе қолма-қол ақшамен қабылданып, фискалды чек және сауданы растайтын басқа да құжаттар арқылы расталуы керек. Онсыз кәсіпкер салық заңнамасын ғана емес, тұтынушы құқықтарын да бұзатын болады: клиенттер сатып алынған затын айырбастау немесе қайтару үшін оның сатып алынғанын куәландыратын құжат алуға тиіс. Төлемдерді тек қолма-қол ақшамен қабылдауға еш тыйым жоқ, бірақ бұл кезде де сатып алушыға міндетті түрде чек беру керек болады.
Ал қолма-қол ақшасыз төлемдерді жеке шотқа қабылдамаған жөн: кәсіпкерлер сауда айналымын өздерінің жеке ақшаларынан бөлек ұстаулары керек. Ол үшін бизнеске арналған банк қосымшасын жүктеп алып, бизнес шотын ашып, қаражатты бөлек реттеу керек.
Төлемдерді заңды түрде қабылдай отырып, сіз өзіңізді айыппұл, шотқа тыйым салу және т.б. сияқты салық органдарының жазаларынан сақтап қана қоймай, өз қаражатыңызды да реттеп ұстап, басқара алатын боласыз.